Оңтүстікте Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Облыстың барлық билік құрылымы қатысқан жиында комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсованың төрайымдығымен «Бюджетаралық реттеудің негізгі функцияларының бірі ретінде өңірдің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру және салықтық әлеуетінің өсуін ынталандыру» мәселесі қаралды.
Көшпелі жиынға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Д.Ерғожин мен Парламент Мәжілісінің он екі депутаты қатысты.
Өңір үшін өте маңызды мәселеде сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: «Бүгінгі отырыста талқыланатын мәселе өте маңызды. Себебі, өңіріміздің бюджеті – республика бойынша ең үлкен бюджет. Тек соңғы 7 жылда облыс бюджеті 2,5 есеге өсіп 559 млрд теңгеге жетті. Осыған орай, біздің басты міндет – бюджеттен жұмсалған әр теңгенің облыс экономикасына тигізетін әсерінің нәтижелі болуын ұйымдастыру. Себебі, бюджет қаражаты есебінен облыс халқының көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешіледі», – деді.
Жиында баяндама жасаған комитет мүшесі Омархан Өксікбаев бюджетаралық қатынастарды ұйымдастыруды жақсарту, сондай-ақ, оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын дұрыс таңдауды қамтамасыз ету ортақ мәселе екендігін айтты.
Қазақстан өсу, даму үстінде. Оның тек облыстарға бөліп отырған қаржысының өзі көршілес мемлекеттердің бір жылдық бюджетімен пара-пар. Анау бір жылы Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген қаржы Қырғызстан мемлекетінің кірісімен тең екендігі мысалға келтірілген еді.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жасаған баяндамасында бюджетті жоспарлау мен орындау тетіктерін тұрақты жетілдіру нәтижесінде облысымызда Тәуелсіздік алған жылдардан бері 1491 мектепке дейінгі ұйым ашылып, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 14%-дан 83,3%-ға жеткені айтылды. Сондай-ақ, осы жылдарда облыста 444 жаңа мектеп салынып, 117 апатты мектептің мәселесі шешілді. Денсаулық сақтау саласында 347 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыста 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен қамту 51,9%-дан 71,3%-ға және газбен қамту 33,1%-дан 57,2%-ға жетті. Ерекше көңіл бөліп айтатын мәселе, өңіріміздің экономикасына бюджет есебінен көрсетілген қолдау нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 11,4%-дан 5,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар, мұғалімдердің, денсаулық сақтау, жалпы алғанда, барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы көбейді, деп талдау жасап берді.
Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова бастаған депутаттар тобы «Шымкент» кедендік рәсімдеу орталығында болды.
Көшпелі мәжілісті қорытындылаған Гүлжан Қарағұсова Оңтүстік Қазақстан облысының үлкен қаржыға оншалықты зәру еместігін атап көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда салықтың 50 пайызға артық жиналғандығы өңірде кәсіпкерлік саласының үлкен қарқынмен дамып келе жатқандығын байқататынын айтты. Кедендік рәсімдеуге қатысты кәсіпкерлер айтқан мәселелерге талдау жасаған төрайым салық және кеден заңнамаларын жетілдіру жайында ұсыныстар жинақталып жатқандығына көңіл аударды.
Өңірдегі өзгерістерді, күрмеулі мәселелерді Парламент қабырғасынан аттап шықпай, орынтақта отырып шешу көп жаңсақтыққа жол бергізеді. Көшпелі мәжілісте депутаттар тұрғындардың өтініштерін, ұсыныстарын тыңдау арқылы жергілікті жердегі жағдайға қанығып қайтты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы