Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы, елші Даан Эвертспен кездесті.
Кездесу барысында Ортсайлауком басшысы Эвертс Орталық сайлау комиссиясының кезектен тыс сайлауды әзірлеу мен өткізудегі жұмысымен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен және ерекшеліктерімен таныстырып өтті, сондай-ақ алдағы сайлауда «Сайлау» ААЖ-ін пайдаланудан бас тартылғаны жөнінде хабардар етті.
«Біз елімізге шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларының келгенін қоштаймыз және олардың тиімді, объективті және өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Осы мақсатта біз өңірлерде халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталықтарын құрдық және олар сайлауды байқаушылардың өз қызметін іске асыруында нақтылы көмек көрсетеді деп сенеміз», – деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы сайлау науқаны барысын байқауға қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын, сондай-ақ миссия сарапшыларының Ортсайлауком мүшелерімен сайлау үдерісінің барлық аспектілері бойынша ынтымақтастығы тығыз және кәсіби болатынына сенімін білдірді.
«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері халықаралық ортаға танымал, сондықтан біз позитивті және жемісті ынтымақтастық болады деп үміттенеміз, – деп атап өтті миссия басшысы. – Ортсайлаукомның «Сайлау» ААЖ-ін пайдаланудан бас тартқаны жақсы жаңалық болып табылады».
Кездесу барысында халықаралық қоғамдастықтың қазақстандық биліктің сайлау өткізу туралы шешіміне оң баға беріп отырғаны аталды. «Әлемнің бір де бір елінде мінсіз сайлау жоқ. Олардың барлығында сайлау жүйесін одан әрі жетілдіру мен дамыту мүмкіндігі бар», – деді ол. Ал Қ.Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы сарапшыларының сайлауды байқауды әділ әрі объективті жүргізуіне тілектестігін білдіре келіп, бұл ретте екі тараптың да мүдделері бір-біріне толық сәйкес келетінін атап өтті.