Әр кезең, әр заман, әр толқын кезінде өз «Жиырма бесін» тудырған. Оның кейбірі уақыт тезіне шыдас бермей ұмытылды. Ал мезгіл сынынан өтіп, әр ұрпақтың өз қалауымен қанша құбылып, «жал-құйрығы» күзеліп, о бастағы ажар-көркінен ажыраса да бағзы бір әндердің түп негізі әншілердің арқасында бізге жетіп отыр. Бұған қарама-қарсы күллі алты алашқа аян ән сұңқары Біржан салдардың шырқап жүрген шағында Зілғараның «Жиырма бесі» деп Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында толғана жазған классикалық бітім-болмысы ерекше ән өзінен бұрынғы, не өзінен кейінгі көп «Жиырма бестерден» мән-мағынасы терең, сүйегі ірі, кесек жаратылған дүние боп қызықтырады, ойландырады, толқытады. Осы бір өрелі нұсқа басқа-басқа «Жиырма бестерге» өзгеше бір шырай таратады. Соның бәр-бәрі адам көңілін бейжай қалдырмайды. Тәңірге жалбарынсаң да қайта оралмас сол бал дәуренді емінте, еміренте, үздіктіре еске салады. Сондай ыстық тебіреніс Шортанбай ақынның да басынан өтіпті…
Мен 1993 жылдың ақпан айында қазақ музыкасын зерттеп жүріп, Үрімші қаласында партия хатшысы Жәнәбілдің резиденциясындағы келелі бір отырыста әнші Хамит Ысқақұлымен жүздестім. Қазақ әнін әлемге жайып, біздің елде де талай рет болып, концерт берген аса құштар сезімді, сұлу үнді тенор мені дәйім қызықтырушы еді. Кездесу сәтті болды. Небір беймәлім әндерді мөлдіреткен Хамит осы шалқу үстінде:
Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Қаңқылдап қара қарға бүркіт болмас.
Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап, сиыр үркіп жылқы болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.
Ахау, өтті-ау заман,
Қош бол, аман, жиырма бес,
Қайта айналып келмес маған! – деп өмірлік мысалды фәлсафа етіп, айтатын әр сөзін екі шумаққа сыйғызып, Зілғараның «Жиырма бесіндегі» қайырма үлгісімен түйіндеп, ойландырып тастады.
Менің дәптеріме бұл толғаулы әннің сегіз шумағы жазылды. Оның әр шумағы дербес өмір сүретін кәдімгі қара өлең. Ол көне фольклорлық нұсқадан гөрі бір ойшыл ақын, не сал-серінің көкірегінен шыққан тәрізді. Әндегі ой тізбегі әр шумақта парасат тұжырымына тіреліп тоқтайды. Айтам дегенін айтып тынады. Соның бәр-бәрін жиырма бестей тәтті, қимас, арманды дәуреннің мезгілімен өлшеп, соның қуатымен ой таразысына салып, көп жайдың парқын сездіріп, тәубеңе келтіреді. Міне, бұл баяғы патша заманында, одан Кеңес өкіметі кезінде жапа шегіп, бағы байланған «зар заман ақыны» Шортанбайдың әуезі еді. Қытайдағы қазақтар бұл есті әннің әр сөзін бойтұмардай қастерлейді. Оны Хамит бірден кең көсілтіп, ұзата сілтеп, қиырдан қайырғанда Шортанбайдың жүректі діріл қақтырған асыл сөзіне елітіп, оған қоғадай жапырылған жандардың тебіреністі сәтін көрудің өзі бір ғажап құбылыс. Дәуір жүгін көтеріп келе жатқан бір ақылды «Жиырма бес» осы! Мен бұл нұсқаны талай әншіге үйреттім. Әсіресе, Жоламан Құжимановтың орындауында ол бүкіл қазақ даласына жайылып барады.
Шортанбайдың салқын тартып, суынбайтын осы іңкәрлігі Исатай мен Махамбеттің заманында Еділ мен Жайық, Ор мен Елек, Жем мен Сағыз бойын шерлі де отты жырларымен сілтідей тындырған өр кеуде Шернияз ақынның құштар жүрегінен де лап ете қалыпты. Батыс өлкенің көсемсөзге зерек әншілері Ақкете Шернияздың алтынның сынығындай сақталған «Баянсыз фәни дүние» деген термесінде:
Тостағанды қолға алып,
Айқай салған жиырма бес!
Шанышатын найзадай
Қылтылдаған жиырма бес!
Шабатұғын қылыштай
Жалтылдаған жиырма бес!
Жиырма бестен өткен соң,
Орда бұзар отыз бес! – деп жиырма бес жастың жалынды лебімен отыз, қырық, елу… одан да әрідегі асқар асулы кезеңдерге арындата құлаш сермейді.
Бұл бірде елеусіз қалып, бірде білікті әншілерге кезігіп, қоламтадай қайта «жанып», тыңдаған жанды елеңдетумен келе жатқан бір жарқын терме. Оны көбіне атыраулықтар өбектеп, мәпелеумен келеді. Атыраулықтар демекші, мен 1987 жылдың жазынан бастап ауық-ауық бұл жердің әндерін «шырақ алып» іздестірумен жүрмін. Сырттай алаңдатып, қызықтыратын ән хикаяларының мол ортасындамын. Атырауда бұл төңіректің арғы-бергі әндерін көкірегіне көп жиған бір алымды әнші Қуанғали Жұмалиев еді. Сол 1987 жылдың жаз айында осы әншіден Қазақстанның өзге өңірі білмейтін, өте ескі болса да ажар-көркі түспеген белгісіз «Жиырма бестің» тағы бір түрін жазып алдым:
Ол: «Базардан алып келген ақ меруерт,
Тарыдай сүтке салған қайнамай бөрт» – деп басталады.
Әр сөзі қызулы леппен лыпылдаған ән жиырма бестің қадірін әспеттеп, есер шақтың ештемені ойлатпаған беймаза жүрісіне таң-тамаша қалдырады. Қуанғали бұл әнге бар жанын салып, отты сезіммен қыздырмалата қуалап, Ғарифолла Құрманғалиевше шығандатып әкетеді. Өрісі кең ән болғандықтан ба, ол Атырау, Орал, Маңғыстау өңірінен әрі асып, сонау отызыншы жылдардың зобалаңында Иран жеріне барып бас сауғалаған Адайлардың жүрегінен де өшпепті. Бұған 1995 жылдың қаңтар айында Иранда тұратын он бір-он екі мың қазақтарды зерттеуге барған (ғылыми экспедиция жетекшісі профессор Тұрсынбек Кәкішев) фольклорлық экспедиция кезінде көз жеткіздім. Сол әнді есімі ұмытылған бір әнші-жырау қырқыншы жылдардың ішінде Теһран радиосына жаздырыпты. Ол әнді сол сапарда ала алмадым, бір көнекөздерден кейбір жолдарын ғана еміс-еміс естідім. Арада жылдар өткенде, 2000 жылы Алматыда оны маған Ислам Жеменей есімді сол елден келген азамат әкеліп берді. Батыс Қазақстан топырағында туған бір «Жиырма бестің» хикаясы осы!
Кешегі Кеңес өкіметінің қиянатын көп көріп, өз елі, өз жерінде жазықсыз банды атанып, 1928 жылы дүрілдеген дер шағында ГПУ-дың оғынан мерт болған есіл әнші Аманғали да сол бір запыран құсып жүрген қатерлі күндерде Нарын құмының ықтасынды бұйраттарын паналап, өзімен ниеттес жандардың дәм-тұзын татып, көңілі көтеріліп, сол қас-қағым сәттік тыныштықта өзінің жиырма бес жастағы кезін былайша еске алатыны бар:
Мен өзім кішкентайдан қара
атандым,
Қарібін тани алмай шала атандым.
Келгенде жиырма беске паң көтеріп,
Себектен Аманғали банды атандым.
Атыраудың бір киелі жері – Жылой. Жылой топырағында ежелден келе жатқан «Жылой» әнінің бірнеше нұсқасы бар. ( Ән зерттеуге қатысы жоқ біреулер осы әнді Сегіз Серіге жапсырып жүр. Бұл қате!) «Жылой» әні осы Атырау топырағында туған «Ақбөбек», «Босмойын», «Гүлжансары», «Әмірхан» секілді батыстың ән-мектебінің өзіндік ерекшелігімен шыққан ескі әндер. Жылойда Адай руының ішінде Шеген деген (Тобыш бұтағынан тарайды) атада Бақтыбай есімді әр сөзі алтындай жалтылдаған бір алғыр ойлы, ақиық әнші болған. Осы Бақтыбай кезінде өзімен замандас ешбір әншіге дес бермеген. Жас шамасы Мұхитпен шамалас деседі. Оның Ойыл жағасындағы Көкжар жәрмеңкесінде, Орынбор, Астрахан базарларындағы думанды жиындарда шырқаған сәттері ел арасында сел-сел жыр.
Бақтыбайдың осы «Жылойын» солқылдата созып, кербез қайырып, жаныңды рахатқа батыратын бір әнші – Маңғыстау елінің бүгінгі серісі Күріш Тасболатов. Бұл әншіні сонау жетпісінші жылдардың ортасынан ауа Алматыда кезіктіріп, Маңғыстаудың әйгілі жеті қайқысының серілік әндерін тыңдап, оны Қазақ радиосының «алтын қорына» жазып, Досат сияқты ұмытылған кербез әншілердің бағын ашып едік. 1996 жылдың мамыр айында Күріш екеуміз Атырауда біраз күн дәмдес боп, сейіл құрдық. Сол жолы тағы бір ескерусіз қалған әндерді қайта тірілттік. Соның бірі – Бақтыбайдың осы «Жылойы» еді.
Осындай сәулелі әннің бірін 1995 жылдың қаңтар айының жиырмасыншы жұлдызында көкшетаулық қарт әнші Жаналы Қалиевтан жаздым. Ол – Үкілі Ыбырайдың «Ит жастық» деп аталатын әні. Бұл ән жөнінде Жаналы ақсақал: «Менің Баялы деген інімнің қызын Ленинград ауданының орталығында тұратын құдам Нығыметжан Кәрібаевтің баласы алып отыр. Құдамыз. Ол да қария. Кезінде мұғалім боп істеген. Ескілікті әңгімеге зерек адам. Үкілі Ыбырайдың «Ит жастық», «Өмір» атты ұмытылған, жоғалған әндерін біледі. Осы екі әнді сол кісіден 1994 жылдың қаңтар айының 29 жұлдызында өз үйінде бір әңгіме үстінде үйрендім» деді.
Үкілі Ыбырай жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде тағдыры тәлкекке түсіп, Кеңес өкіметінің ең сенімсіз адамы боп, «халық жауы» атанып, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін ол он жыл түрмеге отыруға өзгертіліп, айдалып бара жатады. Жолшыбай сол төңіректегі Қарауылдың бір ауылына қонып отырып, кешегі бір таңды таңға ұрып, жас сұлудың бал сілекейін жұтып, гәккулеткен өмірінің жарқын сәттерін көз алдынан жайната бір өткізеді:
Шіркін-ай, жігіттігім-жел секілді,
Кәрілік-түн, жігіттігім- күн секілді.
Қонақтап бір түн қонып өте шығар,
Бәрі де көрген бейнет-сел секілді.
Жас жігіт жайнап тұрған күнменен тең,
Күн де бір білмегенге түнменен тең.
Он бес пен жиырма бестің арасында,
Болмай ма, жігіт адам жынменен тең!
Үкілі Ыбырай осылайша жер-көкке сыймай бұлғақтаған жиырма бестегі кезін өң мен түстей көріп, оның қадіріне ештеңені теңгермейді. Жас әншілер бұл әнді біле бермейді. Ескілікті әншілер де азайып барады. Солардың ішінде есінде сақтады дегендерінің өзі оны кез келген жерде айтса кәне. Зейінді біреулері «О, шіркін, өзін-өзі тасыған суға тастап жіберетін ессіз, көзсіз жиырма бес емес пе?! Оны кешегі Ыбекемше желпінтіп, желпілдетпесек сәні келе ме, тәйірі?!» деп домбыраны бебеулете қағып әлекке түсетіні бар. Үкілі Ыбырайдың жасындай жарқылдаған от мінезі осы бір шалқуында да суына қоймапты. Қызуы қоламтадай маздаған бір «Жиырма бес» осы. Үкілі Ыбырайдың екінші бір «Жиырма бесі» Біржан сал мен Жетіру Шама Нұрұлы, Жарылғапберді…олардың қуатты лебін алып қалған Қали Байжановша шалқытатын Қайрат Байбосыновтың орындауында желпіністі терме, ол «Па, шіркін!» дегізіп, есіңді алады.
Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» Көкшенің көне көздері «Ыбекемнің өзімен бірге кетті ғой» десіп, күрсінетін-ді. Ал, бұл терме де өлмепті. Мен 2000 жылы «Рахат» телеканалында «Сал-серілер» атты бағдарламаны жүргізе бастадым. Сол жұмыстың кезекті бір сәтінде Үкілі Ыбырайдың әндерін үш бөлімге топтап эфирден бердік. Сол әңгімелердің бірінде Қайрат Байбосынов ойда-жоқта Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» жарқ еткізгені. Менің қуанышымда шек болмады. Эфирдегі әңгіме үстінде Қайрат: «Сонау бір жылдары «Гүлдер» ансамблінің алғашқы гастрөлімен Көкшетау қаласында концерт бердік. Жас ансамбльдің сол бір қызықты концертінің үзілісі кезінде маған Мұса Асайынов есімді ақын әрі әнші кісі жолығып: «Қайрат, қалқам, Үкілі Ыбырай атаңның әндерінің бағына сендей тамаша әншіні берген екен, бұл тәңір. Сол айтып жүрген «Шалқыма», «Алтыбасар», «Гәккулеріңнің» қатарына Ыбекемнің «Жиырма бес» атты термесін қос, енді. Қағаз-қаламыңды ал да, жаз. Әні былай…» деп, бас-аяғы төрт-бес минуттың ішінде осы термені айтып бергені. Ән бірден көкейіме қонды. Мұса ақсақалдың өзіне қосылып, екі рет қайталап айтып ем, ол кісінің толқығаны сондай, көзі жасаурап, үнсіз ғана мақұлдап, бас изеді. Көкшетаудан қайтқанша мен осы «Жиырма бесті» іштей айтумен болдым. Ал арада біраз уақыт өткенде Көкшетауға тағы да концерттік сапармен келгенімде Мұса ақсақалдың дүние салғанын естідім», деді. Иә, сол жолы Қайрат Байбосынов Мұса Асайыновпен жүздеспесе, Үкілі Ыбырайдың бұл әні де көкшелік қариялар айтқандай, «Ыбекемнің өзімен бірге кеткен» әні боп, оны ешкім іздемес те еді. Өмірлі әндер осылай жасай береді екен.
Жетісу елінде аңсаулы сағынышпен «Әттең, дүние!» дегізетін бір «Жиырма бес»:
Ой, тоба, шапаным бар, шапаным бар,
Етегі елу бір кез, кеудесі тар.
Бұрынғы өтіп кеткен жиырма бес,
Сол жасқа өтіп кеткен боламыз зар.
Ар жағы Алматының мойыл талды,
Жиылып қыз-келіншек ойын салды.
Ойласақ жиырма бес естен кетпес,
Қайырылып қаршығадай мойын талды, – деп қанша үздіксең де қайтып келмес сол бір қимас шақты тәтті лиризммен еске салады.
Саба түбінде қалған сарқыттай алуан сырлы осындай «Жиырма бестердің» бәрінен бітімі, жаратылысы бөлек үш түрлі «Жиырма бес» Арқа әндерінің ең шырайлы інжу-маржаны дерлік бір құдіретті дүние. Осы үшеуіне күллі «Жиырма бес» тең келе алмайды. Қазақ әнінің бар қадір- қасиетін өзге композиторлардан әлдеқайда биік өреде терең толғайтын Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсын жазарда ән корифейлерінің бәр-бәрін мұқият тыңдап, әр кейіпкердің табиғатына сай келетін әндерді аса біліктілікпен байқап-байқап таңдап алған. Талай әншілерден естіген «Жиырма бестердің» бір жалыны лаулаған жарқын түрін кімнен жазғандығын өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында: «Жандарбеков (Құрманбекті айтып отыр) Бекежан рөліне арналған әндерінің бәрін негізінен алғанда іріктеп қойдым, деп бірден сендірді. Біз репетиция класына келдік. Құрманбек маған «Жиырма бес», «Сарымойын»… әндерін берді» деп келтіреді. Міне, «Жиырма бестің» операға кірген түрі Бекежанның өте әсерлі әні боп бірінші актіден-ақ спектакльді бірден жайнатып жібереді. Сіз дала рыцары Бекежанға Шекспирдің Петруччиосына таңғалғандай қызыға қарайсыз.
Бекежан да Төлеген сияқты махаббаттың еркебұланы. Даланың серісі. Жібек үшін көңілінде еш алаңы жоқ аңғал батыр Бекежан операның сол бірінші актісінде Жібек пен оның жеңгесі Батсайы, құрбысы Дүрия отырған Сырлыбайдың ақ ордасына баса-көктеп кіріп келеді де:
Ер арманы – Жібек,
Тұғырыңда түлеп,
Түлеуменен жүдеп,
Отырмысың, тотым?! – деп апайтөс көкірегі зорға иіліп, зордың күшімен өзін-өзі сындырып, биязы тілек білдіреді.
Бекежанның көкейінде не бар екенін алыстан аңдайтын қазымыр ойлы Батсайы онымен шартпа-шұрт сөз қағыстырып, онысын сыйқырлы күлкіге жеңдіріп, наз қылықпен ұстаса кетеді. Бекежан өзінің паңдығына басып, кекіректеп, уәжге тоқтамайды. Өрлеп, өкіреңдей түседі. Батсайы мен Бекежанның осы шарпысуынан от шығып кете ме деп сескенген Жібек көзінен шуақ таратып, Бекежанды зілсіз әзілге шақырады. «Бекежан, көкірек барын естуші ек, күш көрсеткеніңе жөн болсын?» дейді.
Бекежанның рөлін тұңғыш рет операда ойнаған Құрманбек Жандарбеков «Жиырма бестің» отты әуезін қалай-қалай жарқылдатты десеңізші! Бұл Үкілі Ыбырай арқылы Құдайберген мен Иса көкірегіне қонып, одан Әміреге, Манарбекке ауысқан ән. Келе-келе бұл «Жиырма бес» «Қыз Жібек» операсына жұтылған күйі жеке дербес үнін шығармай зым-зия жоғалды. Оның өз сөзі қандай еді, ол да ешкімнің қаперіне келген емес. Ешкім іздемеді де. Төркіні жоқ, қалыңсыз ұзатылған қыздай боп операға тәуелді қалпында көңілден таса қала берді. Оның кереметтігін жоғарыда аты аталған әншілер ғана білді. «Ә, шіркін, осы бір «Жиырма бес-ай!» деген сөзді о дүниеге өздерімен бірге олар да ала кетті.
Ал, оның есесіне Затаевичше айтқанда, өзіне-өзі ие бола алмай шашылып-төгіліп, аласұра бұрқылдап шырқайтын Қали Байжанов бұл «Жиырма беспен» түбі бір, төркіндес боп құбылатын өзгеше мінезді «Жиырма беспен» есіңді алады. Қалидың «Жиырма бесі» қазақтың әншілік табиғатындағы теңдесі жоқ бір ғажап құбылыс. Оның құпиясын екінің бірі зерделеп біле бермейді. Ол жұмбақтың сыры – Қалидың бойындағы әншілік қабілетке қоса композиторлық дарынның барлығы. Сол себепті ол кез келген әнге жанынан алып жан береді. Қанынан алып қан құяды. Оттай ыстық құштарлық, құмарлық сезімі лапылдап, жалындап жатады. Соның бір мысалы – Ерейменде Қанжығалы елінің ішінде өмір сүрген Жетіру Шама Нұрұлы деген кісі. (Сонау жаугершілік заманда Бөгенбай батырдың екі қарындасы Ақтөбе жерін жайлаған Жетіру елінің екі жігітіне тұрмысқа шыққан. Бір күндері қалмақтармен соғыста әлгі екі жігіт мерт болған. Кейін Бөгенбай батыр жесір қалған екі қарындасын бала-шағасымен шұбыртып, Ерейменге алып келген. Олар нағашы жұртының ортасында ешкімнен қаққы көрмей емін-еркін өсіп-жетіліп, өздерінің Жетіру екенін ұмытпаған. Ел осы тұқымнан шыққан атақты композитор Шаманы «Жетіру Шама» деп атап кеткен). Әншінің:
Күн батар кешке жақын таудан асып,
Шапақтап қызыл арай нұрын шашып.
Ақшам мен намаздыгер арасында,
Аһ ұрып қосылады екі ғашық, – деп лақылдата шырқағанда оны айтам деушілердің бәрі бұл әнге жоламайтындай боп қатты сескенген.
Ол рас. Кезінде Шаманың асқақ үнді шәкірті Жарылғапберді «Шамаң келсе «Шамаға» бас деп кез келген әншінің ырқына көне бермейтін осы бір қиын әннен дәйім сақтандырып отырған. Өз мүмкіндігін білген сыпа әншілер бұл әнге тиіспеген де. Ал, өз шамасына қарамай тыраштанған кей әнші осы бір күрделі әннің сынын бұзып, берекесін кетірген. Біздің заманға жеткен небір дүлдүл әншілердің ішінде «Шаманың әнін» Қали Байжановтай ешқайсысы айта алған жоқ. Әр әнге тап осылай ешкімге ұқсамайтын өз өрнегін салған Қали Зілғараның «Жиырма бесін» мүлде басқа «ән» қып шығарған. Биікке сілтесе қол жетпейтін шырқау. Кербез керілтіп, ұзата салса бітпейтін шексіздік. Буырқана толғанса тереңге тартқан түпсіз тұңғиық!
Қали Байжанов сирек бітімді жаратылыс сыйы. Ол өз үнінің адам қиялы жетпейтін қиямет құпиясымен «Жиырма бестің» өзіне ғана тән жаңаша бір нұсқасын жасады. Мен Қалидың осы «Жиырма бесін» әнші Қайрат Байбосыновқа беріп, оны біраз ыждағатпен қадағалап, шыдаммен тыңдап жүрдім. Басқа бірде-бір әнші қаперіме келген жоқ, көзіме де көрінбеді. Ақыры бұл әннің ендігі иесі Қайрат Байбосынов екеніне нық сеніп тоқтадым. Ол бұл әнді күндей күркіреген жойқын дауысымен жеріне жеткізе кең толғады. Қалидың аһылаған нәзік иірімдерін дәл басып, шертісін де шашау шығармай, сол уытты қалпында ұзата қайырып, әр сөзді күңірентіп, түптен қозғайды. Тыңдаған жанды терең ойға батырады.
Біз сөз еткен «Жиырма бестің» соңғы екі түрінің («Қыз Жібек» операсындағы Бекежан айтатын «Жиырма бес» пен Қали Байжановтың «Жиырма бесі») қайнар көзі – барлық «Жиырма бестердің» төресі, сұлтаны дерлік нұсқа – атақты әнші Жүсіпбек Елебеков шарықтата керілтетін «Жиырма бесте»! Осы нұсқаға бұлбұл әуезді Бибігүл Төлегенова да ерекше берілді. Мен бұған таңғалып, онша келісіңкіремей, Бибігүлден: «Бұл жігіттер айтатын ән емес пе, Биеке?» деп сұрағанымда, небір классикалық әндердің жұлдызын биіктеткен ән шебері: «Ой, бұл өте сұлу ән ғой. Сұлулыққа адам ғашық болмай ма?!» деп өзін-өзі қорғаштап, оны радиоға сыршыл сезіммен мөлдірете жаздырып еді.
Бірде мен бүгінгі қазақ тенорларының ұлы ұстазы, өзі де биік үнді тамаша тенор, профессор Бекен Жылысбаевпен сырласып отырып: «осы «Жиырма бестің» диапазон аясын италиян операларындағы, атап айтқанда Верди мен Пуччинидің ең асқақ шырқалатын арияларымен салыстырып көріңізші» дедім. Сол сәтте ойлана қалған Бекен Жылысбаев: «Бұл сауалға жауап ретінде, мысалы, Вердидің Герцогының ариясы мен Пуччинидің Каварадосси арияларын алсақ та жеткілікті.
Өйткені, әлемдік классикалық опералардың ішінде осыларға тең келетін ешқандай мол пішілген ария жоқ. Бір ғажабы, диапазоны жағынан бұлар Жүсіпбек Елебеков орындайтын «Жиырма бестен» төмен жатыр. «Жиырма бестің» диапазоны өте кең, қайырмасының өзі тенордың теноры зорға жететін сол арияны мүлде маңайлатпайды да. Қали Байжановтың нұсқасы өзінше бір алапат «Жиырма бес» емес пе? Ол әлгі Шаманың әні мен Біржан салдың «Жанботасын» айтқанда сұрапыл леппен шашыла төгілетіні сияқты, өз «Жиырма бесінің» етек-жеңін жиып алуы қандай қиямет. Евгений Брусиловский қазақтың кең тынысты әндерінің он, он екі шақырымнан естілетінін (…Әміре Қашаубаевтің әні айнала төңіректегі он шақырымдай жерге жетіп жатушы еді. Е.Г. Брусиловский. «Дүйім дүлдүлдер», Алматы, «Ана тілі», 1995 жыл) таңғала айтқанда, осы «Жиырма бес» секілді жер мен көктің арасында қалқитын әндердің жаратылысына тәнті болып айтты ғой» деді де, сол толқи сөйлеген күйі «Жиырма бестің» осы түрін өзінің биік дауысымен құлшына шалқытты.
Күллі «Жиырма бестің» тәңірісі – бұл «Жиырма бестің» иесі – Зілғара Байтоқаұлы (1761-1856 ) (кей деректе ол – Қаратоқин) екенін ұлан-байтақ Сарыарқа, оның ішінде Омбы, Қызылжар мен Көкшетау, Ақмола елі жақсы біледі. Бұл ән Біржан салдардың дуылдаған жастық шағында әбден шыңдалып, дәуірлеген ән. Сондықтан, қазақтың бай фольклорын мол қамтып, жете меңгеріп, оның тұңғиық сырларынан қат-қат тарих жиған Мұхтар Әуезов осы әнді Зілғараның «Жиырма бесі» деуі тегін емес екенін тағы да еске салайын. Ғұлама жазушы бұл әнді тұрмыс-салт жырындағы жоқтауға да апарып қосады. Сондай-ақ, Затаевич те жаза баспай «Жиырма бестің» авторы Зілғара екендігін:
Жүйрікте болмайд көрік сыналмаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүнияда еш нәрседен тына алмаған.
Аха- ха-хау, ай, ай, жалған,
Жиырма бес қайта айналып,
Келмес саған-ай!, деп айтып келіп, түсінік сөзінде бұл керемет әнді: «Автором этой песни, имеющий много вариантов, является акын (поэт) и певец Зильгара Каратокин, живший в середине Х1Х века.
Это широкая и печальная песня, очень любимая и популярная не в одной только Семипалатинской губернии, по содержанию своему может быть определена как сокрушение о том, что «не вернется к тебе твой 25-летний возрост!» (А.В. Затаевич. «Қазақ халқының мың әні») деп, оны шалқыта бейнелеп, анық көрсетеді. Қазақ әнінен мол хабардар басқа білімпаздар бұл әнді еш бұлтақсыз Зілғараға телиді. Көкшетауда Зілғараның «Жиырма бесін» қарт әнші Байсейіт Байбосынов пен әнші-журналист Кәрім Ильясовтың аузынан мына қалпында қағазға түсірдім:
Үш жүзге атым шыққан Зілғара едім,
Өлең сөзге жасымнан ділмар едім.
Баяғы «Жиырма бесім» қайта келсе,
Дүниенің төрт бұрышын былғар едім.
Қарағай түтіні ащы жақтым арша,
Үстіме дүрия бешпент кидім парша.
Үш жүзге атым шыққан Зілғара едім,
Отырмын от басында балаларша.
Зілғара би атандым жүйрігімнен,
Кәрілік келіп қалды-ау бүйірімнен.
Ішінде Атығайдың Зілғара едім,
Құнан қуып шығарды-ау үйірімнен.
Қызылжар мен Көкшетауда, Бурабай мен Сырымбетте, Талшықта Зілғараның осы сөзі кең тараған. Кей жерде өлеңнің бірінші шумағы:
Үш жүзге атым шыққан Зілғара
едім,
Алмаған ата тілін бір бала едім, –деп те басталады екен.
Зілғара – аты аңызға айналған ірі тұлға! Ол Атығай руының Құдайберлі бұтағы Андағұлға жатады. Зілғараның әкесі – Байтоқа. Байтоқаның інісі – Қаратоқа. Байтоқадан – Зілғара, Шопан есімді екі ұл туған. Зілғараның бірінші әйелінен – Мұса, Шүкей, Уса, Аю, осы төрт ұл. Соңғы екеуінен ұрпақ жоқ. Екінші әйелінен – Тұрлыбек, Әлібек. Әлібек әкесі секілді жұлдызды, беделді, батыр атанған екен. Байлығы мен дәулеті өзімен дәрежелес дөйлермен мәртебе салыстырып, иық теңестіріп, басынан сөз асырмаған. Әлібектің осы ірілігін білген Ақан сері Жылқышы деген аруақты кісінің асында алғаш рет Құлагерін жарысқа қосарда, оған құрметпен бас иіп келіп, сол бәйгеге өкіл әке ретінде бастап баруды өтініп, батасын алған. Сол аста Құлагер бәйгеден келіп, атағы үш жүздің баласына жайылып аты шыққан. Осыған масаттанған Әлібек Ақан серіні өз ауылында бірнеше күн қонақ етіп, әндерін әуелете шырқатып, дәйім өзі мініп жүретін Қарабедеуін, Қараторғай дейтін бүркітін, қара мылтығын сыйлайды. Әлібек мінез-құлқы жағынан әкесі Зілғараға айнымай тартқан. Зілғара өз өлеңінде: «Алмаған ата тілін бір бала едім» дейді. Әлібекте де сондай дөңайбат, қырсық мінез болған көрінеді. Айтқанынан қайтпайтын Әлібекке тарынған Зілғара:
Құдай-ау, о, Зілғара, «орыс па» деп менің тегім,
Жаман туған балада, әй, кетті-ау кегім.
Соңырада «здрасти» деп айттым десең,
Шыңғыстың естисің бе, мақтау сөзін? – депті.
Зілғара – шешен, ақын, әнші, серілігі де бар, бақ-дәулеті бір басына жетерлік адам. 1826 жылы дуанбасы болған мансап иесі. Кезінде ылғи ірілермен жағысқан жан-жақты кісі. Соның бірі – ел тұтқасы Есеней оның Ғайнижамал дейтін апасына үйленген. Ол дүниеден қайтқан соң оның сіңлісі Қаныкейге қосылған. Зілғараның бір сүйенген адамы – Бағыс Атығайдың шонжары – Тоқтамыс нағашысы. Осы кісінің қолдауымен шамалы уақыт дуанбасылық қызметті атқарған. Ал, Зілғараның Мұса деген ұлы ірі шығып, Шыңғыс төреден соң аға сұлтан боп сайланған. Зілғара Атығай ішінде өзімен аталас Құрымшы биді арқа тұтқан. Керейде – Ырсай,Тәбей, Тілен, Есенейге тоқтаған. Әсіресе, жоқ жерден жөн тауып, өзін дәйім қолдап отыратын Тіленді «кілтім» деп дәтке қуат еткен. Қарауылда –Кемел, Бөгенбай би, Уақпай, Еленбайлар қолдаған. Зілғараның зәузаты күні бүгінге дейін сол баяғы ата даңқын мақтаныш етеді. Ол орыс тілінде де жорғалап, еркін сөйлеген деседі. Әлбетте, ел басқарып, билікке араласқан адамның жан-жақты қабілеті болуы заңды да. Ол Зілғарадай кемеңгерге жарасымды да. Негізінде бар болған соң, бар-жоққа қарамай дүниені қалауынша шайқап баққан сол Зілғара өзінің кім екендігін:
Өзім бай, өзім батыр Зілғара едім,
Алмаған ата тілін бір бала едім.
Халқымның қанын жауға сорғызбаған,
Айтқанын ақсүйектің болғызбаған.
Арғында менен өткен кім бар едің?
Үш жүзге атым мәлім Зілғара едім,
Жасымнан сөзге шебер ділмар едім.
Жиырма бесім кешегі қайта оралса,
Арғынның аш-арығын жинар едім, – деп айтып кеткен-ді.
Бұл шумақтар Қазақстан Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасындағы сирек қорда сақталған. (573-бума, 1-ші, 3-ші дәптерлер.)
Шіркін, жастық шақтың гауһардай жарқылдаған «Жиырма бесі»! Оны жырлаған қайран Зілғара! Кешегі бір кеңестік идеологияның теріс саясатының кәріне ұшырап, ел аузынан жиналған өлең-жырлары архивте шіри жаздап, қын түбінде жатқан алмас қылыштай жалтылдап, соңғы жылдарда ғана «Жұлдыз» журналының бетінде жарық көре бастаған Зілғараның жырлары… бір ғана «Жиырма бесі» қазақтың әншілік болмысының рухын көтеретін классикалық мұра!
Илья ЖАҚАНОВ.