02 Наурыз, 2011

Қазақстанның дамуы және еуразиялық интеграция

14884 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жыл­дығын кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер арасында өзін қайта жаңғыру көшбасшысы сапына көтерген түбегейлі саяси және әлеу­меттік-экономикалық реформалар жасау жолындағы ауқымды да зор жетістіктермен қарсы алып отыр. Біздің мемлекетіміздің халықаралық жо­ғары беделінің айшықты дәлелі Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және Астана Саммитін ең жоғары дәрежеде өт­кізуі болып табылады. Төрт мұхит кеңіс­тігіндегі барлық беделді мемлекеттердің басшылары қатысқан жаһандық басқосуда 54 мемлекеттің қатысуымен қорытынды құжат – Астана декларациясының қабыл­да­нуы бұл Саммиттің тарихи маңызы мен сал­мағын еселей түссе керек. Қазақстан ұлттық мемлекеттілігінің негізін қалады және нығайтты, елдің ау­мақ­тық тұтастығын және мызғымас шекарасын қамтамасыз етті, экономиканы на­рықтық даму жолына түсіріп, әлемдік қауымдастыққа ойдағы­дай интеграцияланды. Қазақ­стан­да бірден-бір барынша қарқынды даму жолындағы экономика құ­рылды, ашық демократиялық қо­ғамдық институт қалып­тасты­рыл­ды, тұрғындардың әлеуметтік өмір стандарттары жақсарды. Ең бастысы – осы жылдар ішінде көпұлтты көпконфессиялы Қа­зақ­стан халқы ел ішіндегі ерекше тұрақтылық және барлық көрші мемлекеттермен бейбіт жағдайда өмір сүріп келеді. Қазақстанға ха­лықаралық қоғамдастықтағы ең беделді де ықпалды мемлекет ретіндегі шынайы атақпен қатар, өзі­нің әлеуметтік-экономикалық дамуы жо­лында елеулі жетістіктерге жеткен мемлекет деген үлкен баға да берілді. Осы орайда, ең алдымен, Қазақстанның осындай зор жетістіктерге жетуінің ерекше маңызды факторларының бірі 2030 жылға дейінгі Қазақстанның ұзақ мерзімді Даму стратегиясының қабылдануы және ой­да­ғы­дай жүзеге асырылуы болып отырғандығын ерекше атап көрсеткен жөн. Сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңде, 1997 жылы қабыл­данған «Қазақстан-2030» Стратегия­сы өзінің бойына ең маңызды базалық тұжырымдар мен қағидаттарды сіңіре білді. Оның стратегиялық бағыттарының дұ­рыс­тығы, басымдықтардың дәл таңдап алынуы бүгінде қазақстандықтар орынды мақтан тұтатын зор табыстардың тұғыры болды. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Ұлттық қор құрды. Қазір бұл қорда 33 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жинақталып, ел экономикасының бо­лашағына сенімді серпін беруде. Бұл қор қыз­меті күні кешегі әлемдік қаржы-эко­номикалық дағдарыстың ұлттық эконо­микаға тигізетін кері әсерлерін жеңілдетіп, болашақ тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолына негіз қалады. Қазір елдегі инфляция белгіленген шектен аспайды. Ұлттық валюта бағамы тұ­рақты қалпында сақталуда. Елдің халық­аралық алтын-валюта қоры 64 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Мемлекетте тар­тымды инвестициялық ахуал қалып­тас­ты. Қазақстан ТМД елдері ішінде нарықтық экономикасы дамыған мемлекет ретінде танылды. Бүкіләлемдік Банк Қазақстанды әлемдегі шетелдік инвестиция үшін ең тар­тымды ел ретінде таныды. Қазақстан өзінің экономикалық дамуының өтпелі кезеңін жоғары деңгейде жүргізе отырып, жаңа сапалы даму деңгейі – әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына кірмек. Экономикалық даму жолында жасалған табысты реформалар Қазақстанға қоғамды демократияландыруға ерекше жоғары мүм­кіндіктер берді. Бүгінде қос палаталы кәсіби Парламент жұмыс істейді, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасқан. Тұрақты түрде еркін және бәсекелестік жағдайындағы ел Президентінің, Парламент палаталарының, жергілікті өкілетті органдардың сайлауы өтіп тұрады. Қазақстандықтардың мақтанышына ай­налған, елдің айбыны мен айбары болып табылатын жаңа елорда бой көтерді. Астана халықтың гүлденуінің, қуатының және болашағының айшықты көрінісі болып табылады. Астананы еуразиялық құрлық­тың орталығына көшіру жас мемлекеттің геосаяси ахуалын жақсартты, оның қауіп­сіздігін нығайтты, экономиканың маңызды салаларының дамуына жағдай жасады және тұрақты полиэтникалық мемлекет құру жолындағы стратегиялық бағытты нығайт­ты. Бұл шын мәніндегі патриоттық бастама болды. Бұл бабалар бастаған азаттық жолындағы арманды жаңа тарихи шынайы бағыттарға бастаған, ең алдымен – Қазақ­стан тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған баламасыз қадам. Арқа төсінде бой көтерген ғасырдың құрылыс алаңы, қайталанбас архитек­ту­ралық кешендер Астананы тек тәуелсіз Қазақстанның ғана жарық жұлдызы емес, сонымен бірге Еуразия құрлығының жау­һары екендігіне көз жеткізді. Ұлы даланың төсінде жаңа идеялардың, батыл бас­тамалардың және қайталанбас жобалардың орталығы бой көтерді. Астана таяу бола­шақта Еуразия құрлығының шын мәніндегі саяси және экономикалық орталығы бола­тындығына ешқандай күмән жоқ. Пре­зиденттің ойынан туған және нақты жүзеге асырған Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласын тұрғызу жө­нін­дегі бастама шын мәніндегі ғасыр құ­рылысына айналды. Әлемнің дуалы ауыз сарапшыларының барлығы бүгінде Астана қаласы құ­ры­лысының ХХІ ғасырдың ең озық жобасы екендігін бірауыздан мо­йындайды. Пре­зиденттің батыл да баламасыз ерік-жі­герінің ар­қасында Астана аңыздан ақиқатқа айналды. Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық келісім және дінаралық татулық, жүйелі де тиімді мемлекеттік құрылыс – міне, осы­ның бәрі Қазақстанның жалпыұлттық Көшбасшысының ке­зең-кезеңмен жүргізген сара саясатының нәтижесі екендігі даусыз. Қазақстан халық­аралық сипаттағы көптеген жобалардың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды. Бүгінде ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты жалпы әлем мойындаған ха­лықаралық сипаттағы жобалар Қазақ­станның және оның Президентінің жүйелі де батыл рөлінің арқасында құрылды және одан әрі жемісті дамып келеді. ЕурАзЭҚ-тың 10 жылдығына байланыс­ты 2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғам­дастықтың Мемлекетаралық кеңесінің оты­ры­сында Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы кешегі кеңестік кеңістіктегі ең жемісті және тиімді интеграциялық бірлестік – ЕурАзЭҚ-тың бастауында ғана тұрған жоқ, сонымен бірге оны алға жылжытатын нағыз интеграция «моторы» болғандығын атап көрсетті. Ең алдымен, Қа­зақ­стан Президентінің 1994 жылы М.­В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­си­те­тінің қабырғасында сөйлеген тарихи сөзінде айтылған батыл еура­зиялық идея ЕурАзЭҚ-тың бүгінгі жетістіктерінен нақты көрініс та­уып, өмірде іс жүзіне асырылып отыр. Еуразиялық мемлекеттер одағын құру ту­ралы сонда айтылған жобада бұл идея «кеңестік кеңістікте экономикалық-әлеумет­тік жаңғыруды, тұрақтылықты және қауіп­сіздікті нығайту мақсатындағы егемен мем­лекеттердің интеграциялану формасы» деп айқындалған болатын. ЕурАзЭҚ-тың құ­рылуы кеңестік кеңістіктегі елдердің мем­лекетаралық қатынасы тарихында аса зор оқиға болды. Ол мемлекеттер арасындағы интеграциялық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығарды. Бұл ретте біздің мемлекеттеріміз үшін өзара сауда-экономикалық байланыстарды жаңа стратегиялық бағыт­тарға шығарып, бүгінгі геосаяси жағдайға сәйкес келетін түбегейлі жаңа байланыс­тарды орнатуға тура келді. Мәскеу мемлекеттік университетінде өт­кен сол кездесуге қатысып отырған мен осындай баламасыз батыл идеяның ашық айтылғанына Ресей ғалымдарының ерекше таңданған жүздерін көрдім. Ол кезеңде мемлекеттер арасында еркіндікке ұмтылған бастамалар белең алып тұрған еді. Міне, осын­дай жағдайда интеграциялану жобасын жариялау нағыз батырлық еді. Әркім өзінше жеке-жеке отау құрып, бөлшектену ахуалы белең алып тұрған кезеңде Қазақстан Көш­басшысының терең ойдан туған бұл ұсы­нысы шын мәнінде ТМД құрамына бірігудің шешуші қадамы болды. Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен өтуге мүмкіндік беріп отыр. Оның бір жолы біздің ойымызша бұрынғы КСРО ха­лықтарының бірігуге деген ерік-жігерін және кеңестік кеңістіктің одан әрі логикалық нақ­ты дамуын айқындайтын интеграциялық әлеуетті іс жүзіне асыратын Еуразиялық одақ құру бастамасы болып табылады, деп атап көрсеткен еді Қазақстан Президенті 1994 жылы наурыз айында. Бүгінде ЕурАзЭҚ-тың жемісті дамып келе жатқандығын барша жұрт көріп отыр. 2010 жылы 5 шілдеде Қоғамдастықтың 10 жылдығына байланысты Астана қаласында өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде қабылданған бірлескен мәлім­демеде былай деп атап көрсетілді: «Дамудың жаңа сапалы деңгейіне шығу үшін интеграциялану стратегиясының маңызын жете тү­сіне отырып, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер ХХІ ғасырға халықаралық «Еуразия­лық экономикалық қоғамдастығын» құру арқылы кіріп отыр». Біз өзара тиімді ын­тымақтастықтың және сенімнің жаңа қа­ғидаттарына негізделген ұйым құрдық. Осы орайда Ресей Федерациясының президенті Д.Медведев он жыл – аз уақыт емес, басқа жағынан алғанда – тарих үшін бұл қас-қағым сәт. Кейбір ретте біз бір орында тұрып қалғандай сезінуіміз мүмкін. Ал іс жүзінде біз жылдам жүрдік. Өздеріңіз есептеп кө­ріңіздерші, ЕурАзЭҚ шеңберінде, оның ая­сында құрылғалы отырған Кеден одағы шең­берінде біз қандай даму жолдарынан өттік. Ал Еуропадағы интеграция қалай дамы­ғанын біз білеміз. Біз олаға қарағанда жыл­дам қимылдап келеміз. Үлкен жұмыстар ат­қа­рылды. Алайда, алдымызда одан да орасан зор міндеттер тұр. Осы ретте тағы да біздің құрылымымыз нағыз интеграция тұ­ғы­рына өткендігін атап көрсеткім келеді, деді. Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тың Мем­лекет­аралық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті былай деп атап көрсетті. Алғаш құрылғаннан бері 10 жыл өткеннен кейін біз ЕурАзЭҚ-тың кеңестік кеңістікте құрылған ең жемісті интеграциялық бірлестік болғандығын зор се­німмен атап өтіп отырмыз. Бүгінде бұл біздің мемлекеттеріміздің экономика, ғылым, әлеуметтік және басқа да салаларда инте­грациялануды тереңдететін шынайы алаңына айналып отыр. Қол жеткізген осы жетістіктерді сақтап қана қалмай, осы орайдағы әлемдік озық тәжірибелерді есепке ала оты­рып, біздің Қоғамдастығымыздың дамуы мен гүлденуін қамтамасыз етуіміз керек. Өз кезегінде Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенко: Егер, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың құрылуы туралы айтатын болсақ, оның бастауында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығын атап көрсетуіміз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы ЕурАзЭҚ аясындағы біздің барлық қарым-қатынасымыздың қозғаушы күші болды. Бір уақытта біз ЕурАзЭҚ-тың қарым-қатынас­тарын іс жүзінде тұралатып тастағанымыз да менің есімде. Сонда ол біздің одан әрі жыл­жуымыз үшін арнайы топ құру қа­жеттігін алға тартқан болатын. Бұл осыдан бес немесе алты жыл бұрын болған оқиға еді. Шын мәнінде бір жылдан кейін ол ЕурАзЭҚ-ты қалай жандандыру қажеттігі жөніндегі бір­қатар ұсыныстарын жариялаған еді. Ақыры біз осы ұсыныстарды іс жүзіне асырдық. Қазірдің өзінде біз Еуразиялық жобаның жемісті дамып отыр­ған­дығын көрсететін нақты мысалдарды келтіре ала­мыз. ЕурАзЭҚ ая­сында нақты жұмыс істеп келе жатқан еркін сауда режімі Қоғам­дас­тық мемлекеттері ара­сындағы сауда айналы­мының тиімді өсімін қамтамасыз етті. Мәсе­лен, ол 2000 жылғы 29 миллиард доллардан 2008 жылы 123 миллиард долларға дейін немесе 4,1 есе өсті. ЕурАзЭҚ бойынша ішкі жал­пы өнім орташа есеппен алғанда 59 пайызға, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48 пайызға, жүк тасу көлемі 44 пайызға артып, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,3 есе өсті. Инвестициялық ахуал елеулі түрде жақсарды. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы өзара инвестиция салу көлемі 4 есе артты. Белсенді жүргізілген жұмыстар нәти­жесінде ЕурАзЭҚ аясында құрылған Кеден одағының мерзімінен бір жыл бұрын 2010 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа кірісуіне мүмкіндік туды. Кеден одағы шеңберінде им­портталатын тауарларға Бірыңғай кедендік тариф енгізілді. Ал бұл 11 мыңнан астам тауар номенклатурасын қамтиды. 2010 жылдың басынан бастап Кеден одағы комиссиясы Кеден одағының сыртқы саудасын реттейтін тарифтік және тарифтік емес салаларда ұлтүстілік өкілеттік алды. Бүгінде Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінде Бірыңғай тауар номенклатурасы және Кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифі қол­данысқа енгізілді. Интеграцияланған үш мемлекет басшы­лары өздерінің бірлескен мәлімдемесінде, қысқа мерзімде іс жүзіне асырылған сапалы жұмыстардың бүгінгі өскелең талаптарға және уақыт үніне жауап беретін мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа дәуірінің іс жүзіне асырылғандығын атап көрсетті. Мәселен, Ресей Ғылым ака­демиясының халық шаруашылығын болжау институтының есептеулеріне сәйкес, Кеден одағының үш мемлекеті тығыз интеграциялану нәтижесінде алдағы 10 жыл мерзімде ішкі жалпы өнімнің 15 пайыз өсіміне және инвес­тициялық белсенділіктің ерекше жоғарыла­у­ына қол жеткізбек. ЕурАзЭҚ-тың нақты жетістіктері, оның ішінде жедел мерзімде Кеден одағының өмірге келуі халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Біздің елдеріміз­дің БСҰ-ға мүшелікке кіруі сияқты халық­аралық саясат шеңберінде шешілетін мәсе­лелердің де бірінші кезекте ЕурАзЭҚ-тың тиімді жұмыс істеуіне байланысты екендігі жасырын емес. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі мақсаттарының бірі Қоғамдастықтың әлем­дегі рөлін арттыратын халықаралық ұйым­дар­мен жұмыс жүргізу екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде өңірдегі тұрақтылықты қамтама­сыз етуге, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге жағдай жасамақ. Қоғамдастық 2003 жылы БҰҰ-ның Бақы­лау­шысы дәрежесіне ие болды. 2007 және 2010 жылдардың желтоқсан айында БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ және ЕурАзЭҚ арасындағы ынтымақтастық хатта­ма­сына қол қойылды. ЕурАзЭҚ мүше-мем­ле­кеттері арасындағы кезекті жаһандық мәселе – Бірыңғай экономикалық кеңістік құру болып табылады. Оның мақсаты жұмыс күші­нің, капиталдың, қызметтің және тауар­лардың еркін қозғалысына жағдай жасайтын нарықтық үдерістерге негізделген эконо­ми­каны реттеудің бірыңғай тәсілдерін қамта­масыз ету және үйлесімді құқықтық норма­ларды қалыптастыру болып табылады. 2009 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында болған Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы пре­зиденттерінің бейресми саммитінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жө­нін­дегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл жоспар бо­йынша, екі жыл ішінде, яғни 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін БЕК-ті құруды қамтамасыз ететін халықаралық келісімдер пакетіне қол қою және оны іс жүзіне асыру мәелелері қарастырылған. Президенттердің саяси ерік-жігері және тараптар үкіметтерінің, Қоғамдастық құры­лымдарының белсенді түрде жүргізген жұ­мысының нәтижесінде бұл міндеттерді ең қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік жасалды. Яғни 2010 жылы 19 қарашада үкімет басшылары алғашқы 4 келісімге қол қойса, 2010 жылдың 9 желтоқсандағы ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғарғы органы) отырысында БЕК-ті құруға қажетті қалған 13 келісімге қол қойылды. БЕК-тің құқықтық базасын құруды аяқтау – кеңестік кеңістік шең­бе­ріндегі интеграциялық үдерістерді жүргі­зудің дәуірлік құбылысы болды. Міне, қысқа мерзімде атқарылған осы кешенді жұмыстардың арқасында БЕК шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, ка­питалдардың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі. Нарықтық қағидаттарға негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тетіктері қалып­тас­тырылып, үйлесімді құқықтық нормалар қолданысқа енгізіледі. Осы кеңістік ая­сында бірыңғай инфра­құрылым жұмыс істейді және салық, ақша-кредит, қаржы-валюта, сауда жә­не кеден салаларында келісілген саясат жүргізіледі. Жалпы тауарлар рыногы біздің мемлекеттерімізде шыға­рылған тауарлардың еркін айна­лымын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге Бірың­ғай кедендік кеңістіктегі мемлекеттерге үшінші бір мемлекеттен әкелінген тауарлардың да еркін айналымға шығуына жағдай жа­сайды. Ал қызмет көрсету саласында бір­тұтас рынокты қамтамасыз ету мәселесі ұлттық заңдылықтардың үйлесімдігі және мемлекеттерде берілген лицензияларды өз­ара мойындау мәселелері бойынша жү­зеге асырылады. Ал ортақ жұмыс күші рыногын қалыптастыру, БЕК шеңберінде жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету нә­тижесінде жүзеге асырылады. БЕК-ке мү­ше мемлекеттер азаматтарының екінші бір мемлекет аймағында құқықтық дә­режелері реттелініп отырылады. Сонымен бірге білім алуға рұқсат етіледі. Жоғары және орта кәсіптік білім беру дипломдары БЕК-ке мү­ше мемлекеттер арасында бірдей танылады. Капиталдың бірыңғай рыногын қалып­тастыру қаржы, банк және сақтандыру ры­ноктарына барлығының бірдей еркін қа­тысуы, валюталық реттеу нормаларын үй­лестіру, бірыңғай төлем-есеп айырысу жүйе­лерін құру және ортақ валюта ры­ногын қалыптастыру арқылы жүзеге асы­рылады. БЕК-ті құру жөніндегі жоғарыда айтылған бағыттарды іс жүзіне асыру, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер үшін тауар­лардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың барлығына бірдей ортақ рынок қалыптастыруға жағдай жасайды. БЕК құру – бұл біріншіден, біздің бір­ыңғай кеңістігімізде еркін бәсекелестікті дамыту және инновациялық белсенділікті арттыру болып табылады. Бәсекелестік – рынокқа шығарылатын тауарлардың және қызметтердің сапасын арттырудың бірден-бір тиімді жолы. Сонымен бірге ол бизнесті шынықтырады, өндірісті жақсартады, шы­ғын­ды азайтып, еңбек өнімділігін арт­ты­рады. Біздің мемлекеттеріміздің ара­сындағы ортақ рыноктағы еркін тауар ай­налымы Кеден одағына мүше мемлекет­тердің басқалармен бәсекелестікке түсуіне ықпал жасайды. Жаңа жағдайда біз тауар сапасы үшін тек өзара бәсекеге түсіп қана қоймаймыз, сонымен бірге сырттан импорт­талатын өнімдер мен қызметтер сапасы үшін де бәсекеге түсеміз. Мұндай бәсе­ке­лес­­тіктен ұтпасақ ұтылмайтынымыз ақиқат. Бірыңғай экономикалық кеңістік қалып­тастыру сонымен бірге қаржы институт­та­рының арасында да тиімді бәсекелестік қалып­тастырады. Темір жол көлігі, электр энергетикасы, мұнай және газ салала­рын­дағы ережелер мен нормаларды үйлестіру біздің мемлекеттеріміздің экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды. Мұ­ның бәрі – біздің ортақ рыногымыз. Оған бүгінде біздің мемлекеттерімізде инте­гра­ция­лық үдеріс мәселелерін дамытушылар, бірлескен кәсіпорындар құрушылар, біздің мемлекеттерімізде шығарылған қосымша тетіктерді құрастыру арқылы өз өнімін жа­саушылар қызығушылық танытып отырған­дығы да жасырын емес. Ақиқатын айтсақ, өзара сауда қатынас­тары барысында кедендік және басқа да кедергілердің жойылуы Беларусь, Қазақ­стан және Ресей мемлекеттерінің кә­сіп­орындары арасында өнім өндіру коопе­ра­ция­ларын дамытуға қолайлы жағдай туғы­зып, қолбайлау болып отырған мәселелерді шешуге ықпал етеді. БЕК қалыптастыру нәтижесінде мүмкін болатын ережелер мен нормаларды үйлестіру кәсіпорындарда бә­секеге қабілетті өндіріс құруға және оларды инновациялық даму жолына түсіруге ба­рын­ша жағдай жасайды. Осының бәрі біз­дің мемлекеттеріміздің экономикасының бар­лық саласын әртараптандыруға жағдай жасап, кешегі стандарттардан бас тартып, ертең және болашақта кең сұранысқа ие болатын өнімдер шығаруды қамтамасыз ете­ді. БЕК-ті қалыптастыру біздің ел­дері­міздің арасындағы жаңа интеграциялық бас­тамаларға серпін береді. Біздің ха­лық­тарымыздың әл-ауқатын арттыру, мемлекет­теріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін дамытуды жылдамдату мақсатында мүше-мемлекеттер экономикасының жа­қын­дасуына жағдай жасайды. Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы президенттер Д.­А.Медведев, Н.­Ә.На­зарбаев және А.Г.Лукашенко қа­былдаған Декларацияда былай деп атап көрсетілген: «Кеден одағын және Бір­ыңғай эко­но­ми­калық кеңістікті да­мыта отырып, біз ха­лықаралық эко­но­ми­калық бірлестіктермен және басқа мемлекеттермен үйлесімді, бірін-бірі то­лық­тыратын және өзара тиімді бай­ланыс­тар­ды қамтамасыз ету мақ­са­тын­дағы Еу­ра­зиялық экономикалық одақ құруға жақындай түстік». Қорыта келгенде, ЕурАзЭҚ-тың ин­теграциялық жетістіктері кеңестік кеңіс­тіктің ХХІ ғасырдағы өркендеуінің ең басты даму қырын айқындайды. Тайыр МАНСҰРОВ, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың бас хатшысы.