02 Наурыз, 2011

Қазақ музейлері қалай құрылды?

513 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Сол күні табиғаттың өзі исі қазақтың қабырғасын қайыстырған осы бір қазалы хабарды қайғыра қабылдап, ақ ұлпа қылаулаған. Айнала аппақ болып кеткен. Оңтүстіктің ақпаны осылай болушы ма еді?! Бұл кезде Отырардың қиыршық құмды қырқасы қызылиектеніп, аз күнде көктемгі тіршіліктің абыр-сабыр дүрбелеңі басталып кететін. Жан-дүниесі кіршіксіз, қа­сиет­ті адамның азасына табиғат-ана да аңырай күйзеле­тінін еске салып тұратын тұлғалар болады. Өзағаң да Жарат­қанның сондай маңдайына халықтың ұлы болу жазылған озық ойлы тұлғаларының санатына барып қосылды. Дүниенің аппақ болға­ны қандай жақсы. Ақтық сапарға аттанып бара жатқан аза­мат­тың жаны дәл сол ақша қардай таза да ақ еді деген сезімді ұялатып, киелі Арыстанбабтың аясынан бұйырды топырақ... Он үш жыл өтті содан бері. Бір мүшел жас. Кешегінің көбі көнерді. Бірақ тарих беттерін қаттайтын қарт жәдігер еш­қашан ұмыт болмасын аяулы ағамыз ерте болжай білген, Қазақстандағы музейлердің негізін қалаған. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтірерде өзін басшымын демей, қара жұмысқа қарап тұрмай кірісіп кеткен адам. Елге деген махаббаттың мұнан асқан үлгісі бола ма? Филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі, Тәуел­сіздік сарайының қолданбалы өнер және этнография галереясының жетекшісі Тілеукеш ЖАУБАСОВА – Өзағаңның, Өзбекәлі Жәні­беков­тің өнеге мектебінен тәлім алған шәкірттерінің бірі. Көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа келер еді. Өзаға жайлы естеліктер өз замандастары тарапынан аз жазылып та, айтылып та жатпаған шығар-ау, бірақ сол жылдары музей ісіне жаңадан келіп жатқан жастардың көкейге түйген әсері мен әңгімесін тыңдау бір басқа. Бүгінде сондағы жастардың дені ежелгі дәстүрді үзбей, ел аралап, жер аралап, қазақ мәдениетіне қатысты құнды дүниелерді жинаумен айналысып келеді. Тілеукештің де тірнектеп жиған-терген дүниесі, ұлттық мұраға қосқандары аз емес. Осы әңгімеде ғалымның жас буынға қолдау білдіріп, қолтығынан демеудегі ғибратты тағылымынан таудай үлгі танылады. – Өзбекәлі Жәнібеков есімін еске алғанда ағаның кезінде қазақтың талай жастарына қамқорлық көрсеткен еңбегі мен адами қасиеттері жиі айтылады. Өзіңіз соның бірісіз, Тілеукеш Бахрединқызы. Сол жылдардың жаңғырығын тағы бір рет жаңғыртсақ па деген ой ғой біздікі. – Өзбекәлі ағаның тәлім-тәрбиесі ту­ра­лы әңгіме қозғалғанда 1981-1982 жыл­дар еске түседі. Алғаш жұмысқа келгенде мен кассада билет сататынмын. Қазақтың халық му­зыка аспаптар музейі Панфилов көшесі бо­йындағы қос қабатты шағын ағаш үйде ор­на­ласқан еді. Екінші қабат­тан концерт және экспозиция залдары құрылды. Келген көрер­мендер осыларды түгел аралағаннан кейін, бірінші қабат­тағы аспап жасайтын шебер­ханаға атба­сын тіреп, қалаған музы­ка­лық ас­пап­­тары­на тапсырыс беріп жата­тын. Белгілі музыка зерттеушісі Болат Сары­баевтың көне домбыраларды қапқа салып, талай мәр­те осындағы шеберлерге әкеліп тапсыр­ған сәт­терін өз көзіммен көрдім. Жалпы, бір адамды жақынырақ та­нуы­ңа қашанда жақсы адамдардың септігі тимеуші ме еді. Мәселен, Болат ағаммен таныс­тығым Өзағаң ұйымдастырған музей ше­бер­хана­сын­да басталды. Ол кісі Өзағаңды 70-ші жыл­дары Қазақстан ЛКСМ Орталық Коми­те­тінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінен біледі екен. «Көне аспаптар үні» ансамблін Болат аға құрса, дәл сол жылдары әлгі жас ұжымды Өзағаң өз қамқорлығына алып, сонау Үнді елін шарлап қайтуға жолдама бер­гені бүгінде музей шежіресінде сайрап тұр. Болат аға бірде: «Денсаулығым болмай жүр. Сенің әжептәуір музыкадан хабарың бар әрі өзің біраз аспапта ойнай да біледі екенсің, ертең мұндағы істеген жұмыстарың із-түзсіз жоғалып кетпейді, өзіңе таусылмас мол азық болады. Сондықтан қазірден бастап көне музыкалық аспаптарға байланысты деректерді біртіндеп жинай бер, бұл салада зерттеумен айналысып жүрген адамдар өте аз», деп ақыл-кеңесін берді. Сөйтсем, ол кісінің бірінші инфарктан жаңадан енді ғана басын көтерген кезі екен. Ал өзім «Сазген» этнографиялық ансамблінің мүшесі ретінде дүниежүзілік XII жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, дипломант атандым. Ағалар ақылы адастырмады. Өмірімді кейін түбегейлі көне музыкалық аспаптарды жинау мен зерттеуге арнадым десем де болады. Музыка аспаптары музейінде жиырма жыл­дан аса қарапайым қызмет атқарып, қазақ­тың ұмыт болған көне музыкалық аспап­тары атауларынан кандидаттық диссерта­циям­ды қорғап шықтым. – Қазақстандағы көптеген музейлер мен фольклорлық ұжымдар Өзағаң­ның ұйымдастыруымен құрылды. Со­ның ішіндегі қайсысын айрықша ата­ған болар едіңіз? – Солардың бірі де бірегейі – Ықылас атын­дағы қазақтың музыкалық аспаптар му­зейі. Музей құрылымының бағытын ол тү­гел­дей өз қолымен жазып шықты. Экс­п­о­зиция құру ісіне өте сауатты болатын. Му­зейдің ғылыми жұмыстарында археология мен этнографияны байланы­стыру­дың ба­ғыт-бағдарын көрсетіп беретін. Үш бағытта жұмыс істелді. 300 орындық концерт залы, көне музыка аспаптарын жа­сайтын, оны қалпына келтіретін шебер­ха­на­сы мен экс­позиция залдары құрылды. Кө­не аспаптар жеке-жеке топтарға бөлініп орналасты. Сол жаңадан ашылған залдар­ды экспонаттармен толықтыру мақсатында Өзағаң үйінде сақ­таулы тұрған көне домбыраның төрт дана­сын өз қолымен әкеліп тапсырғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. – Тағы да қандай танымал адам­дар­дың дүниелері қойылды? – Ол кісі өнерге еңбегі сіңген атақты орын­­даушылардың қолдарының табы қал­ған көне мұраларды ерінбей-жалықпай іздестіріп алдыртатын еді. Соның бірі – белгілі шертпе күй шебері Әбікен Хасеновтің домбырасы. Домбыраны күйшінің жары Шәкен Хасенова музейге әкеліп сыйға тап­сырды. Экспонат­тар­ды Қазақстанның об­лыс­­тық, аймақтық му­зейлерінен жинас­тыр­ды. Солардың ішінде Жамбыл, Кенен, Манарбек аталарымыздың домбыралары, Нартай мен Шашубайдың сыр­найлары, Мұрын, Қызыл жыраулардың, Дина ше­шей­дің домбыралары мен ХVІ ға­сыр­дағы Жарас би бақсының көне нарқо­бы­зы, ескі қылқобыздар, шертер үлгілері, т.б. болды. Аспап шеберлері Д.Шоқпаров, О.Бейсенбеков, С.Кенжеғараев бірігіп, көне ас­пап­тардың дабылды-ұрмалы, шулы-сыл­дыр­мақты үлгі-нұсқаларын қалпына келтірді. Сөйтіп, музей қорына бес жүзден аса музыкалық аспаптар жинақталды. – Сол кездері біраз фольклорлық-этно­графиялық ансамбльдер көктемгі қызғал­дақ­тай дала сахнасын құлпыртпады ма? – Көне ұлттық музыкалық аспаптардың үлгілерінен халықтық этнографиялық «Саз­ген», «Адырна», «Арқас», «Алтынай», ха­лық­тық этнографиялық ән-би ансамбльдері дү­ниеге келді. Олардың ешкімге ұқса­май­тын дәстүрлі концерттік бағдарламасына де­йін ол өз қолымен жазды. Мәскеу қала­сынан арнайы би қоюшы Ольга Всеволодовна Голушкевичті шақыртып, ел ара­сын­да ұмыт болған халық би­лерінің «Айда былпым», «Шалқыма», «Ай­қосақ», т.б. аяқ ыр­ғақтарының нақышты иірімдерін бишілер тобына үйретті. Өзекеңнің сахна өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Көп әнші орындай бермейтін, қа­лың қазақтың арасында сақталған халық ән­дерінің сирек нұсқаларын жетік білді. Соның айғағы – белгілі әншіміз марқұм Мә­дина Ера­лиеваға ешкім әлі айтып үлгер­меген ха­лық әндерінің сөздері мен әуен­дерін өзі ансамбльге қосылып үйреткені қандай тағы­лым­ды тарих десеңші! Уақыт шаңына көмі­ліп, ұмыт бола бастаған қ­а­зақтың көне ас­пап­тары музей сахнасында тіріліп қана қой­май, ұлттық мәдениетімізді байытып, оған дәстүрлік тұрпат бергенін қалай ұмытамыз. – Қазақтың ұлттық киімдеріндегі кей­бір кері кеткен тұстарға ашынып, бұл салада да көп іс тындырмады ма? Тіпті өзі де мықты зергер болған көрінеді. – Сан-салалы жидашылық, зерттеушілік еңбегінің бір тармағы осы көнеден жеткен ұлттық киім үлгілерін қайта қалпына келтіруге арналғаны мәлім. Бұл тұрғыдан алғанда, ол қазақ мәдениетінің дәстүрлі өнерінің нағыз насихатшысы бола білген адам. «Қазақ театр қай­раткерлері қоғамы­ның» киім тігу шебер­ха­на­сында ұлттық киім үлгілерінің – «қасаба», «жаулық,» «сәу­келе», «айыр қал­пақ», «белдемше», «төбе», «сұлама», «күн­дік», т.б. ерлер мен әйел адамдардың аяқ киім үлгілерін таза былғарыдан, шапан-қам­золдарын таза бар­қыт­тан «эскизін» өзі сы­зып, орындаушы­лардың бет-әлпетіне қарай лайықтап, киім үлгілерін жасақтады. Әрбір тігіс, әрбір түйме-тиек, әрбір ою-өрнек Өзе­кеңнің көз майын тауысып зерттеген ең­бегінің мәуелі жемісі. 1982 жылы музейге «Сазген» этно­гра­фиялық ансамблінің концерттік бағ­дар­ла­ма­сына сол кездегі Министрлер Кеңесінің Төр­ағасы Н.Назарбаевты, сондай-ақ Қ.Сұл­танов пен Н.Тілендиевті шақырды. Нұр­сұлтан аға ансамбль мүшелерінің үс­тін­дегі киім үлгі­лерін көргенде таң-тамаша қалып, бізге риза көңілмен аттанған. Бір өкініштісі, концерттік ұйым мекемелері сондағы қайта қал­пы­на келтірілген небір ғажайып киім үлгі­лерін сақтап қала алмады. – Ол кісінің өнерге баулыған ш­ә­кірт­­терін атаңызшы. – Қазақ жастарының арасынан бола­ша­ғынан үміт күттіреді-ау деген аса да­рын­ды орындаушы өнерпаздарды, он сау­сағынан өнер тамған шебер-рес­тавра­торларды, зер­гер­­лерді, қолөнершілерді жер-жерден іздеп, орталыққа алдырып, барынша қамқор қо­лын созды. Әсі­ре­се, жас мамандарды музей са­ласына, өнер мен білімге баулығаны өз ал­дына бөлек әң­гі­ме. Айталық, Асқар Мол­да­­ға­ринов, Қанат Тұяқ­баев, Қырым Алтын­беков, Базарбай Алтаев, Тұрсынкүл Жайлаубаева, Шәміл Қожан­ханов, Мараш Кениева Өзағаң­ның қасында жүріп, көп нәрсені кө­кей­леріне тоқыған білікті мамандар. Бү­гінде олар­дың жұмыс­тары­ның өзі басқа­ларға өнеге. – Халық музыка аспаптар музейін қазіргі ғимаратқа Өзағаң өз қолымен көшірген деген сөз бар. Сол рас па? – 1984 жылдың қаңтар айы. Күн суық, аяз да бар. Ол кезде Өзбекәлі аға Мәде­ниет министрінің орынбасары. Таңертең музейге келіп: «Бүгін басқа ғимаратқа кө­шесіңдер, ұсақ-түйек экспонаттарды қол­дарыңмен та­си­сыңдар, ауыр заттарға машина жіберемін, бүгін көшіп бітіру керек», – деді. Жібек жо­лы көшесіндегі музей үйі тарлық етіп, 28 панфиловшылар гвар­диясы атындағы паркінде белгілі архитектор А.П.Зенков салған ғимаратқа, Офицерлер үйіне жаяу көшіп жа­тырмыз. Ғимарат ішінің құрылыс жұмы­сы, көрме залдары толық бітпеген. Музей ішін қал­пына келтіру ісі біз үшін ұмытыл­мастай, қызығы мен шыжығы қатар өрілген жылдар болды. Өзекеңнің жұмыс күні қашанда ертелеп, сағат 8-00-де біздің ісімізді өз көзімен бір көріп барып кетуден басталатын. Өзінің жұ­мы­сы басынан асып жатса да, есік пен те­ре­зелердің топсасына дейін мұқият тексеріп шығатын. Бірде-бір қызметкер жұмыстан сырт қалмайтын. Құрылыстың біз де қарап отырмай қара жұмысына білек сыбанып кірісіп кететінбіз. Есік-терезелерді жуып, еден­дерді сыпырып жүргенде 8 сағаттық жұмыс күніміз 10-11 сағатқа дейін созылатын, ара-тұра концерттік жаттығуға дайындалып үл­ге­реміз. Экспозиция залдарында орналасқан әр аспаптың үнін магнитофон таспасына жаза­мыз, халқымыздың салт-дәстүр, тұрмыс-тір­ші­лігінен хабарлар беретін диарамалар қою да ойластырылды. «Ауылға ақын келді» деген макет-диараманы көрсету қиынға түсті. Диарама ұзаққа созылып, көңілден шықпай жатқан бір тұста оларға: «Қазақтың тамының қандай болатынын білмейсіңдер, қой сойып, қазан көтерудің сәнінен де мақрұм­с­ыңдар. Әй, батыр, сен түркістандық емес пе едің, – деді Қанат Тұяқбаевқа қарап. – Сол сенің туған ауылыңда бүгінге дейін қан­шама ескі үйлер сақталып келген. Осы үйдің бірінде сен де дүниеге келдің емес пе?» деп кейігені кө­бімізге сабақ болып, на­мы­сымызды жаны­ған. Ол кісі жарыса сөй­леп білгішсінген адамдар­ды ұнатпайтын. Бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. Әр істің әдемі қиюласқанын талап ететін. «Сендердің істеріңе араласып жүріп, өзім де әжептәуір құрылысшы болып қалдым», дейтін қалжыңдап. Өнерді қанша білсең де көптік етпейді дейтін. Сені ізденуге үйре­те­тін, әр жас маманға ойлан, ізден деп талап қоятын. Қазақтың музыкалық аспаптар му­зейі­нің кешегі тарихы айтылғанда, Өзағаң­ның осындай кесек келбеті қашанда еске ыстық сәттерді оралтып отырады. – Ол кісі жайлы жазылып жатқан естеліктердің қай-қайсысында да осын­дай қырлары көбірек айтылады. – Қазақ өнеріне нағыз жанашыр адам­ның бірі Болат Сарыбаев ағамыз еді. Зайы­бы Мижан апай талай рет: «Біз Өзекеңнен көр­ген жақсылықтарымызды ешуақытта ұмыта ал­май­мыз», деп қошеметпен айтып отыра­тын. Тағы бір сондай аяулы ағамыз академик Өмір­­зақ Айтбаевтың: «Өзекеңмен қан туыс­тығымнан гөрі арадағы рухани туыс­ты­ғымыз басым болды. Өзіне де, өзгеге де қатаң талаппен қарайтын. Бірақ бір ғажабы, өнерпаз­дар­мен араласа кетсе әлгі қатты­лық­тың бәрі әп-сәтте жұмсарып, жаны жадырап, жүзі жарқы­рап шыға келетін. Оның бойын­дағы ерекше қасиеті – туған тілге деген сүйіс­пеншілігі еді. Этнографиялық атаулар, би өнерінің терминдері жөніндегі ізденістері нағыз тіл маманына тән еңбекқорлық десе болғандай. Кейде ма­ған телефон шалып, қазақтың кейбір сөздері­нің мән-мағынасын, түп-төркінін іздеп шарқ ұратын. Өз жанын қинаумен қоймай, мені де түрлі сөздікке шұқшитып, қашан сол сөздің түбіне терең бойлап бармайынша маған да, өзіне де маза бермей тынымсыз жұмыс істейтін. Таң қаларлығы, ол жеке сөздердің мағы­на­лық өрісін толыққанды түсініп, атаулық сипат беруге келгенде өте шебер болушы еді», деген сөзін де қойын дәптеріме түртіп қойып­пын. Қазақ мәдениеті мен өнеріне дәл мұн­ша­лық орасан еңбек сіңірген адам некен-саяқ. Кейінгі ұрпақ сол еңбектерді оқып-тоқып қа­на қоймай, кешегі дәстүрді үзбей жалғас­тыра түсуі парыз деген тілек мені де үнемі ғылымның биік шыңына қарай жетелейді. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Астана.