Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоған Германияда тұратын өзінің 2,5 миллиондық қандасын неміс қоғамына интеграциялануға ұмтылуға шақырғанымен, ассимилияциядан қашқан жөн деген ұстанымын ашық білдірді. Ол бұл мәлімдемесін Дюссельдорфта 10 мың түрік өкілімен кездесуде жасады.
Түрік үкіметі басшысының сөзіне қарағанда, неміс түріктері өздерінің шыққан тегін ұмытпаулары тиіс. Сондай-ақ балаларын бірінші кезекте түрік тіліне, содан кейін барып қана неміс тіліне үйретулері керек. Және де Германияда тұратын түріктер тарихи отанына оралғылары келсе, оларға барынша жағдай жасауға күш-жігер жұмсалатын болады. Бұл үндеу неміс тарабының наразылығын туғызып жатыр.
30 МЛРД. ДОЛЛАРЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙДЫ
АҚШ қаржы министрлігі Ливия лидері Муаммар Каддафи мен Ливия үкіметінің иелігіндегі 30 миллиард долларлық есеп-шотты жауып тастады. Ливия басшылығына осыншама қаржы қайдан келді дейтін болсақ, елде мол мұнай және газ қоры бар. Бүгінде осы байлық билікке қарсылардың қолына көшіп үлгерген.
М.Каддафидің өзі болса, халықтың көбі мен жағында дегенді көлденең тартып, биліктен оңайлықпен кететін сыңай танытпай отыр. Осы аралықта елдің шығыс бөлігі толықтай оппозицияның бақылауына алынған. Билікке қарсылар бүгінде ел астанасы Триполиге шабуыл жасауға дайындыққа мықтап кіріскен тәрізді. Және де олар М.Каддафиді тағынан тайдырмай тыншымауға бел буғандай.
ХАЛҚЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Сұрау салынған ресейліктердің 49 пайызы елдегі жағдайға көңілдері толмайтынын білдіріп, наразылық акцияларына шығуға кетәрі емес екендіктерін мәлімдеген. Мұндай мәлімет қоғамдық пікір қоры жүргізген сұрау салулар нәтижесінде белгілі болған.
2010 жылдың соңынан бері елдегі жағдайға көңілдері толмайтындар саны 17 пайызға артқан. Өйткені, 26 желтоқсандағы жағдай 32 пайызды құраған екен. Ал 13 ақпандағы сұрау салулар бұл көрсеткіштің 44 пайызға дейін өскенін көрсетсе, бүгінде 49 пайызға жетіп жығылған. Ресей тұрғындарын қымбатшылық, материалдық жағдайдың нашарлауы алаңдатып отырса керек.
САУДИЯ БАХРЕЙНГЕ 30 ТАНК КІРГІЗДІ
Сауд Арабиясы Бахрейнге 30 танк жіберген. Бұл ауыр техникалар аралдық Бахрейнді материкпен жалғастыратын король Фахдтың 25 шақырымдық дамбасы маңында көзге түскен. Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, жеңіл көліктер біраз уақыт бойы танктерге жол беруге мәжбүр болған.
Бұл жөнінде Египеттің Al-Masry Al-Youm газеті жария етті. Аталған басылым Саудия әскери техникасының Бахрейнге енуі бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап көрсетеді. Ал Бахрейнде күні бүгінге дейін елдегі азшылық болып табылатын сүнниттен шыққан король әулетіне қарсы шииттердің наразылық акциясы жалғасып жатыр.
ҚАРУЫ ҮШІН ҚАРЖЫ ТАЛАП ЕТТІ
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ливия Ресейге қару-жарақ сату бойынша орындалған барлық келісім-шарттар үшін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қойған шектеулерге қарамастан, барлық ақшаны төлеуі тиіс деп мәлімдеді.
С.Лавров Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясы елдегі қалыптасқан жағдайға орай орынды қабылданғанын атап өтті. Біз көріп отырған жағдайда осындай шешім қабылданбағаны түсініксіз болар еді, деді Ресейдің бас дипломаты. Бірақ Ресей санкция қабылданғанға дейін орындалған барлық келісім-шарттың төленгенін үзілді-кесілді талап етеді.
РАХМОННЫҢ ҰЛЫ КОНТРАБАНДАМЕН КҮРЕСЕДІ
Тәжікстан президентінің үлкен ұлы Рустам Эмомали басшылық қызметке тағайындалды. Оған контрабандамен және кедендік ережелерді бұзумен күрес жөніндегі басқарма тізгіні сеніп тапсырылды. Бұл лауазымның кеден қызметіне тікелей қатысы бар.
Жаңа басшы қазірдің өзінде басқарма қызметкерлеріне таныстырылып үлгерілген. Бұған дейін Р.Эмомали инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетте жұмыс істепті. Онда ол шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқармаға жетекшілік еткен көрінеді. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жеті қызы және екі ұлы бар. Бір қызы да мемлекеттік қызметте, яғни ел сыртқы істер министрінің орынбасары екен.
БАС КЕДЕНШІ – ҚОС АЗАМАТТЫҚ ИЕСІ
Қырғызстан парламентінің депутаттары ел кеден қызметінің басшысы Қуанычбек Кулматовтың отставкаға кетуін талап етті. Олар шенеуніктің Ресей азаматы да болып табылатынын, осыған байланысты оның жоғары мемлекеттік лауазым иеленуге құқы жоқ екенін көлденең тартты.
Қырғызстанның бас кеденшісінің атына наразылықты «Республика» (билеуші коалицияға кіретін фракциялардың бірі) фракциясынан депутат Тынычтық Шайназаров негіздеп берді. Ол қолында Ресей федералды миграциялық қызметінің деректері бар екенін жария ете келіп, Кулматовтың Ресей азаматы болып табылатыны анық екенін атап көрсетті. Депутаттың талабын оппозициядағы «Ата Мекен» фракциясының лидері Өмірбек Текебаев та қостады.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
•
Стокгольм халықаралық зерттеулер институтының сарапшылары Минск М.Каддафи режімін қару-жарақпен қамтамасыз етті деп күдіктенетінін жария етті. Оларда күдіктерін айғақтайтын бірқатар дәйектер бар көрінеді.
•
Үндістан соты 2002 жылдың 27 ақпанында 59 адамның өліміне соқтырған пойыз өртін ұйымдастырған 11 қылмыскерді енді ғана өлім жазасына кескен үкім шығарды. Тағы 20 қылмыскер өмір бойы түрмеде отыратын жазаға кесілді.
•
Иранда оппозиция лидерлері Мир-Хосейн Мусави мен Мехди Карруби тұтқынға алынды. Олардың зайыптары да түрмеге қамалған. Аталған оппозиционерлер бұған дейін үй қамағында ұсталып келген болатын.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.