Еліміз Кедендік Одақта көлік отынының сапасы бойынша көшбасшыға айналуы керек
Мұнай және газ министрлігі жақында Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының үшеуін де заманға сай қайта жабдықтау туралы шешім қабылдады. Бұл өте күрделі де жауапты міндет, сондықтан оны орындау үшін мәселені жан-жақты әрі мемлекеттік тұрғыдан қарастыру керек – бұл «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басқарушы директоры Серік Баймұханбетовтің пікірі.
– Серік Ғабитұлы, осы жобаға байланысты Сізге жүктелген міндеттер қандай?
– Мұнай өңдеу саласын заманға сай жабдықтау салалық бағдарламасы – бұл өте жауапты стратегиялық жоба болып табылады. Мені осы сала маманы ретінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығы аталмыш жобаға тәуелсіз сарапшы ретінде қатысуға шақырды. Біздің міндетіміз – экономика қажеттілігі тұрғысынан жобаны техникалық-экономикалық терең сараптан өткізу. Бұл дегеніміз – аса жауапты міндет болып табылады: мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау жайлы айтқанда зауыттың алдағы көптеген жылдар бойы шығаратын өнімі ең алғашқы «құрылысына», оның таңдап алған технологиясына тікелей байланысты болатынын жадымыздан шығармауымыз керек. Сондықтан, ең алдымен, алдағы уақытта рынокты терең маркетингтік сараптан өткізу қажет. Біз жағдайды сараптай отырып, Үкіметке өткізілетін есептеулер мен болжамдық бағалаулардың шынайы болуына көп көңіл аудардық.
– Сонда қандай қорытындыға келдіңіздер?
– Кез келген өндірістік жобада барлығы жоспарлы маркетингтік сараптамадан басталады, ал ол экономиканың ішкі қажеттілігін бағалауға да, сонымен қатар осы саланың әлемдік үрдісіне, экспорт пен импортқа да байланысты болады. Қазақстан – мұнай өндіретін держава. Бізге өз жұмысымызды біздің үш мұнай өңдейтін зауытымыздың үшеуі де сағат сияқты еш тоқтаусыз, ең көп жүктемемен ішкі рынокқа да, экспортқа да ең жоғары сапалы жанармай жеткізе отырып жұмыс істейтіндей етіп есептеп жоспарлау керек. Сонымен қатар технологиялық тұрғыдан олардың, мысалы, мұнай сапасының өзгеріп тұратын көрсеткіштеріне байланысты болмауы да маңызды. Бұл – мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігі болып табылады. Мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау ісінде дұрыс та пайымды шешім қабылдау үшін рынокты жан-жақты әрі объективті түрде сараптамадан өткізу қажет. Бізге Қазақстан қандай мұнай өнімдерін және қанша мөлшерде пайдаланатын, дағдарыстан кейін әлем рыногы қалай қарай жылжитынын, біздің кедендік одақ бойынша серіктестеріміздің қуат-күші және қажеттілігі қандай екенін анық білу керек. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау ісінің маркетингтік бағдарлауын жүргізетін сараптамалық компаниялар бұл іске аса мұқият болғаны жөн. Алайда, біздің жұмысымыздың барысында шетелдік сарапшылар дайындаған есепті ақпараттар бұл талаптарға сай келмейтіні анықталды. Оның сыртында онда көптеген қателіктердің де бар екендігі белгілі болды. Рыноктың көптеген стратегиялық саласында күмәнді мәліметтердің берілгені анықталды, олар бүгінгі күннің өзінде-ақ шындыққа үйлеспей отыр.
– Мысалы?
– Мысал ретінде республика бойынша дизель отынының қолданылуын болжау туралы қорытындыны келтірейік. Бізге негіз ретінде алуға ұсынылып отырған ҚР мұнай өнімдерінің рыногын маркетингтік тұрғыдан зерттеу бойынша 2020 жылға дейін дизель отынын қолдану мүлдем өспейді де, мөлшері жылына тек 5,8 млн. тонна ғана болады деп күтілуде. Алайда, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің ресми деректері бойынша тек «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінің аясында ғана және республиканың инновациялық-индустриялық өндірісінің пәрменді дамуы арқасында 2020 жылдың өзінде-ақ жылына 7 млн. тонна дизель қажет болады. Осыдан келе салалық министрліктер мен мекемелердің ресми есептік болжауын ескере отырып, жылына 5,8 млн. емес, ең кем дегенде 9,0 – 9,5 млн. тонна деңгейінде болады деп болжауы керек. Біздің Қазақстанда бүгінгі күннің өзінде-ақ жыл сайын дизель жанармайын қолдану 10 пайызға өсіп отыр. Сонымен біз 2010 жылы дизельді қолдану 2009 жылмен салыстырғанда бір жылда 0,4 млн. тоннаға өскенін, ал ол жыл бойынша 10-11 пайыз болатынын көреміз. Ал осы сияқты сәйкессіздіктерді біз көптеп кездестіреміз.
– Мұндай жағдайлардың орын алуына не себеп?
– Менің ойымша мұндай дәлсіздіктердің кезігуі алға қойылған мәселені шешуді дұрыс қарастырмаудан. Олай деудің себебі, 2009 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңаша жабдықтау үшін техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жасалған болатын. Алайда, бастапқыдан-ақ біздің мамандардың қателігі тәуелсіз объективті ТЭН дайындайтын тапсырманы орындаушыны таңдау болды, өйткені осы шетелдік орындаушы сонымен бірге технологияның лицензиары да еді. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдай болмайды, өйткені мүдделі лицензиар үшінші бір тұлғаға өзінің технологиясын пайдаланып ТЭН дайындауға ұсыныс жасамайды. Міне осындай негіздер және маркетингтік зерттеулердің дұрыс болмауына, сонымен бірге ұсынылған қорытындылардың еліміздің ұлттық экономикалық мүддесіне сай келмеуіне байланысты 2009 жылы техникалық кеңестердің бірінде ТЭН қайтадан қаралсын деген шешім шығарылды.
Осыдан кейін зауытты қайта жабдықтауға жауапты тұлғаларға 2010 жылы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан ТЭН-ді қайтадан қарау туралы тапсырма берілді және мұнай өнімдерінің рыногындағы жаңа тренд пен мұнай өңдеу саласында алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды пайдалануды ескере отырып, маркентинг бойынша жаңадан есептемелер дайындау тапсырылды.
Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау үшін ТЭН дайындауға бағытталған ҚР мұнай өнімдерінің рыногын маркетингтік жаңаша зерттеуді қазақстандық жақтың тапсырысы бойынша шетелдік сараптама тобы дайындады. Ол зерттеу тапсырманы орындаушы компанияның есебінен көрінгендей, Қазақстан жеріне келмей-ақ, яғни, рыноктың ағымдық жағдайымен таныспай-ақ жасалған. Есептің кіріспе бөлімінде былай деп аталып өткен: «осы зерттеуді жүргізген кезде осының алдындағы зерттеу кезінде жинақталған ақпараттарға сүйендік», яғни жаңа ТЭН дайындаушы алдындағы қайта қарастырылған ТЭН материалдарын қолданғанын жасырмайды. Ал мұнда шетелдік сарапшылардың кінәсі жоқ. Осы орайда мынадай қызықты жәйт байқалды: сараптаушы компанияның техникалық ескірген құжаттың, яғни 2009 жылы компания-лицензиар дайындаған ТЭН мәліметтерін негізге алуды ұсынған бір тармақ қосылған екен. Ал осындай көлемдегі мемлекеттік жобаларда мүдделі жақтың сараптамасын қолдануға мүлдем болмайды!
Көріп отырғанымыздай, жаңа тәуелсіз ТЭН дайындау мүмкін болмады. Керісінше, атап өткеніміздей техникалық тапсырмада сарапшыларға қайтадан ескі ТЭН мәліметтерін негіз ретінде алу ұсынылды. Бұл қандай мақсатпен жасалды? Бұл жерде не біліктілік төмендігі немесе ел басшылығы мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының тапсырмалары мүлдем ескерілмейді. Себебі не екенін білу бұл мүлдем басқа мәселе, оны әлі зерттеу керек, өйткені мұндай үлкен мемлекеттік тапсырысты алғысы келген компаниялар көп еді...
– Таратыңқырап айтсаңыз...
– Мемлекеттік ірі инвестиция жайлы әңгіме қозғалғанда біреулердің мүдделерінің қорғалатынын да жоққа шығаруға болмайды. Естеріңізге сала кетейін, мұнай өңдейтін зауыттарды заманға сай қайта жабдықтау үшін алдын ала 1 млрд. АҚШ доллары қажет болады. Бұл өте үлкен қаржы, сондықтан бұл мәселеде әлдекімдер мүддесі болатыны анық. Шынында да, неге зауыттарды заманға сай қайта жабдықтауға жауапты менеджерлер зерттеулерді объективті түрде жүргізгісі келмейді, неге ескі мәліметтерді қолдануға тырысады. Біз үшін маңыздысы зауыттарды заманға сай қайта жабдықтау біреулердің бір сәттік мүддесіне емес мемлекеттің ұзақ мерзімді қажеттілігіне сәйкес келуі болып табылады.
– Ал сіздің ойыңызша экономиканың ұзақ мерзімді мүддесі бойынша рыноктың қандай үрдістері есепке алынуы керек?
– Бүгінде біз көптеген факторларды атап өтуімізге болады, соның ішіндегі маңыздыларының бірі – Қазақстанда бүгінгі таңда күннен күнге жанармайдың тым көп мөлшерде шығарылуы. Алайда, мұндай жағдай Ресейде де, Еуропада да, Азияда да байқалады. Оның үстіне дизель отынына сұраныс үнемі өсіп отыр. Бұл мұнай өңдейтін өнеркәсіп технологияларында өңдеудің соңғы құрылымында бензиннің үлес салмағының аса жоғары болуына байланысты. Ал қазіргі кезде әлемде барлық жерде көлік паркінің қауырт түрде дизельге көшуі, бензин моторларының компримирленген газға көшуі орын алуда. Мұның себебін оңай түсіндіруге болады: осы екі отын да бензиннен екі есе арзанырақ.
Осы орайда қайта жабдықтау басталмас бұрын, қазірдің өзінде Қазақстанда тым көп мөлшерде бензин шығару және оны экспорттауда қиындықтардың орын алғаны бізді ойға салады. Мұнай өңдейтін зауыттардың өкілдерінің атап өтуінше 2011 жылдың қаңтар айы мен ақпан айының бірінші аптасының қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі рыногында бензиннің АИ-92 түріне ұсыныс осы өнімге деген сұраныстан біршама артық болып отыр. Барлық ірі мұнай қоймалары мен мұнай өңдейтін зауыттардың қорлары толып тұр. Осы жылдың басындағы ҚР Мұнай және газ министрлігінің мұнай және газ өнеркәсібі бас диспетчерінің мәліметтері бойынша тек қазақстандық мұнай қоймалары мен ҚР мұнай өңдейтін зауыттарында 234 мың. тонна бензин сақталуда. Бензиннің бұлай жиналуы тұтыну нормасынан 2,7 есе асады. Қазірдің өзінде-ақ республиканың көбінесе, бензин өндіруге жұмылдырылған үш мұнай өңдейтін зауыты, олар іркіліп қалады деп дабыл қағуда, соған байланысты зауыттардың тұрып қалуға мәжбүр болатыны жайлы да ескертілуде. Болашақта бұл мәселе бұдан да қиын болады, өйткені, зауыттарды қайта жабдықтауды жоспарлау жағдайында және ескі каткрекингті технология таңдауда мазуттың бар мөлшері бензин өндіруге жұмсалады да, осыған байланысты сыртқа шығарылуы тиімді емес мұнай өнімнің үлкен мөлшердегі профициті пайда болады.
Егер рыноктың дамуын қарастыратын болсақ, бензинді пайдаланудың артпайтыны қазірдің өзінде көрінеді. 2010 жылы бензин бойынша республиканың мұнай өңдейтін зауыттары оны былтырғы жылмен салыстырғанда біршама көп мөлшерде өндірген, алайда, импорт мөлшері 19 пайызға аз болды (яғни, 758 мың. тонна, ал 2009 жылы 925 мың тонна болған) және сыртқа шығару, яғни, экспорт 2009 жылмен салыстырғанда (178 мың. тонна) 3 пайызға көбірек болды (188 мың. тонна). Осы орайда біз бензинді артық мөлшерде шығару мен оның жинақталып қалуы мәселесіне тірелеміз. Тағы бір себебі, бензиннің артық мөлшерін сататын жер жоқтың қасы. Ресейде де ол көптеп шығарылады, сондықтан біздің көршілеріміз – Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның рыногында ресейлік жеткізушілер орын алған. Мұнда бізге жақын орналасқан Омбы мұнай өңдеу зауыты мен Уфалық топтың да үлкен мөлшердегі өндірістік көлемін де есепке ала отыру керек, олар аз шығынмен сапалы мұнай өнімдерін шығаруда, сөйтіп, бүгіннің өзінде-ақ қазақстандық нарықта өз өнімдерін өткізу үшін ойып орын алып, біздің бензинмен бәсекеге түсуде. Ал көрсетілген маркетингтік зерттеуде, керісінше, 2020 жылы Қазақстанда бензинді пайдалану екі есеге артады делінген, сондықтан оны қазақстандық мұнай өңдейтін зауыттар көп мөлшерде шығаруы керек. Сол сияқты 2020 жылы Қазақстанда көлік паркінің екі есеге өсетіні жайлы болжам да сенімге сай келмейді.
Соларды ескере отырып, зерттеуде дизельді экспортқа шығарудың әлеуеттік мүмкіндіктері есепке алынбаған. Дизель отынының тапшылығы қазіргі таңда Еуропада да, Азияда да өсіп отыр. Мысалы, Қытай ұлттық мұнай компаниясы қаңтар айында 2011 жылдың өзінде-ақ дизель жанармайын жеткізу оған деген қажеттіліктің күрт өсуіне байланысты дағдарысқа тіреледі деп хабарлады. CNPC болжамы бойынша ҚХР-да дизель жанармайына сұраныс ұсыныстан 3,5 млн. тоннаға өседі.
Сонымен қатар маркетингте автокөліктің табиғи компримирленген газға көшу рыногы есепке алынбаған. Елбасы өзінің шетелдік сапарларының бірінен кейін басқа елдердегідей бізде неге автокөлікті газға көшіру қолға алынбаған деген сұрақ қойды? Газдың бағасы бензинмен салыстырғанда екі есе арзан болып келеді, сондықтан Еуроодақта, ҚХР, Азия елдерінде бұл рыноктың қарқынды дамуы тегін емес. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Қазтрансгаз» тобының еншілес бөлімшесі – «Қазтрансгаз өнімдері» компаниясының салалық бағдарламасы дайындалған еді. Бүгінгі таңда егер Маңғыстау аймағын алатын болсақ, мұнда автокөліктің 60-75 пайызы газды пайдалануда. «Қазтрансгаз» жоспарында жылына нарыққа 400 млн. текше метр мөлшерінде автокөліктерге сұйытылған газ жеткізу тұр, ал одан ары қарай өндірістің мөлшерін 1 млрд. текше метрге дейін арттыру жоспарланған. Бұл дегеніміз – АИ-92 бензинінің миллион тоннасымен пара-пар деген сөз. Көріп отырғанымыздай, автокөліктерді газға көшіру бензин жеткізушілерге шын мәніндегі аса үлкен бәсекелес болып табылады. Алайда, зерттеу бұл трендті мүлдем ескермейді, көлік газын қолдану өсімі МӨЗ жаңарту бағдарламасына салынбайды.
Нарықты маркетингтік жобалауда сонымен бірге майға деген сұранысты да сараптау қажет. Біздің алдымызда Қазақстанда аса жоғары сапалы мотор майымен және трансмиссиялы маймен қамтамасыз ету деген Президенттің берген міндеттеме, тапсырмасы бар. Негізгі, базалық май – бұл стратегиялық өнім, бұл барлық жағатын майларды өндіруге негіз болатын май. Мұнда бүгінгі күндегідей жүз пайыз импортқа тәуелді болуға болмайды, оның үстіне Қазақстан – аса ірі мұнай өндіретін ел болып табылады. Сонымен бірге бүгін Ресей, Өзбекстан және Түркіменстан аса үлкен мөлшерде негізгі май өндіріп қана қоймай, оларды экспортқа шығарады, сонымен қатар, сапасы жағынан жаңа деңгейдегі, біріншіден (ең төмен сапалы) II-ші және III топтағы майларды өндіруге көшті.
Соның арасында, қазақстандық МӨЗ жаңартуға жауаптылардың арасында неліктен екені белгісіз, қарапайым тұрғыда минералды деп аталатын сапасы төмен I-ші топ негізгі май шығару керек деген ой туындаған. Олардың ойынша, таяудағы 10-20 жылда бұл майларға сұраныс өседі. Мүлдем түсініксіз қатынас. Біздің көршілеріміздің өндірісі, керісінше, жоғары топ майларын өндіруді жаңартады, тіпті Түркіменстан мен Өзбекстанда негізгі майдың II-тобын шығаруға көшіп жатыр. Мұның логикасы бар. Ескірген көлік паркін есептен шығарудың нәтижесінде Қазақстанда да, Ресейде де минералды май тұтыну тез азайып бара жатыр. «Еуро-5» экологиялық стандарттар жиегінде тепе-теңдік бар екендігін ескеруіміз қажет – жанармай мен май бір біріне кластары бойынша сәйкес келуі керек. Ал біздің ресейлік көршілеріміз 2014 жылдан бастап өздерінде мұнай өнімдері бойынша «Еуро-5» стандарттарын енгізбекші. Бұл 2015 – 16 жылдарда жаңартудың аяқталуына таман қазақстандық майларының I-топтары нарық өтіміне экспортталмайды, ел ішінде де тұтыну азаяды.
– Қазақстанда сапасы төмен май өнімін шығару – өткен уақыт белгісі. МӨЗ-ді жаңғыртуда ескі технологияны қолдану осы мәселені туындатып отырған жоқ па?
– Бұл сұрақтың жауабын мен де білгім келеді. Дегенмен, берілген есептемеге қарасақ, жағармайлардың экономикадағы сұранысы мен бағасы бір біріне сайкес келмегенін көруге болады. Мәселен, жанармайлардың II және III топтарын Қазақстанда өндіру пайда алып келмеді деген, дегенімен, сол есептеменің өзінде, Азия мемлекеттері, сонымен қатар, Қазақстанда да осы майларды өндіруге үлкен сұраныс тудырып отыр деп айтылған. Қорыта келгенде, қарама-қайшылық көрініп тұр десек те болады. Анығырақ қарасақ, бұл есептемеде МӨЗ жөніндегі сараптамада басқа да қателердің көптігі сонша, оларды газетте жариялаудың ешқандай жөні жоқ.
Негізі, бұл жерде айта кететін маңызды нәрсе, ол мемлекеттегі мұнай өнімдерін тұтыну рыногының сараптамасы экомиканың ұзақ мерзімді стратегиясына сай болу керектігі. Бұл мәселе тек лицензиясы бар компаниялардың ғана емес, сонымен қатар Көлік және коммуникациялар министрлігі, Индустрия және сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстан Темір жолы сияқты салалық мекемелердің негіздемелері мен есептеулері негізге алынуы керек. Қазіргі таңда біз бұл мәселені негізгі деп санаймыз, өйткені, маңызды стратегиялық шешім қабылдау үшін, келешекте бұл жөнінде ешқандай түсініспеушілік және қателіктер орын алмауы үшін. Әйтпесе, қате қабылданған шешім мемлекеттің инвестициясын ескі технологияға жұмсауға әкеліп соғады. Осының нәтижесінде рынокта мұнай өнімдері мүлдем артып кетеді немесе жетіспей қалуы мүмкін.
– Айтпақшы, Еуро-5 технологиясының талаптарына сай болу мәселесіне келсек. Осыдан бұрын, жаңа технология енгізу арқылы жанармай сапасын көтеру жөнінде әрекеттер болған. Мәселен, Еуро-4 стандартына сәйкес жанармай шығару үшін Атырау МӨЗ-ін жаңарту әрекеттері жасалынған, дегенмен, керек нәтижеге қол жетпеді. Енді, Еуро-5 үлгісіне жету мүмкін бе?
– Технология – ол стратегиялық мәселе. Бізге жанармай өндіру жөніндегі жоғарғы сапалы және жаңа технология керек. Сонымен қатар, бұл технология зауыттардың рыноктың сұранысына қарай жанармай түрін өзгерте алатындай болу керек. Осындай мәселелер қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры айналысатын негізгі міндеттің бірі болып тұр. Сондықтан да, бұл мәселе бойынша ешқандай қателіктер орын алмауы керек.
Бүгінгі таңда біз жоспарлауға деген қисынсыз көзқарасты байқап отырмыз. Мұнай өңдеудегі кез келген жобаны дайындау барысында өнделетін мұнайдың кепілдендірілген құрамын білу шарт. Себебі, бұл Батыс Сібірдің жеңіл мұнайы немесе Құмкөл мен Қазақстанның басқа да аймақтарынан өндірілетін парафинді ауыр мұнай болуы мүмкін. Технологияны таңдау осыған негізделеді. Егер біз қазір осы мәселеде жаңылатын болсақ (зауыт бір мұнай түріне арналған, ал өңдеуге басқа мұнай түссе), МӨЗ-ге жұмсалған мемлекеттік инвестициялар текке кетеді. Қазақстанда мұндай жағымсыз тәжірибенің бар екенін де айта кету керек. 2006 жылғы Атырау МӨЗ-ін жарақтандыруды еске түсіруге болады. Технологиялық құжаттарда зауыт мұнайдың бір түрін өндіреді деп айтылған, бірақ, нәтижесінде, ол мұнай түрі жеткізілмеді. Шикізаттың жоба параметрлеріне сәйкес болмауының нәтижесінде зауыт талап етілген сападағы мұнай өнімдерін шығармады. «Еуро-4» жанармайы болады деп уәде етілген, ал іс жүзінде зауыт шығарған жанармай тіпті «Еуро-2» талаптарына сәйкес келмейді. Ал жобаға мемлекеттік инвестициялардың қомақты мөлшері жұмсалған. Демек, алға қойылған тапсырмалар орындалмады, сондықтан бұл зауыт қайтадан жаңарту бағдарламасына енгізілді.
Ең қызығы, бұл оқиғадан ешкім қорытынды шығармады. Қазір 3 МӨЗ авторлары дәл осы қателікті қайталауда. Ұсынылған ТЭН-де шикізаттың 50 пайызын Ресейлік Батыс Сібір жеңіл мұнайы құрайды деп көрсетілген. Бірақ Ресейдің ұзақ уақыт бойы мұнай жеткізіп отыратынына кім кепіл береді? Сонымен қатар өткен жылы Ресей мұнайшылары ресми түрде 2014 жылдан бастап Қазақстанға Батыс Сібір жеңіл мұнайының жеңілдік шарттар бойынша берілуі тоқтатылатынын хабарлаған.
– Қазақстанның экономикалық тұрғыдағы мүддесін және отандық мұнай параметрлерін қарастырғанда, қандай технология аса тиімді болып табылады?
– Осы сұраққа жауап беру үшін біз ең алдымен қазақстандық мұнай өңдеу саласының нақты міндеттерін ескере отырып, әлемде қолданылатын технологиялардың салыстырмалы сараптамасын жүргіздік. Негіз ретінде атақты GlobalData халықаралық компаниясының дайындаған зерттеулері алынды. Бұл өте мықты сараптау тобы болып табылады: оның клиенттерінің арасында тек әлемдік алдыңғы қатарлы British Gas, BP, World Bank, BASF Corp., корпорациялары ғана емес сонымен бірге белгілі бір үкіметтер де бар. Мысалы, GlobalData сараптамасын Ұлыбритания үкіметі де қолданады.
Сонымен бірге біз тиімді шешім ұсыну мақсатымен белгілі бір технологияны қолданып жанармай шығарудың өзіндік құны қандай болады деген сұрақты да қойдық, мұнда Еуро-5 нормасы тазалығы жағынан оның алдындағылардан бірнеше есе артығырақ болып келеді. Мысалы, егер Еуро-4 түріндегі жанармайдағы күкірт құрамының шоғырлануы 50 ppm болса, Еуро-5-те тек 10 ppm ғана болады. Сонымен бірге күкірттің техникалық көрсеткішінің 10 ppm болуын ескі технологиялық қондырғыларда қамтамасыз ету өте қиын, бұған қол жеткізу үшін онда өте көп қосымша шығындар шығуы керек, ал бұл ең соңында келіп өнімнің өзіндік құнын өсіреді. Дегенмен, шетелдік сарапшылар технологияларды салыстыруды тең жағдайда жүргізбейді. Яғни, сарапшылар әдейі канткрекингке қажетті қондырғы санын кемітіп көрсететін сыңайлы. Сол кезде гидрокрекинг процесі қымбатқа түсетіндей әсер қалдырады. Оның құрамына «қажетсіз»: УЗК және гидротазалау сыңайлы қосымша қондырғылар кіреді. Сөйтіп, олар жалған баға саясатын ұстанамыз деп, қоғам пікірін мемлекет үшін тиімсіз ескі технология жағына бұрады. Заманауи гидрокрекинг процесіне көптеген елдердегі МӨЗ көшіп жатыр. Көшбасшы ретінде әлемнің дамыған елдері келеді, ал Қазақстанға, неге екені белгісіз, әлемде үлес салмағы азайып келе жатқан ескі технологиялар қажет екен. Ресейде гидрокрекингтік өндіріс сегіз есеге өсті және мұнай өңдейтін зауыттарды жаңа технологияға сай жаңаша жабдықтауға 12 жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Қазақстанның мұнай өнімдері бойынша экспорттық әлеуетін сарапқа салдық. Біз Қазақстанда өзіміздің мұнайымыз бола отырып, көптеген сапалы мұнай өнімдерін сыртқа шығару тиімді, өйткені олардың қосымша құны шикі мұнайдан бірнеше мәрте жоғары болып табылады. Экспортты жоспарлаған кезде негізгі мәселе зауыттарды қалай жұмыспен толықтай қамтамасыз етуге болады, сөйтіп, мұнай өңдеу секторында мол пайда табу деген мәселе. Біз дизельдік жанармай, авиакеросин мен майлар ең тиімді экспортқа бағытталған, стратегиялық мәні бар және тұрақты түрде дүние жүзінде жоғары сұранысқа ие болатын өнімдер болып табылады деген қорытындыға келеміз. Қарап көріңізші: Еуропада дизель тапшылығы байқалады, ал Вуд Макинзи (Wood Mackenzie), компаниясының мәліметтеріне сай 2015 жылға қарай бұл тапшылық 20 пайызға дейін жететін болады. Азия нарығында да сұраныс әлі толық қанағаттандырылған жоқ. Сонымен қатар, осы аймақтардың барлығында бензинді шамадан көп өндіру байқалады. Оның мөлшерден тыс болуы артуда, өйткені, көлікті «дизелдендіру» үрдісі кең таралуда. Соның нәтижесінде, гидрокрекингке қызығушылық артуда, мұнда мұнайдың әрбір тоннасынан дизель өндіру барлық жерде бірдей артуда. Әлемнің Royal Dutch Shell Plc, BP Plc, Chevron Corporation, Valero Energy Corporation, ExxxonMobil Corporation сынды жетекші мұнай өндеу компанияларының гидрокрекинг қондырғыларымен жұмыс істейтіндері бекер емес. Атап өтетін жәйт, гидрокрекинг қондырғыларында өндіру ісін белсенді түрде қолға алған елдердің көбі – мұнайды импорттайтын елдер. GlobalData пайымдауынша, мысалы, Қытайда гидрокрекинг қондырғыларының қуаты 2000 жылдан 2010 жылға дейін жылына төрт есеге өсті. Тура осындай жағдай АҚШ –та да болды. Польшадағы Гданьск мұнай өңдеу зауытында дизель отыны мен негізгі майларды өндіру үшін гидрокрекингтің екінші желісі сатып алынды. Соның нәтижесінде, өзінің мұнайы жоқ ел шикізатты әлемдік бағамен сатып ала отырып, мұнай өнімдерінің экспортын жақсы жолға қойды. Ал бұл дегеніміз, өте тиімді болып шықты: Гданьск зауытындағы гидрокрекингтің бірінші желісі бес жылға толмаған уақыт ішінде шыққан шығынның орнын толтырып үлгерді.
Гидрокрекингтің негізгі артықшылығы оның экологиялық жағынан тиімділігінде – басқа технологиялармен салыстырғанда оның шығаратын зиянды қалдықтары бірнеше есе кем, ал бұл Еуро-5 стандартына жетудегі тапсырмаларды шешудегі және Қазақстан Республикасының атмосфераға зиянды қалдықтарды шығаруды төмендету жөніндегі халықаралық міндеттемелерін, әсіресе, Киот хаттамасын орындауда тиімді. Республикамыз Еуропаның қатаң талаптарына ауысқан кезде біз: бензин, дизель, авиакеросин сияқты сапалы жанармай алып қана қоймай, сонымен қатар мазуттағы және пеш жанармайындағы күкірт құрамын азайтамыз, ал бұл қалалардағы экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Гидрокаталиттік процестер құрамындағы күкірттің үлес мөлшері аз, заманауи стандарттардың көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Гидрокрекингтің осындай танымалдығының құпиясы көріп отырғанымыздай мынада: ол өзіндік құны төмен жағдайда әрбір тонна мұнайдан өндірілетін дизель жанармайы, авиакеросин мен негізгі май немесе бензин шығаруды арттыруға мүмкіндік береді. Ал осы жағдайда гидрокрекинг басқа жүйелерде қажет болатын қосымша тазалаусыз-ақ бірден «Еуро-5» деңгейіндегі ең жоғарғы дәрежедегі өнім алуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан үшін бұның бәрі өте маңызды болып табылады. Сондықтан еуропалық WEFA Energy multi-fuel consultancy сараптамалық ұйымның мәліметтері бойынша екі сатылы гидрокрекингтің экономикалық тұрғыдан берері басқа өндіру технологияларына қарағанда біршама жоғары болып келеді. Ал мұны Technip/Purvin & Gertz дайындаушыларының өзі де мойындайды, олар жаңа алдыңғы қатарлы технологияның тиімділігін де атап өтті, алайда, осының бәрі бола тұра, олар Қазақстанға әлемдегі ескіріп қалған қондырғыларды ұсынады. Ал гидрокрекинг ол – мұнай шикізатының шыққан сипатына қарамастан зауыттарда өндіріліп алынатын өнімдердің толықтай сапалы болуын қамтамасыз ететін бірден бір технология. Ал Қазақстанда өндірілетін мұнайдың көрсеткіштері кен орнына, тереңдігіне тағы басқа факторларға байланысты қатты өзгереді, ал бұл да біз үшін өте маңызды. Сонымен қатар, гидрокрекингті қолданғанда зауыттар нарықтың өзгеретін талабына сай бірден көше алады. Мысалы, бензинді көбірек өндіру керек делік – зауыт гидрокрекингтік қондырғылардың көрсеткіштерін сәйкестендіріп дайындайды да, бензин шығарады. Ал авиажанармай не дизель керек пе – мархабат. Басқа жүйелер мұны қамтамасыз ете алмайды.
– Шикізат мәселесіне оралсақ. Біз көбінесе мамандардан біздің мұнайдың сапасы басқаларға қарағанда төмен деген пікірлерді естиміз, сондықтан оларды өңдеу қиынға соға ма?
– Иә, біздің мұнай біршама күрделі болып келеді. Алайда, көрші Татарстанда мұнай сапасы біздегіден де нашар. Алайда, олар «Танеко» компаниясының мұнай өңдейтін және мұнай мен химия кешені бойынша қуаты 14 млн. тонна және өңдеу мүмкіндігі 98 пайызға дейін болатын гидрокрекинг технологиясын қолданатын және жоғары класты негізгі майлар өндіретін жобаны жолға қойды. Оның бас жобашысы болып атақты ресейлік компания «ВНИПИнефть» шықты. Бұл жобалау ұйымы Ресей Федерациясы Үкіметінің стратегиялық серіктесі болып табылады да, олар барлық ірі-ірі жобаларды жүзеге асырады. Өткен жылы Павлодар МХЗ-да өткен жиналыстардың бірінде «ВНИПИнефть» директоры, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің профессоры және мұнай өндеу кафедрасының меңгерушісі В.М.Капустин Қазақстанның 3 МӨЗ-інде гидрокрекинг технологиясын енгізу қажет екенін мәлімдеді. Бұл мұнай сапасына деген тәуелділікті жойып, ең жоғары сапалы мұнай өнімдерінің барлық түрін өндіруге мүмкіндік береді.
– Шынында, мұнай өңдеу зауыттарын заманға сай қайта жабдықтауда Мұнай және газ министрлігіне дұрыс технология таңдау керек. Сіз атап өткен жәйттерге қарағанда әлі де істейтін қыруар шаруа бар сияқты. Әлде бұл мәселе экономиканың талабына орай қарастырылып болған ба?
– Бұл мәселе бір қарағанда қиын да емес. Әрине, біз зауыттарды бес-алты жылдан кейін қайтадан өзгертпес үшін жаңа заманауи технологияны қолдануымыз керек. Сонымен бірге бірқатар стратегиялық факторларды ескергеніміз жөн. Біріншіден, бізге өнімнің соңғы өзіндік құны аса жоғары болмауы қажет. Екіншіден, өнім сапалы болуы керек. Мұнай және газ министрлігі негіз ретінде Еуро-5 стандартын алған, сондықтан, зауыттар жаңаша жабдықталғаннан кейін тура осындай деңгейдегі мұнай өнімдерін шығаруға бағытталуы керек. Үшіншіден, біз айтып кеткендей, бұл сала тек қана стратегиялық маңызды деген мұнай өнімдеріне деген ішкі қажеттілікті ғана қанағаттандырып қоймай, сонымен бірге экспортқа да бағытталуы керек. Өздерінің мұнайы жоқ, бірақ елге енгізілген мұнайды белсенді түрде өңдейтін, тек жанармай мен май ғана экспортқа шығаратын елдердің, мысалы бізге осындай ұстанымның қаншалықты тиімді екенін көрсетеді. Бізге мұнай өндіретін ел ретінде осы тәжірибені ескеру керек, біз Қазақстанға ондаған жылдар бойы сапасы төмен жанармай мен оның тапшылығы туралы қиындықты ұмыттырып кететін технологияны таңдап алуымыз керек. Сапалы жанармай болуы біздің халықтың денсаулығы үшін де маңызы зор, ол әсіресе, көлік паркі дамыған ірі-ірі қалалар үшін ерекше маңызды. Сонымен, біз мемлекеттің стратегиялық мүддесін және оның ұзақ жылдарға деген жоспарын ескеруіміз керек. Жақында өткен “Нұр Отан” партиясының съезінде Елбасымыз Қазақстанға дамыған елдердің жетістіктеріне негізделген ең алдыңғы қатарлы және заманауи технологияларды енгізу керектігін тағы да баса атап өтті.
– Егжей-тегжейлі әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Еркін САҒЫНДЫҚҰЛЫ.