Енді Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығына жолыңыз түсе қалса, көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстандағы роботтар механикасы, механизмдер мен машиналар теориясы мектебінің негізін қалаушы, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің еңселі ескерткішін көретін боласыз.
Ел азаматына лайықты ескерткіштің салтанатты ашылуына Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Парламент депутаттары, ғылыми қоғам өкілдері, Ө.Жолдасбековтің туыстары мен Ресей, Италия, Германия, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген әріптестері қатысты.
Тағылымды бастамаға мұрындық болып жүрген министр Бақытжан Жұмағұлов Жолдасбеков туралы тамаша естелікпен ескерткішті салтанатты түрде ашты.
Өмірден өзі өтсе де, атқарған бар тірлігі бұған дейін де, мұнан кейін де ел игілігіне айнала берер академиктің 80 жылдығына арналған ескерткіші өзі негізін қалаған Студенттер қалашығында орнатылғаны құптарлық іс болды. Бұл бір жағынан кейінгі ұрпақ пен академик шәкірттерінің оған деген құрметі десек те болады. Ескерткішті тұрғызу туралы шешім Мәдениет министрлігі жанындағы Ескерткіш және монумент орнату мемлекеттік комиссиясында өткен жылдың 3 қарашасында қабылданған екен.
Биіктігі 2 метр, ені 1,3 метр, тұғыр іргетасы 5 метрден асатын ескерткішті талантты мүсінші Кәдірхан Кәкімов отандық граниттен сомдаған. Мүсінші Кәкімовтің Атыраудағы «Сұлтан Бейбарыс», Тараздағы «Ғашықтар» ескерткішінің авторы екендігін де, бұл ескерткіштерінің Өмірбек Арысланұлының шәкірттерінің, әріптестері мен ҚазҰУ түлектерінің қаржылай демеушілігімен тұрғызылғанын да айта кеткен жөн.
Жолдасбеков сынды жаратылысы бөлек жанның 80 жылдығы ескерткіш орнатылумен аяқтала қойған жоқ. Бұл күндері бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінде республикалық «Дарын» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе отырып, механика-математика саласы бойынша оқушылардың зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауы өтуде. Өмірбек Жолдасбеков атындағы байқауға Ресей, Болгария, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінде өткен ұлттық ғылыми жоба жеңімпаздары мен Қазақстандағы І, ІІ және ІІІ деңгейлі орта мектеп жеңімпаздары қатысуда. Анықтап айтсақ, білім сайысында 105 оқушы зерттеу жұмыстары арқылы бәсекеге түсуде.
Сондай-ақ кеше, бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы аясында университеттің физика факультетінің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа оқу ғимараты да салтанатты түрде ашылды.
Сонымен Өмірбек Жолдасбековті мәңгілік есте қалдыруды көздеген шаралар легі кешенді әрі тағылымды сипатқа ие болып отыр. Екі күнге созылатын аталмыш халықаралық симпозиум аясында Ө.Жолдасбековтің ғылыми еңбектері мен таңдамалы шығармаларының көрмесі де өтуде.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.