Бұған дейін хабарланғанындай, алдыңғы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық БАҚ журналистерімен кездескен болатын. Президентке Нұртөре Жүсіп («Айқын» газеті), Бигелді Ғабдуллин («Central Asia Monitor» газеті), Артур Платонов («КТК» телеарнасы), Юлия Синчук («Хабар» агенттігі» АҚ), Нұрлан Ерімбетов («Астана» телеарнасы), Ләззат Танысбай («Қазақстан» РТРК» АҚ) бірқатар көкейкесті сұрақтар қоюға мүмкіндік алған еді. Бүгін біз Мемлекет басшысымен сол сұхбаттың мәтінін жариялап отырмыз.
Юлия СИНЧУК: – Өткен аптада Сіздің Қытайға мемлекеттік сапарыңыз болып өтті. Бұл биылғы жылғы алғашқы шетелдік сапарыңыз. Ол кездейсоқ болмаса керек, өйткені, Қытай Қазақстанмен тек шектесіп қана қоймайды, сондай-ақ біздің басты стратегиялық әріптестеріміздің бірі болып табылады. Сіз жүргізілген келіссөздер қорытындысын қалай бағалайсыз?
ЕЛБАСЫ: – Мен ҚХР-ға мемлекеттік сапарымның қорытындысын жоғары бағалаймын. Өткен келіссөздер ауаны мен олардың мазмұны Қазақстан – Қытай қарым-қатынасының тату көршілік, әріптестік және өзара сенім сипатын толықтай көрсетіп берді. Тәуелсіздіктің 19 жылы ішінде мен осымен Қытайға 15-ші рет сапар жасаппын.
Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың табысты даму негізінде берік экономикалық іргетас жатыр. Қытай – Қазақстанның әлемдегі негізгі экономикалық әріптестерінің бірі және Қазақстан экономикасына жетекші инвестор. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық көлемі 20 миллиард долларлық шектен асты. ҚХР еліміз үшін басты экспорт рыногы болып табылады және Қазақстанға импорт көлемі жөнінен екінші орынға шықты. Ауқымды энергетикалық жобалар табысты жүзеге асырылуда. Қазақстанда жоғары жылдамдықтағы «Астана – Алматы» жолаушылар темір жолы магистралі құрылысын бірлесіп жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль дәлізі құрылысы жобасы мен «Жетіген – Қорғас» темір жол магистралі құрылысы жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Трансшекаралық өзендер сулары сапасын қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Астанада Қытай – Қазақстан суперкомпьютер орталығын құру туралы және біздің республикамызда инновацияларды үйреніп, енгізу үшін Қазақстан-Қытай университетін ашу туралы уағдаластықтардың болашағы зор.
Нұртөре ЖҮСІП: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, биылғы Жолдауыңызда жаңа әлеуметтік саясаттың негізін қалап бердіңіз. Осы саясаттың түпкі мәні неде? Біздің Қазақстан халқына оның қандай әсері болады, осы жағын айтып берсеңіз.
ЕЛБАСЫ: – Бұл өзі тәуелсіздік алғаннан бергі айтылып келе жатқан әңгіме. Барлық атқарылған жұмыстың, шаруаның түптеп келгендегі негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын түзеу. Мемлекеттің қоржынында қанша қаражат бар болса, соның барлығы халық үшін жұмсалады, бірақ қиын-қыстау жағдай туа қалса, қысылдырмайтындай қорымыз да болуға тиіс.
Бұрын, Кеңес Одағы кезінде біздің кен байлығымыздың барлығын әкетіп жатыр дейтінбіз, енді соның бәрі өз қолымызда. Ең алдымен, біз экономиканы жөндеуге күш салудамыз. 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алдық. Оған қай жылы, қанша қаражат бөлетінімізді, қай бағыттарда, қалай өрбитінінің барлығын айқындап айттық.
Оған дейін мәдениетке көңіл бөлінді, тілге мән берудеміз, оны да білесіздер, ал енді қазір халықтың әлеуметтік жағдайын нақты сөз ететін уақыт келді. Осы жылғы Жолдаудың әлеуметтік бағытты бетке алуының бірнеше түйіні бар. Біріншісін – индустриялық бағдарлама жайында жаңа айтып кеттім, екіншісі – білім беру мәселесі. Үшіншісі – денсаулық сақтау. Төртіншісі – үй құрылысы, тұрғын үй мәселесі. Бесіншісі – 3800 ауылға ауыз су апару, оларда қазір сапалы ауыз су жоқ. Ауыл шаруашылығын көтеруге 2002 жылдан бері қыруар көмек жасаудамыз.
Білім беру мәселесіне келетін болсақ, ең бірінші мақсат – мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын балабақшалар салу алға шығып, 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді толығымен балабақшамен қамтамасыз ету. Осы орайда бір жылдың ішінде-ақ қыруар жұмыс жасалды. Басқа мақсаттарға пайдаланылып келген бұрынғы балабақшалар қайтарылып алынды, жаңадан балабақшалар салып жатырмыз. Осылайша балабақшалармен қамтамасыз етуді бұрынғы 27 пайыздан 40 пайызға көтердік. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра беруге тиіспіз. Себебі, ол үлкен әлеуметтік мәселе. Біріншіден, балалардың ақыл-ойы, ой-өрісінің негізі 3 жастан 6 жасқа дейін қаланады дейді. Екіншіден, бала өзімен теңдес, қатарластарымен бірге өседі, үшіншіден, олардың ата-анасының жұмыс істеуіне жағдай туады. Бұл бір жағы болса, екіншіден, біз бәрібір 12 жылдық білім жүйесіне көшуге тиіспіз. Сол үшін елімізде 400 мектеп салынуы керек. Жергілікті әкімдер 200 мектеп, мемлекет 200 мектеп салса мәселе шешімін табады. Екінші айтарым, жастарға кәсіби мамандық беру жұмысы. Жоғарыда индустриялық бағдарлама жасалды деп жатырмыз. Ал сол зауыт, фабрикаларда кім жұмыс істейді? Сондықтан кәсіби білім берумен айналысамыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде жұмыспен қамту деген аса маңызды мәселе.
Жоғары білімге келсек, Астанада ашылған халықаралық университет басқаларға үлгі болсын дедік. Жоғары оқу орны сондай болуы тиіс, Батыстың жоо-лары жанында ғылыми орталықтар жұмыс жасайды. Ал біздегі университеттегі ғылыми орталықта медицина жөнінен адамның өмірін ұзартатын, жасаңғыратын, басқа нанотехнологияларды пайдаланып зерттейтін зертханасы болады. Астанада салынған 7 аурухананың барлығы сол университетпен жұмыс жүргізеді. Екінші мәселе – энергетика. Энергетика болғанда, желді, күннің қуатын пайдаланатын, басқа да дәстүрлі емес қуат көздерін игілікке жарату. Үшіншісі – инженерлік бағыттар. Біздің ойымызда, 2020 жылға дейін еліміздегі 2-3 университет дүниежүзілік деңгейге жетуі тиіс.
Денсаулық сақтау мәселесіне тоқталсақ, мысалы, қазіргі күні жас босанған аналардың өлімі 20 пайызға төмендеді, адам өлімі де 30 пайызға азайды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласын көтеруге ауруханалар салып жатырмыз, дәрігерлерді дайындап жатырмыз, еліміздің түкпір-түкпіріне медициналық пойыздар жіберудеміз, арнайы жасалған фургондар, жасақталған госпиталь – тікұшақтарымыз болады. Мысалы, ірі күре жолдардың бойында қанша адамдардың апаттардан өмірлері қиылып кетіп жатыр? Егер сол жерге медициналық маманданған жәрдем дер кезінде жетсе, қанша адам құтқарылар еді. Жартысын аман алып қалуға болады. Осының барлығын есептей келгенде негізгі мақсат – адам өмірін ұзарту. Осыған дейін қазақстандықтардың орташа жасы 66 болса, соны 72-ге жеткізсек дейміз. Менің ойымша, біз оны одан әріге де апара аламыз. Себебі, жоғарыда айтылған аналардың, балалардың өмірінің сақталуы, туберкулез, жүрек-қан тамырлары аурулары дейтіндермен күрестерді осы бағытымызда жүргізе берсек оған да жетеміз. Ал адам өмірін ұзартудан артық қандай биік мақсат болуы тиіс? Біздің медицина саласына бөліп отырған қаражат осыған жұмсалатын болады.
Тағы бір маңызды міндет – адамдарды, әсіресе, ауылды жерлерде жұмыспен қамтамасыз ету. Біз қазірдің өзінде ауылда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерді несиемен қамтамасыз ете аламыз. Қажет деп тапқандар мемлекет есебінен қосымша мамандық ала алады, ол мамандығы бойынша жұмыс табуына жәрдемдеседі. 2015 жылға қарай 1,5 млн. адам оқудан өтеді. Жолай ауылдарда ауыз су проблемасын, жылумен қамтамасыз етуді, канализация жүйесін төсеуді шешеміз.
Міне, осының барлығы Жолдаудағы әлеуметтік қолдаудың құрамдас бөлігі.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жақында «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезі, бір демде деуге болады, жоғары деңгейде өтті. Сіздің сөзіңіз көпшілікке өте ұнады. Өйткені, ол болашаққа, перспективаға, әсіресе, әлеуметтік блокқа бағытталғанымен ұнамды шықты. Сіз Үкіметтің алдына жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу туралы міндет қойдыңыз. Бұл – маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет. Жалпы, Қазақстан тарихы құрылыстың мұндай қарқынын әлі білген жоқ. Аталған міндет қалай шешілетін болады?
ЕЛБАСЫ: – Біз тұрғын үй құрылысына, естеріңізде болса, 2007-2008 жылдары нақты кірістік. Нәтижесінде 2008 жыл мен 2010 жыл аралығында 19 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл санды үшке бөлсек, жыл сайын 6 миллион шаршы метрден келеді екен. Ол нағыз дүбірлі кезең еді. Банктер шетелдерден несие ала алғандықтан, құрылысқа ақша салу тиімділігімен ерекшеленді. Инвестор үйлер салып, сол жерде-ақ сата алатын. Сондықтан мен қазір Үкіметке аталған салада одан әрі қандай іс-қимыл жасауға болатынын сараптауды тапсырдым. Бізде тұрғын үй құрылысын жинақтау жүйесі бар. Соған сәйкес адам үш жыл ішінде өз бетінше тұрғын үй құнының жартысын жинақтай алады. Бірақ түрлі сұраныстар бар, біреулерге 50 «шаршылық» бір бөлмелі пәтер, ал екінші біреулерге 200 «шаршылық» пәтерлер қажет. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз мүмкіндігіне қарай таңдау жасайды.
Адам 50 пайызын жинақтаған жағдайда қалған 50-ін оған банк ұсынады, сөйтіп, пәтердің толық сомасы жинақталады. Бүгінде мемлекет әкімдіктерге олар үйлер салу үшін арнайы қаржы қарастырып келеді. Әкімдіктер Үкіметтің бір тиынның да құрылыстан басқа жаққа кетпеуін бақылауымен тұрғын үй салған кезде банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша пәтерлерді сатып алады. Қазіргі кезде осындай схемамен пәтерлер сатып алуға 17 мың отбасы дайын. Пәтерге кіргеннен кейін иесі қалған жарты құнын 15-20 жыл бойы, төлеу кестесіне сәйкес, банк арқылы өтей бастайды. Әкімдік қазірдің өзінде ақшаны кері қайтарып алды және оны одан әрі салып жатыр. Банк тұрғын үй сатып алуды қаржыландырады.
Бұдан бөлек мемлекет коммуникацияларға қаржы шығындап, құрылыс үшін алаң дайындайды. Осылайша, мемлекет үй салатын меншік иесінің міндетін 20-25 пайызға жеңілдетеді. Себебі, барлық коммуникацияларды – жылуды, электр қуатын, канализацияны және тағы басқаларын тартуды өз мойнына алады.
Төртіншіден, мемлекеттік жалдық тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Аталған бағытқа бюджеттік салымдар да жеңілдіктермен берілуде. Бұл «жан бітіп», толық күшінде жұмыс істей бастаған банктер үшін тиімді. Бұл қазақстандықтар үшін тиімді. Бірақ осындай шығындарды жабу үшін адам жұмыс істеуі және табыс табуы тиіс.
Міне, осылайша мемлекеттік қызметшілерге 1 шілдеден бастап еңбекақысының өсуі де олардың тұрғын үй құрылыс жинағы бағдарламасына қатысуына мүмкіндік береді. Және, біздің есебіміз бойынша, біз жылына 6 миллион шаршы метр тұрғын үй деңгейіне қайта шығамыз.
2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру барысында шамамен 796 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Бұл мақсатқа Үкімет 127 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлмек. Коммерциялық құрылысты қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерді қорландыру үшін 70 миллиард теңге қарастырылған және жыл сайын шамамен 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылыстары аудандарының инженерлік коммуникациялары құрылысы үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыландыру қарастырылған. Бұл 3 млн. шаршы метр мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үйді межеленген уақытында пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Осы тетік аясында Астана мен Алматының серіктес қалаларының инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту белгіленіп отыр.
Мемлекеттік жалдық тұрғын үй құрылысына қатысты айтатын болсам, бұл мақсаттарға шамамен 40 миллиард теңге қарастырылған және 680 мың шаршы метр тұрғын үй салу болжануда.
Ләззат ТАНЫСБАЙ: – Құрметті Елбасы, Сіз Қазақстандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына айрықша қамқорлық көрсетіп келесіз, болашақта осы салаға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі және қандай межелерге жету көзделіп отыр?
ЕЛБАСЫ: – Біз – нарықты экономикалы мемлекетпіз. Сондықтан осы жағдайда жұмыссыздарға жұмыс беретін, экономиканы көтеретін, мемлекетті тұрақты ететін орта тап болып табылады. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен айтып келе жатқаным – осы шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі. Олардың жұмысына кедергі болмасын деп қанша рет тексерулерге мораторий жарияладық. Осы салада тексеру, олардың жұмыс жасауына рұқсат беру жайын қарадық, оларды жеңілдеттік. Тексеру жайында арнайы заң қабылданды. Мысалы, кейбір кәсіпорындар – тамақ, денсаулық сақтау жағындағы бизнестегілер жылына 1 рет тексерілуі тиіс, кейбіреулерін 3 жылда бір-ақ рет тексерсе де болады, мысалы, өндірістегілердің барлығы өз қалпында жұмыс жасап жатса, 5 жылда тексерсе де болады.
«Бизнес – 2020» деген бағдарлама қабылданды. Ол бағдарлама бойынша іскер адамдар несиелері төлемінің біраз бөлшегін мемлекет өз мойнына алып отыр. Мысалы, банк 12 пайызбен берсе, оның 5 пайызын мемлекет төлейді. Ондайды қай ел жасап отыр? Біз ғана жасап отырмыз. Екіншіден, жергілікті билікке, әкімдерге оларды қолдау, жағдай жасау мәселесін қойып отырмыз. Ал негізінен ауылда да, қалада да жұмыс бар. Маған осы мәселемен шұғылданып жүрген адамдардың айтуы бойынша, ауылда істейтін 100 кәсіп түрі бар. Соған сол жердің азаматтарын үйрету керек, қалай, неден бастау керектігін түсіндірген жөн. Оған қалай қаражат алып, жасаған немесе өндірілген өнімін, бұйымын қалай сатудың жолын үйретсе, халықтың әл-ауқатына ол тікелей әсер етеді. Егер халық осы жолмен шұғылданатын болса, шағын және орта кәсіп өркендей бермек.
Өнімнің 70-80 пайызын шағын және орта бизнес өндіретін дамыған мемлекеттер дағдарыстан өте қиналмай өтті. Өйткені, шағын бизнес – бұл өте иілмелі өндіріс. Кәсіпкерлер рыноктардағы сұранысқа бағдар жасап, нақты талап етіліп отырған және сатылатын өнімдерді ғана өндіреді. Оның үстіне біз алып компаниялар туралы мәселе қойып отырған жоқпыз, егер қандай да бір кәсіпорында 5, 20, 30 адам жұмыс істесе, мұның өзі жетістік.
Бәріңізге, әсіресе, жастарға мынаны айтқым келеді. Қазақстанда барлық жерде, түрлі салаларда жұмыс бар. Көптеген жас мамандар, шын мәнінде еңбекпен қамтылмаса да, 500 доллар еңбекақы алатын жұмысқа бармайды, оларға 1000 және одан жоғары еңбекақы бер. Ауылдағы көптеген адам жер телімі, малы, жақсы үйі болса да жұмыссызбыз деп жылайды. Мұндай көңіл-күй болмауы тиіс. Мемлекет жұмыс үшін барлық жағдайды жасады, банктер ауыл тұрғындарына несие беріп жатыр.
Дағдарыстың да жақсы жақтары бар, өйткені, ол мерзімі өткен, қажетсіз нәрсенің бәрінен арылтып, барлық жақсы мен жаңа үшін өріс дайындайды. Әрине, несиелерді қайтаруға қатысты мәселе бар, бірақ мемлекет оларды шешу үстінде. Алайда, көмек оған нақты мұқтаж және әлеуетке ие кәсіпорындарға ғана көрсетілетін болады. Мысалы, еліміздің оңтүстігіндегі тоқыма немесе жіп өндіретін фабрикаларға дегендей. Біз аталған өнім Италияда және бүкіл әлемде сұраныспен пайдаланылатынын білеміз және сондай кәсіпорындарға көмектесу керек. Бірақ тығырықтан шығудың ешбір жолын таба алмай жүрген кәсіпорындар да бар, ондайларды банкроттық процедураларына әкелу қажет, оның орнына басқа инвестор немесе басқарушы келуі тиіс. Рыноктың табиғаты осындай, біз өмір сүріп отырған уақыт ережесі осындай.
АҚШ-та, мәселен, миллиондаған фермерлік шаруашылықтар жыл сайын банкротқа ұшырап, миллиондаған басқалары олардың орындарын басып жатады. Мұндай қатаң ережені қабылдау қажет, бизнесті шынықтыратын нағыз бәсекелестік те осы.
Бүтіндей алғанда, әрине, біздің шенеуніктеріміздің мәдениеті жоғарылап, соттар дұрыс жұмыс істеген жағдайда істі дұрыс жолға қоюға болады. Әрбір адам қазақстандық арманға қол жеткізе алады.
Біз үшін аса маңызды тағы бір мәселе – ірі ұлттық компаниялардың акцияларын халыққа сату – халықтық ІРО, аудармасында акцияларды бастапқы орналастыру дегенді білдіреді. Акциялар бірнеше сатыда өтеді. Биыл біз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», яғни тікелей мұнай мен газ өндіретін бөлімшелер акциялары бойынша сынақ жасап көрмекпіз. Бұл акция құны 500 миллион доллар тұратын өз акцияларының 5 пайызын сатуға шығарады. Әр қолға 50-ден артық емес акциядан сатуға рұқсат етіледі. Акцияларды сатып алу «Қазпошта» мекемелерінде жүзеге асырылады. Яғни, адам келіп, акциялар құнын біледі де, оларды сатып алады. Осылайша ол Қазақстандағы ең ірі мұнай компаниясының қосарлы иегері атанады.
Одан әрі КЕГОК-тің, «Қазпоштаның», кейін «Қазақстан темір жолы» мен энергетикалық компаниялардың акциялары кетеді. Яғни, қазақстандық азаматтар біздің ұлттық компанияларымыздың қосарлы иегерлері болады. Бірақ бұл жағдайда олардың нарық жағдайында акция дегеннің не екенін және оның қалай бағаланатынын түсініп, үйренулері қажет. Мәселен, сіз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың акциясын сатып алдыңыз делік, сіз бұл компанияның қанша тұратынын – 10 миллиард доллар екенін білуіңіз керек. Ондайда бір пайыз қанша тұрады?!
Қарапайым мысал арқылы салыстырайық, сіз бүгін 50 мың теңгеге 50 акция сатып алдыңыз. Сізге келіп акцияларыңызды сатуды ұсынатын алыпсатарлар мен сатармандар табылатыны анық. Осылайша барлық акциялар бір қолға қайта көшуі мүмкін. Осылайша егер адам акциялар сатып алса, онда ол не брокер арқылы, не өзі олардың құнын бақылап отыруы тиіс. Егер сіз төзімділік танытып, бақылауыңыздың нәтижесінде бір жыл, екі жылдан кейін акцияңыздың құны, екі есе дейік, көтерілгенін көрсеңіз, онда оларды тиімділікпен сатып, осы арқылы пайда табуға болады. Бүкіл әлемде осылай жасалады, сіз Қазақстанның ұлттық байлығының меншік иесі боласыз.
Бірте-бірте біз ұлттық компанияларды орналастыра бастаймыз. Біз инвесторларымызға өтініш айтамыз, мен қазірдің өзінде «Қазмырыш» басшылығымен сөйлестім, олар дайын, мен «Қарметкомбинат» және ENRC және «Қазақмыс» – барлығы да акцияға қатысады ғой деп ойлаймын.
Қазақстан азаматтары сатып алғаннан қалған акциялар біздің зейнетақы қорларына сатылатын болады. Тағы да қайталап айтайын, бұл – мемлекеттің азаматтар түсініп алып, міндетті түрде қатысулары тиіс маңызды шарасы. Бұдан пайда талассыз, өйткені ұлттық компаниялар инвестиция түрінде халықтың ақшасын алады, ал қазақстандықтар оларды пайдалы негізде салуға мүмкіндігі бар. Ұлттық компаниялардың бағаларын бағамдап үйреніңдер, есептеп үйреніңдер, нәтижесінде қапы қалмайсыңдар.
Нұртөре ЖҮСІП: – Жаңа Сіз айтқандай, 2020 жылға арналған стратегиялық жоспар ауылды өркендетуге нақты бағытталған. Біздің халқымызда: «Алтын-күміс тас екен, арпа бидай ас екен», деген жақсы сөз бар. Қазақстанның стратегиялық саясатында осы жоспардың өзі соған арналған. Осы ретте мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға, өркендетуге қандай нақты қадамдар жасалып отыр?
ЕЛБАСЫ: – Ауыл-селоны дамыту Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Жұмыс істей алатын адамдардың 30 пайызы ауылда. Бірақ ауыл ел экономикасының 5-ақ пайызын өндіреді. Сондықтан 2003 жылдан бері ауылға көбірек көңіл бөліп келе жатырмыз. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Алты жылдың ішінде 670 миллиард теңге ауылды өркендетуге бағытталды. Бұл – 5 миллиард доллар. Соның арқасында ауыл қазір басқаша өркендеді. Біріншіден, бүгінде ауыл шаруашылығында пайдаланылып жүрген озық техниканы ауыл ешқашан көрген емес. Осы күнде ауыл шаруашылығындағы техниканың 60-70 пайызға жуығы АҚШ пен Германиядан, Батыс Еуропадан әкелінгендер.
Екіншіден, ауыл шаруашылығына ылғал сақтайтын, өнім өндіретін басқа да технологиялар енгізіліп жатыр. Ол 80 пайызды құрайды. Ең бірінші біздің қолдау көрсеткеніміз бидай өндірісі. Қазіргі кезде дәнді дақылдар біздің экспорттық тауарымыз болып табылады. Біз қиыншылықтарға қарамастан, биылғы жылдың өзінде 7-8 миллион тонна астықты шетелдерге сататын боламыз. Ол табыстың барлығы ауылдағы фермерлердің қалтасына түсіп жатыр. Мемлекет олардан қазір салық та алмайды. Біз мысалы, басқа салық түрлері 100 мың теңге болса, олардан алатынымыз 20-ақ пайыз. Мұндай жағдайды кім жасай алады?
Екінші, тыңайтқышқа, суармалы жерге де мемлекет субсидия береді. Гербицид пен пестицид, асыл тұқымды малға, жоғары сортты астыққа да, барлығына мемлекет субсидия беріп, тиісті қаражатпен қамтамасыз етіп отыр. Былтырғы жылғы құрғақшылықта мүлде ештеңе жинай алмай қалатындай жағдай болды. Мен талайдан бері Қазақстанда осы егінді егуді, астық жинауды көріп келе жатқан адаммын. Қостанай облысында 5 миллион гектар жерден бір қап астық та жинай алмай қалған кездер болған. Осындай тұрақты көмектің арқасында ауылдар көтеріліп келе жатыр.
Енді қазіргі алдымызға қойған мақсатымыз халықты Қазақстанда өндірілген азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету болып табылады. Бізде нан өнімдерінен шығарылатын өнімдер көптеп өндіріліп жатыр. Бізде ет те, сүт те бар. Бірақ, кейбір өнімдерді, мысалы, қантты, шұжықты, консервіленген көкөністерді сырттан алып отырмыз. Қазір біз осыларға көп көңіл бөліп келеміз. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын елімізде жылыжайлар көптеп салынуда. Оңтүстік Қазақстанда тамшылатып суару технологиясы өндіріске енгізілді. Соның нәтижесінде бұрын қызанақтың гектарынан 15 центнерден өнім алынып келсе, қазір 1 гектардан 100 центнерге дейін өнім жиналуда. Онда көкөніс түрлерін ұқсатып, қалбырлайтын зауыт та жұмыс істейді. Осылайша біз біртіндеп бұл мәселелерді де шешетін боламыз.
Ендігі біздің барынша назар аударатын саламыз – мал шаруашылығы. Біз одан аса мол пайда табатын боламыз. Бұдан бүкіл ауыл шаруашылығы да, мемлекет те зор пайда көреді. Себебі, Ресейдің өзі жыл сайын сырттан 1 миллион 700 мың тонна ет алып келеді. Бізде жайылым да, барлығы да бар. Бірақ біздегі асыл тұқымды малдың үлесі 60 пайызға жетпейді. Ол 70 пайыз болуы керек. Асыл тұқымды мал көп болмаса, ет өндіру ешқашан артпайды. Соны сатып алуға аса мол қаражат қарастырылды.
Қазақстанда мал бордақылайтын 54 пункт салынады. Әр пункттің төңірегінде фермалар болады. Сол 2300 фермалардың әрқайсысында асыл тұқымды 20-30 бұқа өсіріледі. Алдымызда тұрған мақсат – 2014-2015 жылдары жалпы көлемі 60 мың тонна етті Ресейге экспорттау. Жылына экспортқа 60 мың тонна ет шығарсақ, ол 4 миллион тонна бидайдың бағасымен бірдей болады. Мұндай міндет 2016 жылға қарай алға қойылып отыр. Ал 2020 жылға қарай 180 мың тонна ет өндіретін болсақ, осыған кеткен шығындардың барлығын етпен-ақ қайтаруға болады. Бұл оңай шаруа емес. Осы арқылы ауылдағы азаматтар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұған қазіргі кезде 150 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.
Ауылдағы қарапайым халыққа шағын несие беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Өткен жылы әлемнің оңтүстік бөлігінде құрғақшылық болды. Оның ішінде Ресей мен Қытай, Үндістан да бар. Осының алдындағы жылы – 2009 жылы елімізде 23 миллион тонна астық жинаған едік. Өткен жылы бұдан 10 миллион тонна астықты кем жинадық. Ұлттық қордың арқасында біз бұл қиыншылықтан да шыға білдік. Құрғақшылыққа байланысты бүкіл дүние жүзінде азық-түлік өнімдерінің бағасы көтерілуде. Осыған орай біз алдын-ала нақты шаралар қолданып жатырмыз. Бізде жеткілікті астық қоры жасалған. Өздеріңіз білесіздер, нанның бағасы өскен жоқ. Сондай-ақ өзге азық-түлік өнімдерінің бағасын да ұстап отырмыз. Осыған байланысты заңнама қабылданды. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттің басты мәселелерінің бірі болып табылады. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы біз экономиканың басқа да салаларын дамытатын боламыз.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, соңғы уақытта өте көп стратегиялық шешімдер қабылданды және бұл сарапшылар қоғамдастығында ғана емес, сондай-ақ халық арасында да көрініс табуда. Біз көптеген ойға алған істердің шын мәнінде жүзеге асқанын көріп отырмыз. Менің сұрағым мынадай: белгіленген жұмыстардың барлығы орындалды ма?
ЕЛБАСЫ: – Әр адам жас кезінен бастап үлкен нәрселерді армандап, соған қол жеткізуге ұмтылуы керек деп есептеймін.
Табандылықпен алдағы мақсатқа ұмтылған жөн. Егер тіпті армандаған биігіңнің жартысына жетсең, қалыпты өмір сүретін боласың. Ал екінші жартысы балаларымыздың үлесіне қалсын. Мен сіздің сұрағыңыздың астарын түсінемін. Барлығы да жақын және алыс көршілеріңмен салыстырғанда білінеді. Мойындау керек, қателіктер бізде де болды. Мен біздің жағдайымызда әлі де жайлы орын таппаған, жұмыстары жоқ, тағы да бірдеңелері жетіспейтін, бір сөзбен айтқанда, наразы адамдар бар екенін білемін. Бірақ, айтыңдаршы, ондай адамдар қайда жоқ? Тіпті АҚШ-та тұрғындардың 11 пайызы кедейшілік шегінде тұрады. Біз, айтпақшы, осы көрсеткішке жақындап келеміз. Тоқсаныншы жылдардың ортасында бұл сан Қазақстанда 45 пайызға дейін жеткені есіме түсіп отыр. Өткен жылдар бедерінде біз жағдайды айтарлықтай жақсарттық.
Қазақстанның табыстары туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйын, оның бәрін өздерің де білесіңдер. Біз көп нәрсе істедік, мемлекет құрдық, нақты шекара орнаттық, экономиканы көтердік, республиканың әлемдік танымалдығына қол жеткіздік, тіпті құрметті әлемдік ұйым – ЕҚЫҰ-ның Саммиті мен Азиаданы өткіздік. Осының барлығы Қазақстанның имиджі үшін жұмыс істейді. Және, әрине, елорданың құрылысы туралы айтпай кетуге болмайды. Астана – менің жеке мақтанышым. Қаламен жүріп өткен кезімде кейде өз көзіме өзім сенбеймін. Ондағы әрбір ғимарат менің қолым арқылы өтті. Қазір, міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы құрметіне елордада қандай да бір белгі қою қажеттігі туралы көп ойландым. Ойымдағыға ұқсас нәрсені мен Қытайда көріп, суретін Астана әкіміне салып бердім, енді көреміз, іске асыру қолдан келе ме, әлде жоқ па.
Ләззат ТАНЫСБАЙ: – Құрметті Елбасы, Сіз Қазақстан халқына Жолдауыңызда 2020 жылы қазақстандықтардың 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді дегенді айттыңыз. Әрине, бұл іске тек мемлекет қана емес, менің ойымша, барша Қазақстан азаматтарының да атсалысуы керек. Мысалы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы өткен жылы Сіздің тапсырмаңызбен тұңғыш рет толық қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасын ашты. Биыл қазақ тілінде тарайтын «Мәдениет» телеарнасын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қандай жоспарлар бар? Осыны білгіміз келеді.
ЕЛБАСЫ: – Мемлекеттік тіл жөнінде айтудай-ақ айтып келеміз. Заң қабылданды, қор құрылды. Әр өңірлерде мемлекеттік тілде оқытатын жүздеген орталықтар ашылып жатыр. Алдағы уақытта тағы да ашылатын болады. Қазақ тіліндегі 1200 балабақша ашылды, 3900 мектеп тек қана қазақ тілінде білім береді. Оның 173-і соңғы бес-алты жылдың ішінде пайдалануға берілді. Қазақстан тарихында ешуақытта мұндай болған жоқ. Бүгінде қазақ тілінде оқытылатын мектептерге балаларын беретін қазақтардың саны 80 пайызға жетті. Бұрын оның көлемі 20-ақ пайыз болатын. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдар мен қазақ тілінде хабар тарататын телеарналардың саны еселеп артты.
Қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасы толық қазақ тіліне көшуі керек. Елімізде бір телеарна солай болуы тиіс. Ал «Мәдениет» телеарнасы толық қазақ тілінде хабар таратады деп айтуға болмайды. Өйткені, біздің қазақтың мәдениетін өзге халықтар да білуі керек. Қазақ тілінде болғанымен, оны біз көпшілікке түсіндіре білуіміз қажет. Сондықтан қазіргі жағдайда барлық мәселе халқымыздың өзіне байланысты.
Қазақ тілінің пайдалану ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр. Дайындалатын құжаттардың барлығы қазақ тілінсіз әзірленбейді. Көптеген қазақ тілінің мамандары жұмысқа алынды. Бүгінде оларға деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілінде білім беретін жоғары оқу орындарындағы факультеттер саны да көбейе түсуде. Біздер, қазақтар, өзіміздің тілімізді өзіміз сыйлап, құрметтей білуіміз керек. Байқаған боларсыздар, қазақ балаларының өзі көшеде орысша сөйлесіп бара жатады. Қазағымыздың өзінде намыс болуы тиіс. Ал біз өзіміздің намысымызды басқаның намысын жаншуға пайдаланбауымыз қажет. Қазақстандықтардың 35 пайызға жуығы өзге этностар. Қазақтардың талайы қазақ тілін білмей отыр. Сондықтан мемлекет бұл мәселені біртіндеп жүзеге асыруы керек.
Президенттің өзі сөзін қазақша бастайды да, әрі қарай орысша жалғастырады дегенді естіп жүрміз. Бүкіл халық сайлаған Елбасы ретінде сонда мен сөйлеген сөзімді халықтың жартысы түсініп, жартысы түсінбесе түсінбесін деуіме бола ма? Ондай болмайды. Қазіргі ең басты мәселе – еліміздің тыныштығы. Осының арқасында еліміз өсіп-өркендеп келе жатыр. «Үй сыртында кісі бар», деген қазақтың мақалын да ұмытпаған жөн. Мемлекет біздікі, тәуелсіз елміз, барлығы қолымызда. Осы елде тұратын халықтың барлығы біздің азаматтарымыз. Олардың құқығын таптауға ешқашан жол берілмейді. Сондықтан біз барлық жерде қазақ тілін пайдалануға жағдай жасауымыз керек.
Үш тілді білу жөнінде айтып келеміз. Бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз. Екінші, орыс тілінен айырылып қалмауымыз керек. Білген тілден ажырауға болмайды. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Мысалы, Швейцарияда такси жүргізушілерінің өзі төрт тілді біледі. Үшінші – ағылшын тілі. Біз ағылшын тілін білмесек, әлемдегі озық инновацияға, технологияларға шыға алмаймыз. Өйткені, барлығы сол тілде жүргізіледі. Жастарға айтатыным – осы. Тілге мемлекет тарапынан көңіл бөліне береді. Есептеуім бойынша, 2020 жылы еліміздегі халықтың 70 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады және мектеп бітірген жастардың 95 пайызы қазақ тілін біліп шығады. Сол кезде біз жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқытуға толық талап қоя аламыз.
Артур ПЛАТОНОВ: – Нұрсұлтан Әбішұлы, бейбітшілік пен келісім кез келген ел дамуының қажетті компоненті. Таяуда Сіз Бірінші мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күнін жаңа пішінде мерекелеу қажеттігін атап өттіңіз. Сіздің пікіріңізше оның сапасы қандай болу керек?
ЕЛБАСЫ: – Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – елдің табысты дамуының негізгі шарты. Қазақстан Тәуелсіздігінің жолы – ол ортақ Отанымыз – Қазақстан тағдыры үшін 140 этнос өкілдерінің жауапкершілік жолы. Өз жетістіктеріміз – халық бірлігіне ұқыпты көзқарасты сақтап, оны өскелең ұрпақтың, жастардың бойына сіңірудің маңызы өте зор.
Өзіміздің ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қоғамдағы бірлік пен елдегі тұрақтылық болмайынша біздің болашақ дамуымыз, барлық ойға алғандарымызды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты маңызды басымдыққа ие болып қала береді.
Әрине, өзара түсіністікті қамтамасыз ету тіпті бір ұлтты мемлекет жағдайында да оңай емес. Егер біз бәріміз бір кезде ұйқыдан оянғанда, бір ұлт болып шығып, бір тілде сөйлеп, бір дінді ұстанып жүрсек, бірнеше күн өткеннен кейін дұрыс отырған жоқсың, айтқаның дұрыс емес деген сияқты бәрібір бір-біріміздің кемшілігімізді тауып алар едік дегенді мен бұрын да айтқанмын. Соған байланысты, халықтар достығы мәселесі – таптаурын тіркес емес. Өзара түсіністік – Қазақстанның ішінде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде де ортақтаса өмір сүрудің қажетті шарты.
Сонда Германияға бара отырып, біз олардың тәртіптерін сыйлауға тиіс емеспіз бе? Солай жасамай көр. Еуропаға келгендердің бәрі өздерін еуропалық мәдениетке сәйкестендіріп, тілді, заңдарды білуі керек дегенді қазірдің өзінде мәлімдеді. Мультикультурализм дағдарысы туралы да айтты, бірақ мен оған келіспеймін. Бүгінде алуан бет-бейнелі, алуан тілді, алуан дінді әлемнен қашып құтыла алмайсың.
Сондықтан, шынымен Бірінші мамыр мерекесін біз Халық бірлігі күні деп өзгерткен екенбіз, оны соған сәйкес тойлау қажет. Көшелердегі шерулермен емес, біздің халықтарымыздың өзара түсіністік шерулерімен. Бұл күні көршілер бір-біріне қонаққа барып, бір тілде сөйлеп, мейлі кәсіпкер, ғалым, жазушы, журналист немесе диқан болсын, ел игілігі үшін еңбек етіп, Қазақстанды өркендетіп жүрген түрлі ұлт өкілдерін көрсету қажет. Бүкіл өмірін Қазақстанға арнаған адамдарды көрсетіп, өскелең ұрпақты өнегелі үлгілерге тәрбиелеу керек.
Бұл мерекенің біздің жетістіктеріміздің, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің символына айналуы үшін көптеген істер тындыруға болады.
Осының арқасында бізді әлемде құрметтейді, таңғалады, елде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізілуде. ЕҚЫҰ да біз үшін басты көзір болды. Егер ойланар болсақ – ұлтаралық келісім адамның арқаулық құқықтарын, өзінің тіліне, өзінің мәдениетіне, өзінің бірегейлігіне, адамның тыныш өмір сүруіне құқығын сақтауға жағдай жасайды.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: – Нұрсұлтан Әбішұлы, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдауға не себеп болды?
ЕЛБАСЫ: – Желтоқсан айының соңында Шығыс Қазақстанның бір топ азаматтары референдум өткізу туралы бастама көтерді. Жаңа жыл мерекелерінен кейін-ақ маған идеяға қолдау көрсеткен 5 миллионнан астам дауыстың жиналғаны туралы хабарлады.
Сіздер бұл мәселенің тарихын жақсы білесіздер. Бір жағынан, мен референдум өткізу туралы қоғамдық бастаманы қолдаған ел сайлаушыларының басым көпшілігінің пікірлерін ескерусіз қалдыра алмадым. Екінші жағынан – мен саясаткерлердің болашақ буыны үшін теріс бағдар беретіндей ахуал да қалыптастыра алмас едім. Шешімді осы жағдайларды ескере отырып қабылдау керек болды. Қалыптасқан ахуалда сайлау өткізу туралы шешім нағыз сындарлы таңдау болды деп ойлаймын.
Әрине, Конституциялық Кеңес түсіндіріп бергендей, референдум өткізу Конституцияға қайшы келмейді. Бұл халық шешімі, мен бастаманы қолдап өз дауыстарын берген қазақстандықтарға шын жүректен ризамын.
Егер кезектен тыс сайлау туралы айтар болсақ, ол қалыпты тәжірибе. Соңғы 10 жылда Ұлыбритания парламентіне сайлау кезектен тыс өткізілді, Францияда да кезектен тыс сайлау өтті. Сондықтан өз өкілеттігімді екі жылға қысқартқаныма қарамастан, маған осы шешімді қабылдауға тура келді. Біз аралда тұрып жатқан жоқпыз, сондықтан әлемдегі демократиялық үдерістердің ортақ сүрлеуінен шықпаймыз.
Өткен жылы Астанаға ЕҚЫҰ Саммитіне 55 мемлекет пен үкімет басшылары келді. Бұл Қазақстанға деген құрмет белгісі. Референдум өткізу туралы шешім арқылы біздің белгілі бір дәрежеде еліміздің беделіне нұқсан келтіруіміз мүмкін еді. Соған байланысты кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді мен ұтымды шешім деп санаймын.
Жағдайды пайдалана отырып, ресми түрде сайлауалды іс-шараларын өткізбейтінімді айтқым келеді. Менің сайлауалды бағдарламам – ол «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауым мен «Нұр Отан» партиясы съезінде сөйлеген сөзім.
Мен әкімдер мен «Нұр Отан» партиясынан бұқаралық шерулер өткізбеуді сұраймын. Өзге президенттікке кандидаттарға кеңшілік берейік – өздерін көрсететін болсын. Мен әділ, ашық және мөлдір сайлау өткізуді қамтамасыз етуді сұраймын. Бұл маңызды міндет. Сайлауды байқауға қатысуға ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдар қазірдің өзінде ниет білдіріп отыр.
Қазақстан халқы мен ұсынған бағдарламаға қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Ел азаматтарының әл-ауқатын бұрынғыдан да арттыра түсетініне сенімім мол жоспарларды біз бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.
Менің өз кандидатурамды жаңа мерзімге президенттікке ұсынуымды қолдаған қазақстандықтарға ризамын. Менің сайлау қорыма елдің барлық түпкірлерінен халықтың қаржы жіберіп жатқанын атап өтпекпін. 1450 теңге аударған зейнеткер Людмила Арсентьевна Ивашкинаны, 1527 теңге аударған зейнеткер Сағатбек Саңқырбайұлын, 200 теңгеден аударған Тамара Сергеевна Кашникованы, Рая Бижанқызы Исатаеваны, Тамара Павловна Федорченконы, 4875 теңге аударған мұғалім Назира Тасболатқызы Идрисованы, 3000 теңге аударған дәрігер Нағима Диметованы еске алмай кетуге болмайды. Атсалысқандарыңыз үшін сіздердің барлығыңызға алғыс айтамын.
Ең бастысы – халықтың көңілі, ниеті. Осыдан артық Президентке қандай баға, қандай марапат керек? Президентке күш-қуатты беретін де сол сенім. Жұмыс істеткізетін де, күндіз-түні тыныштық бермейтін де күш сол болып табылады. Сондықтан халқымның маған көрсетіп келе жатқан сенімі үшін ризашылығымды әркез білдіріп отырамын.
Нұртөре ЖҮСІП: – Жуықта елімізде өткен Қысқы Азиада ойындарын өзіңіз ашып, жабылуына да қатыстыңыз. Бұл ойындарда еліміз үлкен олжаға кенелді. Алтын, күміс медальдардың көпшілігін алып, бірінші орынға шықтық. Абыройлы болып, елдің рухы көтерілді. Осы ретте менің бірінші қояйын деп тұрған сұрағым: еліміз Олимпиада ойындарын өткізу құқына ие бола ала ма? Екінш