02 Наурыз, 2011

Ауданаралық диспансер медициналық қызметпен төрт ауданның тұрғындарын қамтитын болады

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Биылғы Жолдауда қазақ­стан­­дықтардың денсаулығын жақ­сартуға қажетті шаралар­дың бәрі жасалатыны, ол үшін елімізде қолайлы жағдайлар ту­ғызылғаны атап көрсетілгені мәлім. Сала біртұтас ұлттық ден­саулық сақтау жүйесіне кө­шіп, жаңа әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Дәрі-дәр­мек­пен жабдықтау, денсаулық сақтау нысандарын салу, заманауи құрал-жабдықтар орнату бағытында да өзгерістер көп. Ендігі міндет аурудың алдын алуға шындап кірісу, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыру, профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастыру болып табылады. Жамбыл ауданында «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы аясында 90 адам­ды қабылдайтын емханасы бар 100 науқасқа арналған аудан­ара­лық туберкулез диспан­сері­нің пайдалануға берілуі шалғай­дағы ауыл тұрғындары үшін дә­рігерлік көмектің қолжетімділігін арттыра түсері анық. Қызылжар өңірінде туберкулез қатерлі аурулар тізімінде тұр. Соңғы кездері  онымен сырқат­тан­ғандар және қайтыс бол­ған­дар санының кемігені байқалады. Фтизиатр дәрігерлер мұндай оң құбылысты адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін ауру­лар­дың жолын кесуде мемлекеттік тұрғыдан үлкен мән беріліп, емдеу шараларының кешенді жүр­гізілуімен байланыстырады. Күр­де­лі ахуал осылайша біртіндеп еңсеріліп келеді. Аудан орталығы Преснов кентінде тұрғызылған екі қабатты медициналық ғима­рат­тың құрылыс жұмыстарымен «Лира» ЖШС  айналысты. 8700 шаршы метр аумақты алып жат­қан мекемеге республикалық қа­зы­надан 1,5 миллиард теңге құйы­лып, 83 миллионы меди­ци­налық қондырғылар, 48 мил­лионы жұм­сақ жиһаздар алуға жұм­салды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Біләлов қа­ты­сып,  құттықтау сөзінде  Жол­­­дау­дың негізгі қағидат­та­рын жи­налғандардың есіне салды. Былтыр облыстың ден­сау­лық сақ­­тау саласына 11,8 миллиард теңге бөлінді. Ны­сан­дарды  қай­та қалпына келтіруге 2,2 мил­лиард теңге қарас­ты­рылды. Жол­дамамен келген 68 жас маманға тұрғын үйлер мен көтерме ақы­лар берілді. Не­гізгі денсаулық сақтау көр­сеткіште­рі жақсара түсуде, деді аймақ басшысы. Сосын ұжымға «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыс етті.  Диспансердің ішін ара­лап көріп, жоғары талап­тарға жауап беретініне көз жеткізді. Екінші қабатта сырқат­тың ауыр түріне шалдық­қан науқастар үшін бір, екі орын­ды палаталар орналасқан. Олар­дың жабдықталуы да көңіл сүй­сін­теді. Душ, дәретхана – бәрі ішінде. – Диспансер 4 ауданның тұр­ғындарына қызмет көрсетеді. Бұ­дан тысқары науқастарға қосым­ша  медициналық көмектер беріледі. Соған орай  УДЗ, тіс дәрі­гері, тағы басқа  штаттар қарас­ты­рылған. 100-ден аса адам жұмысқа орналасты. Жоғары және арнайы орта білімді медицина қыз­мет­керлері – 36. Зертханамыз, физиотерапия, өкпе, жүрек дімкәстігін тез арада анықтайтын шетелдік қон­дырғы-аппараттар бар, – деді әңгі­ме­лескенімізде бас дәрігер Гүлнар Қожанова. Оның айтуынша,  тубдиспан­сер­дің қарамағына кіретін аудандар бой­ынша 2009 жылы өкпе ауруын жұқ­тырушылар 153 болса, 2010 жылы 83 адам тіркеліпті. Демек, жаңа нысанның бой көтеруі –  тың бағдарларды  іске қосуға одан әрі мүм­кіндік береді деген сөз. Кей мамандар сырттан алдырылыпты. Олар жайлы баспаналармен қам­та­масыз етілетін болады. Солар­дың бірі Александра Омутова облыс орталығындағы жылы ор­нын осында ауыстырыпты. Бас мейір­бикенің келгеніне еш өкін­бейтіні күлім қаққан жүзінен ай­қын аңғарылады. Гүлнар Қара­тай­қызы да шақыртумен келген. Не керек, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында  аудан­ара­лық туберкулез диспансерінің қо­ныс тебуі алыс елді мекен тұр­ғындары үшін үлкен тарту болды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы.