19 Қазан, 2016

Мойынқұмда несие алған 25-тің ешқайсысы жұмыс орнын ашпаған

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Аудан әкіміне жүктелген міндет көп. Бірақ, басты міндеті – халыққа қызмет ету, елдің жағдайын жасау екенін ұмытпауы қажет. Жұрттың жағдайын жасау дегенде, ең алдымен, жұмыспен қамту мәселесі еске түседі. Яғни, әкімнің негізгі шаруасы осы жұмыссыздықты азайтумен астасып жатуы тиіс. «Ауданда қанша жұмыссыз адам бар, биыл қанша жұмыс орны ашылады?» деген мәліметтер көбейту кестесі сияқты санасында жатталып тұруы керек емес пе? Жоқ, Әулиеата өңірі әкімдерінен  ондай «әбжілдік» күту әбестік екен... Қайбір күнгі жиында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан басшыларынан жұмыспен қамту туралы мәліметтерді сұрағанда ойпырмай, дұрыс жауап берген біреуі болмады. Біріншіден, білмейді, екіншіден, білгенінің өзі цифрларды шатастырып, ойран-ботқасын шығарды. Жалпы алғанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында көптеген оң  тірліктер атқарылуда. Мәселен, осы бағдарламаның екінші бағыты аясында биыл 831 адамды жұмыспен қамту үшін барлығы 3239,4 млн теңге қарастырылған. 372 адам арнайы оқудан өтіп, 414 адамға 1119,5 млн теңгенің шағын несиесі берілген. Осы несие алғандар 280 жұмыс орындарын ашқан. Әйтсе де  Мойынқұмда несие алған 25 адамның бірде-бірі ешқандай жұмыс орындарын ашпапты. Сол сияқты Меркі ауданында 53 несие алушы тек 7 жұмыс орнын ғана, Таластағы 29 адам 9 жұмыс орнын, Жуалыдағы 40 адам 22 жұмыс орнын, Шуда несие алған 37 адам 22 жұмыс орнын ғана ашқан. Яғни, «Бір несие алушы кемінде бір қосымша жұмыс орнын ашуы тиіс» деген талап толық орындалмады. Аудан әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, ең алдымен несие алушылардың салық органдарында тіркелуін және әрбір несие алушыда кемінде қосымша бір жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етулері қажет еді. Бірақ бұл мәселені қада­ға­ламақ түгілі қанша жұмыссыз адам тір­келгенін жаттай алмай жүрген жамбылдық әкімдер тым жайбарақат. Сол сияқты бағдарламаның  үшінші  бағыты бойын­ша  кәсіптік  оқытумен 271 адам қамтылып, 270-і жұмысқа орналасты. Жұмысқа орна­ласқандардың ішінен 228-інің немесе 84,4 пайызының міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Алайда, бұл көрсеткіш Мойынқұм ауданында небәрі 12,5, Шу ауданында 20,8 пайызды ғана құрап отыр. Жалпы алғанда, жұмыс істеп жүргендердің зейнетақы жарналарын аудару бір ақырет пе деп қалдым. Міне, қараңыз, жастар практикасына жолданған 44 түлектің, ал әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған 23 адамның 10 пайыздық зейнетақы жарналары аударылмаған. – Облыста іске асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша ашылған жұмыс орындарына жоспар бойынша 195 адам орналасуы керек болса, бүгінгі күні 85  адам, агробизнес саласы бойынша жоспарланған 344-тің орнына 151 адам ғана жұмысқа орналасқан, – дейді Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков. «Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Бұл үшін барлық мүмкін­діктер бар», деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Шынында мүмкіндік мол. Тек ықылас жоқ. Ал қалай айтсақ та бұл облыстағы жағдай төмен. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы