02 Наурыз, 2011

Атқарылар істер арнасы кең

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орал қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісі өткізілді. Онда кедендік одақ жағ­дайында ауыл шаруашылығы секторындағы интеграция­лық үрдісті дамыту, ветеринарлық қызмет пен ветеринар­лық бақылау жүйесін жақсарту және аталған кедендік одаққа кіретін мемлекеттер арасында ет өндірісін оң жолға қою мәселелері талқыланды. Алқа мәжілісінде Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трінің бірінші орынбасары Өмір­зақ Шөкеев алдын ала ой­ластырылған бұл алқалы бас­қо­су Кедендік одақтың бірінші кезеңінің қорытындыларына ар­налып отырғанын айтты. Әрі бұл басқосу екі елдің аграрлық ведомостволары алдында тұр­ған міндеттерді бірлесіп шешуге тиісті ықпал жасай ала­ты­нын жеткізді. Өз кезегінде қазақстандық әріптесінің ой-пікірін жалғас­тыр­ған Ресей Үкіметі төраға­сы­ның бірінші орынбасары Игорь Шувалов Кедендік одақ жүйесі биылғы 2011 жылдың 1 шілдесінен өзінің толық фор­матына көшетіні туралы айтып, бұл істе қазірге дейін түбегейлі шешімін таба алмай келген мәселелерді осы жолы біржолата реттеп алуды ұсынды. – Қазір бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы дүркін-дүркін көтеріліп жүр, – деді бұдан әрі Игорь Иванович. – Кедендік одақ құрамына кірген елдер, соның ішінде ежелден өзара байланыстары тарихи тұрғыдан дамып қалыптасып келген Ресей мен Қазақстан бұл мәселені бірлесіп шешуге қабілетті деп ойлаймын. Бұл екі көршілес ел әсіресе астық пен ет өндіруде әлемдегі ірі жабдықтаушылар болып табы­ла­ды. Сапалы өнім өндіруге қол жеткізудің басты кілті – үздік әлемдік стандарттар мен бүгінгі заманғы технология. Міне, осындай интеграциялық талаптар үрдісінде біз бір-бірі­мізді қолдау тетіктерін қалай орнықтыра аламыз? – деп сауал тастады И.И.Шувалов. Бұдан әрі басқосуда бұл сауалға жауап ретінде – оның басты жолы бірыңғай корпоративтік және ақпараттық жүйені енгізу екендігі айтылды. Бұл екеуі жетіспеген жағдайда алда тұрған ортақ мәселелер де түбегейлі шешімін таба алмас еді. Алқа мәжілісінде жасалған бір түйін осындай. Жиында айтылғандай екі ел арасында ақпараттар алмасудың бірың­ғай ережелер жүйесі бекітілмеген. Бұл ортақ іске кедергі келтіріп, қолбайлау туғызады. Сон­дықтан да екі жақты тиімді ақпараттық жүйенің орнығуы үшін көрші мемлекеттердің өкілетті ведомостволары қысқа уақыттың ішінде барлық мүм­кіндікті пайдаланып бұл істі аяғына дейін жеткізуге тиіс. Мәжілісте Ресей Федера­ция­сы мен Қазақстан Респуб­ликасы Ауыл шаруашылығы министрлері Елена Скрынник пен Ақылбек Күрішбаев мал шаруашылығы мен ветеринар­лық қызметті жақсарту, бұл бағыттағы өзара байланыс­тарды дамыту жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды. Алқа мәжілісінде ресейліктер «ҚазАгро» АҚ басқар­ма­сы­ның төрағасы Асылжан Ма­мыт­бековтің сапалы ет өндірісі, әрі оны экспортқа шығару жө­ніндегі қазақстандықтардың тәжірибесіне мүдделілікпен құ­лақ түрді. Сондай-ақ көрші­лерді Батыс Қазақстан облы­сындағы 8640 бас ірі қараны бордақылауға арналған ет өн­діру кешені тәжірибесі де қызықтырғаны анық байқалды. Мұның басты артықшылығы шығынды барынша аз жұмсау арқылы – сапалы әрі бағасы имантаразы өнім өндіруге ба­ғыт ұсталуында. Мұнда негізгі шығындар генетикалық қорды жақсарту мен жемшөптік ба­заны жетілдіруге жұмсалмақ. Қазақстанда мұндай жоғары технологиямен жұмыс жасауға лайықталған кешендер өндірісі он саусақтың санына тең, – деп атап көрсетті Асылжан Сары­байұлы. Ресей мен Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктері­нің бірлескен алқа мәжілісінде талқыланған мәселелерге орай тиісті шешім қабылданды. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.