Біздің алдымызда Президентті таңдау мен сайлау туралы аса жауапты міндет тұр. Осы бір жауапты кезеңде бүкіл Қазақстан халқы еліміздің гүлденуі мен көркеюіне, Отанымыздың әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңесуіне қызмет жасайтын көреген тұлғаға дауыс беріп, таңдау жасайды деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылдық айтулы мерекесіне күшті президенттік басқару жүйесінің арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерімен терезесін тең ұстап, экономикада, саясат пен мәдениетте, спортта, әлеуметтік саланың барлық бағытында орасан зор табыстарға қол жеткізді.
Бұл шындық. Оны дүниежүзілік деңгейдегі әлем саясаткерлері мен сарапшылары жаһандық басқосуларда мойындап, оң бағасын берді. Тәуелсіздік жетістіктерін көздің қарашығындай қорғап, сақтап, молайта беру – ұлтымыздың ұлы мұраты. Ел басқару – биік өнер, қиын да күрделі міндет. Ол өнерді меңгеріп, халықтың қажетіне жарау – бақыт. Осы өнерді меңгеріп, бақытқа жету – азаптың азабы. Оған елім деген ерлер ғана қол жеткізеді.
Кез келген мемлекет басшысы ел басқарудың қыры мен сырын терең меңгерген саңлақ саясаткер болуы тиіс. Ол бұл жұмыстың адам жанын азапқа салатынын, түн ұйқыңды төртке бөлетін беймаза күндер кешетінін білуі керек. Бірақ, осынау қиындықтан қаймықпай, халықтың тілегін қабыл алып, елінің, халқының асыл мұраттарын алға жетелеу үшін тайсалмай қиын да жауапты міндетті атқаруға тәуекел ететін адам ғана президенттікке лайық.
Елбасымыз тәуелсіздіктің жиырма жылында дүниенің төрт құбыласын түгел аралады. Миллиондаған шақырым жол жүрді. Жол азабын тартты, ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді басынан өткізді. Бәріне төзді, көнді.
Осы жерде дауылпаз ақын Махамбеттің:
«Еңку-еңку жер шалмай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Ерлердің ісі бітер ме», деген өлең жолдарын еріксіз есіңе аласың.
Әлем назарын аударып, айтулы оқиғаға айналған, елдегі еңсерілген істерге көңіл бөлсек: мемлекетіміздің мерейін үстем еткен, кеше ғана төрағалық жасаған Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астана Саммитінде қабылданған декларациясы тарихқа алтын әріппен жазылып, әлем елдерінің игілігіне қызмет жасайтын болды.
Сондай-ақ, әлем елдері дінбасыларының Астанада өткен бірнеше құрылтайы да дүниежүзілік маңызға ие болып, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың алтын діңгегіне айналды.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел есін енді жинай бастаған тұста, Семей полигонын жауып, ядролық қару-жарақтан бас тарту жөнінде қабылданған тарихи шешім бүкіл адамзаттың қолдауына ие болды.
Көшбасшымыз 1994 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері алдында сөйлеген сөзінде Еуразиялық интеграция идеясын айтқан болса, онысы бүгінде ЕурАзЭҚ (Еуразиялық экономикалық қауымдастық) шеңберінде Кедендік одақтың құрылып, біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптасуымен жүзеге асырылуда. Мұның нәтижесін халық сезініп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушы ретінде де еліміздің атқарған шаруасы ұшан-теңіз.
Турасын айтсақ, Отанымыз алып мемлекеттердің алдын орап, саяси-экономикалық мәселелерді ынтымақ пен түсіністік жағдайында шешудің сара жолын салып берді. Ал ұлы Абылай ханның саяси сарабдалдығын жүрегімен түйсінген басшымыз Ресей мен Қытайдың Қазақстан мемлекеті үшін қаншалықты маңызды орын алатынын ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келеді.
Биылғы жыл – Қазақстан үшін айтулы жыл. Осы жылы біздің еліміз Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Бұл да әлемдік маңызы бар саяси оқиға болмақ. Бұл істің маңыздылығы сонда, жаһандану кезеңінде бас көтере бастаған діндер арасындағы қақтығысты бәсеңдетіп, ұлттардың ұғысуын қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Түбі бір түркі тілдес елдердің ынтымақтастық ұйымын құрып, оған төрағалық ету де бірлік пен ынтымақтастықтың, өркендеудің жаңа өрісін іздеген жарқын көрініс болды.
Ел басқарудың қыры-сырын терең меңгерген, біліміне біліктілігі сай, жаратылысынан алғыр, зерек, еңбектің отшашқан тайқазанында құрыштай шынығып өскен, дара дарындылығымен жасынан саясаттың салмақты ойынында үнемі үздіксіз жеңіске жетіп, болашақты болжай білетін, табиғи көреген көсемдігімен саңлақ саясаткер екендігін сан рет дәлелдеген тұлғаға алдағы сайлауда ел ықыласы ерекше болатыны тағы даусыз.
Әр жылғы дәстүрлі Жолдауды халық асыға күтеді, қуана қарсы алады. Биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдау, дәуір міндеттерін межелеген жасампаз құжат 2030 стратегиялық бағдарламасынан бастау алғаны анық. Бұл Жолдауда мақсат етілген сан-салалы бағыттардағы экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шаралардың барлығы елдің әл-ауқатын жақсартып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жоғары деңгейге көтеретіні көрініс тапқан.
Қазақстанға алда да демократиялық үрдістерді дамыта отырып, әлеуметтік әділеттілікті сақтап, саясат сахнасында халықтың сеніміне ие болып, азаматтық қоғамның абыройын көтеруде өнегелі істерге өріс беретін көшбасшы керек. Қазақстан бүгінде ұлттар достығының ұясына айналып отырса, келешекте де осы үдеріс жалғастырылуы тиіс. Еліміз бүгінгідей тұтастығымыз бен бірлігіміздің арқасында осындай биік белестерді бағындырып отырғаны күмәнсіз.
Республика елордасы бұл күнде әлем таныған әсем қала ғана емес, дүние жүзінің кемеңгерлері келіп кеңес құратын, кемел саясатқа кең жол ашқан ақылдың ақ ордасына айналды. Бүкіл әлем көз тіккен Азиада жалауы желбіреген тұста да Қазақстанның, оның ішінде бас шаһарымыздың да абыройы асқақтады.
Халқымызда ежелден келе жатқан «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» деген терең мағыналы ұғым бар. Осы ұғым бүгін де жақсы жалғасын тауып отыр. Бұлай дейтін себебіміз – бұл елінің егемендігін сақтаған, халқын бақытқа бастаған жасампаздық жолы. Бұл – біздің жол.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.