Кеше Орталық сайлау комиссиясы алдағы президенттік сайлаудың демократиялық жолмен жүруін байқауға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) ұзақ мерзімді миссиясының байқаушыларын тіркеу туралы қаулы қабылдағанын жариялады.
ДИАҚБ-ның ұзақ мерзімді миссиясы байқаушыларының тізімін Сыртқы істер министрлігі ұсынған екен. Дипломатиялық Елші дәрежесі бар Даан Эвертс мырза бастаған байқаушылардың саны – 44 адам. Олардың бәрінің де байқаушылық қызметтен тәжірибесі бар.
Орталық сайлау комиссиясының қабылдаған шешіміне сәйкес, енді олардың бәріне тиісті пішіндегі куәліктер берілетін болады. Осы куәлік олардың Қазақстан аумағындағы барлық сайлау учаскелерінің жұмысын байқауына құқық береді. Байқаушылар сайлау үдерісінің барысында демократиялық құндылықтардың қатаң сақталуын қадағалайтын болады. Мұның өзі президенттікке кандидаттардың барлығына бірдей тең құқылы жағдай жасалуына мүмкіндік туғызады.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес жасалып жатқан бұл жұмыстар еліміздегі сайлау үдерістерінің барынша ашық, мөлдір болуын қамтамасыз ету үшін қажет шаралардың бірі болып табылады.
Жақсыбай САМРАТ.