Ақтаудағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда басты тақырыптың бірі болды
Ақтауда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Қазақстанның мұнай-газ кешенінің қазіргі таңдағы проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан мен Финляндия елдерінің белгілі ғалымдары, еліміздегі іргелі мұнай-газ өндіруші компаниялардың басшылары қатысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз сөзінде аталмыш басқосудың Маңғыстауда өткізілуінің өзіндік себебі бар екенін айтты. Өйткені облыста республика бойынша өндірілетін мұнайдың 14 пайызы, табиғи газдың 11 пайызы алынады. Сондай-ақ бұл күндері қарқынды игеріле бастаған теңіздегі мұнай-газ кеніштеріне аса қажетті шикізаттардың мол қоры бар. Мысалы, ұлутастың 90,5 пайызы осы аймақта болса, топырақтың сирек кездесетін түрлерінің өзі 83 пайызды құрайды екен. Маңғыстау қазірде көмірсутегі шикізатын барлауды, өндіруді, тасымалдауды экологиялық зерттеулерді жүзеге асыруда да түрлі елдер арасында геология ғылымының өзара байланысы мен ықпалдастығын үйлестіруде де тәжірибе алаңына айналып келе жатыр.
Конференцияда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас директоры Е.Марабаев Каспий теңізінің қазақстандық секторының мұнай-газ кен орындарын игеру барысындағы проблемалар туралы, мәскеулік ғалым, И.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай-газ университетінің профессоры В.Григулецкий Мексика шығанағындағы болған оқиғаны технологиялық талдаудың қорытындылары және Каспий теңізінде жұмыс істейтін компаниялардың осы оқиғадан тиісті қорытындысы, алатын сабақтары жайлы әңгімелесе, Баку мен Уфадан келген ғалым-мамандар өнім өндіру кезінде түрлі оқиғаларды болжау жайлы ой-пікірлерін ортаға салды. Қазақстандық ғалымдардың сөздерінде ілеспе газды шығаруды залалсыздандыру, сондай-ақ Маңғыстаудағы мұнай-газ кен орындарындағы көлбеу бұрғылаудың әдіс-тәсілдері жайлы сөз болды.
Жалпы, осы басқосуда теңіз байлығын игерудегі проблемалармен қатар көмірсутегін өнеркәсіптік өндіруге дайындық кезінде жағалық инфрақұрылымдарды қалыптастырудың да орны ерекше екендігі және ол жұмыстарда қоршаған ортаны қорғау, экологияны сақтауды қамтамасыз ету басты назарда болу қажеттігі кеңінен сөз болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.