ФРГ: БИЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСТІҢ ШЕШУШІ КЕЗЕҢІ
Еуропаның ең әлеуетті елі Германияда билік тізгінін ұстау қиын. Оған бір елдің ғана емес, кәрі құрлықтың да жауапкершілігі жүктелетіндей. Осы ретте алда бұл елді кім басқарады деген әңгіменің көбірек айтылуы да заңды.
Қазіргі канцлер Ангела Меркельдің ел тарихында айтулы қайраткерлердің бірі ретінде аты қалатыны даусыз. Бұл күнде оған Еуропадағы ең айбынды әйел қайраткер деген анықтама берілуі де лайықты. Осы сипаттама елінің қуаттылығынан ғана емес, оның жеке іскерлік қабілетін де бейнелейді. Бүкіл дүние жүзін әлемдік экономикалық дағдарыс теңселткен шақта Германия секілді алып елдің тізгіні қолында болған А.Меркель еуропалық тұрақтылыққа тұтқа болған мемлекет басшысының бірі саналды.
Бірақ биліктің де өлшемі бар. Әсіресе, Еуропа сияқты өркениетті аймақта ол демократиялық жолмен айқындалады, таразыға бедел түсіп, сарапталады. Қайраткерлердің абыройы өздері мүше болған партиялардың беделімен ұштасады. Сол партиялар сайлауда көп дауыс алса, оның көсеміне билік тізгіні тиеді. Ангела Меркель – елдің ежелгі консервативтік партиясы Христиан-демократиялық одақ (ХДО) көсемі. Жеке өзі оза шаппағанымен, басқа партиялармен одақтасқан ХДО соңғы жылдары билік басында.
Сол одақтастарына үкіметтегі жетекші орындарды ұсынып, өздерінің коалициялық бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Коалиция дегенде, үкіметтегі тұтқалы қызметтер: қорғаныс министрлігі Христиан-социалистік одақтың мүшесі Карл-Теодор цу Гуттенбергке, ал сыртқы істер министрлігі Либерал-демократиялық партияның серкесі Гидо Вестервеллеге берілген. Сол үшін парламентте көпшілік орынды алғанмен, кейде таяқ та жеді, сөзге де қалды.
Қазіргі кезде бұл елде билік үшін күрестің шешуші кезеңі өтіп жатыр. Жергілікті парламент (ландаг) сайлаулары партиялардың қоғамдағы орнын айқындайды. Сондағы дауыстар билікке жетудің тағдырын шешеді. Одақтасатын партиялар осы кезеңде бірігіп қимылдап, көбірек дауыс жинауға тырысады. Ортақ тіл тауып, сайлаушылардың көңілінен шығатын бағдарлама ұсына алмаған партия өзімен бірге одақтасының да етегінен тартады. ХДО консервативтік бағытын біршама жұмсартып, центристік бағытқа ойысқан еді. Ондағы ой – кез келген партиямен одақтасуға мүмкіндік алу. Бұл бағыт канцлердің партиясына әзіргі ұпай әкеле қойған жоқ. ХДО біраз жерде керісінше көп ұпай жоғалтты.
Әсіресе, ең үлкен портты қала Гамбургте ойсырай жеңілді. Олар бар жоғы 21-22 пайыз ғана дауыс алыпты, ал өткен 2008 жылғы сайлауда 42,1 пайыз алған екен. Осы жеңілістен кейін жұрт Ангела Меркельдің қайта билік тізгінін ұстайтынына күмән келтіре бастады. Ол кете қалған күнде оның орнын кім басады деген әңгіме де көбейді.
Жұрт аузында қазір бұл ретте қорғаныс министрі Карл-Теодор цу Гуттенбергтің аты жүр. Жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Жаман дегенде, жақында оның докторлық диссертациясында басқадан көшіріп алған жерлер бар деген сөз шығып, ол расқа айналғандай. Өйткені, оны Гутенберг жоққа шығарған жоқ.
Жақсы жағы дегенде, халық әлі де жасы қырыққа толмаған осынау қайраткерге айрықша құрметпен қарайды. Оны болашақ канцлер ретінде қабылдайды. Жүргізілген сауалдамаға қарағанда, екі немістің бірі оны қолдайтын көрінеді. Бұрын үш немістің екеуі қолдаған екен. Осы жерде канцлердің күні кеше К.-Т. цу Гуттенбергті орнынан алып, қорғаныс министрі етіп, Т. де Мезьерді тағайындағаны біраз адамға таң көрінген. Әйтеуір, бұл билік жолындағы күрестің бір көрінісі екені анық.
Немістердің билік үшін күрес кеңістігінде қызу айқас. Биліктегі консерваторлардың ықпалы бір сәт бәсеңдеген сәтте солшыл партиялардың белсенділігі артқаны аңғарылады. Алда тартыс қызатын сыңайлы.
АШЫҚҚАН ХАЛЫҚ АШЫНСА ЖАМАН
Солтүстік Кореядан тағы бір жайсыз хабар жетті: бұл елде жаппай аштық қаупі туған көрінеді. Мұндай хабарды үкіметтің өзі таратып отыр. КХДР басқа елдерден азық-түлік жөнінде көмек сұраған.
Бұл ел басшыларының «діні қатты» екені белгілі. Олар басқаның алдында төмендегісі келмейді. Әдетте өздерінің мүшкіл халін мойындамай, жағдайымыз жақсы дейді. Солай деп кердеңдеуінің салдарынан бұдан бұрын, әсіресе 90-шы жылдардың басында біраз халқын аштықтан қырған. Ашқұрсақ өмір әсіресе балаға, сол баланы емізген анаға қиын.
Соны ескеріп, әлем жұртшылығы, халықаралық ұйымдар әркез КХДР халқына көмек қолын ұсынып жатады. Мұндай көмекті Пхеньянның «қас жауы» саналатын елдер де беріп жатады. Айталық, осыдан екі жыл бұрын АҚШ бұл елге 170 мың тонна азық-түлік берсе, іргесіндегі Оңтүстік Корея жыл сайын 500 мың тонна беруді дәстүрге айналдырған еді.
Осы жерде тағы бір жайды айтқан жөн. Көмек қолын ұсынғандар өзі берген азық-түліктің сол ашыққан халыққа жеткенін қалайды және оны қадағалағысы келеді. Өкінішке қарай, бұл елдегі билік орындары берген көмекті өзінше пайдалануды көздейді. Біразын жырып алып қалатыны өз алдына, жұрттың көзінше халыққа таратқан болып, бақылаушылар кеткен соң, қайтадан жинап алған жай да кездесіпті.
Қайырымдылық жасаушылар мұндай жағдайды аңғарысымен бұл елге өз көмектерін ұсынуды шектеді, жергілікті билікке талаптар айтылды. Осылайша үнемі билік орындары мен көмек берушілер арасында кикілжің туып жатады.
КХДР-дың ядролық бағдарламасына байланысты, сондай-ақ қайырымдылық көмектің дұрыс пайдаланылмауына орай, біраз елдер Солтүстік Кореяға соңғы кезде сырт қарай бастаған. Бұл мұндағы жағдайды мүлдем қиындатып жіберді. Соған орай ел басшылығы басқалардан көмек сұрауға мәжбүр болса, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымы да аса қиын жағдайдың қалыптасқанын мәлімдеп отыр.
Мұндай көріністің қалыптасуы елдегі жүйенің «жемісі» екені даусыз. Жері де, халқы да бірдей Оңтүстік Корея әлемдегі ең дамыған, бақуатты елдің бірі. Бұған дейін жыл сайын көмегін де беріп келді, тек соңғы кездегі жағдайға байланысты оны шектегені бар.
Жалпы, корей халқы еңбекқор. «Форбс» журналының зерттеуінше, Оңтүстік Корея тұрғындары әлемдегі ең еңбекқор халық екен. Олар жылына 2367 сағат жұмыс істейтін көрінеді. Ал олардың солтүстіктегі туыстары, әскери тәртіпті еске алғанда, бұлардан аз еңбек етпейтін шығар-ау. Бірақ олардың еңбегі көбіне халықтың әл-ауқатын жақсартуға емес, соғыстың қажетіне бағытталып жатады.
Биыл оған табиғаттың да таршылығы қосылып отыр. Былтыр су тасқыны қинаса, қазір соңғы алпыс жылда болмаған суық титықтатты. Бұл аз болғандай, мал жұқпалы ауруға ұшырап, көп қырылды. Соның бәрі жығылғанға жұдырық болып отыр.
Әдетте халық ашықса да, бұл елдің үкіметі әскерді ашықтырмайтын. Тұрғындары 24 миллионды құрап отырған елдің әскері миллионнан асады. Соның тамағы халықтың мойнында. Қазір олар да ашыға бастапты. Елдің билеуші Еңбек партиясы әскерге тамақтан көмектесейік деп үндеу тастаған. Аш әскер көтерілсе, сол жаман, қиыны да сол.
Мамадияр ЖАҚЫП.