Қоғамдық өміріміздің ажырамас бір бөлігі – мәдениет саласы. Сондықтан да кейде осы саланың жәй-күйіне үңіліп, мәдениет қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерді ой таразысына салып отырғанның еш артықшылығы жоқ. Кешегі бір күні журналистік іссапарымыз осындай тақырып жүгін арқалады. Бұған қозғау салған Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы, «Құрмет» орденінің иегері Айдар Батырханов болатын.
Сөйтіп, Ресейдің Саратов губерниясымен шектесетін, Батыс Қазақстанның батысындағы Тасқала ауданына бағыт алдық. Осы аумаққа қарасты Мерей ауылының тұсынан бізді Тасқала ауданының әкімі Өтеміс Мырзағалиев қарсы алды. Бұдан әрі ауылдарды аралай жүріп, ондағы мәдениет мекемелерінің қызметімен, кітапханалар мен клубтардың жұмыстарымен таныстық. Биылғы қыстың соңғы айлары, осы кездегі ақырған аяз бен үскірік жел, ұйтқи соққан борандар батысқазақстандықтарды біраз қысып жіберді. Осындай сыни шақта аудандағы мәдениет мекемелері «кәрі құда – қысты» жақсы әзірліктермен қарсы алғандарына куә болдық. Бұл ғимараттардың іші қыз-қыз қайнап тұр.
Ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапханаларға күрделі жөндеулер жүргізіліпті. Соған сәйкес жаңа музыкалық аспаптар мен құралдар алынған. Тек Мерей ауылындағы Мәдениет үйіне ғана күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігіне көз жеткіздік. Бұл мәселе биылғы жылдың еншісінде тұрған көрінеді. Оның жобалау-сметалық құжаттары жасалыпты. Соған қарамастан, Мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан мазмұнды жұмыстар көңілімізге қонды. Мұнда алдағы Елбасы сайлауына байланысты көрнекі материалдар да жүйелі көрініс тауыпты. Ең бастысы, ауылдардағы мәдениет қызметкерлерінің бойынан өз істеріне деген жауапкершілік пен құлшынысты байқадық.
Тағы бір көзімізге жылы ұшыраған көрініс – Ақтау ауылындағы Мәдениет үйінің алдында ілінген – киноафиша. Жергілікті тұрғындардың ауыл клубтарына келіп кинофильмдер көру үрдісі кешегі кеңестік кезеңмен бірге келмеске кеткен шығар деп ойлайтынбыз. Қателескен екенбіз, олай емес екен. Мұның мән-жәйіне келсек, облыстағы бұрынғы кинопрокат жүйесі құрып кетпепті. Аудандық мәдениет бөлімдері осы құрылымға бүгінгі уақыт рухына сай келетін кинофильмдерге сұраныс беріп отыратын көрінеді. Несі бар, бұл әбден құптауға тұрарлық іс болса керек.
Журналистік іссапар барысында көзбен көріп, көңілге түйген тағы бір жәйт – аудандық кітапханалар жүйесінің толыққандылығы. Мұндағы кітапханашылардың ауылдағы ағайындардың кітап оқуға деген сұраныстарын өтеуге ұмтылыстары қуандырған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оңтайландыру желеуімен республика ауылдарындағы кітапханалар жүйесі мен өзге де мәдениет орындары құрып кете жаздағаны белгілі. Осы тұрғыда Орал оңтайландырудың оқшантайына ілікпей қалған елдегі санаулы өңірлердің бірі десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Дерек көздеріне қарағанда, бүгінде облыстағы 407 кітапхананың әрқайсысы 1200 адамға қызмет жасайды. Ал тұрғындар тығыз қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 438 кітапхана болса, бұл көрсеткіш мұндағы әр кітапханаға шаққанда 5813 оқырманнан келеді екен. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда әр 2100 ауыл тұрғынына бір клубтан келсе, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 5500 төңірегінде.
Облыстық кітапханалар жүйесіндегі осындай кеңөрістілік көріністері өзіміз аралаған Тасқала ауданының мысалынан да айқын байқалады. Сол күні түс ауа Тасқала ауданының орталығында мәдениет қызметкерлерінің жиыны өткізілді. Онда сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов өз ойын былайша түйіндеді:
– Бүгінгі біздің қазақстандық қоғамда мәдениет қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жоғары. Олар руханият әлеміндегі барлық жақсылықтық жаршысы. Станиславский айтқандай: театр – киімілгіштен басталса, әр мәдениет қызметкері мәдениеттілік өнегелерін алдымен өзінен бастауы керек. Тек сонда ғана олар өзгелердің бойына мәдениет ұшқындарын дарыта алады.
Біз кейде қызмет – қолдың кірі деген сыңаржақ түсінікті естіп қаламыз. Солай ма, өзі. Сірә, бұл белгілі бір орта мен ұжымға сүйкімсіз болған, сол сүйкімсіздігінің салдарынан қызметінен айырылған әлдебіреулердің айтқан сандырағы болса керек. Жоқ, қызмет қолдың кірі емес. Ол сенің қоғамдағы орның. Тәуелсіз, егемен елінің өсіп-өркендеуіне қосар үлесің. Қала берді өз ортаң мен ұжымыңның, дос- жолдастарың мен ағайын-тумаңның, отбасыңның алдындағы абыройың, беделің мен салмағың. Біз мәдениет қызметкері делінетін биік мағынасындағы қоғамдық тіркеске де осындай пайым тұрғысынан қарауға тиіспіз.
Міне, осылай деп әдемі түйін жасаған облыстағы мәдениет саласының басшысы бұдан соң Тасқала ауданына құр қол келмегенін көрсетіп, кіші стандарттар өлшемі бойынша аудандағы барлық мәдениет үйлері мен клубтарға компьютерлі музыкалық аспаптар кешенін сыйға тартты.
Ұзын сөздің қысқасы, шекаралық өңір – Тасқала ауданында мәдениет саласына арналған күн мазмұнға толы болды. Сондай-ақ бұл күн мәдениет қызметкерлерінің жақсы істерін үлгі етіп, олардың жүректеріне рухани сілкініс отын жағуымен де өз жарасымын тапқаны талассыз.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы.