Қазақстанда педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесі 60 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайды. Осы жылдар арасында аталған жүйе білім беруді дамытуға және оның сапасын арттыруға айтарлықтай үлесін қосты. Қазірде біршама өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттырудың нормативтік-құқықтық құжаттары, оқу бағдарламалары, институттың жаңа құрылымы жасалуда.
Жақында «Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру сапасын қамтамасыз ету» тақырыбында семинар өткіздік.
Онда педагог кадрлар біліктілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланып, оны жетілдірудің міндеттері мен жолдары анықталды. Біріншіден, барлық типтегі білім беру ұйымдарының басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары мен мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және мемлекеттік емес, республикалық, облыстық, аудандық (қалалық) білім беру құрылымдарының өзара байланысын күшейту және нақты жүйесін құру; мұғалім келбетін қалыптастыруға бетбұрыс жасау, олардың үздік жетістіктерін насихаттау, іс-тәжірибелерін тарату; жоғары оқу орындары басшыларын қатыстыра отырып, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру санатын кеңейту.
Екіншіден, біліктілікті арттыру нәтижесінде өнімді еңбек ету талабын қою сапаға мән беріп, қаржы қайырымына қол жеткізу. Өйткені, педагогтардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге қарастырылған. Бір мысал, 2011 жылы бұл іске 2 миллиард теңге бөлінген.
Үшіншіден, білім берудің барлық деңгейлерінде біліктілікті арттыру үдерісіне инновациялық технологияларды ендіру қажеттілігін ескере отырып, біліктілікті арттырудың бағдарламаларын жаңарту; республикалық, облыстық, Астана және Алматы қалаларындағы біліктілікті арттыру институттары қызметтерінің ауқымын кеңейту, білім беру жүйесінің басшылары мен мұғалімдерінің жаңаша ойлауын қалыптастыруға бағытталған инновациялық бағдарламаларды құру; тұтынушының академиялық еркіндігін қамтамасыз ететін, біліктілікті арттыру жүйесінің модульдік білім беру бағдарламалары негізінде педагогикалық қызметкерлердің сұранысына бағытталған үйлесімді тетіктерді жасау; таңдауға мүмкіндік беретін біліктілікті арттыру саласының ваучерлік-модульдік жүйесін 2015 жылға дейін енгізу.
Бүгінгі таңда дамыған елдерде педагогтарды дайындау және біліктілігін арттыруды жергілікті жерде білім ұйымдарында өткізу тиімді деп есептелінеді. Сондықтан бұл елдерде педагогтардың сынақтан өтуі үздік мектептерде, соның ішінде жоғары оқу орындары және біліктілікті арттыру институттары жанында ұйымдастырылады. Бізде де осындай бағыттарда жұмыстар атқарылуы тиіс.
Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруда халықаралық ынтымақтастық негізіндегі мүмкіндіктердің рөлі үлкен. Мұндай өзара байланыстың кеңеюі: бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, оны дамытуға, инвестицияны тартуға, шет елдердегі білім ұйымдарымен бірлікте педагогтардың біліктілігін жетілдіруге білім беру қызметі бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Білім берудегі кез келген өзгерісті ақпарат көздерімен қамтамасыз етпей мақсат іске аспайды. Сондықтанда біз электрондық оқытуды жедел ендірудеміз. Оны дамыту – әлемдік білім берудің басты бағыты деп білемін.
Гүлнас АХМЕТОВА, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының директоры, профессор.