Ресейде 2014 жылы Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарының бойтұмарына жарияланған байқау мәресіне жетті.
Оған 1,5 млн. халық қатысып, қорытындысында үш бойтұмар таңдап алынды. Сөйтіп, леопард, ақ аю мен ақ қоян Олимпиаданың бойтұмары болып қабылданды. Леопардқа халықтың 28 пайызы, ақ аюға – 18, ал ақ қоянға – 16 пайыз дауыс беріпті. Бұлардан басқа байқауға қатысқан дельфин – 12, ақша қар – 10, күн – 8, матрешка – 5, сұр аю – 3 пайыз дауыс жинапты.
Ал Сочи Параолимпиадасының бойтұмары болып Отты бала мен Ақша қар таңдап алынды.
ЖАСТАР ОЙЫНДАРЫ
Осы күндері Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында спорттың 13 түрінен қысқы жастар ойындары өтуде.
Ойындардың мақсаты – дене тәрбиесі мен спортты насихаттау, қысқы спорт түрлерін одан әрі дамыту, ұлттық құраманы жасақтау үшін спортшыларды іріктеу, оларды халықаралық жарыстарды сынап көру, спортшылардың ізбасарларын дайындаудың қорытындысын шығару.
Қазір жарыстар үш кезең бойынша өтуде. Алғашқы жарыстар 16 – 20 ақпан күндері Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде өтсе, келесі ойындар «Медеу» мұз айдынында допты хоккейден болып өтті. Одан кейінгі жарыстар Риддер қаласында (ШҚО) 24 ақпан күні шаңғымен бағдарлау түрінен басталды. Бұл жердегі бәсекелер 2 наурыз күні мәресіне жетеді. Ал 28 ақпан күні Щучье қаласында жалауын көтерген биатлон бәйгесі 7 наурыз күні бітеді. Осы жерде кешеден бері шаңғыдан жарыстар өтіп жатыр. Сондай-ақ 2 наурызда Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында мәнерлеп сырғанаудан сайыс болса, Коньки тебу стадионында спорттың осы түрінен, 28 наурыз күні велотрек кешенінде шорт-тректен жарыстар өтеді. Өскемен қаласында 16-20 наурыз күндері фристайлдан, 28-31 наурызда сноубордтан, Көкшетауда 1-7 наурыз күндері ерлер арасында шайбалы хоккейден, 12-18 наурызда Алматыда әйелдер арасында шайбалы хоккейден ұлттық құрамаға іріктеу сыңдары өтетін болады.
БИЛЕТТЕР САТЫЛА БАСТАДЫ
2012 жылы футболдан Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатының матчтарына билеттер сатыла бастады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына билеттер 45 еуродан 250 еуроға дейін тұратын болады. Яғни, бірінші дәрежелі билеттердің бағасы 250 еуро болса, екінші дәрежелісі 140, ал үшінші дәрежелісі 45 еуроға бағалануда.
Топтық кездесулердің билеттері де әр түрлі. Бірінші дәрежелісі – 120, екінші категориялы билеттер – 70, ал үшінші дәрежелісі – 30 еуро. Ширек финалдық ойындар 40 еуродан 150 еуроға дейін, жартылай финалдық матчтар 45 еуродан 270 еуроға дейін, ал финал 50 еуродан 600 еуроға дейін болады.
Билеттер УЕФА-ның ресми сайтында 1-31 наурыз күндері сатылады.
РОНАЛДО. СОҢҒЫ ОЙЫН
Бразилияның үш дүркін әлем чемпионы, кезінде Голландияның «Эйндховен», Испанияның «Барселона», «Реал» командалары мен Италияның «Интер», «Милан», ал соңғы жылдары өз елінің «Коринтианс» клубында өнер көрсеткен Роналдо жасыл алаңмен қоштасатынын мәлімдеді.
34 жасар аяқдоп шебері Бразилия құрамасының сапында соңғы рет ойнап, қоштасу матчын өткізбекші. Сонымен бірге ол осы ойында соңғы рет алаңға шығып, сол кездесуге өзімен бірге 15 жылдан астам уақыт доп тепкен атақты футболшыларды шақыруды жоспарлап отырғанын айтуда. «Менімен бірге ойнаған футболшылардың бәрі жанкүйерлердің ең үлкен құрметіне лайық. Сондықтан олардың басын бір жерге біріктіруді ойластырып жатырмын», – дейді ол.
РОБЕРТО КАРЛОС РЕСЕЙГЕ КЕТТІ
Бразилияның тағы бір ойыншысы Роберто Карлос Ресейдің «Анжи» командасымен келісім-шарт жасасты.
Жақында ол Дағыстанның Махачкала қаласына келіп, команда ұжымымен танысып болғаннан соң оқу-жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті. Өзінің айтуынша, оған бұған дейін Англияның бірнеше клубтары «құда» түскісі келген екен. Одан кейін оны Бразилияның өзінен де, Түркияның командалары да шақырған көрінеді. Бірақ ойлана келе Роберто таңдауды Ресейдің «Анжи» командасына жасауды жөн көрген екен. «Мен Роналдо секілді 34 жасымда емес, футболмен 40-41 жасымда қоштасқым келеді. Түркияда ойнап жүргенде Ресей чемпионатын жиі көретінмін. Оның матчтары маған қызық көрінетін. Сондықтан футболдағы карьерамды «Анжи» командасында аяқтайтын шығармын», дейді ол. Сонымен бірге ол Махачкаланың командасына жасыл алаңмен қоштасқысы келіп жүрген Роналдоны шақырғысы келетінін жасырмайды.
Дастан КЕНЖАЛИН.