04 Наурыз, 2011

Елді мекендеріміз жасыл желек жамылсын

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Табиғат» экоодағы қазақ­стан­дықтарды Наурыз мейрамын тойлау күндері дәстүрлі ағаш отырғызу үдерістеріне қатысуға шақырды. Бірлестік төрағасы, президенттікке кандидат Мэлс Елеусізов климаттың жаһандық жылыну проблемасына адамзат  атмосферадағы көмірқышқыл га­зын жұтатын жасыл  желекті кө­бей­ту арқылы ғана қарсы тұра ала­тынына сенімді. Егер әрбір қа­зақстандық тым  болмаса бір ағаш немесе бір тал отырғызған жағдайда еліміз бірден бірнеше миллион екпеге көбейіп, елді мекендерімізді жасыл желек көм­ке­ре түсетін болады, дейді М.Елеусізов. Жасыл желек көлемі экологиясы нашар Алматы үшін аса маңызды. Және өз қолыңмен отырғызған тал-дарақ адам үшін өмір бойғы естелік. Көктем мерекесі барша үшін өзінің елді мекендерінде көше­лер­ге шығып, осы арқылы қор­ша­ған ортаны сауықтыруға өз үле­сін қосу үшін тамаша мүмкін­дік, деп атап көрсетеді еліміздің бас экологы. Сөз реті келгенде айта кететін бір жәйт – Мэлс Хам­заұлының өзі алғашқы аға­шын өскін кезінде, яғни 7 жа­сын­да отырғызыпты. Қазір отыр­ғыз­ған аққайыңының биіктігі 30 метр­ге жетеді екен. Міне, сол кез­ден бастап «Табиғат» лидері үшін тал-дарақ отырғызу әдеттегі және тұрақты жұмысына айнал­ған. – Жақында Интернеттен білдім, бір пәкстандық солдат ағаш отырғызудан рекорд жасапты, – деді журналистерге М.Елеусізов. – Бір өзі, ешкімнің көмегінсіз 20 мыңнан астам көшет отырғызып шығыпты. Біздің отандастары­мыз­дың біреуіне осы рекордты неге қайталамасқа немесе одан да асып түспеске?! 20 наурызға белгіленіп отыр­ған осы жасыл желек акциясын дайындап өткізу жұмыстарына «Табиғат» одағы әкімдер, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, сондай-ақ кәсіпорын­дар, оқу орын­дары, саяси партиялар мен қо­ғамдық бірлестіктер, ру­хани қауымдастықтар мен бұ­қа­ралық ақпарат құралдары қолдау көр­сетеді деп үміттенеді. Наурыз мейрамы барысында ағаш отырғызатын ізгі дәстүрді экоодақ біраз жылдардан бері белсенді түрде және үлкен күш-жігер жұмсау арқылы қайта жаң­ғыртып келеді. Бүгінде мұндай шараларға экология проблема­ла­ры өзін бейжай қалдырмайтын көптеген адамдар – экологтар, мектеп оқушылары, студенттер, саясаткерлер,  шенеуніктер, жалпы көпшілік қауым қатысып жүр. «Егемен-ақпарат». Алматы.
Соңғы жаңалықтар