04 Наурыз, 2011

Халықаралық құжаттар қолдау тапты

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің төрағалығымен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде екі хаттама мен шартты ратификациялауға қатысты үш заңдық құжат қаралды. «Кеден одағы бірыңғай кеден аума­ғының жұмыс істеу режімінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бой­ынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушы Марат Құсайынов жасады.  Хаттамада жеке тұлғалар жеке пай­далануға арналған жеңіл автокөліктерін әкелу кезінде уақытша жеңілдетілген кедендік баж ставкаларын қолдану көз­деліп отыр. Жеңілдік үстіміздегі жыл­дың 1 шілдесіне дейін қолданылады. Қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары, әр түрлі сауда режімдері қол­данылатын тауарлар импортына, Қа­зақстан Республикасы өтпелі кезеңде неғұрлым төмен кедендік баж ставка­ларын қолданатын тауарларға да кедендік декларацияны қолдану көзделген. Бірыңғай кедендік тарифті қалып­та­с­тыру  келіссөздер негізінде сезімтал деген 400 тауарлық позиция бойынша қол­данылатын болады. Заң жобасы бір­ауыздан қолдау тауып, қабылданды. Екінші қаралған заң жобасы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына қатысушы мемлекеттер­дің қылмыстық кірістерді заңдас­тыру­ға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қи­мы­лы туралы шартты ратификациялау туралы» деп аталады. Ол бо­йын­ша баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Ми­нистрдің мәліметінен белгілі бол­ған­дай, 2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде Қазақстан, Ресей, Армения, Белоруссия, Қырғызстан жә­не Тәжікстан мемлекеттері атал­­ған шартқа қол қойған. Шартта нормативтік құқықтық базаны қалыптас­тыруға қатысты ережелер көздел­ген, оған сәйкес тараптар өздері­нің құзіретті орган­дары­на қыл­мыс­тық кірістерді және терроризмді қар­жы­лан­дыру­ға арналған қаражатты сәйкестен­діруге, іздестіруге, осын­дай кірістермен және қаражатпен жа­сала­тын операциялар мен мәмі­ле­лер­ді, оларды беруді немесе  олар­­­ға өзгеше иелік етуді болдырмау жан-жақты қарастырылған. Депутат Тасбай Симамбаев осы ретте көптеген қаржылар шетел асып жатқандығын алға тарта отырып, соларды қайтаруда нендей іс-әрекеттер жасалып жатқан­дығын сұрады. Министр өз жауа­бын­да Қаржы мониторингі комитеті құқық қорғау органдарына тек мәлімет берумен шектелетіндіктен, бұл мәселемен түбегейлі айналыспайтындығын жеткізді. Заң жобасы бірауыздан қабылдан­ды. «Дүниежүзілік пошта одағы­ның Жарғысына Сегізінші қо­сым­ша хаттаманы ратификациялау ту­ралы» заң жобасы бойынша Байла­ныс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қысқаша баяндама жа­са­ды. Бұл Хаттама пошта оператор­лары үшін стандарт­талған терминдерін белгілеу, әмбебап пошта қызметтерінің құқықтық негізін кеңейту және өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Сегізінші хаттама сонымен қатар халықара­лық пошта алмасуды кеңейту үшін де қажет, Жазбаша хат-хабарлар регламентін және Пошта жөнелтілім­дері регламентін сақтау міндеттемесін көздейді. Сонымен қатар олар халықаралық пошта қызметі­н­е қолданылатын жалпы қағида­лар­ды, халықаралық пошта алмасу­ды жүзеге асырған кезде, мүше елдер аумағы арқылы еркін транзит ұсынған кезде жазбаша хат-хабар­лар мен пошта жөнелтімдері қыз­мет­тері туралы ережелерді қамти­ды. Сенаторлар аталған заңдық құжаттың маңызын ескеріп, оны бірауыздан қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.