04 Наурыз, 2011

Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ

583 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оның анасы ақын еді. Оған қоса жастайынан халықтың қымбат қазынасы – ауыз әдебиетімен ауыздан­ған­­дықтан, ертегі мен аңыз әңгімелерді көп білетін. Сол білгенін бауыр еті балапанының құлағына құя берді. Тұлымшағы желбіреген кіп-кіш­кен­тай балапаны да ертегі тыңдауға құмар-ақ. Өзі құймақұлақ. Не айтса да қалт жібермей қағып алып, анасынан ес­ті­генін өзімен тете ойын балаларына сол қалпында айнытпай айтып беретін. Иә, анасы Зияда Жар­бол­қызы айтқан сол аңызды кө­кі­регіне тоқып алған, бүгін ортамызда жарқырап жүрген жаны жомарт жайсаң жан, әйгілі академик Күләш Құнантаева еді. Республикаға белгілі инс­ти­туттың үлкен ұжымы оны құ­шақ жая қарсы алды. Жаңа ортаның жатсынбай, ыс­тық ықыласпен қабыл­да­уы қобалжыған көңілін көк­ке көтерді, жігерін жанып, қанаттандырып жіберді. Сол көтеріңкі көңіл күймен жұмысқа құлшына кіріскен оны біршама жолға қойылған оқу процесімен бірге институттың өте жұтаң материалдық базасы қатты алаңдатты. Ұзақ ой-толғаныстан соң аса ауқымды жоспар жасады. Ақ қағазға арман болып құйылған қиялы ғажап! Ал, оны іске асыру өте қиын. Көз алдында сап түзеген еңселі әсем ғимараттар өмірге келу үшін қаншама қажыр-қайрат, ең бастысы – аса мол қаржы керек. Мұндай күрмеуі күрделі проблема республиканың бірінші басшысы Қонаевтың қолдауынсыз шешілмесі анық. Ендеше, сол кісіден көмек сұрау керек. Осы ойға бекінсе де жүрексініп біраз жүрді. Есімі мен еңбегін әлем таныған, талай жақсы мен жайсаң табынған үлкен кісімен сөйлесу оңай ма?! Ауыл шаруашылығы саласында басшы қызметтерде болған әкесі Құнантай, тарихшы ғалым ағасы Мұздыбай, Мәскеуде білім алған әпкесі Күлпаш мұны батылдыққа баулымап па еді? Енді бір сәт оның ойына осы жұмысқа барарда ағалық ақылын айтқан Қонаевтың: «Менің көмегім қажет болса, қысылмай келе беріңіз» деген сөзі оралып, өзіне жылы қабақ танытқан мейірімді жүзі келе қалды. Сол сәт өзінде өзгеше бір батылдық пайда болған ол Қонаевтың қабылдауына келді. –          Димаш Ахметұлы! Сіздің көмегіңіз қажет, – деді толқи сөйлеген ол. – Уақы­тыңызды алғаным үшін ғафу өтінемін. – Уақыттың аз екені рас, – деді Қо­наев бұған жылыұшырай қарап. – Әйтсе де, республикадағы ғана емес, бүкіл одақ­тағы бірегей оқу орны – Қыздар пе­да­гогикалық институтының білдей бір ректорымен сөйлеспегенде, кіммен сөй­лесеміз? Қысылмай айта беріңіз. – Өзіңіздің қамқорлығызбен өсіп, өр­кендеп келе жатқан одақта баламасы жоқ бірегей институттың ма­­териалдық база­сын нығайту ауадай қажет. – Оған не кедергі? – Қомақты қар­жы керек. Соған көмекте­суі­ңізді өтінемін. Міне, мы­нау жаңа құрылыс жос­пары. – Пәлі, – деді Күләш ұсынған қағазға көз жүгіртіп өткен Қонаев бұған сүйсіне қарап, – өзің ғалым-ректор ғана емес, жобалаушы-құрылысшы да екенсің ғой. – Қазақтың қаракөз қыз­да­ры үшін құрылысшы бо­луға да дайынмын! – Жөн, дұрыс айтасыз.  «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді» депті Төле би. Тағы бір тапқыр сөз ойға оралып отыр. «Сөздің өзі бала: тербетсе – оянады, тербетпесе – оянбайды». Бұл Байдалы шешеннен қалған нақыл. Сіз Күләш Құнантайқызы, сөзді тербетіп қана емес, қазағымыздың келешегін сіз бен біз ойламасақ, кім ойлайды деген ұлағатты ойды да оятып отырсыз. Мемлекеттен институтқа арнайы үлкен қаражат бөлінеді. Иығыңызға аса үлкен жүк артып отырсыз. Ісіңізге сәттілік тілеймін. Осы әңгімеден соң Қыздар институты­ның бас ғимараты орналасқан жер алып құ­рылыс алаңына айналды. Арада екі жарым жыл өткенде Гоголь – Сейфуллин – Бай­тұр­сынов көшелерінің қиылысында студенттерге арналған төрт бірдей жатақхана бой көтер­ді. Әрқайсысы үш жүз, төрт жүз орын­дық жатақханаға ұзын саны бір мың алты жүз студент орналасты. Олар жатақхана­лар­ға жай жайғасып қана қойған жоқ, қолда­рына қызыл белдеулі ресми қағаз – ордер алып, қалаға тіркелді. Сонымен бірге бір мез­гілде бір мыңнан аса адамды тамақтан­дыра­тын мүмкіндігі бар асхана мен спорт комплексі салынып, Масанчи мен Сейфуллин көшесінің қиылысынан төрт қабатты жаңа ғимарат – оқу корпусы бой көтерді. Солармен жарыса салынған сексен пәтерлік тұрғын-жай үйсіз жүрген ұстаздарға берілді. Ма­териалдық базаның жақсаруы жаңадан он екі лаборатория ашуға, тәжірибелі пе­да­гог­­тарды жұмысқа қабылдауға мүмкіндік берді. Осының бәрі институттың оқу және ғылыми жұмыстарын жаңа биікке көтерді. Бір мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жыл­дың күзінде Д.Қонаевтың қабылдауында бол­ған кезде айтқан: «Сізді ұятқа қалдыр­мауға тырысамын» деген серттей берік сө­зін­де тұр­ды ректор Күләш Құнантаева. Бірінен бірі көр­кем, сырты нұрлы, іші сырлы көп қабатты ең­селі ғимараттарды бүгінде ел «Күләш Құ­нантаева қалашығы» деп атайды. Сол «қа­ла­шық» салынып біткенше Күләш­тың бір ты­ным таппай, жанкешті еңбек еткені көптің көз алдында. Ал, қанша түнді ұйқы­сыз, қаншама күнді күлкісіз өткізгені оның өзіне ғана аян. Қыздар институтындағы «Күләш Құнан­таева қалашығы» қайтпас, қайсар, қайраткер қазақ қызының отызда бұзған ордасы. Оның қырқында алған қамалы тағы бар. Олай дейтініміз, он жыл бойы республика комсомол ұйымында хатшы, бірер жыл ми­нистрдің орынбасары, екі мәрте Қазақ­стан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, жиыр­ма үш ғылым кандидаты мен доктор­ларын даяр­ла­ған ғұлама ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, Қыздар инсти­ту­тын­да он алты жыл ректор болған оның талай тамаша өнегелі істерімен көпке үлгі болуымен бірге «Айгүл» атты ән-би ансамблін ұйымдастырып, сол ансамбльден Мәдина Ералиева сынды сан бұл­бұлды ұшырғанын, бұл күнде «Күләш Құ­нантаева мектебі» аталған ұлағатты ұядан жүз­де­ген шәкірті қанат қаққанын айтып отырмыз. Хакім Абайдың: «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі бола­сың; адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген сөзін жастайынан жаттап өсіп, айнала­сына Ай мен Күндей жарық сәуле шашып жүрген Күләш Құнантайқызы күні бүгінге дейін ел-жұртқа қайырымдылық жасаудан жаңылған емес. Бұл оның сом алтындай асыл қасиеттерінің бірі. Өмірдің сан сырында сүрінбеген Күләш Құнантайқызы Жүсіп Баласағұн айтқандай ісі – қайырымды, сөзі – мейірімді, жаны жомарт жайсаң жан. Оны қартайтпайтын, шаршатпайтын көп құпияның бірі, бәлкім, бірегейі осы болса керек. Сәбит ДОСАНОВ, азушы, М.Шолохов және В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты.