Келісті келін, ақылман ене бола білген Роза Мейірманова жайлы бір үзік сыр
Шаттығы шалқыған шаңырақтағы ерлі-зайыпты ең алғаш кездескенде екеуі де небары он бес жаста екен. Гүл сезімнің алғаш бүршік жарған шағы да сол кезеңге сәйкес келіпті. «Біздің артымыздағы партада отырды ғой бұл тәтең» дейді Дүйсебек аға сөз арасында. «Қайдағы, сендер біздің артымызда отыратынсыңдар» деп, Роза тәтеміз әңгіменің желісін түзетеді. Сірә, осы кісінікі дұрыс-ау.
Атам қазақ ақ жаулықты жігіттің екінші байлығы деп мақалдаған. Әсілі, адамға болмысының мәні, әр күнінің сәні, болашағының тіні болатын жақсы жар кездессе, бағының жанғаны дей беріңіз. Кейде «құсы» оңалмай, ісі қырын кетіп, өмірдің өкініші мен өксігін тауыса алмай зар кешетіндерді де көріп жатамыз. Ал, Дүйсебек пен Роза расында шын бақыттылар қатарындағы жандар.
Тарих жылнамаларында қалған Суықтөбеден сылдырлай құйылатын Қастек деген өзен бүгінгі Аққайнар ауылының батысын бойлай ағады. Осы ауылдағы ежелгі елдің ата қонысынан сылқым сұлу Самсы өзені тамыр тартады. Елі аралас, малы қоралас жатқан ағайын бір-біріне арудың қос бұрымындай қымбат, ерте заманнан-ақ етене жақын болғандықтан Самсыдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң екеуі де оқуын Алматы ауыл шаруашылығы техникумында жалғастырып, бірі құрылыс, бірі бухгалтерлік есеп бөлімінде арнайы мамандық алуға ден қояды. Диплом алған 1962 жылы шаңырақ көтереді. Ол кезде қандай, арнайы оқу бітірген әрбір маман жолдама бойынша жіберген жерге баруға міндетті болатын. Сөйтіп, жас жұбайларға қасиетті Түркістан өңіріндегі Созақ ауданының жаңадан құрылған «Шу» қаракөл совхозынан дәм-тұз бұйырады. Осы жерде тұңғышы, бүгінде медицина ғылымдарының докторы, білгір терапевт-дәрігер Сәуле қыздары өмірге келеді.
Дегенмен, туған жерге деген сағыныштың жөні бөлек, 1964 жылы Үңгіртас ауылына көшіп келген Дүйсекең «Қастек» асыл тұқымды қой зауытында әуелі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жөніндегі прораб, кейін сырттай оқып бітірген мамандығы бойынша зоотехник болып еңбек етеді. «Талапты ерге нұр жауар» деген ғой, 1973 жылы «Ұзынағаш» совхозына бас зоотехник болып тағайындалады. Мал шаруашылығын өрістетудегі осы басшылық қызметті ол 1984-88 жылдары Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында, 1988 жылдан 1995 жылға дейін бұрынғы Ленин атындағы ұжымшарда жалғастырады.
Әртүрлі еңбек ортасында жиырма жылдан астам бас зоотехник болып, қыруар тәжірибе жинақтаған Дүйсебек Малдыбаев 1998 жылы өз алдына «Сұңқар» шаруа қожалығын құрғанда иелігінде қырық шақты қой, үш-төрт сиыр мен бір-екі жылқы ғана болыпты. Алайда, мал өсірудің білікті маманы он жылда фермерліктің озық үлгісін айналасына танытты. Қазір жер мен малдың тілін тапқан ол 15 адамға тұрақты жұмыс беріп, оларға ай сайын 40 мыңнан астам жалақы төлейді. Жаз айларындағы қарбалас науқанға 40-50 адам қатысады. Қарамағында 1000 бас қой, жүз алпыс бас ірі қара, оның жүз басы сауылатын сиыр, алпыс жылқысы бар. Былтыр 60 тонна сүт, 16 тонна ет, 4 тонна жүн өндірсе, биылғы межесі сүтті 100, етті 25 тоннаға жеткізу.
Негізінен «Алатау» тұқымдас сиырлар мен қазақтың биязы жүнді қойларын өсіріп, асыл тұқымды шаруа қожалығы мәртебесін иеленген олар мемлекеттен тиісті субсидия алады. Соның арқасында, Құтырған өзенінің бойындағы құтты мекеннің шырайын кіргізіп отыр.
Иә, осынау өнегелі отбасының қос тірегі – Дүйсебек пен Розаның үлгісінен үйренер тәлім-тәрбие аз емес. Екеуі үш ұл, үш қызын мәпелеп өсірді. Роза ананың үлкен әулетке келін болып түскен кезінен бастап иба мен ізеттің, мейірім мен қамқорлықтың үлгісіне айналғанын отағасы аса бір ризашылықпен мойындайды. «Розаның жақсылығы ғой бәрі де, менің інілерім мен қарындастарым жеңгелерін анасындай көреді... Солар менен гөрі осыған жақын ба деп қалам кейде», – деп Дүйсекең жымиып қояды.
Рас-ау, жақсы жеңгесі анасындай, жақсы жездесі панасындай болатын қазақ деген халықпыз. Сол халықтың ата дәстүр, салт-санасын бойына ана сүтімен бірге сіңірген екеуіне екі жақтан да елжірей ұмтылатын жақын туыс, жамағайын жұрағат қаншама. Ата-ененің ақ батасымен көгерген, бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысына айналған, жуырда ғана Президенттің Жарлығымен «Күміс алқа» тағынған Мейірманова Роза ана әңгіменің бір тұсында: «Атам ақтық сапарға аттанарда артында қалып бара жатқан қыздарын аса бір алаң көңілмен маған табыстап еді. «Қарағым, шамаң келгенше осыларды оқытшы. Ұлдар бірдеңе болар, жұмыс істесе де өлмес, қыздар нанын жыламай жүріп тауып жейтін білім алса деп армандап едім, қайтейін» дегені есімнен еш шыққан емес. Дүйсебек екеуміз әкенің сол аманатын орындадық деп ойлаймын. Бәрі жоғары білім алды. Өз алдарына отау құрып, өркен жайды. Қазір солар ағасына айта бермейтін кейбір жайтты менімен ақылдасады.
Біздің балалар да өз жолдарын тапты ғой. Бір келінім корей қызы. Пендешілік шығар, ұлты бөтен деп бір жылдай келісім бермей жүрдік. Жұрттан «ұялған» сиқымыз да баяғы. Бірақ Алланың бұйрығынан аса алмайды екенбіз. Адалынан кездескен бала болды. Тойын жасап жатқанымызда «Жайықтың қадірлі ата-анасы, бүгін сіздердің келіндеріңіз болып отырмын. Мені отбасыларыңызға шын ниеттеріңізбен қабыл алыңыздар. Алдарыңыздан қия өтпеймін. Қазақтың тілін де, салт-дәстүрін де үйренуге уәде беремін», дегенінде іші-бауырым елжіреп сала берген еді.
– Мұның тура әскери ант қой, Наталья жарығым деп, қапсыра құшақтап, бетінен қалай сүйгенімді де білмей қалыппын. Содан бері Наталья келініміз бір үйіміздің шырағын жағып отыр. Айым, Әмір атты екі немереміз өсіп келеді. Өзге қыздар мен ұлдар, келін-күйеу балалар өз алдына ғой, Жайығым мен Наташаның жөні ерекше болды сөйтіп, деп риза пейілдегі ана сырын жасырмай жайып салды.
Иә, тіршіліктегі айналасы ерекше сынмен қарайтын ана- әйел, келін-ене деген құрметті сөзге лайық ғұмыр кешкен кейуана корей қызын ана тілімізде сөйлетсе, немерелері Шәмші аталарының әндерін шырқағанда тамсана тыңдайсың. Ол үшін жүректен шығып, жүрекке жететіндей сөз тауып айтып, тәлімді тәрбиесімен баурағаны анық. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген, келісті келбеті-мен, қазақы кеңдігімен ол ағайын-туғанның, ауылдастарының алғысына бөленген. Олардың бақытты екендері даусыз.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.
------------------------------------
Суретте: Дүйсебек пен Роза немересі Еламанмен бірге.