04 Наурыз, 2011

Бақытын бала оқытудан тапқан

557 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дарақ бір жерден көгереді дейді атам қазақ. Былай қарағанда қарапайым ғана естілетін осы сөздің астарына үңілсеңіз терең мағына жатқанын аңғарасыз. Қайсыбіріміз бұл даналықты өзімізге ыңғайлап, хал-қадірімізше пайдаланып жатамыз. Соның бірі ғұмырын бір мамандыққа арнаған жандар жайына тоғысады. Солардың бірі де бірегейі, үлкеннің де кішінің басын идіретін аяулы ұстаз мамандығы. Осындай абыройлы мамандықтың атына кір келтірмей, ғұмырының саналы бөлігін оқу-ағарту саласына арнаған жандарды да арамыздан аз кездестірмейміз. Олар шәкірттері алдында қашанда сый-құрметке бөленіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған абзал жандар десек жаңылыса қоймаспыз. Бұлардың қатарында бүгінде зейнеткер-ұстаз Марқама Тағайқызы да бар. Бұрынғы Гурьев облысы, Балықшы ауданында 1936 жылдың наурызында атақты балықшы, Еңбек Қызыл Ту орде­ні­нің иегері Тағай ақсақал шаңырағында дүниеге келген ол орта мектепті ойдағы­дай бітіргеннен кейін Алматыдағы қыз­дар педагогикалық институтының математика факультетіне түсіп, оны 1957 жылы тәмамдайды. Осы жылы павло­дар­лық жалынды жас, Қазақ шаруа­шы­лық институтының гидротехник маман­ды­ғы бойынша түлегі Тәңірберген Молдабаев есімді азаматтың етегінен ұстап, Кереку жеріне бірге қол ұстасып ат­танады. Ата-анасының өрісін кеңейткен Марқама Тағайқызы отағасымен бірге Павлодар облысы Краснокут ауданында (қазіргі Ақ­тоғай) еңбек жолдарын бас­тай­ды. Ақ­тоғайда Марқама апай мектепке ұстаз бо­лып орналасса, жолдасы Тә­ңір­берген Нұ­рыш­ұлы ауданда инженер-гидротехник бо­лып еңбек жолдарын бастайды. Осын­да тұла бойы тұңғышы Қар­лығаш өмірге келіп, жас отбасын қуанышқа кенелтсе, бұлардың соңынан Бақытжан, Қаныш сынды іні-сіңілісі ереді. Анасынан ерте қалған Марқама апай бұл уақытты өзінің бақытты кезде­рінің бір бөлігі деп еске алады бүгінде. «Ана бақытына ие болған тұңғышым өмірге келген сәттердегі қуа­ныш­ты тілмен айтып жеткізу қиын шы­ғар, сірә. Бала күнімнен аңсаған ұстаз болу ар­ма­ны­ма жеткенім бір бақыт болса, ана мейірімін аз көрген маған тағдырым сол ана болуды қоса бұйыртса, бұған тек Жа­ратқанға шүкіршілік айтудан ол уа­қытта да мен еш жаңылған емеспін», – дейді. Балаға деген шексіз махаббаты­нан болса керек іле, Гүлмира мен Айгүл есімді қыздары өмірге келіп, отбасы мүшелерін толықтырады. Дәм-тұздың айдауымен жас отбасы 1967 жылы Баянауылға қоныс аударады. Ол мұнда келгеннен кейін де бала оқытуға белсене кірісіп кетеді. Осы жылдардан бастап, зейнеткерлікке шық­қанға дейін табаны кү­рек­тей жиырма екі жыл «Баян­ауыл» қа­зақ орта мектебінде бала оқытты. Аса сабырлылықты, білімділікті, төзімді­лік­ті қажет ететін маман­дық­­тың ысты­ғы­на күйіп, суығына тоңу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қаракөздеріміз қиын­дау қабылдайтын математика саласының жүгі өзгелерінен біршама ауыр екенін ескерсек, бұған еш шүбәсіз келісесіз. Бала білігінің алғаш іргетасы қаланатын ша­ғында оған білім нәрін құюдың ма­ңыз­дылығы екінің бірі, егіздің сыңарына аян. Ұс­таздықтың басқаларға қа­ра­ғанда жоғарырақ тұра­тындығы да, міне, сон­дықтан болар. Мамандығын қа­шанда мақтаныш тұтып, бү­гін­де­рі зейнет дем­алы­сында болса да, үй­ренем деген балаға қо­лынан кел­генше көмегін ая­май­тын М.Та­ғай­қызы білікті ұстаз болу үшін де ең алдымен үй­де үл­гілі ата-ана болу ке­рек деп санайды. Өмір­­дегі жақ­сылық атау­лы­ның бәрі ананың балаға деген мейірімі, жарына деген адалды­ғы, адамның өзі қала­ған кәсібіне деген ма­хаб­баты секілді ұлы се­зім­дерден бастау ала­ды, яғни көбінде бала­лы ұстаз ғана білім нә­рін себе алмақ. Абайша айтсақ, «адам көңілі шын мейірленсе ғана, ғылым-бі­лім­нің өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды». Сол себепті де балаға деген мейірім бар жер­де адамның білімге деген жан құш­тар­лы­ғын оятып, көкірек көзін аша ала­ды. Марқама апай бұл жағынан да шын мейірдің иесі, ардақты ана, аяулы әже. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді тағы бір халық даналығы. Бұл ретте мектепке барар жол өмір жолы екенін жіті түсінген ұстаз шәкірттерге барынша білім нәрін құюы­мен қатар, үлгілі тәрбие де бере білді. Олардың арасында бүгінде ауданда, облыста түрлі салада қызмет істейтін белгілі азаматтар аз емес. Еткен еңбек пен төккен тер ешқашан зая кетпейтіні белгілі. Мар­қаба Тағайқызы ұзақ жылғы абыройлы жұмысының жемісі ретінде «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» атты абыройлы атаққа да қол жеткізген. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға. Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға, – деген Абай шумақтары осындай жандарға арнап айтылғандай. Ұстаз болып қалып­тас­пай­­ды, ұстаз болып туады деген сөз­дер­ді де жиі естиміз. Бұл, әрине, ұстазға, оның еңбегіне деген ризашылықтан айтылған сөздер екені айқын. Ағайын мен ауылға сыйлы Тәңір­бер­ген Нұрышұлы мен Марқама Тағайқызы барлық ұл-қыздарына жоғары білім алып берді. Олар қазіргі кездері елімізде дәрігер, мұғалім, энергетик, экономист ма­мандықтары бойынша абыройлы қыз­мет­тер атқаруда. Осы тұс отағасының өзі­нің зейнетке шыққанына қарамастан, «Баян-су» ЖШС-ны басқарып, халыққа және заңды тұлғаларға қалтқысыз қыз­мет көрсетіп жатқандағын да айта кеткен абзал. Әрине, мұнда да отбасының ұйтқысы бола білген отанасының орасан үлесі бар. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қон­дырып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан отбасы кейінгі жас буынға да үлгі-өнегелерін көрсетіп келеді. «Қазіргі жастар, құдайға шүкір, бақытты ғой шіркін. Оқимын деген адамға елімізде қай кезде де жол ашық. Талпынған жетер мұратқа демекші, білімге бала күннен ұмтылған жас қашанда алдыңғы қатардан орын алады. Балалар­дың білімге құштарлы­ғын оятып, талан­тын ашуда ұстаздар қауы­мының еңбегі орасан зор. Сондық­тан да ел оларды құрметтейді», – деген ұстаз ананың ендігі тілегі еліміздің амандығы. Отанымыздың тыныштығы мен іргеміздің берік болуын Тәңірден күн­де тілейтін қарт ұстаз жас ұрпақ болашағының жарқын боларына үлкен үмітпен қарайды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. ------------------------------------ Суретте: Марқама әже немересі Айға­ныммен бірге.