Индустрияландыру картасы ел өміріне тың серпін беруде. Облыстардың өздеріне тән экономикалық келбеттері жаңаруы да орын алуда. Іске қосылып жатқан жаңа зауыттар мен комбинаттар, жаңартылған жылу қазандықтары туралы айту оңай болғанымен, іс жүзінде жүзеге асырылуына бөлінген қаржыдан бөлек қаншама ерік-жігер бар.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Соған сәйкес салынатын зауыт пен құрылыс нысандарының қамту ауқымы мен жоба көлемі де ұлғая түсуде. Үкіметте өткен селекторлық кеңесте айтылған жобалар ауқымын төмендегі деректерден де байқауға болады.
Селекторлық кеңесте сөз болған, өткен жылы іске қосылған 152 жобаның ішінде 30 кәсіпорын жобалық қуатына еніп, өндіріске кірісті. Бұл оған салынған қаржының ақталғаны деген сөз. Ал қалған жобалардың кейбірі маусымдық сипаты және басқа да мәселелер бойынша қатаң бақылауда тұр. Олардың да іске қосылатын күні алыс емес. Судың да сұрауы бар демекші, бөлінген қаржының бақылауы болмайды емес, болады. Төрт жоба сәуір-мамыр айларында іске қосылады деп күтілуде. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жобалардың іске қосылу мерзімі тоқталуы, үзілуі мен ауыстырылуына облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде жауап беретіндей мәселе қарастырылып жатқандығын жеткізді. Бұл өз кезегінде бақылаудың барлығын білдіріп, немқұрайдылықты болдырмайды.
Биылғы жылдың индустрияландыру картасының бюджеті екі еседей артып отыр. Картаны үйлестіруге арнайы бекітілген Әсет Исекешевтің айтуынша, 2011 жылы индустрияландыру картасына құны 715 млрд.теңге болатын 71 жоба бекітілген көрінеді. Оған тартылатын инвестиция көлемі де аз емес. Ол 1,5 трлн.теңгеге дейін жетеді деп болжанып отыр. Егер сәтін салып, бұл жобалар нақты іске асырылып жатса, болашақта 18,6 мың жұмыс орны уақытша ашылып, кейін олардың 18,5 мыңы тұрақты жұмыс орнына айналмақ. Алғашқы жартыжылдықта құны 50 млрд.теңгедей болатын 11 нысанның іске қосылуы күтілуде.
Газетіміздің алдыңғы сандарында жазғанымыздай, 2011 жылдың еншісіндегі ірі әрі маңызы жоғары нысандар саны – 12. Оларға 330 млрд. теңгедей қаржы бөлініпті. Іске қосылғаннан кейін 6 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болды. Олардың қатарында Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС-і (желтоқсан айында), “Жаңаөзен-Түрікменстанмен шекара” темір жол учаскесі (қараша) және Жетіген-Қорғас темір жол желілері, Ақбай алтын фабрикасының өнімділігін арттыру (маусым) жобалары бар. Павлодар облысындағы “Таман” ЖШС жаңа қуатты жүк вагондарын шығармақ. Ал ақпан айының еншісіндегі жоба бойынша “Шеврон Мұнайгаз Инк.” корпорациясының металлпластикалық құбыр шығару зауыты іске қосылды. Шілде айында Маңғыстау облысында “Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз” ЖШС-де теңіз металл өнімдері өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Ал ежелден жеңіл өнеркәсіптің негізі болған Семей өңірінде былғары-тері өнімдерін өндіретін “СКМК” ЖШС комбинаты іске қосылмақ.
Наурыз айының соңына дейін индустрияландыру картасы шағын және орта бизнес жобаларын есепке ала отырып, бірқатар жобалармен толықтырылмақ. Әзірше облыстардан 300-ден астам өтініш түсіп үлгерген. Оның ішінде 206-сы биылғы 2011 жылғы жобалар бойынша, ал 70-і жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылатын болады.
Елімізде атқарылып жатқан жұмыстар, әсіресе, индустрияландыру саласында қолға алынып жатқан істердің нәтижесі дағдарыстан кейін еңсемізді көтеруге, сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға үлкен көмегін тигізбек. Мүмкін, дәл қазір салынған қаржыны ақтамағанмен, уақыт өте келе өзінің толық қуатын игере алатындығына сенім кәміл. Өйткені экономиканың негізін құрайтын орта және шағын бизнес секторын, сондай-ақ өнеркәсіп өндірісін құнттау ұтымды қадам екенін уақыт көрсетіп келе жатыр. Газ бен мұнайға ғана сену емес, сонымен қатар экономикамыздың барлық секторлары қатар дамыса, болашағымыз бұлыңғыр болмайды. Қара алтынға маманданған экономикалық келбетімізден өзге келбет қалыптастыру өте маңызды. Тек атқарылып жатқан іске халық тарапынан немқұрайдылық болмасын деңіз. Қыруар қаржы салып, үлкен серпінмен атқарылып жатқан жұмыстардың көлемін көре отырып, оны жүзеге асырушылар ел болашағына үлес қосып жатқандықтарын есіне ала жүрсе нәтиже де сапалы болмақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.