04 Наурыз, 2011

Ізденбеген диқанның ісі өнбейді

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәлімі алқаптардан мол өнім алу үшін егіншілікте нөлдік және минималды технологияны пайдалану деген тәжірибе бар. Бұл жұмыстарды облыс агроөнеркәсіпшілері қалай жүргізуде? Бұрнағы жылы облыста 13,5 гектар алқапқа осы технология қолданылса, өткен жылы оның көлемі 15,2 мың гектар алқапқа жетіпті. Қордай және Шу аудандарының диқандары 2 себу кешенін сатып алып, бүгінде ол минималды технологиямен жұмыс істеуде. Ал өткен жылғы күздік себуде Т.Рысқұлов ауданындағы «Агрохолдинг-Подгорный» акционерлік қоғамы 1 себу кешенін пайдаланған. Демек, бұл ауданның диқандары да күздік бидай себуде минималды технологияны енгізе бастаған. Егін шаруашылығы саласында ғылым жетістіктерін батыл қолдану жақсы нәтижелерге қол жеткізетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осы орайда Тараз қаласындағы су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты Вашингтон штаты университетімен бірігіп дайындаған «ноу тил» нөлдік  технологиясы туралы айта кеткен жөн. Бұл технологияны іс жүзінде қолдану үшін Байзақ ауданында 2 шаруа қожалығы бірлестіктері құрылып, оларға арнайы техника мен технологиялық жабдықтар сатып әперіліпті. Ол қазір сынақтан өтуде. Содан кейін, егіншілікті дамытуды сусыз көзге елестету қиын. Мысалы, облыстың көптеген аудандарында ағын су тапшы­лығы шешуі қиын түйінге айналып отыр. Мамандардың мәліметі бойын­ша, өткен жылы облыстағы 762,3 мың гектар егістік жердің 169,1 мың гектарын суармалы жер құ­рапты. Және суармалы жердің 16,3 мың гектары немесе 9,6 пайызы су жүйелерінің істен шығуынан және ағын судың жетіспеушілігінен пайдаланыл­май қалған. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Өткен жылы облыстың 7 ауданындағы 40 су шаруашы­лығы нысандарына алғаш рет 650 млн. теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 406 км. арықтарға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Соның нәтиже­сінде олардың су жеткізу қабілеті 65 пайызға өскен. Биыл осы мақсатқа 322 млн. теңге қарастырылыпты. – Суармалы жерлерді пайдалануды 2 бағытта қолға алып отырмыз. Бірінші бағыт бойынша  қант қызылшасы, жүгері және майлы дақылдарды суармалы жерлерде ауыспалы егістік жүйесімен өсіру негізінде үш танапты егістікті пайдалану және ол дақылдарды егу көлемін мейлінше артты­ру межеленіп отыр. Бұл бағыт қант пен өсімдік майын өндіретін зауыттардың жергілікті шикізатпен жұмыс істеуіне жол ашады. Сондай-ақ, құс фабрикалары мен мал бордақылау кешендерін қуатты азық – жүгері, соя өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бұл өнімдерге өз рыногымызда да, ел ішінде де, алыс-жақын шет елдерде де сұраныс үлкен, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сының бастығы Мұрат Әсілбеков. Басқарма бастығының айтуынша, суармалы жерлерді пайдаланудағы екінші бағыт – жеміс-көкөніс өнімдерін өсіруде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін кеңінен пайдалану екен. Бүгінде облыста көліктік-логистикалық орта­лық  салу қолға алынып отыр. Бұл  болашақта же­міс-көкөніс өнімдерін тарататын зор орталық бол­мақ. Қазір осы орталықты жеміс-көкөніс өнім­де­рімен қамтамасыз ететін шаруашылықтар анықталуда. Тамшылатып суару тәжірибесін  табыстың кепілі десе де болады. Облыс бойынша 2008 жылы тамшылатып суару технологиясы 303 га алқапқа енгізілсе, 2009 жылы ол 879 га алқапқа өскен. Биыл тамшылатып суарумен қамтылған алқаптардың көлемі 1610 гектарға жеткізілмек. Тіпті, қытайлық фирмалардың көмегіне жүгіне отырып, облыста тамшылатып суару технологиясының жабдықта­рын жасайтын зауыт ашуға деген талпыныс та бар. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көлемі 2 мың гектарға жуық 4 алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізу үшін электр жүйесін жеткізу де жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, тамшылатып суару техно­ло­гиясын өз ізденістері арқылы енгізіп отырған шаруа­шылықтар да бар. Ізденбеген адамның ісі өнбейді. Облыс диқанда­рының егіншілік мәдениетін көтеру жолындағы жаңа ізденістері алдағы уақытта мол табыстарға жол ашатынына сендіреді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.