«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қалай жүзеге асырады?
Халықтың барлық әлеуметтік топтарын баспанамен қамтамасыз ету кез келген мемлекет үшін басты мәселе болып қала бермек. Тұрғын үй құрылыс жинақтары арқылы оның оңтайлы жолдарына көшкен Еуропа елдерінің қатарына Қазақстанның ілескеніне көп жыл өте қоймаса да, қазіргі таңда бұл жүйенің тиімділігі көрінуде. Баршаны жеке баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне орай, 1 наурыз күні «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басшылығы БАҚ өкілдерімен кездесті.
Бұл жүйенің дамуы елімізде 2000 жылы «Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заң қабылданған сәттен бастау алады. Алайда, шын мәнінде аталмыш жүйе 2003 жылы «Тұрғынүй-құрылысжинақбанкі» АҚ құрылғаннан кейін ғана іске кірісті. Бұл жүйенің негізгі мақсаты 2000 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген, тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімге қаржыландыру мен ипотекалық несие беру жүйесін дамыту тұжырымдамасынан туындайды.
Үстіміздегі жылдың ақпанында өткен «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде де Елбасы тұрғын үй құрылысының құлдырауы мүмкін екенін атап көрсетіп, оны қолдау және ипотеканы ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырғаны баршамызға белгілі. Осыған орай, Үкімет тұрғын үй құрылысын дамытудың бірнеше бағыттарын қамтитын 2011-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеген-ді.
Ендігі жерде бұл бағдарлама баспанасыздарға, жаңа отау құрған жастарға, жеке пәтерлі болуды армандайтын жандарға нақты қандай игі ықпалын тигізеді? Банк пен Үкімет оны қалай тиімді жүзеге асырады деген са-уал туындамақ. Аталған шара аясында 2011-2013 жылдары Қазақстанның бүкіл облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларына арналған 3 санаттағы жайлылық деңгейі бойынша тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында 80,84 миллиард теңге бөлмек. Мұндай таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны Алматы қаласы үшін 142,500 теңгеден, Астана мен Атырау қалалары үшін 112,500 теңгеден, басқа облыс орталықтары үшін 90 мың теңгеден аспайтын болады. Осы жүйе арқылы үйлі болуды көздегендер үшін шамамен 800 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Тұрғын үй бағдарламасы аясында несие беру талаптарын жұмсарту, жергілікті атқарушы органдар тұрғызған тұрғын үйді уақтылы әрі толық сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында банктің алдын-ала және аралық тұрғын үй заемдарын беруі үшін бюджеттік қаражат беру көзделген. Оған қоса тұрғын үй бағдарламасында 2-3 санаттағы жайлылық деңгейі бойынша тұрғын үй құрылысын одан әрі қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді (ЕДБ) қорландыру жағы да қарастырылуда. Бұл үшін 2011 жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін республикалық бюджеттен 57 миллиард теңгеге капиталдандыру жүзеге асырылмақ. Яғни, аталмыш банк ЕДБ-ге тұрғын үй құрылысы құнының 50 пайызы шамасында, келісілген депозиттер және 50 пайыз ЕДБ-нің жеке қаражаты есебінен депозиттер орналастырады. Мұндай жағдайда соңғы заемшыға, яғни құрылыс салушыға арналған сыйақының тиімді мөлшері жылына 12 пайыздан аспауы тиіс. Бұл бағыт бойынша дайын тұрғын үйді сатқанда таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 170 мың теңгеден қымбат болмауы тиіс.
Баспасөз мәслихатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева:
– 2004 жылдан бастап елімізде ипотекалық несиелендіру жоғары қарқынмен дамыған болатын. Ол кезде мүмкіндігі болмаса да ипотека алғандар көп болды. Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесінің дамуына өз әсерін тигізді. Сондықтан да бастапқы кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенбегендер де болды. Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарасақ, жүйенің дамуына экономикалық жағдай үлкен әсер етеді. Жыл сайын клиенттердің саны 2-3 есе артып келе жатыр. Жүргізіліп жатқан бағдарламалар және оған банктің белсенді қатысуы, меніңше, осы жүйеге халықты одан сайын көбірек алып келеді, – деді.
Наурызбаеваның айтуынша, қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне халықтың 2 пайызы қатысып отыр. Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің стратегиялық даму жоспары бойынша 2015 жылға дейін олар экономикалық белсенді халықтың 6 пайызын осы жүйеге тартуды мақсат етіп қойып отыр.
– Біздің банктің ерекшелігі біз тек халықпен жұмыс жасаймыз. Лицензиямыз бойынша заңды тұлғалармен қызмет жасамаймыз, оларға қаржы беруге мүмкіндігіміз жоқ, – дейді басқарма төрайымы.
– Біз құрылыс компанияларын қаржыландырмаймыз және олармен жұмыс жасамаймыз. Мәселен, Астанада «Асья» деген құрылыс компаниясы бірнеше жылдан бері тұрғын үй салып жатыр. Оны халыққа бөліп төлеу арқылы сатып жатыр. Қазір сол компаниямен келісім-шартқа қол қойдық. Компанияға келіп үй сатып алам деген адамдар біздің банкпен келісім-шарттарын жасап, ақшаларын жинауда, – дейді Нұрбибі Серікқажықызы.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
______________
Суретті түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ.