04 Наурыз, 2011

«Каустик» – жаңа химия зауыты

392 рет көрсетілді
Еліміз бойынша  2014 жылға дейін іске асырылатын  294 инвестициялық жобаның  инвестициялар көлемі 1 триллион теңгені құрайтын 103 жобасын біздің өңір ұсынып отырған көрінеді. Бұл  болашақ арнайы экономикалық аймақтың аумағында іске асырылмақшы. Өндірісті өңірде  экономикалық аймақ құру туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ұсынысы  қолдау тапты. Экономикалық аймақ  облыс орталығындағы  «Каустик» АҚ төңірегінде құры­лып, оған германиялық компания басқарушы ретінде таңдалады. Жақында олар облысқа жұмыс сапарымен келмекші. Үдемелі индустриялық-инновациялық да­мудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста алдағы жылдары 11 жоба жүзеге асатын болады. Осы жобалардың бірі облыс орталығындағы «Каустик» акционерлік қоға­мына қарасты жаңа химия зауыты.  Жаңа дейтініміз, зауыт бұрынғы химия зауытының негізінде құрылғанымен, қазір өндіріс орны болып қайтадан жаңарып, қалыптасып отыр. Бұрын сынап қолдану арқылы өнім өндіретін зауыттың атын естігенде әркім-ақ тіксініп қалушы еді. Ал, қазір өндірісін алға бастыр­ған  жаңа жобаға,  инновацияға, экологиялық қауіпсіздікті сақтауға қарай бет бұрған жаңа зауыт өмірге келді. Зауыт мамандарының айтуларынша, каустикалық ұнтақ және хлор өндірістері бұрынғыдай сынап пайдалану әдісімен емес, енді мембранды технология жүйе­сінде жасалады. Мембранды әдіс ита­лия­лық «Uhdenora» компаниясының құрал-жабдықтары негізінде қолданылады.   Мамандар заманауи технологияның нәтижесінде өнімнің сапасы ғана артып қоймай, сонымен бірге, энергия үнемдеуге де болатынын айта­ды. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды  алаң­дататын қоршаған орта, ауа тазалығы мәсе­лесіне келетін болсақ, жаңа өндірістің эколо­гиялық қауіпсіздігі арнайы сертификат жүйе­сі­мен анықталыпты. Егер қоршаған ортаға қауіптілігі  дәлелденген болса, қаржы инс­ти­туттары  бұл жобаны қолдамайтын еді, оны жүзеге асыруға қатыс­пас еді, дейді зауыт басшылығы. Жеке меншік өнді­ріс орны болып құ­рыл­ған күннен бастап өндіріс орны атына заты сай химиялық өнімдер шығаруды мақсат етті. Бір жыл ішінде ескіден жаңа жасалды. Екіншіден,  зауытқа керекті шикізат  облыс аума­ғындағы тұзды көлдерден алынатын болды. Өн­дірістің өнімдері саналатын сұйық хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлорит  құра­мын зерттеу, тексеріс-талдаулардан өтеді. Мұн­да кәдімгі ас тұзын пайдаланатын бола­ды. Арнайы жолмен келіп түскен шикізат бірнеше кезеңнен тұратын өңдеуден өткізі­ліп, соңында жоғарыда аталған өнім түрле­ріне айналады. Бұл өнімдер негізінен еліміздегі «Қаз­атомпром», «ТеңізШевройл», «Қазақстан алюминийі», «АрселорМитталТеміртау» секілді белгілі компанияларға жіберілді. Еліміздегі пайдаланушылардан артылған өнім экс­портқа да шығарылады. Сөйтіп,  қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын  хлор, каусти­калық сода өндіру жобасы қолға алынды. Алдағы мамыр айында толық қуатында іске қосылатын кәсіпорын жылына ыдыс-құты­лар­ға құйылған 12 мың тонна сұйық хлор ерітіндісін,  20918 тонна натрий гипохлоритін, 12 мың тонна тұрмыстық салада қолда­нылатын ағартқыш сұйықтар, 30 мың тонна каустикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипохлоритін, 9,7 мың тонна хлор ерітінділерін, 45 мың тонна тұз өндіреді. Бұл күндері өндіріс орнында 400-дей адам еңбек етеді. Жобаның жалпы құны – 16,2 млрд. теңге. Зауытқа келгенде бізді қуантқаны – өнді­рісте қазақ жастарының көбейгені. Солардың бірі Азамат Әбдірахманов техникалық жоға­ры оқу орнын бітірген соң  жас маман ретінде  зауытқа келіпті. Іс тетігін білетін, шетелдік жаңа технология бойынша жұмыс жа­сайтын  жастарымыздың өндіріске келулері қуанышты. Басқарма төрағасы Еркін Әмірха­нов журналистерге берген сұхбатында хлор-сілті өндірісін құрып жаңа зауыт құрылысы тұрақты жұмыс жасау үшін қажетті инфра­құрылымның және алаңдардың болуына, негізгі шикізат – аз тұзының қолжетімділігіне, білікті кадрлардың болуына басты назар аударғандарын айтып өтті. Өйткені, бұл зауыт каустикалық сода мен хлорды мембрандық технология бойынша әлемдік деңгейдегі жаңа өндірістік технологияларды қолданып өндіретін бірден-бір зауыт әрі өнімдері эко­ло­гия­лық жағынан таза болады. Бұрын бол­ма­ған жаңа өндірістердің құрылуы экономи­ка­лық белестерге,  сонымен бірге, әлеуметтің сан түрлі мәселелерін, соның ішінде, жұмыс­сыздықты шешуге септігін тигізеді.  Жаңа технологияларға арқа сүйей отырып,  шикізат қана шығармай, оны өңдеуге де қол жеткізуде. Ал, зауыт құрылысына қажет инвестиция­ны «Қазақстанның Даму банкі» және «Эк­симбанк» акционерлік қоғамдары бөлді.  Мұндай өндірістер қазақстандық өнімнің бә­секеге қабілеттілігін арттырып, экономика­лық өрлеуімізге үлес қосады. Себебі аталған өндіріс кәсіпкерліктің басқа да түрлерінің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде аймақтағы шағын және орта биз­нестің дамуына серпін береді. Жаңа зауыт­тың іске қосылуымен жұмысшылар саны да көбейеді деген сөз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.
Соңғы жаңалықтар

Қанша адам вакцина салдырды?

Коронавирус • Бүгін, 09:40

847 адам коронавирус жұқтырды

Коронавирус • Бүгін, 09:00

Ұқсас жаңалықтар