Қазығұрт ауданында Ақжар елді мекеніне қарасты Шанақ деген ауыл бар. Шалғайда жатқан осы ауыл ауыз судың азабын бір кісідей тартқан. Су жоқ емес, бар, бірақ ащы. Ауылдың тұрғыны Тұрлыбек Елемес осы ауылда тұратын үш мың халықтың сексен пайызы бүйрек, асқазан ауруларымен ауыратын еді. Былтырғы жылы облыс басшысы Асқар Мырзахметов ауылға келгенде осы мәселені айттық. Ауыр жағдайымызды білген облыс әкімі тапсырма берді. Қаржы бөлінді. Енді міне, тәтті су ішіп отырмыз. Бұрын ауылға келетін қонақтарға алдын-ала дұғай сәлем айтып, тұщы су алдыратын едік. Енді олар «суларың қандай тәтті» деп, қайтарларында бізден әкететін болды. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына жиырма жыл болып отыр. Оған үлесімізді қосу үшін әр отбасы жиырмажылдыққа жиырма түп көшет отырғызуды қолға алып жатырмыз. Бұл – ауылымыздың қолы жеткен тұщы суының арқасында болып отыр дейді.
Таза ауыз су бағдарламасы бойынша облыста қандай шаруалар атқарылды?
Су құбырының құрылысы, қайта құру, ағымдағы жөндеу және жобалық-сметалық құжаттарға 7,7 млрд. теңге қаралды. 75 мыңнан астам халқы бар 30 елді мекенде ауыз су жүйелері пайдалануға берілді. Нәтижесінде, құбыр суымен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 512-ге жетті. Тасымалдап су ішетін 13 елді мекен проблемасы шешілді. Су есептегіш құралдармен қамту 41 пайыздан 95 пайызға жетті. 2011 жылы 100 пайыз орындалады. Түркістан қаласы кәріз жүйесінің 700 млн. теңге құрылысы жүргізілуде. 37,4 млн. теңге ұзақ жылдан бері қайта қалпына келтіруді қажет ететін 5 қаланың (Сарыағаш, Ленгір, Арыс, Шардара және Жетісай) кәріз жүйелеріне жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген шаралар бойынша облыс республика бойынша кеуде қатарда келеді.
Бір жылда 82 денсаулық нысандары салынды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындығы осы. Әуелде жоспар бойынша 42 нысан салынуы керек екен. Қаржысы бөлінген. Жоғарыдан мақұлданған. Жобасы келісіп тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов «тарта жесе тай қаладыны» біліп өскен көшелі жігіт. Ауылдық медициналық пунктке бөлінген қаржының артықтау екенін байқайды. Ойын облыс басшысына білдіреді. Облыс әкімі білікті құрылыс мамандарының есеп-шотына салып жіберсе, расында жобалаушылар мердігер жонып жейтіндей үлкен үлес қалдырыпты. Облыс басшысы тиісті нұсқау береді. Нәтижесінде үлкен қаржы үнемделіп, тағы да қырық нысанды көтеруге қаражат табылады. 82 медициналық нысанның 90 пайыз үлесі шөміштен қағылып жүретін ауылға тиеді. 36 амбулатория және 35 медициналық пункт. Амбулаторияға қосымша ауылға келген жас маманға екі бөлмелі пәтер қоса салынады. Әрине, салған нысаннан аздау пайда түсірген мердігерлер қоңқылдап қалды. Бірақ, пайданы көріп жатқан өзін түлеткен алтын бесік ауылы ғой.
Жолдауда бес жыл ішінде 350 медициналық нысан салу мәселесі көтерілді. Оңтүстіктің бірді екі ете алатын жігіттері өздеріне тиесілі жұмысты қазірдің өзінде жартылай орындап тастады. Біздің білетіміз, әзірге бірде-бір облыс мұндай межені бағындыра алған жоқ. Осыған орайлас ой.
Денсаулық сақтау саласында қандай жағымды жаңалықтар бар? Қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүруін ұзарту 6 пайызға өсті. Республикада бірінші болып асқазан-ішек жүйесінің қатерлі ісіктерін ерте анықтау бойынша скрининг-тексерулер жүргізілуде. Ашық жүрекке 308 операция, 444 коронарлық артерияға стент қою операциялары жасалды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім көрсеткіші – 18, нәрестелер өлімі – 6,7, аналар өлімі 28,8 пайызға төмендеді.
Шымкент шаһары Қазақстандағы үшінші қала болады деген сөз бар. Күннің көзі көбірек түсетін, халқы көп өңірдің табиғаты осы қисынға келгенімен, Шымкенттей шаһарыңызда, басқасын айтпағанда, неке сарайы жоқ болатын. Дүниеге сәби әкелуден Қазақстан бойынша алдыңғы орында тұрса да. Сәулетті ғимараттарымен де мақтана алмайтын. Облыс басшысы сәулетшілердің бәрінің басын қосып, түрлі салалар бойынша конкурс жариялаған. Кәсіпкерлермен келелі кеңес өткізгенде осы жобаларды алдарына тартты. Халық өздеріңіздікі. Қала өздеріңіздікі. Елде болса ерінге тиеді деген. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қандай үлестеріңізді қосасыздар деген. Кәсіпкерлер тосылып қалды. Қапелімде қалтаңдағы ақшаға қол сұғу қиын екен. Облыстық депутаттар корпусындағы жалғыз ханым, «Береке А» корпорациясының президенті Рашкүл Оспанәлиева орнынан тұрып кетті.
– Жігіттер, неге тосылып қалдыңдар? Қаржыны маңдай терімізбен тапсақ та еліміздің, Отанымыздың арқасы. Қала көркейіп жатса, бәріміздің мерейіміз ғой.
Осылай деген ол бағанадан бері көз қиығымен бағып отырған сәулетті құрылыстың жобасына қолын созды. Бұл – бүгінгі күнде Шымкент шаһарының шырайын ашып тұрған неке сарайы еді. Қымбаттау тисе де қазақтың қайсар қызы осындай тәуекелге барған. Жігіттер де қарап қалмады. Бір-бір жобаны меншіктеген. Қазір Шымкент атты кісі түсіп қарайтындай әсем қалаға айналды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қандай нысандар салынды? «Даңқ» мемориалы, «Шәмші әлемі» кешені, Ш.Қалдаяқов ескерткіші, дарынды композиторлар мен әншілердің «Жұлдыздар» аллеясы, Жастар орталығы, Неке сарайы, Даңқты спортшылар және Жас жұбайлар аллеясы, орталық субұрқақ ашылды. Дендросаябақ аумағында жаңа демалыс орны іске қосылды. Қазығұрт, Түлкібас аудандарында спорттық-мәдени сауықтыру кешені, Түркістан қаласында Жеңіс саябағы, Отырар ауданында «Батыр аналар» гүлзары, «Менің Қазақстаным» аллеясы халық игілігіне берілді.
Оңтүстікте тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында осындай оңды істер атқарылып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.