22 Қазан, 2016

Журналистика ұстаханасы. «Дидар» газетіне - 85 жыл

706 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
img_0293Кенді Алтайдын бас басылымы 85-ке толып отыр.  Осы жылдарда  газеттің шежіреге толы 17366  нөмірі оқырман қолына тиіпті. Әр жылдары «Жұмысшы», «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» аталған басылым қара ормандай қалың оқырманымен бірге талайлы тағдырды бастан өткізді, қожайыны болған қоғамдық формацияның өктем үнін де, жылымық жылдарындағы жылы лепті де жұртына жеткізіп отырды. Қай кезде де қазақтың қамын ойлап, мүддесін көздейтін – ұлттық басылым. Кеше де, бүгін де «Дидар»  сол үрдістен жаңылмады. Әрине, бұл тұрғыда газеттің жолы даңғыл болды деп айта алмаспыз, басына оқтын-оқтын бұлт үйіріліп тұрды. «Жұмысшының» тұңғыш редакторы, Мағжан Жұмабаевтың туған бажасы, Алаш арыстарымен аралас-құралас болған Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» болып атылып кетті. Газетіміздің тарихи жолын ғылыми тұжырымдап, кандидаттық диссертация қорғаған басылымның он бірінші редакторы Айтмұхамбет Қасымовтың тұңғыш редактор жайындағы «Мәңгіліктің бекетінде» атты драмасын мерейтойға орайлас­тырып, оқырман назарына толық ұсындық. Құдайға шүкір, басылымда ұрпақтар сабақтастығы жал­ға­с­ты. Елімізге танымал қоғам қай­рат­кер­лері, талантты қаламгерлер тү­леп ұшты. Әтина Жәкетова, Жұ­ма­ғали Ысмағұлов, Шерияздан Елеукенов, Қапан Қамбаров, Ғаббас Қабышев, Уақап Қыдырханов, Кәдірбек Сегізбаев, Оралхан Бөкей, Кеңес Юсупов, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Тоқтарбек Қызықбаев, Қапан Сапарғалиев, Қапар Қабаев, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов еңбек еткен қарашаңырақ бұл! Біз осы 85 жылда қазақ баспасөзінің қарашаңырағында жұ­мыс істеген әрбір журналисті ұмытқан емеспіз. «Шығыс ақпараттың» баспаханасынан әр жылдары шыққан «Тарихи жол», «Шығыс Қазақстанның шынайы шежіресі» атты жинақтарда газеттің барлық бас редакторлары, журналистері, белсенді қоғамдық тіл­шілері жайында барынша сыр шер­ттік, қаламгерлердің өздері ес­т­е­лік айтты. Ал аға буынның та­рихи жолын жалғастырып, ел­дің бүгінгі өмірі, тұрмыс-тіршілігі жай­ында қалам тартып жүрген журналистерімізбен оқырман қау­ым нөмір сайын жүздеседі. Олар­­дың көтеріп жүрген сан-са­лалы тақырыптарынан елі­міздің, өңіріміздің әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық, қоғамдық-саяси, мәдени-ру­хани  тынысын сезінесіз. Еңбегіміз же­міссіз емес. Елбасы саясатын, осы орайдағы облыс басшылығының ұтымды ұйымдастырушылығын кеңінен насихаттағанымыз үшін Президенттің баспасөз саласындағы Грантына, Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болдық. Тәуелсіздік жылдарында жаң­ғы­р­ған ой-санамен бірге «Дидар» да қайта түледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, елі­міздің інжу-маржаны, алтын тәжі – Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуетін жаңа қырынан көрсетуге тырысып келеміз. Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген ұлылар мекенінің руханиятын паш ету де оңай шаруа емес екенін түйсіндік те, тың жобаларды қолға алдық. Танымдық дүниелерді арқалаған қалың «Дидар» апта сайын оқырманға жол тартты. Соған орай ел ішіндегі қоғамдық тілшілеріміздің белсенділігі артты. Редакция қоржынына жыл сайын төрт мыңнан астам хат түсетін болды. «Алаштан шыққан алғашқылар», «Қағаз бетіндегі айтыс», «Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың», «Көнерген сөз көмбесі», «Адамның кейбір кездері – көңілде алаң басылса...», «Ауылдың айтқыштары», «Айтылмай кеткен ақындар», «Біздің балуан: танылмай қалған тарландар», «Иманшарт» сияқты айдарлармен берілген дүниелерді оқушы қауым жылы қабылдады. Әдебиетке, мәдениетке, өнерге арналған топтамалардан басқа, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін арнайы бет арнап келеміз. Облысымызда басқа өңірлерде жоқ «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» акциясы қолға алынғаны белгілі. Осы орайда, Шығыстан шыққан барша таланттарды, қоғам қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, сазгер-әншілерді, спортшыларды  Астанадан, Алматыдан, өзге өңірлерден іздеп-тауып, «Дидардың» қонағына» шақырып, сұхбат алдық. Сөйтіп, олар сыр бөлісе отырып, елімен қауышты. Бұйырса, әлі талай жаңа жобаларды оқушы назарына ұсынамыз. Бұған «Дидар» ұжымының шығармашылық әлеуеті жетеді. Мерейтойға орай арнайы нөмір арнадық. Облыс әкімі Даниал Ахметов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан бастап,  жас тілшіге дейін құттықтау жолдады. Әрине, мерейіміз өсті. Оқырман арнайы репортажды, лебіздерді, естеліктерді оқып, өткеніміз бен бүгінгі тыныс-тіршілігімізді тағы бір саралады. Біз оқушы қауымға  арқа сүйейміз. Ақыл қосар, әділ баға берер жанашыр оқырманы барда, «Дидардың» таралымы жыл өткен сайын артатынына сенімдіміз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген газеттің 85 жылдығына орай мүшәйра ұйымдастырып едік. Ел ішінде жүрген  отыздан астам ақын жыр арнапты. «Дидарға» деген сүйіспеншілікті сезіндік. Алдағы өтетін салтанатта мүшәйра қорытындысы әйгіленген соң, арнау жырларды жариялайтын боламыз. Ойлы оқырманның сенімінен асқан баға жоқ. Осы 85 жылда талай белесті бағындырған «Дидар» газетінің шығармашылық ұжымы бұдан былай да тәуелсіз елдің шежіресін жазуды басты міндет санайды. Уәлихан ТОҚПАТАЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің  бас редакторы Өскемен