04 Наурыз, 2011

Арқалағаны нардың жүгі

476 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ӨР АЛТАЙДЫҢ ТӨРІНДЕ Төр Алтайдың бүге-шігесін, бар болмысы мен қыр-сырын, аспанмен таласқан биік таулардан құлап ақ­қан Бұқтырманың сылдырын алыста жат­са да естіп, ел десе елеңдеп тұ­ра­тын бір азамат бар. Оның суреттеп жеткізе алмайтын басқа да қа­сиеттері толып жатыр. Замандас­тары Шаймардан Сүлейменұлы Ора­заев төңі­ре­гінде әңгіме бола қал­са, бір там­са­нып алып «аң мен құс­ты, өзен­дер мен көлдердің ба­лы­ғы мен бақа­сын, мың жылдық самырсын мен қарағай, балқарағай, жер атау­лары мен тарих­ын терең білетіні рас», деп еріксіз мо­йын­дайды. Жа­қында Шә­кең­мен жо­лыққанда көз алдыма осы­дан ширек ғасырдай бұ­рын болған кездесу еріксіз келді. 1990 жыл. Іссапармен Катон­қара­ғай ауданына бардық. Ол кезде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне меншікті тілші болғаныма жарты жыл да өт­пеген. Аталмыш ауданның аг­ро­өнер­кәсіп саласында елді елең ет­кізетін құнды жаңалық дүниеге келіп, аудан­дағы 7 кеңшар, басқа да бірнеше ауыл шаруашылығы құры­лым­дары «Ақмарал» деген атауға ие болған агрокомбинат құрамына енген. Оның бас директорлығына бұған дейін комсомол ұйымының, кәсіподақ пен партия комитетінің төрағасы және хат­шы­сы, аудандық атқару комитеті төр­аға­­сы­ның орынбасары қызметінде ысыл­­ған, тіпті өзінің кәсіби маман­дығы ор­ман саласында да ұзақ жыл­дар қыз­мет еткен білімді де білікті Шаймардан Оразаев тағайындалды. Бас директорға ауданның қай са­ла­дағы болсын жай-күйі жақсы та­ныс болатын. Сол жылдары аудан­да 10 мың марал, 3,5 мың теңбіл бұғы, 147 мың қой-ешкі, 12 мың ірі қара, осыншама жылқы бар болатын. Қайта құрудың дүмпілі естіліп жатса да ауданның экономикасы ол кезде ыдырап, күйзеліске түсе қоймаған. Бас директор бізді жылы қарсы алды. «Ақмарал» агрокомбинатының бола­ша­ғы зор екеніне тоқтала кеткен Шәкең алдағы іс-жоспары жайлы хабардар етті. Жақын арада мұхиттың ар жағына барып, пантыны ол жаққа өткізу жоспары ойда бар деген еді Шәкең. Іссапарда болған кезде аудан­ның бірнеше кеңшарын араладық, атқарып жатқан істерімен таныстық. Қай жерде болсақ та, пысық азамат­тың айшықты іздері жатыр. Арада екі-үш жыл өте шықты. «Ақмаралдың» атақ-даңқы елге тарай бастады. 1991 жылы Шәкең АҚШ-тың Сан-Франциско штатына сапарға шығып, бес тонна пантыны өткізіп, 2,5 миллион шетел валюта­сын алып келді. Ол кезде бұл қыруар қаржы. Марал басын көбейтті, оның тұқы­мын асылдандыруға да көңіл бөліне бас­тады. Аудан басшылары тәжі­ри­бе жи­нақтап, келіссөздер жүр­гізу үшін Шәкеңді Америкаға, Англия мен Қы­тай­ға, Ресейге бірнеше рет іссапарға шығарып алды. Ондағы мақсат – аудан экономикасын көтеру, озық тәжі­ри­бені қолдану. Ақыры іс нәтижесін беріп, орталықтан қаржы­лан­дыру көптеген ірі ғимараттар, жолдар мен көпірлердің салынуына ықпал етті. Әрбір шаруашылықтың экономика­сын көтеру нәтижесінде көптеген әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып жатты. Осы жылдар ішінде Ка­тонқарағай ауданында 150 шақырым жолдың іргесі көтеріліп, жүз шақы­рым­ға асфальт төселді. Ар­шаты мен Ақсу ауылдарына жету мұң. Биік құз жартастарды жарып сал­ған жол толас­сыз жауған жаңбыр­дан соң көктай­ғақ­қа айналады. Не істеу керек? Тас төсеп, Бұқтырмаға қарай сырғып кетпес үшін өзеннің жағасына тіреу орнату қажет. Міне, осы істің басы-қасын­да шаршамайтын Шәкең жүрді. – Сол кездегі аудан басшылары­мен бірге тізе қосып аудан эконо­ми­касын көтеру үшін резервтер көзін іздестіре бердік. Катонқарағай ауда­ны­ның бейнеті көп болса да, таби­ғат-ана сыйлаған байлық шаш-етек­тен. Тек ретін тауып, орманнан да, бесінші түлік марал мен теңбіл бұғыдан да қаржы таба біл. Ал бейнеті мол дегенге келсек, биік таулар мен құз-жар­тастарды бұзып жол салу қиын­ның қияметі. Ақсу, жоғарғы Катон ауыл­дарын алайық. Жамбыл мен Фадиха арасы да оңып тұрған жоқ. Қар­жы көз­дерін тауып, алғаш­қы 45, ал соң­ғыс­ына 40 шақырым жолды салу­ға тура келді. Арлы берлі жүріп жат­қан жо­лаушылардың алғысын естіген кезде еңбегіңнің еш кетпегеніне қуа­на­мыз. Жоғарғы Катон кеңшары өз қаржы­сы­на 504 орындық мектепті салып алды. Ка­тон­қарағай кеңшары мен Жамбыл ауылдарында 300 орын­дық мәде­ниет үйін пайдалануға бердік. Тұр­ғын үй құрылысы да ерекше қар­қын­мен алға басты. Бұл істің ба­сы-қасында жүр­гені­мізді мақтан тұ­та­­мын. 1996 жылға дейінгі жеті жыл­да ауданда тұрғын үй қоры 19 па­йыз өскен екен. Демек, әрбір бесінші үй жаңа салынды деген сөз. Агрокомбинат құрамына енетін шаруашы­лық­тар­дың барлығы рентабельді жұмыс істей бастады, – деп Шәкең сол кездерді еске алады. 1993 жылы барлық жерлердегідей ауданда да жекешелендіру нау­қа­ны бас­талып кеткен соң Ш.Оразаев агро­комбинаттың бас директорлығы қыз­метін доғарды. «Ақмарал» жа­был­ған соң оны аудандық ауыл ша­руашы­лы­ғы басқармасының басты­ғы қызметіне тағайындады. Бұл қыз­мет­ті де іскер азамат шебер ұйым­дас­ты­ра білді. 1997 жылы Үлкен Нарын мен Катонқарағай бірігіп, іріленген соң ол аудан әкімінің орынбасары – Катонқарағай ауылдық округінің әкі­мі қызметін атқара бас­тады. Шынын айту керек, шекаралас, шалғай аудан­ның күйі кетіп, барлық мәселелер тығырыққа тірелді. Қаржы азайған соң шаруа оңсын ба? Алайда, іскер басшы тағы да тұйықтан шыға білді. Арлы-берлі шапқылап жүріп, проб­ле­маларды шешуге белсене ара­лас­ты. Жекешелендіру кезінде пай­лары­­нан айырылып қалған азаматтар да кездесті. Олардың барлығы әділет үшін Шәкеңе келіп, мәселені оң шешуді өтінетін. Өзінен гөрі өзгелердің қамын күйттейтін азамат жерлестері үшін барлық жағдайды шешуге тыры­са­тын. Алғыс арқалаған азамат жеті жыл аталмыш қызметте болып, абы­ройға бөленді. 2004 жылы Шы­ғыс Қа­зақстан облысының табиғи ре­сурс­тары және табиғат пайда­лану­ды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесіне бас маман болып қыз­мет­ке орнала­са­ды. Бір кездері Ле­нин­огордағы ор­ман техникумын тәмамдап, орманшы мамандығын ұнатқан Шәкең Катон­қарағай механикаландырылған орман шаруашылығында инженер, прораб, өндірістік саланы басқарып, мол тәжі­ри­бе жинақтады. Енді, міне, кәсіби ма­мандығы қажетке жарап, өзі ұната­тын қызметке қайта оралудың сәті түсті. ТАБИҒАТТЫҢ ТАМЫРШЫСЫ Еліміздегі орман қорының 70 па­йыз­ға жуығы Кенді Алтайда екенін екі­нің бірі біледі десе қателесе қой­май­мыз. Табиғат-ана сыйлаған өлшеу­сіз байлықты қадірлеп жүрміз бе, міне, осы сауал Шаймардан Сү­лей­менұлын қатты толғандырады. Өкі­нішке қарай, орман байлығын аяу­сыз отайтын жат пиғылды адамдар­дың азаймаса, көбе­йіп бара жатқаны шындық. Тіпті, ор­манға әдейі өрт қойып, күйіп кеткен ба­ғалы ағашты отынға немесе су тегінге сауда­лай­тын екі аяқты пенделер­дің кездесетіні жанға бататыны да рас. Табиғат байлығын қорғауда да іскер маман аянбай еңбек етті. Мемлекеттің бай­лы­ғына қол сұққан талай жан­дарды жауапқа тартты. Бұл қызметте алты жыл еңбек етіп, өткен жылдың со­ңын­да Өскемен орман шаруашы­лы­ғы мемлекеттік мекемесіне директор қызметіне тағайындалды. Аталмыш мекемеге Серебрянка, Бобровка, Комсомол, Тарханка және таулы Үлбі орманшылықтары қарай­ды. Бұл мекемеде 240 адам еңбек етеді. Олардың мақсаты мен мүддесі – ор­манды қорғау, жаңа ағаш кө­шет­терін отырғызып, ел байлығын еселей түсу. Мекемеге қарасты бес ор­ман­шылықтың табиғи байлығы 246 мың 530 гектар жерді алып жатыр. Олар Зырян, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарының аумағына орналасқан. Орманның ең бірінші жауы – өрт. Ал өрттің алдын алудың сан-қилы жол­дары бар. Өткен жылдың көкте­мін­де Шә­кеңнің тікелей ұйымдас­тыруы­мен ор­ман­ды авиациямен қор­ғау, тө­тен­­ше жағдайлар жөніндегі басқарма және ауылдық округтер әкімдерімен бірлесе отырып таулы Үлбі орман­шы­лығы аумағында орман өртін жою, оны бол­дырмауға арналған оқу-жаттығу өт­ті. Оған тікұшақ, үш өрт сөндіру кө­л­ігі, шаруа қожалықтарындағы жер жыр­татын соқалары бар бірнеше трактор, жүзден астам адам қатысты. Міне, осындай оқу-жаттығулардың көп пайдасы бар екеніне Шәкеңнің көзі жеткен. Мәселен, өткен жылы болған шағын өрттер дер кезінде сөн­діріліп, апаттың алдын ала білген. Тек таулы Үлбі, Серебрянка және Комсомол орманшылықтарында өрт­тің алдын алу және қысылтаяң кезде пайдалы шешім қабылдау нәти­же­сінде небәрі 0,004 және 0,002 гектар жердің ағашы бүлінді. Егер дер кезінде шара қолданылмағанда оның зардаптары ора­сан болар еді. Жаңа жылдың қар­саңында орман алқап­тарында үш ба­қы­лау-тексеру қосы­ны, екі ұтқыр топ құрылды. Орман­ды қорғаушылар да шырша ұрлау­шылардың жат әрекет­теріне тыйым салу мақсатында күн­діз-түні қыра­ғы күзетте тұрды. Ол ол ма, Шә­кең­нің ұйымдастыруымен ор­ман­ды өрт­тен қорғау, браконьерлерге ты­й­ым салу үшін 245 рейд пен 217 тексерулерді жүргізді. Нәтижелері жаман емес, осындай профилакти­ка­лық ша­ра­лар жүр­гізу өз жемісін бер­ді. 51 адам әкім­шілік жауапкерші­лікке тар­ты­лып, келтірілген зиян­ды өтеу үшін 606,7 мың теңге төледі. Орман байлығы – ел қазынасы. Ел­ба­сының Қазақстан халқына Жол­­дауында ел байлығын көздің қара­шы­ғындай сақтап қана қоймай, оны еселей түсу міндеті қойылғаны белгілі. Сондықтан да ормандағы қыл­қан жапырақты ағаштарды қалпына келтіру үшін көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Біздің екі орманшы­лықта тұ­қым-бақ бар, өткен жылы Бобров­ка­дағы орманшылықта жы­лы­ж­айды ке­ң­ей­тіп, көрші Комсомолда жылы­жай салуды қолға ал­дық. Бұл бақ­тар мен жылы­жайларда қайың, шыр­ша, емен, шәң­гіш егеміз. Өткен жыл­дың көк­темін­де таулы Үлбі ор­ман­шылығы­ның мек­теп бөлімінде қазақ­стандық қыс­қа шыбық және бәй­терек өсіре бастадық. Оның саны 20 мың­нан асады. Алдағы екі жылға жұмыс жос­парын бекіттік. Яғни, 155 гектар алаң­да ағаштарды қалпына келтіру, қо­сымша 15 гектарға көшет­тер­ді отыр­ғызу қарастырылған. Со­ны­мен қатар, Қызыл кітапқа енген бағалы аң-құстар­ды қызғыштай қор­ғау мақ­сатында да бағдарлы жұмыс­тар жүріп жатыр. Бұлан мен марал орманшылықта кө­бе­йіп келеді, құн­дыз және тырна, бас­қа да құстарды қорғап қана қоймай, оларға табиғи минералды заттарды тауып береміз, деп табиғат тамырын дөп басатын Шаймардан Оразаев біраз мағлұмат­тар бере кетті. Шаймардан Сүлейменұлы жетекшілік ететін ірі кәсіпорында проблемалар да аз емес. Мекемеде білімді де білікті кадрлар тапшылығы сезіле бас­таған. Өткен жылы Риддердегі аграр­лық-техникалық колледждің орман ша­руашылығы мамандығы бөліміне 15 адамды өндірістен үзбей оқуға жіберген. Тағы 15 адамның білімдерін жетілдіріпті. Кадрлар тапшылығының та­ғы бір себебі, аталмыш салада ең­бек ететіндердің жалақысы мардым­сыз. Мәселен, жоғары білімді қыз­метін енді бастаған инженер бар-жоғы 27 мың теңге алады. Егер он жыл еңбек етсе, жалақысы 30 мың теңгеге әрең жетпек. Ал орман шеберінің ала­тыны тіпті аянышты, 25 мың теңге ға­на. Комсомол орманшылығында өткен жылы 17 адам жұмысқа қабылданса, боса­тылғаны 12 адам. Ал Серебрян­ка­дағы жағдай тіпті көңіл көншітпейді, еңбек ететін 48 адамның 25-і жал­ақының аздығынан жұмыстарын тастап кеткен. Кәсіпорын басшысы бұл пробле­ма­лардың шешімін табуға бо­латынын айтады. Рас, Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі Орман ша­руа­шылығы ко­ми­тетінің басшылары қолдан келген көмегін аямайды, ал­дағы уақытта бұл мәселе шешімін та­батын шығар. Еліміздегі қаржы дағ­да­рысы қашанғы созыла берер дейсіз. ДОСТАРЫМДЫ САҒЫНДЫМ... Міне, өзінен гөрі өзгелердің қа­мын көбірек күйттейтін, ел байлығын еселей түсуге елеулі үлес қосып жүр­ген Алтайдың ажарлы азаматы осы­лай деп сыр шертеді. Шәкеңнің дос-жарандары көп. Алматылық Байназар Нұралыұлы былай деп сыр шертеді. «Өр Алтай жерінің қыр-сырын, мінез-құлқын, өзен-суының тура ақ­қаны мен теріс аққаны, аң-құсын, жер атауларының түп мағынасы мен тарихын Шәкеңдей білетін азаматты кездестірмеппін. Көрші халықта мұн­дай тұлғалы азаматтарды натуралист деп атайды. Міне, солар жайлы көбі­рек айтсақ, ұтылмайтынымыз анық», десе Астанада тұратын, ұзақ жыл­дар Катонқарағай ауданын, министрлік­тің Өскемендегі аумақтық агроөнер­кә­сіп саласын басқарған үзеңгілес досы Жанымхан Құндызбаев «Шаймардан Сүлейменұлы қарапайым, іскер, техникумды да, Алматы Жоғары партия мектебін де қызыл дипломға бітірген өте білімді азамат, ол өзінің Катонқарағай ауданының экономика­сын дамытуға ерекше үлес қосты, жер­лестерінің арасында беделі зор», деп толғанады. Екі азамат та Шәкең­нің 60 жылдық мерейтойы қарсаңын­да өздерінің жүрекжарды лебіздерін ақ қағазға түсірген екен. Ел мақтаған, жерлестері жақта­ған Шәкеңнің өмірлік қосағы Мә­рия Зият­бекқызы қазір Үлбі металлургия зауы­тында жұмыс істейді. Шәкең мен Мәрия екі ұл, бір қыз тәр­биелеп өсір­ді, жоға­ры білім бер­ді. Үлкені Құр­мет – Тимирязев атын­дағы ауыл шаруашы­лығы ака­де­­мия­сын бітірген, «Қазпошта­ның» Шығыс Қазақ­стан об­лыстық фи­­лиа­лын басқарған, қазір Алматы­дағы Еуразия сауда биржа­сын басқа­ра­ды. Құр­мет пен келіні Жаннадан Азамат, Әсем және Айзере деген немерелері бар. Қыз­дары Наз­гүл облыс­тық статистика бас­қар­ма­сы бастығы­ның орынба­са­ры. Күйеу ба­ла­сы Бауыр­­жан екеуі Ер­кежан, Елнара деген сүйкімді ба­ла­ларын өсіріп жатыр. Ал кенже ұл­дары Қайрат та жоғары білімді, қазір Зайсанда іздестіріліп жатқан мұ­най саласында ең­бек етуде, ма­ман­дығы эко­номист. Міне, Кенді Ал­тайға сый­­лы Шәкеңдей азаматты мәуелі бәй­те­рекке теңесек, оның ұл-қыз­дары, немерелері өздері­нің оқу­лары мен ең­бек­терімен жемісін беріп жатыр... Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.