(эссе)
Дүниеде адамдардың бiр-бiрiне мейiрiм-шапағаты, iлтипаты мол болып, бiр-бiрiнiң бағасын бiлгеннен артық ештеңе жоқ екен. Егер осы қарапайым қағида сақталса, адамдарға алаңсыз өмiр сүру аса қиынға соқпас едi. Көптi көрген көнекөздер айтпақшы, ондайда кездескен қиындық ер- азамат үшiн ештеңе емес, тек қырсығынан сақтаса болғаны, деп өзiңдi өзiң жұбатқың-ақ келедi. Сол қырсық табан астынан пайда болып, соңғы уақытта өзiм жаныммен жақсы көретiн екi адамнан айрылып, жабырқау күй кештiм. Жабырқау болғанда да, рухани жабығу. Өйткенi екеуi де рухы биiк, руханият адамдары едi. Бәлкiм, мұнымыз да асылық болар, тағдырдың жазмышы шығар. Алайда «Әкем өлген кезiнде де бұл менi өртемеген сағыныш» деп ұлы Төлеген ақын айтпақшы, сағыныш, деген бiр жаралы жанрмен ауырғалы да қырық күн зыр етiп өте шығыпты.
Сол екi аяулы жанның бiрi – Қадыр аға Мырза Әли.
Өзi қысқа ғана атауды «Қа-л-и-и» деп созып айтып, күнара телефон шалатын ұлы қазақтың қоңыр дауысы ендi естiлмейдi. Ендi қайталанбайтын ондай дауысты жазып алып қалатын пысықтық қанымызға басқаның қаны араласпаса, нағыз қазаққа қайдан келсiн.
Қадыр аға алпыс жасқа толғанда «Егемен Қазақстанда» «Дала домбырасы» деген эссем жарық көрдi. Ақынның тойын Батыс Қазақстан облысы дүркiретiп өткiздi. Сол күндерi түн ауа пәтер телефоны безiлдеп қоя берсiн. «Егеменнiң» осы облыстағы тiлшiсi, танымал қаламгер Темiр Құсайын екен. Шешен сөйлейтiн Темкең Қадағаңның тойы дүрiлдеп өтiп жатқанын, эссемнiң той мiнберiнен аталғанын, әсiресе ақынның риза екенiн айтып ақжарылқап ақпарат жеткiздi. Әуелде жазуын жазып алып, «осы дүниемнiң әсерi қалай болар екен, аса талғампаз, тектi дарынға ұнай қояр ма, одан да архивiмде жата берсе қайтедi» деген алуан ойдың құшағында болғанмен, мына телефондағы сөз ұйқымды шайдай ашты. «Жыбырлап қалған қол бiрдеңе iстемесе отыра алмайды» деп бiр апамыз айтпақшы, жазып қалған қол да тыныш отыра алмайды екен. Бар қазақ қадiр тұтатын Қадырдың шығармашылығы, болмысы, тiршiлiгi туралы түзiп жүретiн ойларымыздың ел тарапынан ыстық iлтипатқа ие болуы, шыны керек, шабыс тiлейтiн, мақтан естiгiсi келiп тұратын албырт көңiлге от ала келгенi де рас едi. Оның үстiне мектеп қабырғасынан, студент кезден Қадырмен ауырған бiз оның алдында қарыздар тәрiздi едiк.
Арагiдiк амандасып қана қоятын ақынмен, мiне, содан берi 15 жылдан астам уақыт жұп жазбадық.
Баяғыда бiреу: «Мен Абылайханның арбасын айдаған арбакештiң көршiсiмiн», дептi ғой. Әуелде сол байғұстың күйiн кешiп бастаған бiз де көршiлiктен алыстап, айрылмас ағайынға айналып кеттiк. Алғашқыда қиындау кiсi болар деп жүрген ойымыздан түбiр де қалмады. Өлеңдерi қандай қарапайым, халықтық болса, өзi де сондай болып шықты.
Ең алғашқы ақынға айтқан сөзiмiз «тойыңыз құтты болсын» едi. Сонда ағаның айтқаны: «Сендерге той керек, маған ой керек», болды. Уақыттың қадiрiн бiр кiсiдей бiлетiн ақынның бұл сөзiн қостамасқа шара жоқ едi. Содан бастап бiздiң өмiрiмiзде шын мәнiндегi ой кешулер басталды. Қадырдың ой орманына еніп кете бардық.
Қадырмен әр кездесу әр қазақ үшiн тегiн өткенiн көргенiм жоқ. Онымен әр кездескен қысқа ғана сәттiң өзiнде телегей-теңiз iлiмнiң бiрнеше бетiн парақтап шыққан болар едiк.
Тiптi ол кiсiмен кездеспей-ақ сырттай тәнтi болатындарды да көп кездестiрдiк. Бiрде кiлең дәрiгерлер жиналған бiр ортаға кез болдым. Әдетте ортасы орысша болып келетiн бұл қауымнан аса көп әңгiме де күтпейсiң ғой. Сол отырыста Құдайберген Бекiшев деген әншi «Атамекендi» орындады. Бiр кезде қасымда отырған бiр дәрiгер: «Қазақтың сөзiн айтамын да, қараңызшы, «күннiң көзi ұясына, қимай оны батады екен» дейдi. Қандай ғажап сөз. Осындай сөз жазған адам да жер басып, дүниеге сыйып жүр-ау», дедi.
Ал ендi бұған не дейсiз?!
Бұл заманда аштан өлетiн жағдай жоқ. Iзденемiн, еңбектенемiн деген адамға бұрынғыдан бетер жол ашық. Тек iстiң көзiн таба бiлсең. Әркiм өз қабiлетiне қарай өмiр кешедi. Алайда өнердiң адамына қашанда қай орта болсын олқы соғып тұратыны, оның талабын тек қана өз кеңiстiгi қанағаттандыратыны белгiлi ғой. Сондайда ондай кiсiге Қадыр кездессе деп тiлейсiң. Сiрә, оның бақыттан басы айналар едi.
Заман нарыққа көшiп, ел көңiлi елең-алаңға түскен шақта бiз де өз қағымыздан жерiне бастағандай болып едiк. Өмiр бойғы армандаған кәсiбiңдi бiр сәтте тастай қашып, күнкөрiс қамымен қу тiрлiктiң соңына түсiп, әп-сәтте байып, шекемiз шылқып кететiндей көрiнгенбiз. Былайша айтқанда, ол бiр жар шетiнде тұрған кез едi ғой. Өз басымды осынау сәт сайынғы сұмдық толқулардан құтқарған Қадыр аға едi.
Сол жылдары Қадыр аға «Жазмышты» жазып бiтiрдi де, «Жас Алашқа» ұсынды. «Жазмыштан» соң «Иiрiмдi» жазды. Заманның түрi мынау, ал Қадыр аға шабытына қайта мiнiп, жас жiгiттерше жалындап, жанығып жұмыс iстедi.
Талантты кiсiге дауа жоқ. Ол заманға тез бейiмделедi. Бұл кезеңнiң де сырын Қадыр ақын тап басып таныды. Талабын, ойын, мұратын бiле қойды. Ол қазiргi жастардың тұрғысынан ойлай бiлетiн ойпаз екендiгiн тағы бiр мәрте дәлелдедi.
Бiр күнi Қадыр аға маған: «Сенiң өзi кiтабың шығып па едi?» дедi. «Қайдан шықсын, қазiр кiтап шығаратын заман ба?» дедiм. «Жоқ, бұлай болмайды. Сен кiтабыңды дайында, алғысөздi өзiм жазамын», дедi. Осыдан кейiн әуелде бiр орында тұрақтамай, нiлдей бұзылып жүрген көңiл орныққандай, бiр үмiт пайда бола бастады. Қадыр аға ой салып, әр жерде шашылып жатқан дүниелерiмдi жинай бастадым. Содан араға жылдар салып «Қазығұрт» баспасынан «Өнер-өмiр» деген кiтабым ақынның алғысөзiмен шықты.
Әрине, бұл ойымды мақтан үшiн айтып отырғаным жоқ десем, ешкiм сенбейдi. Қазақтың Қадыры мақтап жатса, қуанбайтын жының бар ма? Айтайын дегенiм, ақынмен шығармашылық байланыстың арқасында «Жас Алаш» жылдар бойына оның екi кiтабын үзбей жариялады. Бұл бiз үшiн де, оқырман үшiн де үлкен олжа болды. Басылымның қиын кезде таралымының артуына зор ықпалы болды. Оқырманның осынша өмiрдi, осынша қызықты, қиын, күрделi тағдырларды, құбылыстарды, жаңалықтарды, оқиғаларды өмiрбақи бiлмей иә оқымай, еш жерден кездестiрмей кетуi де әбден мүмкiн едi ғой. Демек, бiз Қадыр арқылы оқырманның шын мәнiндегi талант-тағдыр туралы таным-түсiнiгiн, ой өрiсiн молайттық, бiр сатыға көтердiк деп бiлдiк. Бiреулер өмiрбақи iздегенiн «Жазмыштан» тауып жатты. Кейбiр түсiнiксiз құбылыстардың сырына «Жазмыштан» жауап тапты. Оған дәлел «Жазмыш» жарияланған бiр жыл бойына редакция телефоны жиi сыңғырлады. Жолға шықсаң алдымыздан «Жазмыш» күтiп тұрды. Көзден таса қылып алған нөмiрлердi редакцияға iздеп келiп, «тауып бер» деп әлек салғандар да болды. Әрине, бұлай iстеу тек қазақтың ғана қолынан келедi. Жұрт жақсы кiтапқа шөлiркеп жүрген шақта бұның аса қажет iс екенiн түсiндiк. Әуелгi ойымыздың үдесiнен шықтық. Мұндай iстiң қажеттiгiн бiзге Қадыр жақсылап тұрып сезiндiрдi.
Бұдан кейiн өз басымды киоскi ашқан адамға таңдана қарап жүретiн әуелдегi пендешiлiк ойлардан арылтып, тосқауыл қойып, қысқасы, менiң алдағы өмiрiме күрт бетбұрыс жасап, баспасөздiң босағасына байлап қойды.
Бұл бұл ма, бiр күнi телефон шалып: «Қал-и-и, мен мына «Таң-Шолпан» деген журналға Әбекеңнiң шақыруымен қызметке тұрып жатырмын. Мен саған бiр қызық айтайын, мынадай шешiмге келiп отырмын», дегенде барып, iшiмнен жұптап қойған ойымды ағаның көңiлiне келмейтiндей етiп айтуға өзiмдi дайындап та үлгергенмiн, бiрақ Қадағаң сұңғыла кiсi ғой, «жоқ, сенi қызметке шақырсақ бәрiбiр келмейсiң, сен мен бiлсем бар ғой, әңгiме жазатын адамсың. Себебi, мақалаларыңнан әңгiменiң сарынын, әңгiмеге тән қасиеттер байқаймын, сезiледi. Бiзге бiр дүние ұсын», дедi.
Ертеректе Аманкелдi Сембиннiң өмiрiнен «Сеньор Саттаров» деген бiр әңгiме жазған едiм. Сол әңгiменi толықтырып, хикаят жазып жүретiнмiн. Осы хикаятты ұсындым. Содан бiр күнi «Таң-Шолпан» журналының бiрiншi бетiнен бастап жарияланды. Сол жолы Қадекеңнiң өз қуанышынан бетер қуанғанын көрдiм. Кейiннен бұл хикаятқа Әбдiжәміл Нұрпейiсов ауруханада жатқан жерiне шақырып алып жақсы пiкiр бiлдiрiп, бұл Қадыр аға үшiн де екi мәрте абырой болғанына, ағаның сенiмiнен шыққаныма кәдiмгiдей күмпиiп, журналистиканы тастап шығып, «баю» жолына түсемiз деген бiр кездегi арманмен бiржолата қоштастық.
Қай басылымда қызмет етсек те ағамен байланысымыз бiр сәтке үзiлген емес. «Алматы Ақшамына» келген күннен бастап бiздiң тұрақты авторымызға айналды. Автор ғана болып қоймай, қызметке тұрды. Су жаңа афоризмдерiн жариялай бастадық. Жұрттың пiкiрi керемет. Әр күн сайын бiрнеше адам редакцияға телефон шалады. «Құдай-ау, осынша ой кiп-кiшкентай, тұйғындай адамның қай жерiнен шығады?» деп таңқалады. Шынында да бiр-екi жолдан ғана тұратын афоризмдердiң қай-қайсысынан да болсын бүгiнгi күннiң болмысын бедерлейтiн қаншама жауап табуға болар едi. Ешкiмнiң iзiне түсiп, түнде көлеңке iздеп мақала жазбай-ақ, бiр-ақ ауыз сөздiң құдiретiмен де газет шығаруға болатынын ұқтырып едi бiзге Қадағаң. Тiптi бiрiншi беттен «Ақшамның» афоризмi» деп ақын сөзiн өзiмiз иеленiп те алатынбыз. Афоризмдердiң өмiршең болғандығы сонша, билiк дәлiзiнде көбiрек жүремiз ғой, сонда әдебиеттен алыс адамдардың Қадағаң шығатын күндi асыға күтiп, қойын дәптерiне түртiп жүретiнiн де байқап қалатынбыз. Қысқасы, афоризмдер бiздiң қалың оқырманның ойынан дөп шыққан дүние болды. Кей күндерi бұл нөмiр қолына түспей қалғандардың редакцияға ат сабылтып жететiндерi де жоқ емес едi. Сол күндерi Асанәлi Әшiмұлының күнделiгi де қоса жарияланып, екi жүйрiк қоса шауып, рухани кеңiстiкте көл-көсiр қуаныш болып, көңiлiмiз асып-тасып жүргенiн де қалай жасырайық. Сондай күндерде қашанда әзiлi даяр тұратын Асағаң: «Әй, мынау Қадырдың қалысатын түрi жоқ қой», дейтiн. Тағы бiр күнi Асекең: «Әй, менiң нақылдарым азайып қалды-ау деймiн, Қадыр ағама звандап қарызға афоризм сұрасам қайтедi», деп тағы да бiр iшек-сiлемiздi қатыратын. Мұндайда қалысатын Қадағаң ба, қалжыңын әдеттегiден жұмсартып, «Асанәлi ортаймайды, ойлы жiгiт қой» дейтiн.
Бұл өмiрде қызық көп қой. Жұрт қарап жүре ме, осылай бiр рухани олжаға елдi кенелттiк деп жүргенiмiзде басқаларды көзi көрмейтiн бiреулер «немене, Қадырдан басқа адам жоқ па?» деп атынан ат үркетiн бiр жақтарға арыз домалатып та жiберiптi.
Қазақтың бар тұлғаларына тек қана қазақ деп қарайтын бiздiң биiк өлшемiмiзге бәрiбiр сызат түскен жоқ. Әлдекiмдердiң бөстекi сөзiне бола жолымыздан жаңылған жоқпыз, жариялауды жалғастыра бердiк. Өйткенi бiзге ешкiмдi алаламайтын, автор таңдамайтын қалың оқырманның пiкiрi қымбат едi. Сондықтан ақынның афоризмдерi «Алматы Ақшамында» өзi өмiрден өткенше әр бейсенбiде бес жылдан астам уақыт жарық көрдi. Бiз бұл iсiмiздi мiндетсiнбеймiз. Тұлғаның алдындағы парызымызды өтедiк деп бiлемiз. Оның үстiне Қадыр ағаның 75 жылдығына байланысты қабылдау кезiнде Алматы қаласының әкiмi, елжанды, ұлтжанды азамат Ахметжан Смағұлұлы Есiмовтiң өзi афоризмдер туралы терең ой бiлдiргенiн де естiдiк. Қалабасының осы бағасының өзi бiздiң ұлт үшiн қандай iске бел шешiп кiрiскенiмiздiң дәлелi болса керек. Замана тiптi қанша мамыражай болса да ұлттың рухани сұранысын қанағаттандыру, ұлтты құтқару тәрiздi қасиеттi, сауапты iс үздiксiз жалғасын тауып жатуы керек деген ойдан бiр сәтке ажыраған емеспiз. Ол үшiн ел құрметiне бөленген тұлғалардың толғанысының орны бөлек. Осындай ретпен Сәбит Оразбайдың, Әшiрбек Сығайдың, Кәдiрбек Сегiзбайұлының, Құлбек Ергөбектiң, Серiк Тұрғынбекұлының, Нұрғали Ораздың және басқа да қазақ зиялыларының газетiмiзде тоқтаусыз жарық көрiп жататын туындыларының оқырман үшiн қандай олжа екенiн айтып жату артық.
Әлгiнде рухани кеңiстiкте қоса шапқан «ой батырлары» (М.Әуезов) Қадекең мен Асекең дедiк қой. Мынадай бiр жәйт еске түсiп отыр.
Бiрде Қадыр аға тұратын Каменка елдi мекенiндегi бiр қамыстан салынған кафеде демалып отырдық. Қызды-қыздымен отырып Асанәлi ағаға телефон шалдық. Қадыр ағадан рұқсат сұрап едiк, қарсы болмады. Асағаңа «қарсыласыңыз» Қадырмен кездесуге қалай қарайсыз?» деп қағыта сөйледiк. «Қадырмен кездесуге жердiң түбiне болса да баруға дайынмын», дедi.
Асағаң бастан-аяқ аппақ киiнiп келiптi. Қадағаң Асағаңа қарап: «Әйелi ұқыпты адамдар аппақ киiнедi. Жорта айтамын, сен қандай киiм кисең де үстiңе кiр жұқпайтын азаматсың ғой», дедi. Асағаң да қалыспай, «Қадырға Қыдыр тәрiздi киiнiп келгенiм ғой», деп жатыр.
Осынау бейнелi сөзбен қанаттанып шалқып отырғандағы көңiл-күйдiң жетегiмен кеттiм бе бiлмеймiн, айналып келiп Асағаңды дарабозға теңеп сөз бердiм. Осы сөзден кейiн өзiм қарадай қысылайын. Ағасынан бұрын iнiсiне мынадай теңеу телiп, сөз беру қандай этикаға сыя қояр екен деп Қадағаң жаққа ұрлана көз тастап қоямын. Бәрiбiр әлгi сөз тамағымда тұрып қалды. Қашанда тапқыр Қадағаң бiрдеңе дей қалса өлген жерiм осы ғой деп қылпылдап отырмын. Құдайдың құдiретiн-ай, қысылғанда көмек қолын созғанын қарашы, әлде бiр жерден естiдiм бе, әлде сол сәт тiл ұшына оралды ма, «Асағаң дарабоз болғанда, сiз паровозсыз ғой», дегенiм.
Екi алыптың сондағы кеңкiлдей күлгенiн еске алсам, дәл қазiр де жүрегiм жылып қоя бередi. Екеуiнiң сол сәт жүректiң шамындай болып төңiректi жап-жарық нұрға бөлеп жiбергенi есiме түссе, қазақтың жақсы-жайсаңдары бiр-бiрiне ұдайы неге осылай жарық түсiрiп жүрмейдi екен деген ойдың да маңайын мамырлап кетесiң. Қадыр аға «Жазмышты» жазғанда әлем қаламгерлерiнiң тағдырын қаузады. «Иiрiмдi» жазғанда өзiмiздiң қаламгерлердiң өмiрiне терең барды. Пендешiлiктерiн де жасырмай жазды. Кейiн осы кiтапқа байланысты Қадағаңнан үлкен сұхбат алғаным бар. Сонда ақын: «Мен өмiрге екi келмеймiн ғой. Көп ойланып-толғанып бәрiн жазып кетудi ұйғардым. Бiрақ бiр өтiрiгi жоқ. Қайтесiң ендi. Өмiр ғой. Бiз неге оны жасырамыз?» деген едi. «Айту үшiн шындықты, өтiрiк қостым аздаған» деген өлең жолдарын ұлтқа қатысты шындықты жеткiзу үшiн жазғаны болмаса, шынында да мен бiлетiн Қадыр аға ешқашан өтiрiк айтқан емес. Қалай дегенде де «Жазмыш» пен «Иiрiм» қазақ рухани кеңiстiгiндегi соны құбылыс болған туындылар. «Ақиқат жөтел сияқты, жыбырлап тұрар тамақта» деп өзi айтпақшы, бұл екi кiтап сол ақиқаттың алтын көзiндей едi. Оның кереметi сонда одан әркiм өзiн айнадағыдай көре алатын едi. Өмiрiнiң соңғы жылдары «осы екi дүниемен рухтас «Патшалар мен пәтшағарлар» деген кiтап жазсам, материалдар дайын, тек мойын жар бермей жүр. Бiтiрген бойда «Алматы Ақшамына» ұсынамын» дейтiн. Сөз жоқ, бұл кiтап та Қадыр атына сай болар едi.
Жоғарыда айтқан екi жанның бiрi менiң кiшi шешемдей болып кеткен аяулы жеңгем, мұғалима Рыскүл Мағзомқызы Мұртазина едi. Сол күндерi осы екi кiсi де жан сақтау бөлiмiнде жатты. Бiрi – Алматыда, бiрi – Таразда. Қадыр ағаның ауруханаға түскен күнi ертеңiне «келiп кетесiң бе, қайтесiң» дегенi есiме түссе, әлi күнге ет жүрегiм езiлiп кетедi. Көңiл шiркiн жамандыққа қисын ба, әдеттегi тексерiлу болар, бүгiн-ертең кiрiп шығармын деп жүрiп, екi күннен кейiн барып едiм, жан сақтау бөлiмiне түсiптi, кiре алмай қайттық. Тек Салтанат жеңгейдi ғана жiбердi.
Қадыр ағаға топырақ салған күнi елден жеңгем қайтты деген хабар келдi. Әрине, бұл кiсiлер бiр-бiрiн бiлмейдi. Қадыр ағаны олардың бәрi бiледi. Олар маған көңiл айтты. Жеңгем марқұм әдебиеттi көп оқыған, әсiресе мен сияқтыларға бесiншi кластан бастап «Огонёктi» оқытқан, бiр кездерi Сарысу ауданының бiрiншi хатшысына: «Мен Сарысуда мұндай адам бар екенiн неге бiлмеймiн, хатшының орны осы кiсiнiкi екен ғой», деп бармақ шайнатқан жеңгем Қадыр ағаның маған рухани демеу, ұстаз болып жүргенiн елден ерек мақтан тұтатын едi. Топырағың торқа болғыр жеңешем сол бiр қиналып жатқан күндерi қасында болмағаныма ұстазымның басындағы жағдайды бiлгенде кешiрiммен қарар едi-ау деп және ойлаймын.
Бұл жолы келмеске кеткен көркем күндердiң бiр сәтiн қаз-қалпында ғана көктей шолып айттық. Ақын туралы терең толғап жазар күн әлi алда. Әлi талайлар Қадыр туралы қалам тербейтiнiне шүбә жоқ.
Қазiр қаралы көңiл бәрiне сенгендей.
Бүгiнде осы бiр рухани тағдырлары ұқсас жандар салған азаптың ауылы да алыстап бара жатқандай едi. Солай екен ғой деп жүрген бiр күнi редакцияға бiр қазақ телефон шалып: «Ендi Қадырдың афоризмдерi тоқтай ма?» дедi.
Мен: «Қадыр тоқтамайды ғой», дедiм.
Телефон шалған қазақтың не кiнәсi бар? Ендi ақынның афоризмдерiн оқымайтынын ойлағанда оның да өзегi өртенiп тұрған болар-ау.
Иә, Қадыр тоқтаушы ма едi. Бiрде-бiр күнi ойсыз, жазусыз өтпеген Қадыр тоқтаушы ма едi. Ол телегей-теңiз, мұхит қой.
Осы жаңа жылда ағамыз аңқылдап тұрып: «Бұл келген жыл сағынып жүрген әдебиетiңнiң есiгiн қағатын жыл болсын» деп едi.
Бiлетiндер «Жұмақтың сегiзiншi есiгi – сағыныш» дейдi. Маңайыңнан мейiрiм маңып бара жатқан мына қасап заманда бiреу бiреудi сағынар ма екен?! Кiм бiлсiн?!.
Ал рухани әкемiз Қадырды сағынудың көкесi ендi басталарына еш күмән жоқ. Ол бiзге әлi талай-талай жетпей тұратын болады.
Қали СӘРСЕНБАЙ.