04 Наурыз, 2011

Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз

3990 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ардагерлер кеңесі. Осылай аталатын ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде, сан алуан сапада тірлік кешулі екені түсінікті. Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесіне былтырдан бермен қарата Жеңісбек Мәуленқұлов жетекшілік жасауға кіріскен еді. Бүгінде кім-кімнен сұрасаңыз-дағы, бұл ұйымның тамырына қан жүгіріп, жан кіре бастағанын айтып, ақеділ алғыс жаудырады. Мұның сыры неде екенін білмек мақсатпен аталмыш кеңестің төрағасына бірер сұрақ қойғанбыз. – Жасыратыны жоқ, облыстық, кей­бір қалалық жә­не ау­дан­дық ардагерлер ке­ңестерінің жұ­мы­сы­на  бұ­рын­да­ры реніш­тер ба­сы­мырақ біл­дірі­ле­тін. Естіп те, көріп те, жазып та жүре­тін­біз. Кө­бі­не­се түр­лі буын­дар­да­ғы төр­­аға­лар төрде оты­­рып, әкім­қара­лар­­дың жанынан табы­лып, ретін та­уып мақ­тап, ал ардагерлер қамымен шын­дап айналыса қой­май­тын. Өткен жыл­дан бастап бәрі бас­қа­ша  сипат алған сияқты. Үйренетін үрдіс­тер аз емес секілді. Неден бас­та­дыңыздар? – Ең алдымен Елбасымыздың Жол­дауындағы,  жасаған баяндамаларындағы, сөй­ле­ген сөзде­рін­де­гі қанатты қағидалар мен қойылатын та­лап­тарға назар аудар­сақ, жүзеге асыратын жұмыстар жүйеленіп шыға келеді. «Ел ту­ралы жадағай ойлау да, халықтың тағ­ды­рымен ойнау да түбі жақсылыққа апар­май­ды», – дейді Президентіміз. Біз ең әуе­лі әрбір ардагер­дің назардан тыс қал­мауын көздеп, әрқай­сысы есепке алынған ба, тізімге тіркелген бе, бастауыш ұйымда бар ма деген мәселеден бастадық. Сөйтсек, осы орайда то­лып жатқан кемшіліктер бар екен. 2010 жыл­ғы маусымда облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының арнайы отырысын өткізіп, жағ­дайды жан-жақты талқылап, талдап, нақ­тылы іс-ша­ра­лар жоспарын және қаулы қа­былдадық. Осы қаулыға сәйкес бастауыш ұйымдардан бастап, барлық аудандық  және қалалық ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау жи­налыстарын уақыт талабы дең­ге­йін­де өткі­зуге күш салдық. Әрбір ардагерге көңіл бөліп, назар аударған соң олар да бел­сен­діліктерін арттыра бастады. Жина­лыс­тар­да өткір сындар айтылып, ардагерлердің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайларын жақ­сар­тудың нақтылы жолдары жөнінде ұсы­ныс­тар білдірілді. Ел бірлігі, ырысты ынты­мақ, ұр­пақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі жөнін­де келелі әңгімелер қозғалды. Қазір барлық жағдайлар дерлік айқын­далған. Жұмыс біршама жүйеленген. Не істеу керектігін білеміз. Өткен жылға белгіленген іс-шаралардың көпшілігі ойдағыдай орын­далды. Облысымыз бойынша 18 қа­ла­лық және аудандық ардагерлер кеңестері, 427 бастауыш ұйым бар. Оларда 167 мың ардагер есепте тұрады. Көптеген ардагерлер өз ұйым­дары туралы естіп-білмеген, есепке алын­баған жағдайлар кездесті. Осыған орай жаңа­дан 11 бастауыш ұйым құрылды. Біз бірде-бір ардагердің есептен тыс қалмауын қатаң қа­дағалаудамыз. Өзіңіз меңзегендей, жоғарылы-төменді буын­дардағы төрағаларда біржақты көзқарас қалыптасып келгені де рас. Бүгінде біз бас­та­уыш ұйымдардан бастап, барлық төрағаларға талапты күшейтудеміз. Төрде отырып, бас­шы­лардың жанында жүргендерін теріс көр­мейміз, бірақ ең бастысы, «Ардагерлеріміз – ардақ­тыларымыз» деген мақсаттың іс жүзін­де орын­далғанын қалаймыз. Жаңағы жүз жет­піс мыңға жуық ардагердің 1270-і соғыс ардагерлері мен мүгедектері. Майданда қаза тап­қандар мен соғыстан соң қайтыс бол­ғандардың  бір жарым мыңға жуық жесірлері бар. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген 5039 адам, 23670 тыл ардагері бар. Міне, осы­лар­дың ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Жаңаша талап қоюы­мызға байланысты 119 бастауыш ардагерлер ұйымының төра­ғалығына неғұрлым жасырақ, денсаулықтары дұрысырақ, іскерлігімен, абы­рой-беделімен танылған кісілер сайланды. Аудандық және қалалық 9 ұйымның да төр­ағалары ауыс­тырылды. – Атқарушы және өкілетті органдар та­рапынан ардагерлерге жасалатын қам­қор­лық қай деңгейде деп бағалауға болады? – Жалпы алғанда ардагерлерге қамқорлық жаман емес. Ардагерлер кеңестері құзырлы органдармен бірге көп нәрсені шеше алады. Солай болуға тиіс. Ардагерлерге коммунал­дық қызмет түрлері бойынша төлемақыны жеңіл­дету үшін 15,6 миллион теңге бөлінді. Шым­кент қалалық әкімдігі көлікте тегін жү­ру үшін 104 мың адамға 20,7 миллион теңге қарас­тырды. Арыс, Кентау, Сарыағаш қала­ла­рында, Сай­рам ауданында соғыс арда­гер­ле­рінің  көлік­те тегін жүруіне қамқорлық жаса­лып отыр. Баспасөзге тегін жаздыру жөнінде «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сына, «Оң­түс­тік Қазақстан», «Южный Қа­зах­стан», «Ай­ғақ» газеттерінің редак­ция­ларына ризамыз. Қазір азық-түлік тауар­ла­рының бағасын тө­мендету мақсатында 14 әлеу­меттік дүкен, 98 сауда нүктесі ұйым­дас­тырылып, жұмыс істеуде. 32 әлеуметтік дәрі­хана ар­зандатылған ба­ғамен дәрі-дәрмек босатады. Облыс бойынша 50 ардагер әлі де пәтер алу кезегінде тұр. 2010 жылы 593 соғыс ар­дагерінің пәтерін жөндеуге 22,5 миллион тең­ге бөлінді. Облыстық ардагерлер кеңесі өзінің есепшотынан соғыс ардагерлері мен көп балалы аналардың үй-жайларын жөн­деуге 6,9 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қа­уымбаев пен «Даңқ» орденінің  толық иегері Қарабай Қалтаевқа берілген пәтерлерді жиһазбен жабдықтауға 1,3 миллион теңге қарастырдық. «Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» дегенде, әсіресе, ағаларымыз бен апала­ры­мыз­ға медициналық көмек көрсетудің және де­малыс орындарында денсаулықтарын ны­ғай­тудың орны ерекше екені аян. Біздің облыста соғыс ардагерлері мен мүгедектері және со­ларға теңестірілгендер, майдангерлердің же­сірлері, тыл және еңбек ардагерлері өз ай­мақтары бойынша емдеу мекемелеріне бекітілген. Тұрақты бақылауға алынған. Ау­дан­дық, қалалық және облыстық емханаларда со­ғыс ардагерлеріне арнайы палаталар қарас­тырылған. Облыстық ардагерлер кеңесінің тұ­рақты комиссиясы медициналық қызмет жағдайын үнемі қарап, қадағалап отырады. 2009-2010 жылдары «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» шипажайы күрделі жөндеуден өтті. Оларда былтыр 5205 ардагер демалды. «Са­рыағаш», «Денсаулық», «Манкент», «Ақсу-Жабағылы» және «Спутник» шипа­жай­ла­рын­да ардагерлерді демалтуға былтыр бюджеттен 47,8 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 61,4 милион теңгеге дейін көбейтілді. «Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» деген девизбен ардагерлердің бәріне дерлік жан-жақты медициналық көмек көрсетілді. – Облыс ардагерлерінің мәдени-рухани өмірінде де сергек серпіліс айқын аң­ға­ры­лады. «Жақаң келгелі жадырап, жа­сарып қалғандаймыз» деушілер аз емес. Шым­кент­тің Орталық саябағында «Ақ тұлпар» атты шахмат клубы ашылыпты деседі... – Бүкіл республика біздің Шымқаламызда былтыр пайда болған Даңқ мемориалына айрықша назар аударды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бой көтерген бұл мемориалда облыстан майданға аттанған 140 мыңнан аса адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылды. Бұл кешен бүгінде тағзым  мен тағылым орнына айналды. Түр­кістанда, Сарыағашта, Қазығұртта, Шардарада, өзге де аудандар мен қалаларда «Жеңіс» саябақтары, тағы басқа да қастерлі орындар ашылды. Ұрпақтар сабақтастығы мақсатын­да ардагерлеріміз жас ұрпақ тәрбиесіне көбірек араласа бастады. Мектептерде, колледждер мен университеттерде, жастар орта­лықтарында кездесулер жиірек ұйымдас­тырылуда. Былтырғы ораза кезінде арнайы ауыз­ашар беріліп, барлық аудандар мен қа­лалар өкілдері қатысып, жастар тәрбиесі жө­нін­де жан-жақты әңгіме қозғадық. Облыстық ардагерлер кеңесі біраз уақыт бұрын «Батасы бұлақ – ардагер» деген атпен батагөй ақсақалдардың облыстық байқауын өткізді. Жақында «Ардагерлерді ардақ­та­йық» деген конкурс жарияладық. Оған бұқа­ралық ақпарат құралдары мен қаламгерлер қаты­сады. Кеңесіміздің жанынан түрлі салалар бойынша арнайы ақылдастар алқаларын құр­дық. Мәселен, руханият жөніндегі ақыл­дас­тар алқасына Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек төрағалық етеді. Жақында осы алқаның талқылауынан өткен арда­герлер шығармаларының жина­ғын шығармақпыз. Ардагерлер кеңесі жанынан «Шаттық» хоры құрылып, оның барлық мүшелеріне тал­­ғамға сай киімдер тіктірдік. Саз аспап­тары сатып алынды. Хор құрамында 45 аға-апаларымыз ән шырқайды. Жаңағы өзіңіз айтқан «Ақ тұлпар» шахмат клубына  ор­талық саябақтан жарасымды жай жасап, жұмысын жүргізетін арнайы адам белгіледік. Мүмкіндігінше қаржы қарастырдық. Әрине, Елбасымыз биылғы Жолдауында айтқандай, алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Қол жеткенді місе тұтуға болмайды. Шешімін күткен кейбір кілтипандарымыз да жоқ емес. Былтырғы ақпан айында өткен Қа­уіпсіздік  кеңесі отырысында Президентіміз әр облыста ардагерлер үйін ашу туралы айтқан еді. Осындай арнайы үй қажет-ақ. Біле-білгенге ардагерлер – үлкен күш. Тә­уелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға ұрпаққа жүктелер жауапкершілік жоғары. Ең бастысы, ардагерлеріміз осы парызды терең сезінеді. Әңгімелескен  Мархабат БАЙҒҰТ. Оңтүстік Қазақстан облысы.