04 Наурыз, 2011

«Қара алтынның» бүгіні мен ертеңі

653 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізден сыртқа тасымалданатын мұнайға кедендік баж са­лы­ғы тоннасына 40 долларға дейін көтерілді. Жаңа Салық кодексінде кейбір салықтардың ставкаларын біршама төмендету, салықтық әкімшілік жүйені жетілдіру, экономиканың шикізаттық емес секторына салынған жалпы жүктемені төмендету, сондай-ақ өндіруші сектордан түсетін кірісті көтеру мәселе­лері қарастырылып отыр. Ал мұнайдың құны күннен күнге шарықтай бастағаннан бері, мұнайшылар арасында аталмыш саланың тиімсіздігі туралы әңгімелер де жиілеуде. Егер де осы бір оғаштау мәселеге мамандар мен с­а­рапшылар тұрғысынан қарайтын болсақ, сөз болып жүрген бұл проблеманың сырт қарағандағыдан да маңызды екенін байқауға болады. Қазақстандық мұнайшылар Салық кодексін құр­мет тұтамыз деп отыр. Өйткені ол озық, түсі­нік­ті, ал оның шикізат секторына артылған салмақты көбейтіп, шикізаттық емес саланың жүгін жеңіл­дету принципі өз жемісін беруде. Сондай ақ, Салық кодексіне сәйкес салықтың мөл­шері мұнай бағасының өсуіне пропорциялы болып отыр. Кодекс қатал, бірақ әділетті. Бүгінде мұнай­шы­лар­дың Салық кодексі мемлекеттің бизнеске деген қа­ты­насының болжамдылығын айқындап отыр дегеніне қо­сылмауға болмайды. Салық кодексі өнеркәсіптің да­муын болжауға, инвестиция тартуға, іскерліктің ая­сын ке­ңейтіп, ұзақ мерзімді серіктестік құруға мүм­кін­дік беріп отыр. Сонымен, кодекс мұнайшыларға қандай міндет жүк­теп отыр? Салық кодексіне сәйкес, мұнай ком­па­ния­лары (өнімді бөлісушілер келісімі бойынша істейтіндерді санамағанда) басқалар сияқты – тапқан пай­да­ға салынатын салықты және ПҚӨС – пайдалы қаз­ба­ларды өндіру салығын төлейді. Егер табылған пайда шығыннан 25 пайызға асатын болса, онда жоғарғы пайдаға ставкасы 60 пайыздан салық салынады. Оған қоса, мұнай экспортына салынатын рента салығы есептеледі. Бұл салықтың мөлшері мұнай бағасына байланысты мұнай бағасы неғұрлым жоғары болса, бұл салықтың мөлшері де соғұрлым көп болады. Мұ­най­­шы­лар сонымен қатар корпоративтік кіріс салығын төлейді, эко­логиялық төлемдер жасайды. «KAZENERGY» қауым­­­дастығы сарапшыларының есептеулерінше, жал­пы алғанда шамамен 33 миллион тонна мұнай өнді­ретін ең ірі 9 компания, бір баррель мұнайдың бағасы 75 доллар болып тұрғанда, орташа сату тиімділігінің (рентабельдіктің) 21,6%-на ие болады да, салық жүктемесінің коэффиценті 63,38% құрайды. Бір баррельдің бағасы 95 доллар болғанда, осы ком­паниялар, мұнай өндірудің аталған көлемін сақ­тай отырып, тиімділіктің 24,22%, ал СЖК – (салық жүктемесінің коэффициенті) 62,86%-на ие болады. Яғни, күткеніміздей, пайда көлемі артып, салық жү­к­­теу коэффициенті аздап төмендеген. Бәрі де қи­сын­ға ке­ліп тұр. Сонда қарама-қайшылық неде бо­лып отыр? 2010 жылдың 16 тамызында мұнай мен мұнай өнімдеріне салынатын КЭБ – кедендік экс­порт­тық баж салығы қабылданбай тұрғанда, еш­қан­дай қара­ма-қайшылық болмаған еді. Үкіметтің қаулысына сәй­кес, шикі мұнайдың бір тоннасының баж салы­ғы­ның мөлшері 20 доллар болса, осы жыл­дың 1 қаң­тары­нан бастап, тоннасына 40 долларды құрады. Кедендік баж салығы зерттелген 9 ком­па­ния­ның «тиімділік – салық жүктемесінің коэффициенті» ара­сал­­­мағын қалай өзгертті? «KAZENERGY» ма­ман­да­ры­­ның есептеулері бойынша, экспорттық кедендік баж салығы бір тонна үшін 20 доллар дең­гейін­д­е енгізілгеннен кейін бұл компаниялардың тиімділігін 18,69% дейін түсіріп жіберсе, ал СЖК 67,66%-ға дейін көте­ріл­ген. Экспортты кедендік баж салығы төлем­дерінің сомасы шамамен 80 миллиард теңгені құрап отыр. Экспорттық кедендік баждың деңгейі тоннасына 40 доллар болғанда, сату тиімділігі 16, 17%-ға дейін төмен­деп, ал СЖК деңгейі 72,21%-ге дейін көтеріледі. Бұл жағдайда төленген кедендік баж салығының кө­ле­мі шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Егер тео­рия­лық есепті қоя тұрып, іс жүзінде қарайтын болсақ, бір сұх­батында «KAZENERGY» бас директоры Жанболат Сәр­сенов атап өткендей, 2010 жылы ЭКБС (экс­порттық кедендік баж салығы) бір тоннаға 20 доллар болғанда, баж төлеушілердің барлығы жалпы алғанда шамамен 80 млрд. теңгеден айырылған. Көлемі екі есе артып, экс­порт­­тың ауқымы сол қалпында қалған жағ­дайда, жоғал­ты­ла­тын қаржының сомасы да, әрине, екі есе көбейеді. Қазақстандық компаниялардың жанама шы­ғын­дарына капиталдануы мен акциялар бағасы­ның төмендеуі, жаңа қорларды игеру ісінің тоқырауы, өнді­ріс­тің қысқаруы немесе өсуінің бәсеңдеуі салдарынан айырылып қалған пайдасын да жатқызу керек. Үлгі ретінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамын алып қарайық. ЭКБС жұмыс істеген үш ай ішінде, компанияның нарықтағы капи­тал­дануы 1,5 миллиард долларға төмен түсіп кетті. Ал «Қаз­Мұнай­Газ» Барлау Өндіру» АҚ-ның негізгі акционері болып отырған Үкіметтің жоғалтқаны 1 миллиард долларды құрап отыр. Бұл ЭКБС-тың арқасында 2010 жылғы бюджетке түскен қаражаттан еселене асып түседі. Бір қызығы, кезінде Қаржы министрлігі мұнай экспортына кедендік баж салығын енгізгенде «Қазақ­станда жұмыс істейтін мұнай-газ компанияларына бұның айтарлықтай кесірі тимейді. Компаниялардың салық салынатын та­быс­тары азая­тын­дықтан корпоративтік кіріс салығына қатысты төлемдер азаяды. Экс­порттық кедендік баж са­лығын қабылдаудың нәти­же­сін­де жалпы салық жүкте­месі бар болғаны 2,5-3 пайыз­дық тармаққа көтеріледі» деп сендіргені есте. Ал іс жүзінде, мүлде басқаша болып шықты: экспорттық кедендік баж салығы бір тонна үшін 20 долларды құрай тұрып баррельдің бағасы 60 доллардан асқанда, ком­па­ния­ның салықтық жүктемесі 4-5 пайызға, ал экс­порт­тық кедендік баж салығы бір тонна үшін 40 долларды құраған жағдайда баррельдің құны 75 доллар болса салық жүктемесі 9 пайызға көбейеді. Пайда көзін жоғалтып, бюджетке деген төлемдер кө­лемi­нің өсуінен бөлек, неліктен мұнайшылар экс­порт­тық кедендік баж салығын алып тастауды қол­дап отыр? Бірінші себебі – мұнайды сыртқа шығару­дың экспорт­тық кедендік баж салығы экспортқа са­лы­натын рента­лық салықпен қабаттасып отыр. Яғни, мұнай ком­пания­лары қосарланған салық төлейтін болды деген сөз. Бар айыр­машылығы тек төлеу тә­сіл­дерінде ғана. Ренталық салық Салық кодексімен белгіленген. Ол Парламентте ұзақ мерзімді салдарды бағалай отырып, салық жүк­те­ме­сі­нің ақылға қонарлық көлемін кешенді талқылау нә­ти­жесінде қабылданған. Мұнай экспортының ренталық салығы инвесторларға түсінікті, айқын әрі болжауға келетін механизм. Ол Ұлттық қорға түседі. Экспорттық ке­ден­­дік баж салығын Үкімет Парламенттің мақұл­дауын­сыз белгілейді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл салық салмағының еш болжамға көнбей, еш негізсіз, еш есептеулерсіз өзгеріп, мұнай-газ саласы компаниялары­ның жағдайын қиындатып отыр. Экспорттық баж салы­ғы есебінен түскен қаражат республикалық бюджетке жіберіліп, соның жетіспеушіліктерін жабады. Қаржы министрлігінің есептеулеріне сәйкес, мұнайға ЭКБ (экспорттық кедендік баж) енгізудің арқасында, бюджетке 2011 жылы 421 миллиард теңгеден астам қаржы тү­седі деп күтілуде. Егер де мұнайдың сол экспорттық кө­лемiне қосарланған салықтың салынатынын есепке ал­ма­сақ, бұл, әрине оңтайлы іс. Егер де мұнай-газ сала­сы­ның тиімділігіне қауіп төнбегенде ғой ЭКБ салығын рен­та­лық салықпен қатар төлетуді бар болғаны заңның сорақылығы деуге болар еді, ЭКБ жаңа Салық кодексі қабылданғанша күшінде болып, содан кейін мұнайды экспорттаудың ренталық салығына ауыстырылуы керек болатын. Бір айта кетерлік жайт, кодекс қабылданбай тұрғанда, бір салықтың орнына екінші бір салықтың келетіні жобаланған болатын.          «KAZENERGY» қауым­дастығының үйлестіру кеңесінің қыркүйек айында бол­ған отырысында салық кеңесшілері палатасының жетекшісі Андрей Хорунжий бұл жайында еске салды. Алайда, мұнайшылардың пікірінше, қысқа мер­зiм­дi мүдделер саланы дамытудың ұзақ мерзiмдi келешегіне балта шапқанмен бірдей болды. Бір- екі жыл ішінде бұл шара қазынаға қосымша табыс әкелуі мүмкін, бірақ бәрін алып қоятын болса, онда компаниялардың одан әрі дамуына ештеңе қалмасы хақ. Егер де инвестиция табыспен қоса өндіріліп алы­натындай болмаса, оны инвестициялаудың не қа­жеті бар? Нарықтық экономикада кәсіпкерлікті өзіне шығын болатындай етіп инвестициялауға мәжбүр етуге болмайды. Егер бүкіл табыс соңғы тиынға дейін салық төлеуге кететін болса, ешкім де инвес­ти­ция­ламайды. Оның үстіне, бұл онсыз да ірі капи­тал­ды керек ететін сала, әрі өндірістің ағымдағы кө­ле­мін ұстап тұру үшін қашанда қаржы көзі керек. Кен орындарының сарқылатын уақыты да болады, сондықтан жаңа кен орындарын геологиялық барлап әрі кен қазу жұмыстарын үзбей жүргізіп отыру керек. Өткен дағдарыс мұнайшылардың ахуалдың өз­геруіне және табыстарының төмендеуіне қаншалық­ты сезімтал келетінін аңғартқан болатын. «Көптеген компанияларға өндірісті қысқартуға, ал басқаларына – инвестициялық жоспарларды қай­та қа­рап, мұнай шығару қарқынын өзгертуге тура келді», деп еске салды Жанболат Сәрсенов. Бұл сала өн­діріс көлемін арттырғанымен, оның қарқыны бә­сең­сіп қалды: 2009 жылы 76,45 миллион тонна өнді­ріл­ген болса, өткен жылы өнімнің мөлшері 79,5 миллион тонна болды. Ал бұған дейінгі өсімнің деңгейі екі есе түсіп кетті. Оның үстіне, Үкіметтің жоспары бойынша, 2015 жылы мұнай өндіру 100 миллион тоннаға жету керек, ол үшін бұл салаға инвестициялар қажет. Сонымен қатар, мысалы «ҚазМұнайГаз» сияқ­ты компаниялар­дың дәстүрлі өңдіріс аймақ­та­рында мұнай өндірудің өзіндік құны өте жоғары. Және кәсіпкерліктің тиімділігін қамтамасыз етіп оты­ру үшін әрбір доллар маңызды. Бұл жағдайда экспорттық кедендік баж салығының өскені компания жұмысына елеулі кесірін тигізуде. Қазіргі салық салу жүйесінің өзінде де көптеген жоспарлар тиімсіз болып отыр. Оның үстіне, Үкімет тиімсіз кен орындары бойынша қаулыға қол қойған. Десе де, сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені оң­тайлы шешудегі шаралардың бірі – мемлекеттің қи­сынға келетін салық саясаты бола алар еді. Өйткені, салық жүктемесі бірдей болғанда, кейбір ұңғымалар мен мұнай кеніштерін әлі де игере беруге болады, ал салық салмағы басқалай болса, ол кеніштерді жауып, өзгелерін бұрғылауға тура келіп жатады. Оның үстіне, кедендік баждың болжауға келмейтіндігі мұ­най бағасының болжауға көнбейтіндігімен астарласып, жұдырық үстіне жұдырық болып, мұнай-газ саласы қосымша тәуекелдерге тап болуда. Кедендік баж тақырыбы талқыланған сайын, дәйек ретінде Ресейдің үлгісі тілге тиек болып жүр. Сарап­шы­лар өйтіп салыстыруға болмайды деп есептейді. Біріншіден, Ресейде ренталық салық жоқ, оның үстіне, белгілі бір жағдайларда ПҚӨС (пайдалы қаз­ба­лар өндіру са­лы­ғы) нөлдік мөлшерлемемен санала­ды. Екіншіден, он­да­ғы мұ­най­дың елеулі бөлігі өңдеу­ден өтіп, ел ішінде ғана тұты­ны­лады. Сол себепті ресейлік мұнай өндірушілерге сырт­қа шикі мұнайды емес, дайын өнімді шығару тиімді. Үшін­шіден, мемлекет сарқылған, қайта игеріліп жат­қан немесе күр­делі кен орындары үшін сан түрлі салық жүйесін қа­ра­стырған. РФ Үкіметі 2020 жылға дейін мұ­най өн­діру деңгейін ұстап тұру үшін салықтарды азай­тып, үнемделген қаржыны мұнай өндірісі мен мұнай өңдеуге бағыттауды талап етпекші. Атап айтар бол­сақ, Ресей үкіметі мұнай компаниялары үшін 2020 жыл­ға дейін са­лықты 73%-дан 65%-ға дейін төмен­детпекші. Маман­дар­дың есептеулері бойынша, біздің беталысы­мыз керісінше. Экспорттық баж салығы енгізілгелі бері ілеспе газ­ды кәдеге жарату секілді маңызды әлеуметтік жо­ба­ларды қаржыландыруға керекті табыс азайды. Осы­ған байланысты, іске тартылған несиелер сома­сы да өсіп, өндіріс орындары қосымша шығынға ұшырады дейді, «KAZENERGY»-ге кіретін ком­па­ния­лардың бірі. Басқаларының айтуларына қара­ған­да, мұнайды аз көлемде өндіретін кішігірім компаниялар, негізгі жұмысты атқаруға керекті қара­жат­тан басқа, артық қаржылары жоқ екен. Егер компанияларда ондай артық ақша болса ғой, олар, сөзсіз аймақтардың әлеуметтік бағдарламаларын қаржы­лан­дыруға бағытталар еді. Соңғы уақытта бұл тақырып тек компаниялар арасында ғана көтеріліп жүрген жоқ, сонымен қатар, «KAZENERGY» қауымдастығының үйлес­тіру кеңе­сін­де де талқыланып жүр. Қауымдастықтың атқару­шы директоры Нұрлан Өтенов бұл мәселедегі ең ке­лең­сіз жағдай, «компаниялар өздерінің инвес­ти­ция­лық тар­тым­дылықтарының нашарлағандығын» алға тартады, ал «ЭКБ деңгейінің қалай белгіленетіні түсі­ніксіз бол­ғандықтан, олар болашақта міндетті төлем­дер көлемі­нің қандай боларын болжай алмайды», деп есептейді. Жанболат Сәрсеновтің айтқандарын тағы да ес­теріңізге сала кетсек, 2009 жылдың 1 қаңтарында қа­был­данған жаңа Салық кодексінде, компаниялар өз­дері­нің тиімділіктерін 25 пайыздан артық дәрежеде сақ­тап қалу керек делінген. «KAZENERGY» мүше­лері әлбетте, өздерінің әлеуметтік міндеттерін атқара­тын болады, бірақ енді компаниялар өздерінің қы­з­мет­­керлерінің еңбекақысын, әлеуметтік көмектерді қы­с­­қар­тып, мамандарды оқыту мен қайта даярлауда үнем­деулеріне тура келеді, дейді мұнайшы. «Жақында Үкімет 2010-2014 жылдар аралығын­дағы мұнай-газ секторын дамыту жөнінде құны 34 мил­лиард құрайтын бағдарламаны бекітіп, оның ба­сым бөлігі компаниялардың өз қаржысы мен несиелері есебінен қаржыландырылады деп ұйғарған еді, деп қауымдастық еске салып отыр. Мәселен, ҚМГ мұнай өңдеуді 25 пайызға көтеріп, оны 87-90%-ға тереңдетіп, республикамызды сапалы мотор жанармайымен толық қамтамасыз ету үшін миллиардтаған доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл мұнайшыларға салынған инвес­ти­циялық жүктемелер өсіп, міндеттер көбейді, ал ин­вес­тициялық мүмкіндіктер төмендеп барады деген сөз. Бұл мәселенің толық дәйектемесін Қазақстан Ре­с­­публикасы Премьер-Министрінің атына жіберген сұ­ра­ғында Парламент Сенатының депутаты Михаил Бортник баяндаған болатын. ЭКБ принциптері Салық кодексіне негіз болған қағидаларға қайшы келетіндігін атап өтіп, заңды сұрақтар қойып отыр. Атап айтар болсақ, мұнай-газ саласының ұзақ мерзімді дамуына ЭКБ өз әсерін қалай тигізуі мүмкін деген мәселені Қаржы министрлігі мен салалық министрліктер талқы­ла­ды ма. Әсіресе жеделдетілген ин­дустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шетелдік капиталдың бірталай көле­мін тартуды көздейтіндіктен, инвесторлардың көз­қа­расына және Қазақстандағы инвестициялық ахуал­ға мұндай шешім қандай әсер етуі мүмкін. Елдегі салық тәртібі болжауға келетіндей болу үшін Үкімет қандай шара қолданып отыр деп, еліміздің ішкі экономикалық саясатын түсіну үшін керекті және бір маңызды сауал қойған екен. Бұл жерде мұнайшылар: негізінде Үкімет пен мұнайшылар арасында қарама-қайшылықтар жоқ деп отыр. Қарама-қайшылық қысқа мерзімді мұқ­таж­дықтар мен ұзақ мерзімді мәселелерде ғана бо­лып отыр. Қазір біріншісі басым болып тұр. Бірақ бұл жағдай қаншалықты ұзаққа барар екен? Десе де, «KAZENERGY» сындарлы диалог жолы­мен келе жатырмыз деп мәлімдеп отыр. Қауымдастық мұнайға салықты қисынға келтіріп салу жөніндегі ұсынысын дайындап қойды. ҚМГ және «Самұрық-Қазына»-ның қолдауымен саланың компанияларына бірыңғай қарамай, салық жүктемесін ұтымды ету туралы Үкіметке ұсыныстар жобалары жіберілді. Зарина АМРАЕВА.