24 Қазан, 2016

Сауд Арабиясы Қазақстандағы геологиялық барлауға 50 млн доллар бөледі

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сауд Арабиясының Metal corners holding компаниясы Қазақстанның жер қойнауындағы полиметалл, алтын, күміс және мыс кендеріне геологиялық барлау жасау үшін 50 млн доллар бөлетін болды. Бұл уағдаластыққа қатысты келісімге Metal corners holding компаниясы мен «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басшылары қол қойды. «Біз  Metal corners holding компаниясымен өзара келісім жасадық. Келісімге сай, Қазақстанның жер қойнауынан полиметалл, мыс, алтын, күміс секілді пайдалы кендерге геологиялық барлау жасуға мүмкіндік туады. Келісімнің құны шамамен 50 млн долларды құрайды. Алайда, бұл – келісімнің бірінші сатысы. Егер де болашақта бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатса, арабтар ол жерге инновациялық зауыттар мен фабрикалар салуға дайын, – дейді «Қазгеология»  АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов. Оның айтуынша, барлау жұмыстарын толығымен «Қазгеология» компаниясы жүргізеді. Үкіметтің шағын қалаларды дамыту туралы қаулысына сай, кен орындарын моноқалалардың маңынан іздеу жөніндегі жоспар бар. «Сондай қалалардың жанында геохимия жұмыстарын, геофизика есептерін жүргізіп, болашағы зор орындарды анықтадық. Осындай аймақтарға инвестор тартуға дайынбыз», – дейді Ғ.Нұржанов. «Қазгеология» басшысының айтуынша, Metal corners holding компаниясы араб жеріндегі полиметалл, алтын мен қорғасын қорына бай жерлердің иесі.  Бұл компания өз елдерінің ішкі нарығын игеріп, сыртқы нарыққа жол іздеп отыр. Қазақстанда инновациялық жобаларын жүзеге асыруға дайын. Егер олар моноқалалардың маңында зауыттар сала бастаса, өңірлердің  дамуына өз ықпалын тигізетін болады. Жолдыбай Базар, "Егемен Қазақстан".