Павлодар қаласының Сәтбаев көшесіндегі №344, №348 тұрғын үйлер Қазақстан Ипотекалық Компаниясы бағдарламасы бойынша салынды. Бұл қуанышты шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.
Көп қабатты жаңа екі тұрғын үй облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында бой көтерді. Еңселі әрі әдемі. Құрылысшылардың еңбегі деген, міне, осы. Бұдан басқа биыл қалада «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы бойынша осындай 7 көп қабатты үй пайдалануға берілді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артыпты. Енді жыл соңына дейін облыс орталығында тағы да 4 жаңа үйдің құрылысы аяқталады деген қуанышты хабар бар. Ал Қазақстан Ипотекалық Компаниясы және Бәйтерек девелопмент «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарымен, мемлекеттік бағдарлама операторларымен Усолка шағын ауданында салынған үйлердегі 270 пәтерді кезекте тұрған тұрғындар алды. Жалпы, бұл ауданның өзін бір қала деуге болады. Ертіс өзені жағасында бірінен соң бірі бой көтерген көп қабатты үйлер қарасы көп. Мұнда Назарбаев зияткерлік мектебі, №4 емхана, облыстық балалар ауруханасы, кардиохирургиялық орталық, №25 мектеп, балабақшалар мен сауда орталықтары бар. Автобус қатынасы тұрақты, трамвай жүреді. Барлық жағдай жасалған.
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қаламызда екі бірдей тұрғын үйдің берілуі – қуанышты оқиға, – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.
Ал Қазақстан Ипотекалық Компаниясы желісі бойынша пәтер алған 270 отбасы қатарында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар. Жаңа үйлер 108 бір бөлмелі, 108 екі бөлмелі және 54 үш бөлмелі пәтерден тұрады. Тұрғын үйлердің құрылысына елімізде өндірілген материалдардың 80 пайызы, яғни кірпіш, арматура және бетон пайдаланылған.
Өз кезегінде «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ қаржы-техникалық бақылау басқармасының басшысы Жанболат Құрманбаев қала тұрғындарының қоныс тойы қуаныштарына ортақтасып, ізгі тілегін білдірді.
Жаңа үйден жайлы пәтер алған учаскелік полиция қызметкері Бауыржан Асылбековтің қуанышында шек жоқ. Ол отбасымен бірге 10 жылға жуық жалдамалы пәтерде тұрыпты. Енді, міне, өз пәтері үшін 20 жылға жуық айына 60 мың теңге көлемінде ақы төлейді. – Бұл өте жақсы мүмкіндік, – дейді Бауыржан. Ал Айгүл Жүнісова болса үй кезегін «толық емес отбасы» санаты бойынша жеті жыл тосыпты. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отыр. Ол осыған дейін талай қиындықтарға тап болғанын жасырмайды. – Енді пәтерге қолым жетті, қиындық артта қалды, – дейді ол шат-шадыман қуанышпен.
Бұл Павлодарда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бірінші үй емес. Өткен жылы Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар үшін Қазақстан Ипотекалық Компаниясы Майра көшесінде жалпы алаңы 9,5 мың шаршы метрлік 180 пәтерді, Елгин көшесінде жалпы алаңы 1 мың шаршы метрден асатын 35 пәтерді пайдалануға тапсырған еді.
Жалпы Қазақстан Ипотекалық Компаниясы және Бәйтерек девелопмент бірлескен жобалар аясында 1,5 мыңнан астам қазақстандық отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіпті. Биыл бірлесіп салынған құрылыс аяқталғанда тағы да 1,5 мың қазақстандық пәтер кілтін алады. Тұрғын үйді пайдалануға беру бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері республика бойынша жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы алаңы 500 мың шаршы метрден асты немесе 8 мыңнан астам пәтерді құрады. Тұрғын үй алаңдары еліміздің барлық қалаларында, сонымен қатар Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында пайдалануға берілді. 2016 жылы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ бағдарлама көрсеткіштеріне сәйкес «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қолдауымен барлығы 326 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға береді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР