Жақында Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрайымы Гүлнар Ықсанова бастаған депутаттар тобы Қостанай облысына келді. Айта кетелік, бұл топтың арасында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің де өкілдері болды. Онда депутаттар Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде болып, жұмысшылар өкілдерімен кездесті.
– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің қолданыла бастағанына бір жылға жақын уақыт болды. Заң теория жүзінде жасалғанымен, оны шынайы өмірдегі тәжірибе пысықтайды. Біздің келу себебіміз де осы. Жұмысшы, жұмыс беруші, кәсіподақ – үш тұғыр арасындағы қатынас қалай қалыптасып отыр? Еңбек кодексі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшартқа басымдық береді. Ұжымдық келісімшарт жұмысшының, сонымен қатар жұмыс берушінің де мүддесін толыққанды қорғай алып отыр ма? Өйткені, еңбек қатынастары жұмысшы мен жұмыс берушінің құқын ғана қорғап қоймайды, ол экономиканың дамуына да ықпал етеді. Мысалы, біздің елімізде әр жұмысшы жылына 14 мың доллардың өнімін өндіреді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың долларды құрайды. Сондықтан, нарыққа, уақыт өзгерістеріне қарай еңбек қатынастарының да адамдар игілігіне, мемлекет мүддесіне сай дұрыс қалыптасуын қадағалауымыз керек, – деді Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова.
«Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамы – еліміздегі ең ірі еңбек ұжымының бірі. Онда бүгінде 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жұмысшыларға барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Кәсіпорындағы емдеу-сауықтыру кешенінде жылына бес мыңға жақын адам денсаулығын түзейді. Әр жұмысшыға ол 25 мың теңгеге ғана түседі. Қалғанын өз міндетіне алған кәсіпорын жылына 120 миллион теңге бөледі. Спортты дамыту үшін де осынша қаржы жұмсалады. Ал кәсіпорындағы әр жұмысшы үшін түскі тамақ тиын-тебенге ғана түседі десе болады. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі бұл үшін жылына 1 миллиард теңге жұмсайды. Алып өндірістегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова Еңбек кодексінің жаңа нұсқасы жасалған кезде жұмыс тобының құрамына енді. Кездесуде Татьяна Шерстобитова үлкен еңбек ұжымындағы кәсіподақ ұйымы тарапынан заңның жасалуына қатысқанын мақтанышпен айтты.
– Мен жұмыс тобында болған кезімде ұжымдық келісімшарт туралы өте қызу пікір-таластар болды. Біз кәсіподақтар тарапынан 170 ұсыныс енгіздік. Оның барлығы да өте маңызды еді. Олар ескеріліп, заң қабылданды. Бүгінгі міндет – осы заңды әрбір еңбек адамы білуі тиіс. Осыған орай біз жергілікті әкімдікпен бірігіп, заңды түсіндіру мақсатында түрлі семинарлар өткіземіз, – деді Татьяна Николаевна. Еңбек кодексінің жасалуына қатысқан Мәжіліс депутаты Ирина Аронова да еңбек адамдарының басты құжатының жасалуы кезіндегі пікірталасқа тақырып болған еңбекақы төлеу нормалары жөнінде айтып өтті.
Мәжіліс депутаттары мен министрлік мамандары Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі жұмысшы ұжымдарынан келген өкілдерді тыңдады, олардың сұрақтарына жауап берді. Еңбек ұжымдарының өкілдері аяғы ауыр әйелдерге берілетін демалыс пен өтемақы, күндіз-түні үзіліссіз жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмысшыларға және мереке, демалыс күндері жұмыс істеген адамдарға төленетін еңбекақы мәселелерін қозғады.
– Заң қабылданды, бірақ бұл еңбек қатынастарында ешқандай түйткілсіз мәселе жоқ деген сөз емес. Заң тірі жан секілді бізбен қатар өмір сүреді. Еңбек кодексінде бүгінгі қозғалған мәселелердің барлығы да айтылған. Егер кәсіпорынның, яғни жұмыс берушінің әр жұмысшы үшін экономикалық-әлеуметтік әлеуеті артса, оған ұжымдық келісімшарт арқылы қол жеткізуі керек. Үш жақты келісім арқылы жұмысшыға кәсіпорынның барлық жағдайы ашық, мөлдір болуы тиіс. Заң бойынша, кәсіподақ және жұмысшы өкілдерінің келісімінсіз жұмыс беруші жұмыс бағдарламасын жасай алмайды. Осыны әр жұмысшы түсінсе ләзім, – деді Гүлнар Ықсанова.
Мәжіліс депутаттарымен кездесудегі әңгімеден белгілі болғандай, еңбек ұжымдарындағы мәселелер жалпы сипатқа ие болғанда заңға кез келген уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Ал адамдарға әріптестік қатынасты үйренуді уақыт талап етіп отыр. Әдетте, жұмысқа кірген адам жұмыс берушінің шарттарына көнеді, ал келген маман да оған өз шартын қоюы тиіс. Әрине, бұл жұмыс берушіге тәуелділік барда оңай емес, нарықтың тосын жағдайлары да жеткілікті. Осылардың барлығында жұмысшыны, еңбек ұжымын кәсіподақ қорғайды. Жаңа заңда кәсіподақ әлеуеті жаңғыртылды. Мәжіліс депутаттарының жұмысшылармен кездесуінде кәсіподақ ұйымдарының жандану керектігі, белсенділігі туралы айтылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы