Петропавл қаласында өткен «Тәуелсіздіктің жас жұлдыздары» атты форум егемендігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына арналып, оған аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қатысты.
Өңірдің жаңашыл, белсенді жас өкілдерінің басын қосқан іс-шарада сөйлеген сөзінде Ерік Хамзаұлы жас ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді ұялату, саламатты өмір салтына тәрбиелеу, жұмыспен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты саналатынын, ал аға буынның жақсы дәстүрлерін жалғастыру, отанға қалтқысыз қызмет ету олар үшін басты міндет болып табылатынын атап көрсетті. Өскелең ұрпақ мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын айрықша сезініп отыр. Олар Елбасының «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл, намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деген аталы сөзін естен шығармайды. «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылғалы өңірде 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. 2146 жас «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» жобасына қатысқан. Елді мекендерге жолдамамен келген бір мыңға жуық маманға 134 миллион теңге өтемақы, 540 қатысушыға 1,3 миллиард теңге несие берілген.
Форумда этномәдени бірлестіктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, тәуелсіздік құрдастары, «Серпін-2050», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларына қатысушылар өз ойларын ортаға салып, әсерлі әңгімелермен бөлісті. Қоғамның әртүрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ өренге құрмет
грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
«Жас дарын» аталымы бойынша Погодин атындағы орыс драма театрының режиссері Тимур Кәрімжанов ең үздік деп танылды. Ол аталмыш өнер ошағында алты жыл жұмыс істейді. Осы аралықта көптеген қойылымды сахналап, көрермендер ілтипатына бөленген. «Жас батыр» аталымы М.Жұмабаев ауданынан келген Иван Горбальға бұйырды. Отқа оранған үйге кіріп, үш баланы құтқаруы қандай марапатқа болсын лайық. «Ең үздік әлеуметтік жоба» аталымына «Улыбка» қайырымдылық қоры ие болды.
Пікірталас алаңында жастар ұйымдары мен қозғалыстарының қызметі, «Жас кәсіпкерлер», «Тиімді мемлекеттік басқару» тақырыптары талқыға салынып, өзекті проблемалар қозғалды.
Тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шара Отан, ел, жер туралы патриоттық әндерге ұласты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы