Ауылдың төрт азаматы бірінің үйіне жиналып алып, карта ойнап отырса керек. Үшеуі ауыздары жабылмайтын ауылдың пысықтары да, төртіншісі көбінесе алдындағы шаруасын ғана білетін момындау жан екен. Содан әлгі үшеуі біреуінің сөзін бірі іліп әкетіп, әңгімені қыздырып жатады ғой. Жуастың аты – жуас, төртіншіге сөз тиер түрі жоқ. Бірақ қызды-қыздымен ол да бірдеңе айтқысы келетін болса керек. Анда-санда «Жігіттер, енді мен айтайыншы» деп қояды екен. Бірақ сөзшең жігіттердің ортасында оралымсыздау байғұсқа сөз қайда, енді сөйлей беремін дегенде, жаңағы пысықтардың бірі «сөзің аузыңда» деп мұны тағы да тоқтатып қойып, жаңа бір әңгіменің шетін шығарып жататын көрінеді.
Содан үй иесіне: «Әй, жігіттер! Мына пәленшекеңді бір тыңдап көрейікші. Осы бағанадан бері бірдеңе айтқысы келіп отыр. Ал немене айтпақсың? Айтшы қане!», деп жұртты жуас жігіттің аузына қаратса, әлгі жігіт: «Әне, шөбің өртеніп жатыр», деп терезені нұсқайтын көрінеді. Терезеден от-жалынға оранып жатқан үй иесінің шөбін көріп, «Ойбай, бағанадан неге үндемей отырсың?», деп әлгілер далаға қарай тұра жүгіргенде бұл орнынан тұрып жатып: «Мен сендерге бағана айттым емес пе, мен айтайын деп», деген екен.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіндегілердің қазіргі кейбір әрекеттері осы жуас жігіттің қылығына дөп келетіндей. Бұл комитеттің өкілдері соңғы кездері журналистермен шамамен алты ай сайын бір рет баспасөз мәслихатын өткізіп, онда еліміздегі су қоймаларының жағдайы туралы әңгіме қозғап, осы бағытта өздерінің тындырып жатқан шаруалары туралы айтып келеді де, егер реті келіп, сұрақ туындап жатса, елімізде апатты жағдайда тұрған қырықтан астам су қоймасының бар екендігі туралы қоғамды ескерткен болады. Әңгіме осымен тынады. Бұдан әрі не болып жатыр? Үкімет Су комитетіндегілердің бұл қауіпті ақпаратын өз назарына алды ма? Қауіпті құбылыстың бетін қайтару жөнінде тиісті шаралар қабылданды ма? Жоқ әлде шөптің әбден өртенуін күткендей бәрі де тыныш отыр ма? Бұл жағы бізге әлі белгісіз.
Сонымен, әзірге құда да тыныш, құдағи да тыныш дегендей, әліптің артын бағып отырған жайымыз бар. Бұл үнсіздіктің ақыры қаншаға созылатындығын біз айта алмаймыз. Бірақ түбінде осы мәселеден тағы бір ши шығатындығына елімізде осы уақытқа дейін болып өткен Қызылағаш, Көкпекті оқиғалары мысал бола алады. Сол оқиғалардан қаншама адам қаза тауып, зардаптарды жою үшін қаншама қаржы жұмсалды. Ал енді осындай оқиға тағы да орын алса, не болмақ?
Әрине, ол кезде Су комитетіндегі жауапты тұлғалар «біз айтып едік қой, ескертіп едік қой» деп анда-санда журналистермен өткізіп қоятын баспасөз мәслихаттарын еске салатындығы анық.
Ал енді АШМ баспасөз қызметінің Су комитетіндегілердің журналистермен өткізген брифингіне байланысты таратқан баспасөз парақшасына назар аударсақ, онда қазіргі күні елімізде 309 су қоймасы бар екендігі, олардың 83-і республикалық меншікте, 191-і коммуналдық меншікте болса, 35-і жекеменшік қолында екендігі, соның ішінде «Қазсушар» РМК иелігінде 78 су қоймасының бар екендігі, 5 су қоймасының сенімгерлік басқаруға берілгендігі айтылған. Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциясы ірі су қоймаларының жұмыс режіміне күн сайын мониторинг жүргізетіндігі мәлімделген. Сонымен іс тәмам. Бұл баспасөз парақшасында тіпті қанша су қоймасының апатты жағдайда тұрғандығы да жазылмапты. Шамасы, жұртты босқа шулатпайық деп, Үкіметтен жасқанатын болса керек.
Ал енді мына бір дерекке назар аударып көрейік.
Гидрогеолог маман Ғазиза Түсіпбекова Қазақстанда 365 су қоймасының бар екендігін, оның 66-сы мемлекет қарамағында болса, қалған 142-сі жекеменшікке берілгендігін, 157-сі коммуналдық иелікте екендігін, жаңағы 365 су қоймасының 77-сі қараусыз қалғандығын атап көрсетеді. Су қоймаларын жекеменшіктен алып, мемлекет меншігіне берген жөн екендігін айтады.
Су қоймаларының қауіпсіздігіне байланысты сөз айтқан экономист-сарапшы Марал Төртенова «стратегиялық нысандар мемлекеттің қарамағында болуы қажет» десе, заңгер Дәурен Арын «техникалық қауіпсіздігі нашар немесе қаражаты жоқ меншік иелерінің су қоймаларын мемлекетке өткізуді міндеттеу керек» дейді.
Біздің ойымызша, бұл мамандардың мазасыздануында толық негіз бар. Ауа райының жаһандық жылынуына байланысты соңғы жылдары еліміздің өңірлерін жылма-жыл су басып қалатын болып жүр. Бұл құбылыс жөндеусіз, қараусыз жатқан су қоймалары төндіретін қауіпті еселей түседі. Демек, бұдан былай су қоймаларының мәселесіне көзжұмбайлықпен қарап отыра беруге болмас. Осы су қоймаларының мәселесі дұрыс реттелмегендіктен, елімізде адам шығынына апарған екі оқыс оқиға орын алды. Оған қоғам кешіріммен қарағандай болды. Үшінші рет ондай оқиға орын алса, онда қоғамды қойып, Құдай да кешірмес.
Сұңғат
Әліпбай,
«Егемен Қазақстан»