Бүгінде өзінің құрылғанының әрі ашылғанының белгілі бір кезеңін атап өтіп жатқан отандық кәсіпорындар жетерлік. Дегенмен, «Сегіз ұлым бір бөлек, Ер Төстігім бір бөлек» деп ауыз әдебиетінде айтылғандай, Орал қаласындағы «Зенит» зауытының жетпіс бес жылдық атаулы датасының орны бөлек болады да тұрады. Бұл кәсіпорын Орал өңірінде сұрапыл соғыс басталған сонау 1941 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Соғыс жылдарында зауыттың инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшылары кеңес әскері мен әскери-теңіз флотына қажетті қару-жарақтар мен құрал-жабдықтар жасады. Одан бергі уақытта «Зениттің» І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталуы – зауыттың аға буын өкілдерінің жемісті еңбектерінің басты нәтижесі.
Соғыстан кейінгі кеңестік дәуірде К.Е.Ворошилов атауын иеленген зауыт негізінен одақтық бағыныста болып, КСРО-ның қорғаныс қызметіне қажетті құрал-жабдықтар шығарды. Дегенмен, тәуелсіздік таңы ата қоймаған сексенінші жылдардың өзінде мұнда конверсиялау бағыты белгіленіп, зауыт ұжымы өнеркәсіпке, соның ішінде мұнай-газ өндірісіне және ауыл шаруашылығына қажетті құралдар өндіруге бет бұра бастады.
Жас егемен еліміз үшін үлкен сын болған өтпелі кезең зениттіктерді де айналып өте алмады. Тіпті, өз дәстүрі мен тарихы қалыптасқан зауыттың жабылып қалу қаупі туындады. Не істеу керек? Зауыт ұжымының алдында шешімі мен кілті табылмастай болып көрінген осындай үлкен сауал тұрды. Оның жауабын берген республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Бұл Қазақстанның дербес Қарулы Күштері мен шекара қызметі қалыптаса бастаған кез еді. Міне, осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына сапармен келеді. Осы сапарында Елбасы «Зенит» зауытының ұжымымен кездесіп, оның алдағы атқаратын басты қызметін белгілеп беріп кетеді. Міне, еліміздің Каспий теңізіндегі шекара қызметіне қажетті кеме жасау өндірісі осылай басталған еді.
Сонымен, бүгінде «Зенит» Орал зауыты» АҚ республикадағы кеме жасау өндірісімен айналысатын әрі Каспий теңізінде еліміздің шекарасын қорғап жүрген кемелерге күрделі жөндеулер жүргізетін басты кәсіпорынға айналды. Бұл, біріншіден, еліміздің қорғаныс қызметіне қажетті зауытты үнемі назарында ұстап, оған ұдайы қолдау көрсете білген Мемлекет басшысы ықпалының нәтижесінде мүмкін болғаны анық.
«Ең бастысы, «Зенитте» құрастырылған кемелердің сапасы мен жарақтандырылу деңгейлері бәсекелестікке төтеп бере алады. Атап айтқанда, бүгінде осы зауыттағы кәсіби деңгейі жоғары маман-жұмысшылардың қолынан шығып, Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жол тартқан «Барыс КМ» жобасының зымыранды-артиллериялық кемелері шекаралық қызметте өзінің барлық талаптарға сай екенін танытты», дейді «Зенит» Орал зауыты» АҚ-тың бас директоры Вячеслав Валиев.
Егемен еліміздің игілігіне қызмет жасап келе жатқан кәсіпорын соңғы жылдары өндіріс ауқымын екі есеге дейін өсіруге қол жеткізе біліпті. Қазіргі күні зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әрине, бұл мүмкіндіктің шегі емес. Осы жетістікті тастай қылып ұстап қалып қалу зениттіктердің ойларында жоқ екен. Өйткені, мұнда алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтудың кешенді бағдарламасы белгіленген. Біз бұған осы материалды газетке әзірлеу барысында айқын көз жеткіздік. Соның ең бастысы, су сыйымдылығы 700 тоннаға дейін жететін алып кемелерді жасау жобасы болып табылады.
Зауыт ұжымы биыл еліміздің шекара қызметіне қажетті жиырма бесінші кемені Каспий теңізіне аттандырды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 кемені жасап шығаруды мақсат тұтқан зениттіктер алға қойған мақсаттарына осылай жетіп отыр.
25 жылдыққа – 25 кеме! Тәуелсіздік тойына бұдан артық қандай сый, қандай тарту болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретте: зауыттағы кеме құрастыру сәтінен көрініс.
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ