Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысының күн тәртібінде тоғыз мәселе талқыға салынды. Отырыс барысында шығармашылық қызметке қатысты заңдық құжат бойынша палаталар арасындағы келіспеушілік еңсерілді.
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу жөніндегі заңдық құжатқа қысқаша баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов жасады. Аты айтып тұрғандай, арсеналдар мен қоймалар орналасқан тыйым салынған аймақтарға 400 метрге жуықтауға болмаса, ал тыйым салынған аудандарға 3 шақырым шеңберінде жақындауға рұқсат берілмейді. Депутаттар заң жобасын талқылай келе, оны мақұлдау қажет деп шешті.
Келесі қаралған тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат бірінші оқылымда қаралды. Ол бойынша баяндаманы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк жасады. Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік тұрғын үй қоры, коммуналдық тұрғын үй қоры, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қоры және мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры деп аражігін ажырату болып табылады. Сондай-ақ депутаттар жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде тұрған азаматтардың кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізу; жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға арналған жас мөлшерін ұлғайту; азаматтарды халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарына жатқызу талаптарын нақтылау; тұрғын үй инспекциялары мен үй-жайлар (пәтерлер) иелері жиналысының құзыретін нақтылау; міндетті түрде кондоминиум обеъктісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақ шотын ашу және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстарға қатысудан жалтарған пәтер иелерінен сот органдары арқылы берешекті өндіріп алу мәселелерін көздейтін түзетулерді енгізді. Жалпы саны 300-ден асатын түзету жұмыс тобында қаралғандықтан, заң жобасы қолдау тапты.
Сондай-ақ, жалпы отырыста электрондық ақша мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтыруларды қарастыратын заң жобасы қаралып, онда электрондық ақшаны шығару әрі төлемдер мен өзге де қаржы операцияларын жүргізу барысындағы құқықтық қатынастарды реттеу көзделеді. Ал «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңға толықтыру енгізу жөніндегі заң жобасын Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов таныстырды. Аталған заң жобасымен, әсіресе, ауылдық жерлерде көбінен тұтынылып жүрген насыбайға да тыйым салу көзделіп отыр. Өйткені, аталған жасыл түсті түйіншекті ұнтақтардың құрамы белгісіз күйінде қалып келеді. Олай болса, аталған зат денсаулыққа зиянын тигізуі әбден мүмкін, деп санайды заң жобасының авторлары. Заң жобасы мақұлданды.
Бұдан басқа «Копенгагенде 1992 жылғы 23-25 қарашада қол қойылған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына түзетулерді және Монреальда 1997 жылғы 15-17 қыркүйекте қол қойылған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына түзетулерді ратификациялау туралы» заң жобасы және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.