25 Қазан, 2016

Қазақстандық компания Иранда алтын өндірісін қолға алды

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстандық компания Иран кен орнынан алғашқы алтынын Қазақстанға жеткізді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Альберт Рау мәлім етті. «Түсті металлургияның өсіміне өңделмеген алтын өндірісінің 19 пайызға өсуі әсер етті. Аффинаждалған алтын көлемі де 19 пайызға өсті. «Қазақмыс» аффинаж алтынын ұлғайтты. Елде өндірілген алтынның түгелі өз елімізде, отандық аффинаж зауыттарында өңделетінін айта кеткім келеді. Тағы да атап өтетін жайт - біз биыл Ираннан алтынды алғаш рет жеткізе бастадық. Оның көлемі әзірше 125 келі. Иранда біздің отандық компания алтын өндіріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 500 келі жеткіземіз деп болжап отырмыз. Егер біз биыл жалпы 11 тонна шығарсақ, Ираннан жеткізілген 700 келі едәуір үлес қосатынын байқаймыз. Келесі жылы олар Иранның 2 тоннаға дейін алтынын Қазақстанда өңдеуді жоспарлауда», - деді А. Рау. Ағымдағы жылдың 9 айында өндіріс көлемінің дамуына тоқталған бірінші вице-министр, Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында өңдеуші салада өндіріс көлемі артып отырғандығын атап өтті. «Металлургияда өндіріс көлемі 7,8 пайызға өскен. Оның ішінде қара металлургия - 3 пайыз, түсті металл өндірісі - 10 пайыз. Қара металлургияның өсіміне болат өндірісінің 10 пайызға өсуі әсер етті», - деді ол. Алюминий өндірісі 14 пайызға өсіп отыр. Химиялық өнеркәсіп 0,1 пайызға өсім көрсетіп отыр. Фосфаттар мен сары фосфор бойынша өндіріс төмендеген. Бірақ аммияк силитрасының 17 пайызға өсуі байқалды. Фармацевтика саласының өндірісі 2 пайызға жоғарылады. Жеңіл өнеркәсіп өсім 1 пайызға артты.