Әр дарынның жаратылыс қуатына байланысты қалыптасқан өз өзегі, өз арнасы болады. Ал олардың бастауы, әдетте, мұң, жан күйзелісі, бұған душар еткен себептер де әр түрлі болуы мүмкін. Ақын балалық шақтың сана кептелісінде қалып қойған, кезінде ішінен шығара алмаған, сапырылысқан, сезім мен ой тайталасын, жанының күлдіреген жарасын жырға айналдырып, жұртымен бөліседі. Осындайда неміс философы А.Шопенгауэрдің: «Жан азабы дем бергенде өнер өзінің шырқау биігіне көтеріледі» – дегенін айғақтайтындай ақын Тұманбай Молдағалиевтың мына жыр шумақтарына зер салайық:
Ессіз жалған, көзсіз жалған, көр жалған,
Сенен бақыт іздегенім немді алған,
Енді сенің нысанаң боп барам ба,
Бір атаның белгісі едім мен қалған.
Нең бар менде, нең бар менде, жалған-ау,
Алда жылау, алда зарлау, алда дау,
Әкемді алдың, шешемді алдың, әпкемді...
Менен сенің алмағаның қалмады-ау, –
деп ол бір өксіп алып, Феникс құсындай қайтадан түлеп, жыр өлкесін нұрлы да сырлы поэзиясымен құнарландыра түседі. Тұманбай ақынның жанының құпиясына тереңдеп зер салсақ, оның адами да ақындық бақыты – езіле де егіле сүйе алатындығында! Жастайынан елмен бірге күйзеліп, әрбір жанның қадірі мен құнына жете білген буын арасынан жарып шыққан шынайы дарын иесінің өмірді періште көңілмен қабылдап, жан ынтызарлығы мен сөз кіршіксіздігін кие тұтқан оның кеудесіндегі ақпейіл айдын махаббаттан толқиды. Сол ерекше қуат ауыртады да, емдейді, ойды да, бойды да сәулелендіреді, көңіл құсын биікке ұшырады – бұл керемет қозғаушы күш!
Ірі таланттың ауқымы кең, ол өзінің рухани бастауына адал. Жаратушының шапағатты нұрының жарығын ақын жырға айналдырып, жұрттың жан дүниесін жаңғыртады. Ол тебіренсе әлемге сыймай кетердей хал кешеді. Сондай сәттердегі сезім қопарылыстарынан атқылап шыққан жырлар көп жүректерді тебірентіп, қоғамдағы талай-талай ізгілікті ынтық тербелістерге ықпал ете түсері сөзсіз. Әрбір шынайы таланттың рухани әлемі таза бастаудан нәр алып, жаны нұрға бөленіп, ұшып жүреді. Сондықтан да, Тұманбай ақын:
Жайнайды бір нұр ішімде,
Өзіме қуат, дем берген.
Биылғы көктем үшін де
Ұшырам аққу кеудемнен, – деп тебіренеді. Өзінің ақындық табиғатын терең сезінген ақынның поэзиясында жан шуағы шүпілдеп тұр. Сол шуақтан нәр алып, өмірге, адамға, елге ғашық болып қаншама жан өсті. Ал осының құпиясы неде? «Пәк ойлар, кіршіксіз таза сөздер мен әрекеттер арқылы адам Жарық киесінің қорғауына алынады. Мұның өте маңызды салдары мынада, атап айтқанда, Жарық құдіретінің шексіздігінде», – дейді ХХ ғасырдағы орыстың гуманист-суретшісі Н.Рерих. Дүние жүзінің әр ағымдағы ойшылдарының айтып кеткен бұл тұжырымдамасы, сонау Тәңірлік дәуірден бастап,біздің халқымыздың ұстанымы болып қалыптасқаны белгілі. Таза, киелі, қасиетті, әулие жандар о дүниеге кеткен соң да қорғаушы күшке айналып, Жаратушының қолдауына ие болып, жақындарын қорғайды деген ұғым ұлтымыздың санасына сіңген. Бұл ата-баба қасиетін, сана саралығын, рух биіктігін қастерлеу, демек, елдіктің, адамдықтың ақ жолын сақтау қағидасы.
Түркі сопылары (12-15 ғ.ғ) Юнус Эмре, Султан Велед, Әлішер Науаи, Ахмет Ясауи, т.б. сияқты, Тұманбай ақынның да жүрегіндегі махаббат нұрының қуаты зор, бірақ айырмашылығы – олар Аллаға деген өздерінің шексіз ризашылықтарын, риясыз сүйіспеншіліктерін жырлары арқылы ағыл-тегіл ақтара алды, мейлі ол сүйікті нәзік жанға деген лапылдаған сезім болар, әлде, елге ме, өмірге ме – бәрібір жалғыз Жаратушыға деген шүбәсіз сенім мен тәубешілікті, жүректеріндегі зор алғысты олар отты жырлары арқылы жеткізе алды. Өйткені, әрбір дарын иесі өзінің сол Құдіретті бастаудан ерекше нәр алып тұрғанын сезеді. Ал Кеңес дәуіріндегі саясаттың қыспағында қалған ақындарымыз іштей Тәңіріне сыйынып жүріп, өздерінің жан тебіреністерін елге, жерге, Отанға, қоғамға, ата-анаға, жарға,балаға, адамға, жақындарына деген ыстық сезімдерге бөленген жырларға құйды. Алланы аузына алғанды қойып, тіпті, өз ұлтыңды, ата-бабаларыңды айтқызбай қудалаған сол заман туралы Тұманбай ағамыз:
Мен қазақпен барлығын да бір көрем,
Мен қазақпен жапырақ жайғам, гүлдегем,
Елім жайлы, жерім жайлы кеудемде
Ұйықтап жатқан кезімде де туды өлең.
Өмірім бір, көңілім бір бұл елмен,
Ол мұңайса мен жабығып, түнергем,
Ол қуанса жадырағам, жайнағам,
Аспан құсап айдынына күн ерген.
Өтірікті шындай – ғылып сапырған,
Азат ойға ажал болып ақырған,
Заманада өмір сүрдік, қайтейін,
Арман әні – біз айтатын ақырғы ән, – деген өкініш пен арман сол Кеңес дәуіріндегі қаншама жалын атқан дарын иелерінің іштегі тарқамай кеткен шері болып қалды ғой.
Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейтіні анық. Тұманбай ақынның жырларында қарапайым жанның мұңы да, қуаныш, реніші де, тіпті, балаңдық пен көңілшектік те бірімен бірі сезім сапырылысы болып астасып жатады. Кейде ол романтикаға берілсе, бірде реалист, натуралист, ойшыл. Бірақ, оның поэзиясында ойдан құрастырылған жасандылық жоқ, ол жырларын бейнелеп, метафорамен, эпитетпен зерлемей-ақ поэтикалық сезім қуатымен оқырман жүрегін лүпілдетіп, жанын шүпілдеген шуаққа бөлеп, мейірін қандыртады. Ақын жаны әрдайым мазасыз, бірде ол кінәмшіл,бірде көл-көсір, бірде аңғал да сенгіш. Бірақ, бұл көңіл күйдің бәрі ынтызарлықтан, іңкәрліктен туған Махаббат симфониясы! Сондықтан да ол:
Шіркін-ай, барлық адам досым болса,
Асықсақ жолыққанша, қосылғанша,
Бәрі де анам құсап мейірленіп,
Бәрі де анам құсап ашуланса, – деп армандап, күрсінеді.
Немесе:
Түсінбеймін сенгіш болдым неліктен,
Қолымды тек адалдыққа артамын.
Ажалды да дос екен деп сеніп мен,
Сыр білдіріп қоям ба деп қорқамын, – деп күйзеледі. Енді бірде көңілі шалқып, сезімі тасыған ақын бар дүниені құшқандай:
Көкшіл аспан, анау көшкен ақ бұлттар,
Менің ғана үлесіме тигендей,
Дүниедегі асыл арман, шаттық бар,
Мені ғана құшағына ап сүйгендей,
Балқимын да маужыраймын кейде мен,
Жыр боламын барлық тілде сөйлеген, – дей келе:
Жұлдызды аспан, баққа төнген ай нұры,
Аялайды аяулымның бір әні,
Қуанышын сыйласа өмір, қайғыны,
Сұрамай-ақ жақын әкеп тұрады.
Соның бәрін біле тұра күлемін,
Сол өмірді бәрібір мен сүйемін! –
деп, осылайша өмірдің өзінен өрілген көңіл толқындарымен оқырман жанын тербетеді.
Тұманбай ақынның шабытының өзегі Жаратушының оның жүрегіне құйған «Махаббат» атты нұрлы сезімінде! Ірі дарын иелерінің өмірлік, шығармашылық тәжірибелерінен алынған мәліметтерге сүйенсек, шабыт туралы ұлы француз жазушысы Виктор Гюго: «Әлдебір көрінбейтін рух сыбырлап, жанды ырғақты қозғалысқа келтіреді», – десе, немістің ұлы ақыны Гете өзінің өмірбаянында: «Осынау шығармашылық таланттың өмірлік өрісіне әлдебір себеп түрткі болады және оның бітім-болмысын айқындайды; бірақ ол ырық-ықтиярдан тыс келген шақтарда ерекше шаттықпен жарқын көрініс табады», – деп өзі де таңданады. Ал біздің қазақ халқы дарын иелерін «киелі», «аруақты» деп қастерлеген ғой.Тұманбай ақын да өзінің шабытының феноменін теориялық түрде түсіне алмауы мүмкін, оған мына жырлары дәлел:
Ұқпайды мені кей қазақ,
Мақтаншақ, өр деп ойлайды,
Тынымсыз соққан беймаза,
Даурыққан жел деп ойлайды.
Ұқпайды, кейде, жарым да,
Ұқсын деп жүрген мен де жоқ.
Оранып өзім жалынға,
Отырам жырға пенде боп.
Шақырып жырдың дауылын,
Қалжырап барып ұйықтаймын.
Сен тұрмақ, кейде, бауырым,
Өзімді-өзім ұқпаймын.
Тағы да:
Күн сайын алды қысымға,
Қысылған жанды ұғыңдар,
Өлеңнің абақтысында
Өлетін менің түрім бар, –
деген ақын толассыз жауған жыр нөсерінен кейде қашып құтыла алмастай болады. Әрбір дарын иесі өзіне Жаратушыдан берілген қасиетті қуатқа ие болуы үшін оны қастерлеп алып жүруі керек. Бұл оңай жол емес. Ақын жаны ерекше сезімталдықтан, сенгіштіктен, аңғалдықтан, ашықтықтан жараланғыш.
Сондықтан:
Сенетін едім ініге, үлкен ағаға,
Сенетін едім биік тауларға, далаға,
Сүйетін едім өзендерімді елжіреп,
Сондай бір жанды ренжітуге бола ма? –
деп ол көңіліндегі кірбіңді жырмен шайып тастап, қайтадан ақ арманына қарай жаны самғап ұшады:
Іздедім сәуле бұлт құшақтаған таулардан,
Таң көріп тұрып, күтемін келер таңды алдан.
Ақ періштелер – аққулар аман жүргенде,
Жүдегенменен, жұтамаспын мен Арманнан.
Тұманбай ақынның дарынының мөлдір бастауы – поэтикалық ұшқыр сезімталдығында, шынайы сүйе алатындығында, нәзіктігінде, шыншылдығында, қиянатсыздығында. Оның жаратылысы қазақтың жанындай жайсаң да жайдары, шуағы мол, кейде жасып, кейде арнасынан тасып сағынышпен, мейіріммен нәрленген. Ақын өзі айтқандай:
Бақтан қаштым, бақытқа да кенелдім,
Болар деген ұлдың қамын жеп өлдім.
Менің жаным қазағымда қайырымды,
Таза арында, өмірінде сол елдің.
Осылай ешқандай пафоссыз, бейнелеп, әсірелемей-ақ өз адами ұстанымдарын сезім байлығымен көркем жеткізе білетін ақынның өмірге, еліне, адамға деген ынтызарлығы әрбір жырында тұнып тұр:
Сен де мөлдір, күміс көл, ол да мөлдір,
Жыр тұлпары мөлдірлік жолда болдыр!
Мен өртеніп келемін өмір бойы,
Толқыныңа отымды сал да сөндір, –
деген ақын жырлары оқырманның жан дүниесін отты сезім тасқынымен шарпып өтіп жаңғыртады, жаңартады, өмірге құлшындырады. Әрбір үлкен дарын иесіне Құдіреттің артатын жүгі ауыр. Халыққа, тіпті, бүкіл адамзаттың сана-сезіміне ықпал ететіндей қасиетті рухқа ие болғандықтан оның бойында тек ізгілікке бағышталған ниет – бағдарлама болуы қажет. Сондықтан, адамзаттың рухани әлемін құнарландырушы тұлғалардың атқаратын міндеті зор.
Тұманбай ақын жаны өртеніп бара жатқандай күй кешіп, сол сезім тасқыны жырға айналғанда:
Жанып жатқан аспан ба,
Әлде менің жаным ба, – деп өз күйіне таңданса,
немесе:
Жар құшағы секілді,
Жырдың ыстық құшағы,
Жерге аяғың тигізбей,
Аспанға алып ұшады, – деп сезім отына балқыса – бұл ақын жүрегіндегі ерекше қуаттың жанартаудай атқылаған сәттерінің айғағы.
Осындайда: – Жыр анасы, анық маған келгенің,
Ертіп алдың, еркімді алдың сен менің.
Бар дүние тұра қалды ән айтып,
Жақындаған секілденді жерге күн, –
дейді ақын Музасына бағына да табына.
Тұманбай ақынның жырлары қаншама жүректерді лапылдатты, әрбір іште бұғып жатқан сезімдерді жалындатты:
Бұлттанбайды жырымның күн жүрегі,
Кірленбейді көңілімнің шым жібегі.
Қарындастың жанына шуақ сыйлап,
Жалын жаспен жырларым бір жүреді.
Осылайша бойындағы бар асыл қасиетін жыр-тәбәрік етіп туған халқына сыйлаған ақын елімен бірге еңселене түседі.
Ақынның жырға айналған жаны жұртының жүрегін махаббат отымен шарпып, қиналғанда дем беріп, бойларына ләззат сыйлайды. Ол өзі айтқандай:
Мен өлеңмін, басқа ешкім де емеспін,
Ел қайғысын, жер қайғысын жеп өстім,
Өлең болып өрілгеннің бәрі маған жап-жарық,
Өлең бола алмағанның бәрі маған көмескі.
Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұманбай Молдағалиевтың нұрлы жырлары халқымыздың жан азығына айналып, күретамырына нәр болып құйылған.
Жақын тартқан өзімді жұрттың бәрін,
Шұғыласына жанымның бөлей берем, –
деп ақын аға өзі айтқандай, оның ынтызар, періште көңіл жырлары тәуелсіз елімен бірге болашаққа бет алды.
Жадыра ДӘРІБАЕВА,
ақын, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері
АЛМАТЫ