04 Наурыз, 2011

Қоғамдық комиссия іс үстінде

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бұдан бұрын хабарланғанын­дай, ынталы топтың баста­ма­шы­лығымен Қазақстан Республика­сы­ның кезектен тыс президенттік сайлауын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрылған болатын. Сол ко­миссияның электоралды кезең­дегі қызметімен таныстыру ба­ры­сында республика жұртшы­лы­ғы, Қазақстанда аккредитация­лан­ған халықаралық байқау­шы­лар институты және шетелдік БАҚ өкілдері осы қоғамдық ко­миссияның алдағы кезектен тыс сайлау алдында әрі электоралдық үдерістің барлық кезеңінде жүр­гізе­тін қызметі туралы егжей-тег­жейлі танысуға мүмкіндік алды. Кеше Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде аталмыш қоғамдық комиссияның Алматы қаласы бойынша филиалының кеңесі бас­пасөз мәслихатын өткізді. Комиссия құрылуының жай-жап­са­ры, алдында тұрған мақсат-мін­дет­тері жайында кеңес мүшесі, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» ҚҚ вице-президенті Айдос Сарым ке­ңірек әңгімелеп берді. Респуб­ликалық комиссия құрамында он бес адам бар көрінеді. Олардың бәрі ақы алмай, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Бұл комиссия негізінен сайлауды өткізу жөнінде құрылған қоғамдық штабтардың, «Әділ сөз» медиа тобының, үкі­меттік емес ұйымдардың, оппо­зи­ция­лық күштердің, сондай-ақ бес мың шамалас ерікті байқау­шылардың, қоғамдық бірлес­тіктердің ақпараттарына арқа сүйейді. Бұрмалаушылық бай­қалса, бірден дабыл қағылады. Комиссия сайлау біткеннен кейін өз қорытындыларын шығарып, жариялы түрде өз бағасын береді. А.Сарым Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында әділ де ашық президенттік сайлау өткізу үлкен сын екендігін атап көрсетті. Ал осы сыннан мүдірмей өтіп, демократия тағылымдарын танытуға біз­дің елімізде нақты мүмкіндіктер бар. Бұл сайлау бұрынғысынан жақсы өтіп, сайлау мәдениетінің жақсарғанын айғақтайтынына сенім мол. Қоғам қайраткері, мәдениет­танушы Мұрат Әуезов осынау күрделі уақыттағы жалпы сайлау феномені туралы әң­гіме қозғады. Сайлау президенттік немесе биліктік қана емес, ол – ең алдымен халыққа қажет институт. Сондықтан, біздегі сайлау елді одан әрі демокра­тия­лан­дыруға қызмет етуі тиіс. Қалың бұқара тұйыққа тірелмей, сенімсіздікке ұрынбай, өзінің таңдау құқығын, сайлау құқығын сауат­ты пайдалануы керек. Қазақта «Үмітсіз – шайтан» деген сөз бар. Міне, осы болмауы керек. Соны болдырмайтын институт – демократиялық әділ сайлау. Жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай кеңес заманында сай­лауға сенбейтін еді, ол үміт­сіздіктің көрінісі болатын, деп бастады әңгімені. Оның ойынша, сол үмітсіздік біздің Тәуелсіз Қазақстанның өмірінде болмауы керек. Кейде мұндай көңіл ауаны әр жерде байқалып та қалады. Өйткені, егер бәрі кесіліп-пішіліп қойған болса, сайлаудан не пайда? Бірақ халықтың басым бөлігі өзі сенген бір адамды айқын жақтап тұрса, онда әңгіме басқа. Ең бастысы – әділ де адал сайлау. Біз жазушылық арымызбен осы әділ сайлауды жақтайтындықтан, қоғамдық комиссия жұмысына қатысуға келісім бердік, деп түйіндеді ол сөзін. Бұдан соң комиссия мүшелері журналистердің қойған сұрақ­тары­на жауап берді. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабеков Лингвистикалық ко­мис­сияның кейбір шешімдерімен өз басы келіспейтіндігін мәлімдеді. Кинорежиссер Игорь Вовнянко, ең бастысы азаматтық қоғам қалыптастыру дегенді айтты. Әрқилы алып­қашпа сыбыстарға жел беретін асүйлік демократияны қоя тұрып, нағыз демократиялық президенттік сайлау тетігін әзірлеу керек. Басты міндет сайлау туралы заңның бұзылуына жол бермеуге саяды. Біз соған қызмет етеміз, деді ол. Қорғанбек АМАНЖОЛ.