04 Наурыз, 2011

Сайлау бюллетеньдерінің саны – 9 191 977 дана

602 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері туралы қаулы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясының хат­шысы Бақыт Мелдешовтің хабардар еткеніндей, қаулы бойынша 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақ­стан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері орталықтан­ды­ры­лып дай­­ындалады. Сайлау бюлле­тень­­дері­нің саны сайлаушылардың ті­зімдеріне енгізілген сайлаушы­лар­дың жалпы санының 1 пайыздық резервімен қоса, 9 191 977 дананы құ­рай­тын болып белгіленді. Ал сайлау бюл­летеньдері ҚР Ұлт­тық банкінің Банкнот фабрика­сында басылып шығарылады. Аталған қаулыға сәйкес сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі де белгіленді және сайлау бюллетеньдеріндегі мәтіндер де бекітілді. Сайлау бюллетеньдері облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссия­ларына 2011 жылдың 25 наурызынан бастап беріле бастайды. Ал учаскелік сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары 2011 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей жет­кізуді және акт бой­ынша беруді қамтамасыз етулері тиіс. Отырыста, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова ТМД-ның байқаушы миссиясынан екі байқаушыны тіркеу туралы қаулы қабылданғанынан хабардар етті. Олар Беларусь Респуб­ликасының өкілдері Николай Логовик пен Марина Рахманова. Т.Охло­пкова­ның айтуынша, кешегі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына 59 байқаушы тіркелген. Оның 44-і ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жө­ніндегі бюросы миссиясынан, 2-еуі ТМД миссиясынан, 11-і шет мем­лекеттерден, ал 2-еуі Халық­аралық республикалық институ­тынан. *  *  * Кеше Орталық сайлау комиссия­сының төрағасы Қуандық Тұр­ған­құлов Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып тіркелген Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымовқа куәлік тапсырды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.