Кеше елордада Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабының ашылу рәсімі болды.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының төрағасы Владислав Косаревтің тұсаукесер рәсімдегі сөзіне қарағанда, партия Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков осы жылдың 26 ақпанында Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркеліп, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат мәртебесін алған. Кандидатты қолдап қол жинау үдерістері де ойдағыдай аяқталды. Алты күн ішінде кандидат 96 500 сайлаушының қолын жинаған. Бүгіннен (3 наурыз) бастап партия атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды науқаны кең көлемдегі үгіт жұмыстарын бастады.
Партия төрағасы сөз барысында партияның сайлау науқаны кезінде алға қойған негізгі мақсатымен де таныстырып өтті. Оның хабардар етуінше, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін адамдардың жағдайын заңды түрде бекітіп, жер телімдеріне ие азаматтардың құқықтарын қайта қалпына келтіру қажет. Сонымен қатар, жекешеленіп кеткен коммуналдық қызметті халықтың қатысуымен акционерлік қоғам ретінде қайта құру керек.
Владислав Косарев, сондай-ақ Коммунистік халықтық партия сайлау үдерістеріне байқаушы ретінде белсене қатысатындығына да тоқталды. Партия басшысының айтуынша, елімізде 2,7 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Осылардың 70 пайыздан астамы түрлі деңгейде өткен сайлауларға қатысқан жоқ. Партия олардың сайлауға қатысуларына күш жұмылдыратын болады.
Тұсаукесерде кандидаттың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Дәукен Темірбаев пен президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков те сөз алып, саяси науқанға байланысты өз ойларымен бөлісті. Штаб жетекшісінің мәлім етуінше, кандидаттың сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін облыстық, қалалық және аудандық штабтар құрылып, жұмыс істей бастады. Жақында үгіт пойызы жасақталып, ел аралауға шығатын болады. Оның құрамында белгілі ғалымдар, өнер қайраткерлері мен саясаткерлер бар. Ал президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков өзінің сайлауалды бағдарламасы БАҚ-тарда жарияланатынын айта келіп, Коммунистік халықтық партияның өз жақтаушыларына арнаған үндеуімен таныстырды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.