27 Қазан, 2016

«Сарғайған суреттің» тағы бір сыры

697 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінде өткен 1 қазан күні жарияланған Зарқын Тайшыбайдың «Сарғайған сурет сыры» атты мақаласын оқып, зобалаң жылдардағы қазақ дала­сындағы қияметке құлақ түріп жүрген азаматтың бірі болға­н соң, №7 суреттегі Мағрифа Қойай­­дар­қызы (өзінің әкесінің аты Мыр­зағұл, атасы Қойайдар) ана­мыз­дың аты көзіме оттай басылды. Сөйтіп, сол мақаланы жария­лаған сіз­дерге, әрине, авторына ырза­шы­­лығымды білдірейін және аз да болса Мағрифа анамыз туралы ой бөлісейін деп қолыма қалам алдым. Мағрифа Мырзағұлқызы Қой­айдарова 1903 жылы Орынбор губерниясына қарасты Бөрті болысында туған. Әзберген, Дәрібай атты ағалары болған, Сарыөзек жағында тұрған. Әкесі Мырзағұл қызын алғашқыда медреседе оқытады, одан кейін зирек Мағрифа гимназияда оқиды. 1922-1929 жылдары Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқиды. Студент кезінде өте ажарлы, сұң­ғақ бойлы Мағрифа қазақ зия­лыларының болашақ жарлары, қа­зақ дәрігер қыздарының алғашқы қарлығаштары Мәдина Қасымова, Дәмеш Ермековамен бірге оқиды, олармен дос болады. Кейін Мағрифа болашақ жары, қазақ зиялыларың бірі ғалым-агроном Смағұлмен танысып отау құрады. Смағұл Сүлейменұлы Қазбеков Мәскеудегі Тимирязев атындағы Бүкілодақтық ауыл ша­руашылық академиясының түлегі, ВАСХНИИЛ-дің Ташкент­тегі Орта Азия және Қазақ­стан Ауыл шаруашылығы инсти­туты­ның селекционерлік бөлімін басқарады. Смағұл Сүлейменұлы Әлихан Бө­кей­­ханов, Мағжан Жұмабаев, Сма­ғұл Садуақасовпен достық қаты­наста болған. Тіпті, Мағжан Жұма­баевтың Смағұл Қазбековке арнаған өлең шумағы да бар. Смағұл Қаз­беков ұстазы, дүние жүзіне әй­гілі академик Н.И.Вавиловтың же­текшілігімен Қазақстандағы ең алғашқы агроном-ғалым, био­­­лог-генетик дәрежесіне же­теді. Н.И.Вавиловпен бірге бота­никалық-агрономдық экспеди­ция құрамында АҚШ-тағы Чи­каго қаласына іссапармен барып келгеннен кейін, 1937 жылы «үштіктердің» үкімімен «халық жауы» деп жазықсыз тұтқындалып, 1938 жылы 19 ақпанда Шымкентте ату жазасына кесіледі. Мағрифа анамыз күйеуі жа­зықсыз айыпталып қамауда отыр­ғасын ішкені ірің, жегені желім болып, жанын қоярға жер таба алмай, мұңын шағатын жан да таба алмай қиналады. Кешегі дастарқандас дос-жарандар, туған-туыстар теріс қарайтын заман туады. 1938 жылы шілденің 28-інде 10 жасар ұлы Ерденді жетектеп, құндақтаулы 5 айлық Еркені көтеріп Шымкенттегі түрмеге келгенде, жендеттер балаларын қолынан жұлып алып, Мағрифа анамызды да түрмеге қамайды. Жаны қиналған сәтте есін жиып, досы Шәкен Мурзинаға «балаларымды аман сақта» деген үш сөз жазып үлгереді. «Халық жауының» әйелі ретінде алғашқыда Алжир-де отырады. Мағрифа анамызды кейін Қарағанды түбіндегі До­линкаға, Карлаг түрмесіне жі­береді. Дәрігерлік мамандық тікен сымның аржағында кәдеге асады. Мағрифа анамыздың адамға деген ізгі қасиеті тар қапаста да жоғалмайды, жаны жаралы жан­дарға шипа көрсетеді. 1943 жы­лы Мағрифа анамызды Балқаш қаласындағы еңбекпен түзету лагерінің ауруханасына меңгеруші етіп ауыстырады. Сол жылдардан бастап өзінің сүйікті мамандығы бойынша қызмет жасайды. 20 жылдай сергелдеңмен жүрген Мағрифа анамыздың сарғая күткен құжаты – ақталу үкімі 1956 жылы шығады. Бір жылдан кейін КСРО-ның Жоғарғы сот алқасының 1957 жылғы 21 желтоқсандағы үкімімен жары Сма­ғұл Қазыбековтің ақталған хабарын алады. Бірақ бәрі кеш еді, аяу­лы адам 1938 жылы атылып кет­кен-ді. Мағрифа анамыз өмірінің соңына дейін Балқаш қаласының халқын емдеуге күш қуатын жұм­сады, кеш болса да «Еңбек қызыл ту» орденіне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» сияқты ма­ра­паттарға ие болды. Қарағанды облыстық кеңесіне депутат болып сайланады. Жазықсыз жапа шеккен ұзақ жылдардан жүрекке түскен жазылмайтын жарамен, жа­рын сағынышпен сарғая күткен аң­саумен өмірі өткен аяулы ана­мыздың жүрегі 1982 жылы соғуын тоқтатты. Смағұл Сүлейменұлы Қазбеков пен Мағрифа Мырзағұлқызы Қой­айдарова-Қазбекова атында Жез­қазған, Балқаш қалаларында кө­ше аттары бар. Мағрифа ана­мыз­­дың ұлы Ерден Қарағанды ме­­динститутын бітіріп, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург болып қызмет жасады. Өкі­ніштісі, өмірден ертерек озды. Ерке Смағұлқызы өмір бойы ұстаз болып зейнетке шық­ты, төрт баласы да жоғары білімді. Қызы Зәуре Оспанова да әже­сінің жолымен мединститутты бітір­ді, медицина ғылымдарының кандидаты, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінде балалар дәрігері. Сар­ғайған суреттің бір ғана сыры осы­лай ашылған сияқты. Әлде де ашыл­маған көп сырлары бар. Сол суреттегі адамдардың ұрпақ­тары хабарласар деген ойдамын. Серік ОРАЛ, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, зейнеткер Қарағанды облысы

img_224711956 жылы Балқашта дәрігерлік қызметте

img_22481Мағрифа анамыз Ташкентте, 1922 жылдары студент кезі