27 Қазан, 2016

Тілдегі қойыртпақ қашан тыйылар екен?

1308 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Академик Сейіт Қасқабасовтың күйініп, «калька көбейіп кетті» деп ана тілінің болашағы үшін аса абыржып алаңдайтындай жөні бар. Түсінікті түйсік. Бұл үлкен-кіші бәрімізді де тереңнен толғандырады. Қадам басқан сайын тіл заңдылықтары мен ережелері қатаң сақтала бермейтінін көз көріп, құлақ естіп жүр. Бүйте берсе енді аз уақыттан кейін жаңа ұғым пайда болатын жан ашитындай жағдайға жетіппіз. Тілдердің көзін шығарып, мұрнын бұзып, басын жаратын орқаздардың (орашолақ ойлап, орысша-қазақша қойыртпақтап сөйлейтіндер) көктен іздегені жерден табылып, құдайы беріп қалды. Ұлан-байтақ Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да көңіл құлазып, жан жүдеп қайтады, күлдібадам сөздерді араластыра шүлдірлеп, ананы да, мынаны да сапырып сайрайтындар жиі ұшырасады. Қоғамдық көлік пе, сауда орны ма, ЖОО мен мектеп пе, бәрібір, олардың қысылып, қымтырылып жатқан жайы жоқ. Қайсыбір күні Алматыны ұзы­нынан да, көлденеңінен де армансыз аралаудың (әдейі емес, әрине) сәті түсті. Қоғамдық көлікке отыру мұң екен, құлақ сарсылып, көз қарайды. Қызметкерлердің дөрекілігі мен жауапсыздығы жү­рек ауыртты. Кісілердің «жолақы­сын» тексерушілер шімірікпей «Софья Ковалевская», «Баумана» деп тақылдады. Бұл көшелер біраздан бері Нұрғиса Тілендиев, Тұрғыт Өзал атымен аталып, өзгерген жоқ па еді? «Дайындаламыз: Абая, Байтұрсынова, Сейфуллина, Ви­ноградова, 8 марта. Түсеміз: Зеленый базар, Мехколонна, Биб­лиотека, Экран» деп шұбырта бас­тады аялдамаларды бірінен кейін бірін атап. Не қазақша, не орысша емес аралас атаудың орнына нақтылап «Қарасай батыр, Қалдаяқов, Көк базарға тоқтайтын тұс» десе біреу тағынан тайып қалатындай. Оңтүстік астананың шығыс айналмасы мен Құлжа күре жолы қиылысынан алыс емес «Верненский базары» орналасқан. Дұрысы – «Верный базары». Аты әйгілі ән байқауын Ресейдің өзінде «Славянский базар» атамай, «Славян базары» демей ме? Алаңдар мен көшелер абыройды айрандай төгетін сауатсыз жарымжан жарнамаларға толған. Аты да, заты да жоқ баспалардан шығып жатқан кітап өнімдерінде емлелік, грамматикалық және мағыналық қателер өріп жүр. Бір жазбагер Г.Н.Потаниннің «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұр­­ғандай сезіледі» деген сөзін А.В.Затаевичке телісе, «Жошы ұлы­сы» хабарында авторы Жами ат-тауарих («Жылнамалар жинағы») авторы парсы оқымыстысы Рашид ад-дин, Фазлаллах ибн Абуль-Хайр Хамаданиді (Ат Тәбиб) араб тарихшысы деп шатастырады. Жазушы Дулат Исабеков жуырдағы бір сұх­батында қазақ телеарналарының тобырлық мәдениеттің ықпалына түсіп, соны насихаттауға бейім екенін ашынып әділ сынады. «Бө­рінің тәңірісі болса, иттің иесі бар» емес пе? Жүгенсіз ауа жайылып, тәйт дейтін ешкім болмай ба­ра­ды. Бұл қашанға дейін жалғаса береді? Біреулердің қаңсығы (қытай, кәріс, үнді мен түрік сериалдары) бізге таңсық болғаны ма? Тек кейінгі кезде көк жәшіктен беріліп жатқан қисапсыз һәм қызықсыз хикаяттардан қарын ашады. Оларға сырттай қараған адамның жаны жабырқап, жүйкесі сыр беріп сала береді: «Арам ақша, адал махаббат», «Махаббат пен өшпенділік», «Нысанадағы ма­хаб­­бат», «Катяның махаббаты», «Әйел бақыты», «Әйел қырық шырақты», «Келін», «Фатмагүл», «Киелі неке», «Зина, Зинуля», «Ұрланған өмір», «Ұрланған тағ­дыр», «Тағдырмен тайталас», тақырыптары қандай тайыз. Айтары аз. Қозғап отырған мәселесі көңіл көншітпейді. Ана бір кезде хабарларда 50 де 50 пайыз тіл мүмкіндігін пайдалану жайы сөз болып еді. Оған пысқырып қарап жатқан ешкім жоқ. Қайта қойыртпақ тілді өршіте бастағандай. Әсіресе, бұл тұрғыда 31-арна алдына қара салмай тұр. Оның «Информбюросы» сол бағытқа құрылғандай ма десек, асыра айтқандық болып шық­пайды. Оған «Оң-TV» қосылды. Телеарнаның хабары шалағай, тілі шұбар. Сүзгіден өткізілмейді. Ана тілінің жанашырымыз деп кеуде қаққан бір басылым былтырғы бір нөмірінде үстірт қарағанның өзінде амбиция, аура, аннекcия, публицистика, т.б. орыс сөздерін балалатып, бірен-саран қолданса, биылғы сәуірдегі сандарында ана тілі тағдырына жүрдім-бардым қарап, құлаққа жат ұғымдар өріп жүр: мемуар, яхта, акционер, держава, материал, дезинформация, пропаганда, ресурс, концентрация, генетика, мутация, формат, режім (режим), оккупация, аукцион, кодекс, резолюция, реформа, референдум, роль, реванш, позиция, ультиматум, интеграция, комплекс, гонорар, меценат, кульминация, арена, визит, точка, дуэт, т.б. қолданылуы қораш. Бұлардың баламасы қайда? Өкінішке қарай, қазақшаны өрістетіп, оның орасан байлығы мен көркемдік-бейнелік қасиеттерін одан әрі өркендетудің орнына кейбір қаламгерлердің өздері сөзді қолдану аясын тарылтып, тіл бұзуды жаман дағдыға айналдыра бастағандай. Ұлт тілінің шұрайы, қоры мен құ­нарлылығын бес саусақтай біле­тін Кәмел Жүністегінің бір мақаласында қасқырдың қаншығы (құртқасы) жерік болып жүр. Ондай әдет пен қылық әуелі әйел затына қарай айтылмай ма? Илья Жақанов «Дударай» эссесінде үсті-үстіне төпелеп, мағынасынан кем түспейтін мағынасы бола тұра дача (саяжай), купец (көпес), завод (зауыт), квартал (орама), теоретик (болжамгер), регистр (деңгей, дәреже), квартет (төрттік) және де басқа орыс сөздерін туындысына орынсыз тықпалайды. Тағы бір әріптес «арыстанның күшігі» деп жазса, «Атамұра» бас­пасы 3-сыныпқа арналып былтыр төртінші рет басылым көрген «Қазақ тілі» оқулығында (60-бет) құрастырушылар «арыстанның төлі» депті Америка ашқандай. Сонда бұл шіркіндер арыстанның абданы болатынын білмегені ме? Мысықтың мәулені, тек үй хайуанаттары ешкі мен қойдың төлі, иттің күшігі мен қасқырдың бөлтірігі, түйенің ботасы, аюдың қонжығы, киіктің құралайы, арқардың қо­зықасы, аққудың көгілдірі болмаушы ма еді? «Бүйректен сирақ шығарып», жыртқышқа төлді телігені несі? Баспасөзге жиі араласып жүрген серкесөзші Б.Омарұлы жазушы, марқұм Сейдахмет Бердіқұлов төсек тартып жатып та тіл тағ­дырына қатты алаңдағанын айтады. «Осы көсемсөздің баламасын таба алмай жүр едім, –  дейді Секең көңіл сұрауға келген інілерімен кездескенде де ойға батып. – Соны беделсөз дегеніміз дұрыс-ау. Әйтпесе, қолына қалам ұстағанның бәрі көсемсөз жаза берсе... онысы көсемнің сөзіндей болып шықса жақсы...». Қойды серке, ойды серкесөз бастағаны сіңісті сияқты. Терминдер туралы дүдамал түйіндер бізді де көптен бері толғандырып жүр. Бәтуасөз, жүйесөз не серкесөз кірігіп кетсе игі. «Свежийді» балғын, «здоровый образ жизниді» саламатты өмір салты, «публицистиканы» көсемсөз деп тәржімалауға түбе­гейлі қарсымын. Алматы көшелері мен жер­төлелерінде «Срочный ремонт обуви», «Срочное изготовление ключей» дегендегі «Жедел кілт дайындау», «Жедел аяқ киім жөндеуге» сайыпты. Аяқ киім жедел ме, немесе жөндеу жедел ме? Екіұшты. Кілт те сондай. Жаңылтпаштай бас қатырып, тіл сындырады. Адасып аударылып жүргендер қаншама. Бұл індет тұрмыстағы басқа салаларды да тұтастай қам­тиды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театры, Әдебиет және өнер институты деп жаттанды атауға етіміз өліп, үйреніп кеткенбіз бе? Сонда, байқап-байыптасақ, осылар дұрыс па? Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық музыкасы аспаптарының оркестрі дегеннің өзінде қаншама жаңсақтық бар. Қашаннан бері қазақ, мемлекет, ұлт, облыс, педагогика, әдебиет пен өнер әлдебіреудің атында еді? Егер жөнге көшіп, тіл заңдылықтары мен ережелерін сақтағанда, Қазақ­­тың ұлттық әл-Фараби атын­дағы университеті, Қазақтың педа­гогикалық Абай атындағы уни­верситеті, Қызылорданың мем­лекеттік Қорқыт ата атындағы уни­верситеті, Әдебиет пен өнердің М.Әуезов атындағы институты десек бізге кім қой деп жатыр? Сәл ойлануға мұрша болмағаны ма? Қатал мұз көбесін сөгіп, өзгертуге батылдығымыз жетпейді. Неге? Күзеу емес, тілдегі мүкісті түзеу міндет, бұл – баршаның борышы. Жолдау бізден, егер реті келіп жатса қолдау сізден, қазақ қауымы! Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, Қазақстанның құрметті журналисі   АЛМАТЫ