27 Қазан, 2016

«Жанам деген жүрекке от беремін». Қызылордада жастар форумы өтті

566 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
zhastar-forum01-kopiya«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!». Мағжан атамыз айтқан бұл сөз қанша заман ауысса да мәні мен маңызын еш жоймақ емес. Әр дәуірде жастарға сенім артып, солардың жолына үлкен үмітпен қараған. Келешекті кемел, болашақты баянды етеді деп жауапкершілік артқан. Аға ұрпақтың жастарға бар қамқорлығын аямай, қажетті білімін жинап, біліктілігін арттыруда жолбасшы болуының сыры да осында жатыр. Бүгін де тәуелсіз Қазақстанды өркениеттің көшінен қалдырмайтын, ұлтты ұшпаққа шығарар жастарға даңғыл жол салынып жатыр. Елбасының өзі тікелей бастамашы болып жастардың «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерде білім алып, өзгенің озық тәжірибелерімен танысуына мүмкіндік жасауы да сондықтан. Қызылорда облысында бо­лашақтың кілті саналатын жастардың «Мәңгілік  Ел  мұра­­ты – Тәуелсіздік» тақырыбында ХІІ форумы өтті. Оған талапты да талантты жастар жиналды. Форум барысында 4 бағыттан тұратын секциялық жұмыстар ұйымдастырылып, жастар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың 2020 жыл­ға дейінгі стратегиясының жобасы талқыланды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын дәріптеген жастар форумының жұмысы табысты өтті деуге болады. Форумның алғашқы күнінде «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы мемлекеттік мекемелердің және жастар ұйым­дарының өзара іс-қимылы», «Ұйымдастырылмаған жас­тармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілдері», «Жастар саясатына талдау және мониторинг жүргізу», «Мемлекеттік жастар саясаты саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру тетіктері» секілді тақырыптарда еркін форматтағы пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бірқатар мамандар сала төңірегіндегі ойымен бөлісіп, Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің бас сарапшысы Ернұр Бихожаев жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін атап өтті. – Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолында­ғы қарқынымыз, жастардың қоғам­дық-саяси өмірдегі ұста­ны­мына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланыс­ты. Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударуға тиіспіз. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, бола­шақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, елімізде іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, Үдемелі индустриялық-инновациялық да­- мудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары бағытталған. Олардың қатарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламалары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл жас­тарына арналған «Дипломмен – ауылға!» жобасы да жемісін беруде. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға елі­міздің толыққанды азаматы болуға мүмкіндік беруі тиіс» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір ол іс жүзінде жүзеге асырылып, жастар саясаты ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін дәлелдеуде, – деді Е.Бихожаев. «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ төрағасы Айдын Сәбитов әлеуметтік жобалар маргинал жастармен жұмыс жүргізу, оларды жұмысқа орналастыру секілді мәселелерді қамтуы тиіс екенін айтты. Жастар мәселесіне келгенде, маргинал және NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеуді басты назарға алу керектігін тілге тиек етіп, ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс жасаудың жаңа тә­сіл­дерін ұсынды. Форумның негізгі жұмысы келесі күні қарқын алды. Ау­дандардан келген бір топ форум делегаттары «Болашақ» университетінде бас қосып, секция отырысы жалғасын тапты. Әрі қарай шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіндегі пленарлық отырысқа ұласып, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жалынды жастармен кездесті. – Біз – «ағадан – ақыл, ініден – ізет» деп, кейінгі толқынға сенім ар­та­тын халықпыз. Сыр өңірін­де жас­тар мәселесі бір сәт те назардан тыс қалған емес. Бүгінде қаладағы және аудандардағы жастар ресурстық орталығын­да олармен жұмыс жасайтын ма­ман­дар нәтижелі қызмет ат­қаруда. 20 мыңнан астам жас «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарла-маларының қатысушысы атан­ған. Халықаралық «Бо­лашақ» бағдарламасы аясында 200-ге жуық жас білім алды. 80-ге жуық бағдарлама түлегі өңір дамуы­на елеулі үлес қосып келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында да 50-ден астам жоба жүзеге асуда. Жастарға айрықша көңіл бө­лген мемлекет саяси және экономикалық табысқа жете алатыны сөзсіз. Сондық­тан, елімізде жастарды жал­пы қоғамдық үдерістерге қосу мақ­сатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Біздің мақсатымыз – жастарға жағдай жасап, қажетті қолдау көрсету. Алдағы форум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Руслан Рүстемұлы. Келесі сөз алған «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергенов облыстағы жастар саясатының даму қарқыны жайлы тарқатып айтты. Оның айтуынша, орталық 2020 жылға дейінгі жұмыс моделінің тұжырымдамасын дайындап, соның аясында жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен бірге, орталық бүгінде жастардың тың идеяларын жүзеге асыруы­на ықпал ететіндей жаб­дық­тал­ған. Мұнда пікір алмасу, жас тілшілер, еріктілер клубы, «Жайдарман» үйірмелері жұмыс істейді және аталған үйірмелерге бүгінде 300-ге жуық жас қызығушылық танытып, мүше ретінде тіркелген. Пленарлық отырыс соңында облыстың белсенді жастарының бірі, тәуелсіздік құрдасы Рах­мет­улла Жаппарбергенов форум жастарының үндеуімен та­ныстырып, жастарды игі іс­тердің ұйытқысы болуға ша­қырды. Ал «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев биылғы жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында өтетін рес­пуб­ликалық жастар форумына қатысатын белсенді 30 жас делегатты хабарлады. Екі күнге созылған ауқымды ша­рада белсенді жастар осылайша аймақтағы жастар саясатының оң өзгерістеріне куә болып, тәжірибе алмасты. Нақты мәселелерге тоқталып, ұсыныстарымен бөлісті. Форум аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жас­тар ұйымдарының көш­бас­шыларымен кездесті. Аймақ басшысы алдымен Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығына тоқталды. Сондай-ақ, ол ел ертеңі бүгінгі жас екендігіне баса назар аударып, келер заманның оңай болмайтындығын, қиындықпен күресе білу керектігін жеткізді. – Біздің мақсатымыз – бел­сен­ділерді көрсете отырып, жастардың нақты мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын айқындау. Бүгінгі заман, болашақ білімдіге тиесілі. Сондықтан, әрбір жастың білім алуы мен жұмыспен қамты­луы үшін күш біріктіре жұмыс жа­сау­ы­мыз керек. Әсіресе, сіздер­ге артылар жауапкершілік жоғары, – деді аймақ басшысы. Қырымбек Елеуұлы бұл орай­да әлемнің ілім-білі­мі дамыған елдерін әңгімелеп, өркениеттің озық үлгісіне қадам басқан тұлғалардың өмірінен мысалдар келтірді. Айталық, әлемнің бай кәсіпкерлерінің бі­рі, канадалық ғалым Илон Масктың бағындырған биігі бүгінде аңызға айналып отыр. Бірақ, шындық – болашақта мұнай-газ өнімдері­не сұраныс азая­ды, электр қуаты жаппай күннен, желден өндіріле­ді. Сол уақытта экономикасы «қара алтынға» тәуелді қазақ елі қалай күн көреді? Әрине, бұл тығырықтан тек білімнің күшімен шыға аламыз. Қырымбек Көшербаев жи­ын барысында бүгінгі қазақ жастары арасында қалыптасқан күрмеулі мәселелерді ортаға салды. Облыстық ішкі саясат бас­қармасының мәліметінше, Қызылорда облысында не оқу­да жоқ, не жұмыста жоқ жас­тар­дың саны 20 мыңның үстін­де. Өркениетті экономика­лық ықпалдастық және даму ұйымы­на мүше елдер мұндай жастарды NEET санатындағылар деп атайды екен. Сонымен, NEET-тіктерге қайтіп қол ұшын созамыз? Әлде, «күл болмаса, бүл болсын» деп жүре береміз бе? Қызылорда облысында қазіргі таңда 15 бағыттан тұр­атын мәліметтер базасы жасақталуда. Базаға мектеп бітірушілер туралы толық ақ­па­рат жинақталады. Яғни, кім­нің, қайда, не істеп жүргені анықталып, қажетті көмек көрсетілуі керек. Көмек дегенде, қабылданған бағдарламалар мен қолға алынған жобаларға тар­тылады. Мәселен, биыл «Серпін» жобасы бойынша жо­ғары оқу орындарына түсу үшін 4 мыңға жуық, кәсіптік-техникалық колледждерге 1050 грант бөлінді. Бұл – ҰБТ-дан төмен балл жинаған және қа­тыс­паған түлектерге жасалатын жақсылық. Біздегі тағы бір жа­ғымды жаңалық – соңғы жылдары қызылордалық жүздеген түлек Ресейдің маңдайалды оқу орын­дарында тегін оқып жатыр. Тегін болғанда бар қаржы Ресейдің есебінен, мұндай мүм­кіндікке өзге аймақтар арасында бірінші қол жеткізіп отырмыз. Кеңестік кезеңде студенттер құрылыс отрядтарына жазылып, еңбек ететін. Жастарды еңбекке баулып, өз бетімен өмір сүруге тәрбиелеудің төте жолы еді бұл. Қызылорда облысында жібі үзілген дәстүр қайта жандануда десек, артық айтқандық болмас. Нақтыласақ, осы жазда жүздеген жас уақытын құр өткізбей, құрылыс нысандарында еңбек етті. Қызылорда облысында аймақ басшысының бастамасымен құрылған жастар ресурстық орталығы бар. Қазіргі таңда мұндай орталықты барлық ауданда ұйымдастыру жұмыста­ры жүруде. Қырымбек Елеуұлы жүздесуде аудандарда жастар орталығын ашуды жыл аяғына дейін бітіруді тапсырды. Қаржы қажет болса, тез арада шешіп беруге көмектесетінін айтты. Бұл орталықтың басты ерекшелігі сол – қоғамнан тыс қалған жастармен жұмыс жасайды. Орталық жетекшісі Жасұлан Алдабергеновтің айтуынша, жыл басынан бері ұжым 22 бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізіп, 33 мың жасқа кеңес берген. Алдағы уақытта жастар ресурстық орталығында коворкинг, продюсерлік, спортпен шұғылданатын, видео-ойын, пси­хологиялық бөлмелер жұмыс жасамақ. Жиын соңында жастар тарапынан аймақ басшысына түрлі ұсыныс-тілектер айтылды. Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы жастардың пікірі ескерілетінін жеткізіп, олардың болашағына ақ жол тіледі. Қуанарымыз, бүгінде Сыр елінің жастарға жасар қамқорлығын басқа облыстар өздерінде жүзеге асыруға ықылас танытып отыр. Айталық, жүздесуге қатыс­қан «Жас Отан» жастар қанаты­ның» төрағасы Шах­мар­дан Байманов өз сөзінде еңбек ресурстары балансын әзір­леу және маргинал жастармен жұмыс жасау тәжірибесін Қазақ­стан бойынша іске қосуға бо­латынды­ғын жеткізді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА

Делегаттар пікірі

 Шахмардан БАЙМАНОВ, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы: – Ең алдымен, ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Фо­рум көңілімнен шықты. Мұнда біз облыстағы мемлекеттік жас­тар сая­сатын жүзеге асырудың 2020 жылға дейінгі стратегиясы­ның жобасын талқыладық. Сонымен қатар, өңір дамуы үшін маңыз­ды стратегиялық құжаттың тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қабыл-данатынына қуаныштымын. Облыстағы NEET санатында­ғы жас­тармен жұмыс істеу үдерісіне де жоғары баға беруге бола­ды. Себебі, облыс көлеміндегі жұмыссыз, NEET санатына жататын жастардың базасы қалыптасқан және олармен жеке-жеке тұрақ­ты жұмыс жасау қолға алынған. Айдын СӘБИТОВ, «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ төрағасы: – Осындай форумдарда жаңа техника мен технологияны меңгерген жастардың ортамызда көп екенін, олар­дың өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларын ұсыну­дан тартынбайтынын көріп, қуанамын. Себебі, осындай креативті жас­тар барда еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз. Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ, «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры: – Белсенді жастар форумы жыл сайын дәстүрлі түр­де ұйымдастырылып келеді. Желісі үзілмеген игі шара биыл да жалғасын тапты. Осы шара арқылы жастарға қатысты түйін­ді мәселелермен танысуға болады. Өңірімізде жастар саясаты­на байланысты атқарылып жатқан шаралар талқы таразысына салынып, жастардың жұмысқа орналысуы, өмірден өз орнын табу­ы секілді мәселелер қозғалады. Жалпы, форумның жастарға берері көп деп есептеймін. Жомарт КЕНЖЕБАЕВ, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиа­лы төрағасының орынбасары: – Бүгінгі күні елімізде көптеген жастар ұйымдары белсен­ді жұмыс атқарып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» ЖҚ қоғамдық-саяси жұмыстар­дың көшбасшысы болып, жастардың белсенділігін арттыру­ға ат салысса, «Жасыл ел» еңбек жасағы тазалық, көгалданды­­ру жұмыс-тарына жәрдем ете отырып, табиғатты қорғауға үлкен үлес қосуда. Ал Қазақстан Студенттер альянсы, Қазақстан Жас­тар конгресі студент жастардың әлеуметтік-экономикалық, құқық­тық және тұрмыстық мәселелерін шешуде бастамашыл болып отыр. Форумда жастар осы аталған ұйымдардың жұмысымен танысуға мүмкіндік ала алады. Сонымен қатар, басқосу барысындағы ұсыныстар ішінде жастар ұйымдарына арнап ғимарат салу мәселесін құптар едім.