27 Қазан, 2016

Әсем ордадағы әсерлі кеш

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына және Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай белгілі ақын, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың шығар­машылы­ғына арналған «Қазақ жолы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оннан астам кітаптың авторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Македония, Түркия, Әзербайжан елдерінде өткен «Бүкіл түркі дүние­сі» ақындар фестивалінің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Жа­қыптың ел егемендігіне, туған жердің та­би­ғатына арналған, елдің, жердің мұңын арқала­ған өлеңдері осы жыр кешіне жиналған қауымның көңілін серпілтті. Қазақ даласының қасіретіне айналған Семей полигоны туралы «Жан дауасы» поэмасын Қыздар университетінің өнерлі арулары театрландырған қойылым ре­тінде көрсетіп, туған жерінің аянышты тағдырын жырына арқау еткен ақын мұ­ңын айшықтай білді. Университет студенттері ақынның «Дегелең тауының зары», «Жапырақтар жыры», «Қураған тоғайдың соңғы мұңы», «Боз даланың мұңы», «Тартылған өзеннің мұңы», «Желдің жоқтауы» атты өлеңдерін тыңдармандар жүрегіне жеткізе, мәнерлеп оқып берді.  Поэзиялық кеште сондай-ақ, ақын құрметіне арналған арнау өлең оқылып, өз өлеңдеріне жазылған «Тұғыр», «Егемен елім» әндері шырқалды. Кеш барысында Бауыржан Жақып қазақ рухының табиғаты мен тағдырына өрілген «Домбыра», «Тамыздың 29-ы», еліміздің егемендігіне арналған «Менің Қазақстаным!», «Қолтаңба» сынды көптеген өлеңдерін оқып, жастарды отан­сүйгіштікке тәрбиелейтін жырларынан шашу шашты. Жастардың өлең, поэзия, махаббат, ел руханияты, қазақ қызы тақырыптарына қатысты қойған сұрақтарына жауап берген ақын қыздардың қарашаңырағына бірнеше кітабын тарту етіп, ақ тілегін арнады. «Қыздар университеті тәрбиенің, тағылымның, білімнің ошағы. Мен үшін саналы, парасатты, білімді қыздар­мен қауышу, пікірлеріңізді біліп, үндеріңізді ес­ту, сырлы сұхбат құру ерекше ғанибет, үл­кен бақыт. Бұл қасиетті шаңырақтың біз үшін орны әрқашан бөлек. Қаракөз қа­ры­н­ дастарымның білікті де білімді маман, шаңырақтың тұтқасы, керегесінің берік болуы үшін қызмет ететін ұлт тәрбиешілері болатынына сенемін. Әрқайсымыз ел Тәуелсіздігіне қызмет етсек, алдыға қойған мақсаттың бәріне жетеміз», – деді қаламгер. Тағылымы мол жыр кешінде бірқатар ақындар, атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан қатысып, Бауыржан Жақып шығармашылығына қатысты лебіздерін білдіріп, өлең оқыды. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ